Наурыз – көктемнің келуін, табиғаттың жаңаруын білдіретін көне әрі маңызды мерекелердің бірі. Наурыз – тек күн мен түн теңелетін уақыт қана емес, ол жаңа жылдың бастауы. Осы орайда, ауданымызда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Мерекелік жиынға аудан тұрғындары мен қонақтар жиналып, ұлттық дәстүрлер дәріптелді.
Салтанатты шара барысында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінің алдында киіз үйлер тігіліп, алаңда үлкен алтыбақан тербеліп, «Қош келдің, Әз-Наурыз жылдың басы!» деген атаумен мерекелік шара жалғасын тапты. Наурыздың 22ші жұлдызында күн шуағын шашып, көктемнің алғашқы лебі сезіліп, айнала алуан түске боялғандай әсер қалдырды. Мерекелік жиынның шымылдығы «Алтын Адам» әжелер ансамблінің әдемі әнінен кейін, шашу шашып бауырсақ таратуымен ашылды.
Іс-шара барысында аудан әкімі Талғат Байеділов тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтады.
- Тарихы терең, тағылымы мол Әз-Наурыз – жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы, адам мен табиғат арасындағы үндестіктің келісім пен татулықтың алтын арқауы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл мереке 2024 жылдан бастап Наурызнама тұжырымдамасы аясында жаңа форматта, он күн бойы аталып өтілуде. Осы Наурызнамаға сәйкес, бүгін – «Жыл басы» күнін атап өтудеміз. Жыл басы жаңа мүмкіндіктер мен мақсаттарға жету үшін өркендеу жолын айқындайтын уақыт. Наурыз тойын кең көлемде мерекелеу ұлттық құндылықты арттырып, бірлігімізді нығайтатыны сөзсіз. Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! – деді аудан әкімі.
Өнерпаздар ән айтып, би билеп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сахна төрінде ауданымызға қонаққа келген қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары, халық сүйіп тыңдайтын өнерлі жұп – Жанболат пен Жазира әсем әнмен тұрғындардың көңілін көтерді. Сондай-ақ дәстүрлі әншілер мен эстрада әншілері Біржан Бәзілжан, Рауан Бауыржан, Сандуғаш Мубарақызы, Маулен Нұржан, Сымбат Шахаева, Алма Қызар, Ғалымжан Нуркалыков өз өнерлерін көрсетті. Мереке барысында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жастар асық атып, арқан тартысып өзара сайысқа түсті. Ал үлкендер жағы ақ батасын беріп, ізгі тілектерін арнады. Наурыздың басты символына айналған ұлттық тағам – Наурыз көже таратылып, келген қонақтарға ақ дастархан жайылды. Шара соңында жиналған жұршылық бір-біріне ақ тілектерін арнап, мерекені ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Алатаудың етегінде ән қалықтап, Алтын адам табылған киелі мекен Есік қаласында Ұлыстың ұлы күні ерекше тойланды. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін ұлттық нақышта киім киіп, дәстүріміздің әлі де ұмыт болмағынын осындай бір әдемі көрініспен дәлелдеді. Ауданымыздың өнерлі жастары «Улыбка» би ансамблі, «Картал би» ансамблі би билеп, мерекенің сәнін кіргізді.
Жанерке САТЫБАЛДЫ.




