Дүйсенбі, 12 Қазан 2020 14:31

Едігенің ерен еңбегі

Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі.

Ы.Алтынсарин.

 

Жыл сайын атап өтілетін мұғалімдер күні келген сайын өткен күндер еске түсіп, өзіммен әріптес болған қадірлі ұстаздардың бейнесі қатар тізіліп көз алдыма келеді. Қандай ғажап жандармен бірге жүріп, бірге еңбек еткенмін деп іштей толғанып, ойға батамын. Өкініштісі, солардың көбі қазір арамызда жоқ. Біреуге ерте, біреуге кеш дегендей, адамға Жаратушымыз тағдырын таразылап береді екен. Бұл өмірден баз кешкен сол аяулы азаматтардың алды сексеннен асып о дүниелік болса, енді біреулерінің ердің жасы елуді еңсере алмай, кенеттен кеткендеріне жүрек қан жылайды. Дегенмен шәкірттеріне терең білім мен ұлағатты тәрбие берген өнегелі істері ешқашан өлмейтіні көңілге медет болады.

Осындай мұғалімдердің ішінде ұстаздық өмірінің қырық жылын мектеп басқаруға арнаған, біртуар қайталанбас ақын Тұманбай Молдағалиевтің айнымас асыл досы болған Едіге Сапаевтың орны айрықша еді. Едікең қай мектепті басқарса да, қол астындағы ұжымын жұдырықтай жұмылдырып, оқу-тәрбие ісінде аудан көлемінде ең жоғары нәтижелерге қол жеткізгені ақиқат. Тұманбай сынды ақын өзінің аяулы досына, оның отбасына арнап жүзге тарта өлеңдер жазып, осы өлеңдерін «Жан досым» атты жеке кітап етіп шығарған. Көрнекті композитор С.Бәйтерековтің Тұманбай ақынның өлеңіне жазылған «Жан досым» дейтін тамаша әні біздің Едіге ағамызға арналған. Кезінде Тұманбай ақынның «Жұлдыз» журналында жарияланған «Есіңде ме, Едіге?» деп аталатын жүрек тебірентерлік көлемді естелігін осы аймақтағы үш мектеп мұғалімдерінің қолдан-қолға тигізбей таласа оқығаны әлі есімде. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» да ағамыздың елге сіңірген елеулі еңбегіне арнап мәнді де мағыналы очерк-мақала жариялаған болатын. Қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза Әлі де Едікеңнің қимас досы болып, университетте бірге оқыған екен. Осыдан екі жыл бұрын ағамыз бақилыққа аттанған кезде ел ағалары, аудан атқамінерлерінің қаралы жиынға қатысып, көңіл айтуы да Едікеңнің ел-жұртқа қандай сыйлы болғанының белгісі еді.Ағамыздың мектептегі өмірі мен атқарған ерен еңбегі менің де, қазіргі көзі тірі әріптестерінің де көз алдында. Ол кісіге Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы» атағы тегіннен-тегін берілген жоқ. Едікең білімі мен ақылына ісі сай, әр жүрекке нұр сепкен жан дүниесі өте бай,парасатты жан еді.

Осындай өзіндік мағыналы ғұмыр иесінің көзін көріп, өнегелі ісінен үлгі алған жан жалғыз мен емес. Кезінде Едіге ағаның тәлім-тәрбиесін алған майталман мұғалімдер бүгінде зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа шықты. Мұғалімдер күніне орай әріптестерім Ербол Мүптекеұлы, Нұрлан Досымбеков, Қаныша Молдахметова, Тұрақан Қозбағарова, Бақытжан Ұзақов, тағы да басқа ұстаздарды шын жүректен құттықтауды жөн көрдім.

«Асқар таулар алыстаған сайын биіктей береді» дегендей, жылдар өтсе де, Едікең сияқты асыл ұстаздардың жарқын бей-несі жанымызға жақын болып, жүрегімізден  мәңгілік орын алады.

 

Құсайын ТЮПЕЕВ,

Қазақстан Республикасының білім беру үздігі, жоғары санатты мұғалім

Оқылды 14623 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Шахматтың шарапаты көп Школьные годы чудесные… »

Соңғы жаңалықтар

Қаң 09, 2026

Қазақстан Республикасының Президенті…

2026 жылғы 05 қаңтар – Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз жыл сайын мерзімді баспасөзге…
Қаң 09, 2026

Жоспар жүйелі, мақсат айқын

Жуырда аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Маңызды жиынды аудандық қоғамдық…
Қаң 09, 2026

Үздіктер Марапатталды

Жаңа жыл қарсаңында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен түрлі салада адал…
Қаң 09, 2026

«Әдекең қайда..?»

Болмашы кекшіл, Болсаңшы көпшіл, – деп Абай айтқан. Осы екі жолға менің бір…
Қаң 09, 2026

Құрмет төрінде

Әне-міне дегенше, жылжып жылан жылы да өтіп, шапқылап жылқы жылы жетті. Жылан жылы жаман…
Қаң 09, 2026

Қолдау барда даму бар

Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл…
Желт 29, 2025

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына…

Сыбайлас жемқорлық – қазіргі қоғамның дамуына кедергі келтіретін мәселелердің бірі. Ол…
Желт 26, 2025

Бірлік бар жерде

Елдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайту – мызғымас мемлекет тірегінің кепілі. Осы…
Желт 26, 2025

Тәуелсіз елдің ұландары ән шырқады

Тәуелсіздік күніне орай «Біз – тәуелсіз елдің ұланымыз!» атты патриоттық әндер байқауы…

Күнтiзбе

« Қаңтар 2026 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет