Оған аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, орынбасары Бекет Ахметов, бөлім басшылары, округ әкімдері мен мектеп директорлары, аудан аумағындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы қатысты. Бірі ханшайым мен ханзада, енді бірі мультфильм кейіпкерінің кейпіне енген бүлдіршіндер мәдениет үйінің ішін қуанышқа толтырғандай болды. «Жаңа жыл» әнін бірге шырқап, би биледі. Балғындарды мерекемен құттықтаған аудан әкімі Бинәлі Ысқақ:
– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың дәстүрге айналдырған шырша мерекесі талай баланың жүрегіне жылу беріп, шаттық сыйлады. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең». Адам болған соң, бала болған соң армандамау мүмкін емес. Сол армандарыңның кішкене бөлігінің орындалуына септігіміз тисе өзімізді бақытты сезінеміз. Себебі, Тәуелсіз Қазақстанның жарқын келешегі мына сендерсіңдер. Сапалы білім мен саналы тәрбие алған бүлдіршіндер ғана Мәңгілік елдің нығаюына өз үлесін қосады. Қой жылы біз үшін табысты жыл болды. Келер жылға да үлкен үмітпен қарап, еліміз үшін игілікті істер мол боларына сенеміз.
Құрметті балалар, өзімнің әкелік, аталық жүрегіммен сендерге тек жақсылық тілеймін. Қой жылы орындалмаған арман-тілектерің мешін жылы жүзеге ассын. Елге еңбегін сіңірер үлкен азамат болыңдар – деп ақ тілегін арнады. Ауданымыздың мектептерінен жиналған, жүректері алып ұшқан 80 балғынға сыйлықтарын табыстап, шаттыққа бөледі. Кейіннен, аудан өнерпаздары мен «Улыбка» би ансамблінің дайындаған концерттік бағдарламасы жиылған көпшіліктің көңілін көтерді. Сондай-ақ, Бинәлі Әбдіқапасұлы жаңа жылдық шыршаның шамын жағып, оқушылармен бірге шыршаны айнала ән салды. Сахналық қойылымдар қойылып, ойындар ойнатылды. Жаңа жылдық мерекеге ерекше дайындықпен келген оқушылар өлеңдерін оқып, аяз ата мен ақшақардың сыйлықтарына ие болды. Сайқымазақтың әзіліне шынайы күлген балалар ән салып, би билеп, көңілді тарқасты.
С.НҰРАДИН.