Бейсенбі, 30 Маусым 2016 14:59

Тағдырдың талқысын жігермен жеңген азамат

Өтпелі  кезеңнің ең  бір ауыр жылдары «анау жоқ, мынау  жоқ» деп қабағымыз  түсіп, көбірек қыңқылдап жүрген шақта бір әріптесімнің егде жастағы анасы мүгедек  арбасында отырған екі аяғы, екі қолы жоқ қара нәсілді азаматтың суретін көрсете қойды. Қазақша айтсақ ол негр жігітінің екі езуі екі құлағында, қоп-қоңыр бетіндегі жарқын күлкіні аппақ тістері әдемі көмкеріп тұр. «Бұл не деген қуаныш, бұл не деген бақыт» тұр жүзінде. «Өмірден бір түңілсе екі аяғы екі қолы жоқ,  сол азамат түңілер еді. Ал аяқ-қолың  балғадай, ақыл-ойың да, тұла бойың да сау сендерге не болды сонша жабырқап?!» деген еді өмір көрген сол апай.  Бұл әңгімені  және   тұлдай мүгедек, бірақ өмірге тым ғашық негр жігітінің суретін есіме түсірген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғожаев  болды.

 

– Бижанов ауылында екі аяғы бір қолы жоқ азамат кәсіпкерлікпен  айналысады деп естідім, сол кісімен  танысып қайтайық, қандай көмек керек екен білейік, «Нұр Отан» партиясының мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға  жұмыспен қамту орталығы  арқылы жеңілдікпен несие алуға, қолқабыс жасауға арналған бағыты бар, соны да орайластырайық, – деп ұсыныс жасап,  көп ойландыруға мұрсат бермей, ардагерлер  кеңесінің төрағасы Тілеулес Ұзақовты қоса отырғызып, Бижанов  ауылына алып келді.  Менің жүрексініп, жол бойы тағдырдың соққысына түссе де,  кәсіппен айналысқан адаммен  қалай тілдесу жолын ойлап, толғанып келгенім рас: Он екі мүшесі сау адаммен  сөйлесу  жөні бір де, қол аяғы түгелге жақын жоқ адаммен тілдесу жөні басқа ғой.

Алма бағын егіп қойған алқап алдында тұрмыз. Бартоғай округінің әкімі Талғат  Өмірбеков: – Тәкең де, келіп қалды деп жақындап қалған джипке қарай шақырды бізді. Елулерді еңсеріп  қалған ашық өңді жігіт  ағасы автокөлік терезесінен сол қолын  созып сәлемімізді алды. Қуат Сұлтанұлы мен Тілеулес Дүйсебекұлы сұрақ бере  баста-ғаннан-ақ ежелгі таныстардай әңгіме өзегі дөңгеленіп  жүре берді. Бірден айтайын,  шаруаның  адамы Талғат Сайынұлы Алдажаровтың  жасап  жатқан  тірлігін, кәсіпкерлік жоспарларын түгелдей сараптап айтып шығу үшін  бірталай көлемді мақала жазу керек.

Сонда да  іскер азаматтың жұмыс бағытын айта кеткен де жөн. Талғат Сайынұлы кәсібін неден бастағаны туралы менің сұрағыма өмірден  өткені де көп  бола  қоймаған  туған әпкесінің  қосағы  Кебек Мұхаметқалымұлы  Ибраимовтың атын алдымен атады. Әрине, әуелі бір аяқтан, одан  кейін екіншісінен айырылып,  өз бетімен жүре алмайтын  халге жеткенде де, одан кейін  сәлем алып, сәлем беретін, бар жұмысты адамзаттың  негізгі атқаратын оң қолынан да айырылғанда балалары Данияр мен Ерболаттың анасы жан жары Бақытгүл Әлиқызы бір сәтке де назардан тыс қалдырмай, алып  денелі аяулы қосағын нәзік иығымен демеп, көмекші бола  білді. Моральдық көмек дегендей жаттықтырушы В.Жарков мектеп қабырғасында бірге велосипед спортын бастаған спорт шебері атағына кандидаттар Сергей  Скрыльников, Құрманғали Маметаев, Фарудин Губаханов бұл спорт түріне ғана тән лидер (көшбасшы) атағын алған Талғат Алдажаровты көзден таса қалдырмай, қолдарынан келген көмегінің ең үлкені – моральдық қолдаудан  жалықпады.

– Бірнеше жылымды  жоғалтып алғаныма өкінемін, – дейді Талғат Сайынұлы.  – Кәсіпті ертерек  бастасам оған керек жерді  де, өңдеуге  қажет техника мен  дайын өнім сақтайтын  инфрақұрылымды да  әлдеқашан  дайындап қоя алады  екенмін.  Дегенмен де...

