Осыдан мың жыл ілгері ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» атты іргелі еңбек жазыпты. Зерттеушілер аталған еңбекте идеал өмірдің іргетасы қаланып, кемел қоғамның кескіні бейнеленген деседі. Демек, мың жыл бұрын, тіпті онан әрі де біздің топырақта ізгіліктің ілімі тамыр тартыпты. Небір алмағайып заманда халқымыз зұлымдыққа қайырымдылығын қалқан етіп, қамал бермепті. Жетіміміздің жерге, жесіріміздің елге қарамағандығы да содан болар? Биылғы қиын-қыстау күндерде бабаларымыздың сол шыңға біткен шынар рухы көкірегімізден қайта көктегендей күй кештік. Бұл үшін «етігімен су кешкен» еріктілерге мың алғыс.
Қазір әлемде еріктілердің саны 1 миллиардқа жуықтайды. Бүгінде олар әлемдік қозғалысқа ықпал ететін ең белсенді топқа айналған. Соңғы кездері қазақ елінде де еріктілердің қатары көбейді. Сөйтіп, 2019 жылы мамырдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Алайда, ол кез жұрт жамырай той тойлаған жаймашуақ шақ еді. Айтып-айтпай не керек, 2020 жылы жұмыр жерге жұқпалы індет тарап, адамзат баласын алаңға салды. Небір алпауыт, технологиясы тегеурінді елдердің өзі коронавирус дертін ауыздықтауға айла таппай сансырады. Төрткүл дүниенің түн ұйқысын төрт бөлген індет қазақ елін де шарпыды. Әрине, мемлекет тарапынан тиісті шаралар дер кезінде қолға алынды. Алайда, екпіні қатты ауруға ел болып күресу қажет болды. Міне, осы тұста тарыққан-ның өзегін жалғап, талыққанды қолтығынан демеген еріктілер атқа қонды. Олар қалтыраған жандарға шуақ, өшкен сенімдерге шырақ сыйлады.
Ел алақауына айналған еріктілердің ерлігі Еңбекшіқазақ ауданында да жалғасын тапты. Аудандық жастар ресурстық орталығының мәліметінше, қазіргі таңда аудан бойынша тіркелген жеті еріктілер ұйымында 693 ерікті бар. Олар аудан тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып, жүйелі жұмыс істеп келеді. Елдегі төтенше жағдай уақытында еріктілер кәсіпкер азаматтардың көмегімен аудан көлемінде 838 отбасына 14 000 000 теңгеден астам соммаға қажетті азық-түлік, бетперде, медициналық бұйымдар жеткізіпті. Аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары еріктілермен бірлесіп, әлеуметтік желі арқылы тұрғындармен байланыса отырып, мұқтаж жандарға көмек қолын созғандарын айтады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демекші, Еріктілердің ерлігі елеусіз қалмапты. «Biz Birgemiz» республикалық акциясы шеңберінде мұқтаж жандарға белсенді көмек көрсеткендер Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылған Алғыс хаттармен марапатталған.
Осы ретте, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айбек Ілебаев: «Төтенше жағдайдан кейін де еріктілеріміз өз жұмыстарын тоқтатпай аудандық ауруханаға оттегі концентраттарына қажетті қаражат жинау мақсатында қор ашқан. Нәтижесінде 1 млн теңгеге жуық қаражат жинап, 6 оттегі концентратын аудандық ауруханаға табыстады. Сонымен қатар аурухана маңындағы кезекте арақашықтық сақтау, келген кісілерге жол көрсету, ем қабылдап жатқандарға қажетті заттарды жеткізу сынды жұмыстар атқарды. Бүгінгі таңда аудан еріктілері арнайы базаға енгізілген. Қазір олар аптасына тұрақты түрде 5 отбасын айлық азық-түлігімен қамтамасыз етеді. Жақында «Мектепке жол» акциясы аясында бірқатар отбасылар арнайы смартфон және оқуға қажетті құралдармен қамтамасыз етілді. Еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп жүрген еріктілерге қандай мақтау айтсақ та жарасады» – дейді.
