Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының маңдайына біткен кемеңгер тұлға. Бұл түсінікті мектеп қабырғасынан санама берік сіңдірген еді. «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас» секілді әсерлі әндерін де әуелете шырқадық. Дегенмен, осы аталған әндерін айтып, өлеңдерін оқып, ұстаздардың ұстанымы бойынша кемеңгер тұлға деген ұғыммен ғана шектеліп жүрдік. Бұл үшін де мектеп ұстаздарын жазғырудың қажеті шамалы. Абайдай ғұламаны 11 жылда танып білу мүмкін емес.
Бүгін сіздерге Абайды қалай танып-білгенімді айтқалы отырмын. Әрмен қарай әңгіме желісі қызықты болмақ. Өмір соқпақтарымнан, көңіл толғаныстарымнан да сыр шертемін.
Мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылы көп қазақтың бірі – мен де ауылда дүние жарығын көрдім, кіндік қаным тамды. Ауыл шіркіннің ауасы, тоғайы толы жуасы, көл жағалай қоғасы да Абай ғұламаға жақындаған сайын, алыстай бергенін қарашы. Дәл қазір әлдекім келіп, «Бүгінгі жеткен биіктеріңнен түсіп, сол балалық шағыңа қайтадан кетер ме едің?» десе, аз-кем ойланып барып, «Абайды ала кетейін» дер едім. Иә, Абай мен үшін қанат болды. Және қандай қанат десеңізші. Мұсылман екенімді, әуелден бес уақыт намаздың парыз етілгендігін, өмір және өлім жайлы ойларымның өрісін кеңейткен шырақ болды мен үшін.
Ауыл тұрғындары да Абайдың өлеңдерін айтып, өмірі жайлы әңгіме шертіп, алқа-қотан отырыстарда ой өрбітетін. Осы жиындарда жиі болып, Алладан берілген асыл қасиет, құйма құлақтықтың арқасы болар, Абай жайындағы шашыраңқы түсініктерімді қалыптастырған едім.
Кенеттен бір күні әкеміз келіп, қалаға көшетінімізді айтты. Төбеден жай түскендей күй кештік. Ауылымды қимай топырағына аунап, бүлдіргенін тоя жеп, үшқатын үш күн тергенімді де жасырмаймын. Қайта келмейтінімді сезсем керек. Сонымен, жаңбырлы күндердің бірінде аттың басын Алматыға бұрдық. «Қош, қош» – деп, жаңбырмен қосыла жаңбырлатқаным да есімде. Алғашқы сәбиі дүниеге келгенде тоғайдан тал шауып әкеліп өз қолымен иіп, бесік жасаған берекелі Дүйсенбай, Сайраш тәте, Бобан, Жасұлан тізе берсем, тізем дірілдеп осы қазір отыра қалып жылайтын да сияқтымын. «Қайран ауылым, қауымым» – деп. Қойшы, әйтеуір, түнделетіп, Алматыға да жеттік. Бұл жақтың да аспаны түнеріп, неге келдіңдер дегендей қатулы. Ерегісе жүріп, көштің жүгін көтеріп кіргізіп жатырмыз. Көше тым-тырыс, тар аула, сабалақ жүнді ит байлаулы тұр.
Әкемнің жұмысы жүріп, біз мектепке кірдік. Мен мектепке келгенде өзім үшін бір кереметті көрдім. Ол – Абай Құнанбайұлының суреті. Рас, ең алғаш алып денелі Абайды көрдім. Мен үшін Абай бұрын сауыт-сайманын киінген, қолында ұзын сапты найзасы, белінде қылышы бар батыр еді. Ал мынау тіптен басқа. Ойлы көзі, қолында кітабы. Зұлымдық пен жамандыққа жаны қас, мейірім мен даналыққа тұнып тұрған тұлға. Апам жарықтық «атыңнан аналайын, Абай» деп отырушы еді. Осындай әңгімелер Абайға деген ынтық сезімімді одан сайын қоздыра түседі. «Ол кім? Не жазды сонша?» дегендей толғаныспен бір күні Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» кітабын оқыдым. Түсінсем, бұйырмасын. Бұл – бірінші рет оқуым. Онда алтыншы сынып шығар. Кейіннен 11-ді бітіре тағы бір оқыдым. Онда да ойыма кіріп-шыққан ештеңе жоқ. Сөйтіп, оқуға түстім. Журналист болмақпын. Жазсам деген жалынымды өзге салаға өңгертіп жіберу ойымда да жоқ. Сөйтіп, студент кезімде Абай туралы көптеген мәліметтерге қаныға бердім.
Әскери борышымды Қызылжар қаласында өтегеннен кейін, оқуымды қайта жалғап, күзетке кіріп күнелтуге мәжбүр болдым. Бір күні әдеттегідей жұмысқа келдім. Бойымды мазасыздық басты. Кенеттен, әлдебір тылсымның күшімен «Я, Алла, Я, Алла» деп қайталай бердім. Қайталаған сайын денем жібіп, әлдебір дерттен арылғанымды сезіндім. Іштің күйігі басылды. Ертесі жұма-тұғын. Жуынып алып, жұртпен бірге жұма намазына кірдім. Намазды қалай оқу керектігін де білмеймін. Дегенмен, қасымда тұрған адамның қимылын бағып, жатса жатып, тұрса тұрдым. Сол күннен намазға бет бұрдым. Бұрын ашқанда оқи алмай тілім күрмеліп қала беретін Құран сүрелері, бұрыннан таныс әріптердей тез-ақ жатталды. Кеудемнен суда тұрғандай күй кешкенімді қосыңыз. Осындай ләззатқа баттым да қалдым.
Бір күні Абайдың кітабын көріп қалып, оқыған едім. Аллаға сансыз мақтау-мадақтар болсын, түгелдей сөздері де, ойы да, кемеңгерлігі де кең жайылып сала берді. Сол күні Абай атамның қара сөздеріне қанығып, өлеңдерін таң атқанша оқып шыққанымды мұғжиза дер едім. Сөйтіп, Құранды түсініп барып, Абайды түсінген едім. Негізінде, Абайды түсініп барып, Құранды ақтаруым керек пе еді. Бірақ, керісінше болды. Сөйтсем, бастапқыны бағамдап алмай, кейінгіні түсіну мүмкін емес екен. Алдымен Аллаһты танып, кейіннен айналаңдағы кереметті иман көзімен көресің де, Аллаһқа қайта келесің.
Аллаһ деген сөз жеңіл,
Аллаһқа ауыз жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа қол емес, – дейді Абай. Алып тұлға Абайдың алғашқы сауат ашуда да, кейінгі иман жолын ұстануда да жастар үшін бағдаршам боларын түсіндім. Өзге пиғылға ермей, ислам діні дейтін ғылымды, ол денеңе дарытатын алапат күшті алып жүрудің жолы – Абайдың жолы.
Әділет САРЫБАЙ