Дегенмен де Бижановтың шетіндегі  ауыл тұрғындары қоқыс алаңы болған  гектарға жуық жерді  қоршап, дайын өнімді сақтауға арналған қой-маның іргетасын да, қаңқасын да  қалап қойған. Оның қарсысындағы 4 гектар  аумаққа алма ағаштарының көшеттерін қаздай тізіп, интенсивті  бақ негізі де салынып  қойған. Талғат Сайынұлының  жоспарында  жеміс-жидек,  алма, жүзім  дегендей өнімдерін  сақтайтын тоңазытқыш құрылымын да салу бар. Бақ көшеттерін тігіп, ол өсіп, өнім бергенге дейін  біраз уақыт өтеді. Ал енді шаруашылығын дөңгелетіп, қаржы жиып, айналымға  жіберу үшін,  артылғанын қазіргі  экономика тілімен айтқанда  инвестицияға,  яғни өндіріс көлемін ұлғайтуға бағыттау  үшін Тәкең техникалық дақыл соя  егіп,  өнімін  сату бағытын таңдаған екен. «Әттең, жер  көлемі аздық етіп тұрғаны...» – деп өкінішін жасыра  алмай сөйлейді кәсіпкер.  Япырмай, бәзбіреулер жүздеген гектар жерді қомағайлықпен  алып қойып, оны  игеруге кәсіби деңгейі де, күші мен қабілеті  де  келмей арамшөп өсіріп отырғанда, еңбекке ынталы жанға неге сондай жерлерді  заң  аясында беріп, ел рыздығына  пайдаланбасқа деген ой  да  көлбең етіп келе  қалады  екен.

Енді Т.Алдажаровтың  қарама-ғында жұмыс атқарып  жүрген  адамдар жайына келсек, үш тракторшыны қосқанда  жеті адамды  тұрақты жұмыспен  қамтып, екі адамды тракторшылыққа оқуға жіберген  екен. Ал  маусымдық жұмыс басталғанда жиырмаға жуық жұмыс қолы керек болады, – дейді Талғат Сайынұлы.

Өндірістік, экономикалық категориядағы сұрақтарды  бере тұрып, Талғат Сайынұлына өмірлік ұстанымы тұрғысынан  да көзқарасын айтып беруді өтіндім әдеппен.

Діни  аңызды есіме  салды Т.Алдажаров. – Жол үстіндегі бір әулиеге аш  адам кездесіп, аулап алған балығынан  бөліп беруді сұраса, мүсәпірге қармағын берген  екен. Неге олай істегенін сұраған серігіне: «Балық берсем оны жеп алады да тағы ашығады. Ал қармақпен балық аулап жанын бағады» деген екен әулие. Менің принципім міне осы, – деп жымия күледі Талғат Сайынұлы.

Қазіргі таңда ел басқарған атқамінер де, мал бағып, егін  еккен, бақ өсірген  шаруашылық басшысы да  жаяу  жүріп іс өндіре алмайтыны ақиқат. Талғат  Сайынұлына  келсек  екі аяғы да  жоқ. Менің алғашқы мұғалімім, кейіннен ұстаздыққа келгенде мектеп  директорым болған, Ұлы Отан  соғысына  қатысып, еліне сыңар аяқпен оралған Төкен ағам Әбілқасымов кеңес үкіметі берген мүгедектік  «Запорожецтің» сцеплениесін сау  сол аяғымен басып, сол қолымен газды, оң қолымен тормозды – тежегішті басып ауыл ішінде, аудан аумағы, облыс көлемінде жүре беретін. Ал Талғат Сайынұлының бір-ақ сол қолы бар ғой. Джип салонына үңіле қарап, кәсіпкерге осы сұрағымды да қойдым қысыла тұрып.

– Автокөлігім автомат коробкалы, оның тежегіші, газы былғары қапшық кигізілген оң қолымның кесілгеннен қалған мұқылында, сол қолыммен қол диірменнің құлағындай ғып жабдықталған рөлді бұраймын, – деп түсіндірді Тәкең қоштасып, бәрімізге сау қалған сол қолын соза тұрып.

– Алла осы қолыңа амандық берсін, отбасыңа, Отаныңа амандық берсін, – деп Талғат Сайынұлына ақжарма тілегімізді тілеп жолына шығарып салдық.

Сөз соңында кәсіпкер аза-матқа: «Мүгедектік қайдан болды, автоавария ма, ауру ма?» – деп қойған сұрағыма жауабын да ашық айтты азамат: «Өте сирек кездесетін «облитерирующий эндартериит» – деген кесел аяқтағы қан тамырының жабылып қалғанға дейін тарылып, еттің өлуіне одан әрі гангренаға әкеледі екен. Бұдан кейін не өлімге бас тігу керек, не ауру аяқ, қолды  кесуге  қиып, басыңды  сақтап  қалу  керек. «Мен үш мүшемді қиып,  өмір  сүруді  қаладым, – дейді Талғат  Сайынұлы. – Елмен  емен-жарқын араласып, отбасыма, еліме қызмет  етуді  қаладым. Осылай  өмір кешіп  келе  жатқаныма да  алдымен  Аллаға  мың  шүкіршілік  деймін, отбасыма, жолдастарыма, әріптестеріме мың  алғыс айтамын».

Нағыз оптимистік, өмірсүйгіш-тік үлгісі деп осы  Талғат Алдажаровтың  өмір  жолын атасам ешкім  адастың деп айта  алмас.

Хайролла АХМЕТЖАНОВ.

Оқылды 3229 рет

Соңғы жаңалықтар

Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы …

Мен Тойғанбеков Бақберген Бауыржанұлы 1988 жылы 21 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет