Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде студент жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру, отансүйгіштік рухын нығайту мақсатында арнайы кездесу өтті. Танымдық әрі тәрбиелік мәні зор шараға әскери салада ұзақ жылдар еңбек еткен мамандар мен ардагерлер қатысып, жастармен еркін форматта пікір алмасты.
Кездесуге Алматы облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрбол Жұмашхан, Ауған соғысының ардагері Дәулет Бек, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері Орал Асамұратов пен Берік Мүсірепов, сондай-ақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, майор Болат Смаилов арнайы келді.
Шара барысында қонақтар әскери қызметтің маңызы мен ерекшеліктері туралы кеңінен әңгімелеп, Отан қорғаудың әр азамат үшін мәртебелі міндет екенін атап өтті. Әскери қызмет – тек борыш қана емес, сонымен қатар тәртіпке, жауапкершілікке, батылдыққа тәрбиелейтін өмір мектебі екені айтылды.
Полковник Нұрбол Жұмашхан өз сөзінде қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштерінде жастарға барлық жағдай жасалғанын, әскери қызмет барысында кәсіби дағдыларды меңгеріп, шынығып шығуға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Ол студенттерді ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жауапкершілікті сезінуге, әскери қызметтен қашпай, керісінше оны абыроймен атқаруға шақырды.
Ал Ауған соғысының ардагері Дәулет Бек пен Қарулы Күштер ардагерлері Орал Асамұратов пен Берік Мүсірепов өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, әскери жолдың адамды шыңдайтын, жігерін арттыратын маңызды кезең екенін атап өтті. Ардагерлер жастарға Отанды сүю, елге адал қызмет ету жөнінде тағылымды әңгімелер айтып, патриоттық рухты дәріптеді.
Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, әскери қызметке қабылдану тәртібі, әскердегі күн тәртібі, сарбаздарға жасалатын жағдайлар туралы толық ақпарат алды. Қонақтар әр сұраққа жан-жақты жауап беріп, жастармен ашық әрі мазмұнды диалог құрды.
Тәрбиелік мәні жоғары бұл кездесу студенттердің әскери қызмет туралы түсінігін кеңейтіп, Отан алдындағы борышты сезінуге бағытталған маңызды шара болды. Осындай кездесулер жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, ел қорғаны болуға деген ынтасын арттыра түсетіні сөзсіз.
Ринат НАРХАНОВ.