Ерікті болып еліне қызмет еткендердің жүрегінде Отанына деген оттан ыстық махаббаты, туған жеріне деген риясыз сүйіспеншілігі тулап жатса керек. «Иманды жастар» еріктілер тобының жетекшісі Қанат Теңгелбайұлының айтуынша, оның бала күнгі арманы Есіктей шағын қаласын көркейтіп, халқының алғысын алу болыпты. Осы арманның жетегіндегі жігіт студенттік шағында өзінің көптен бергі ойға алып жүрген мақсатына тәуекел етіп, туып өскен қаласының ұл-қыздарын біріктіріп, «Иманды жастар» атты еріктілер тобын құрыпты. Бүгінде ол топтың 100-ге жуық мүшесі бар көрінеді. Қанат Теңгелбайұлының сөзінше, «Иманды жастар» еріктілер тобы төтенше жағдай кезінде Еңбекшіқазақ ауданы бойынша жалпы саны 838 мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіпті. Шілде айында еріктілер «ИВЛ» аппаратына 2 күнде 800 000 теңге жинаған. Нәтижесінде Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасына шетелден арнайы тапсырыспен алынған тыныс алу аппаратын табыстаған. Сондай-ақ қор ашылған күннен бастап, бүгінге дейін, ай сайын 1 рет қор атынан мұқтаж отбасыға тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді екен. Сонымен қатар, еріктілер арасында түрлі қоғамдық шаралар, спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Бүгінде қор Еңбекшіқазақ аудан әкімдігімен тығыз байланыс орнатып, жұмыс жасап келеді. Осы ретте, Қанат Теңгелбайұлы: «Иманды жастар» қорын ашқанда 1,5 жыл ішінде дәл осындай деңгейде шаралар өткіземіз деп ойламадым. Бірақ еріктілер мен демеушілердің арқасында жақсы жұмыс жасалып, жоспарымыз артығымен жүзеге асты. Шара өткізу барысында түрлі кертартпа әрекеттер мен керағар пікірлер де кездесті. Дегенмен, өзгенің ойының жетегінде кетпей, ниет барда, қолдан келмейтін істің жоқ екенін ұғынып, жұмысымды жалғастыра бердім. «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не бере аламын» – деген сөзді ұстанған сәттен бастап, тек халықтың игілігі үшін жұмыс жасауға ниет еттім. Бүгінде халықтың ақ батасымен, жұмысымыз оң нәтижесін беруде» – дейді.
Адамдар жылы жүзбен күлімсірей қарағанда, аялы алақандар маңдайынан сипағанда өмірдің шапағатын сезіндіреді. Еріктілер алтыннан кымбат бір жұтым ауаға зар болған қанша науқасқа өмір сыйлағаны, қанша жанның дертіне ем, әлсіреген қуатына дем бергені шындық. Сол зәруіне дәруін тапқан жандардың жүрегінде де бір тілсіз сезім тулап жатқандай. Қарапайым ауыл тұрғыны Іләш Тұрарова, өзінің жалғызбасты ана екендігін, биылғы төтенше жағдайда еріктілердің көп көмек көрсеткендігін айтты. Оның сөзінше, еріктілер ай сайын үйіне азық-түлік жеткізген. Жақында жаңа оқу маусымы басталар алдында жазғызбасты ананың балаларына оқу құралдарын сыйға тартқан.
– Еріктілердің еңбегі ерен, оларға «Еңбекшіқазақ» газеті арқылы шексіз алғыс айтқым келеді, – дейді І.Тұрарова.
Уақыт тозаңы көміп кете алмайтын атымтай жомарттық пен қайырымдылықтың жыр дастаны ел көгінде қалықтап келеді әрі қалықтайды да. Біз аңсаған мәңгілік ел іргетасының бірі осы қайырымдылықтан қаланса керек.
Ерзат АСЫЛ