Дүйсенбі, 31 Мамыр 2021 11:04

Ашаршылықтың ақиқатын кім айтар?

Жер бетін пандемия жайлағалы әлемдік БАҚ ғасыр бұрын да жұқпалы індет тұтас Еуропаға лаң салғанын жиі жазып келеді. Қарт құрлықты қара түнек басқан  сол қасіретті жылдарда қазақ даласын алапат ашаршылық өрттей шарпып өткен болатын.Сол бір тоталитарлық жүйе қолдан жасаған аштықтың ақиқатын ашып айтатын кез жеткен тәрізді.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап, босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек» – деп атап көрсеткен болатын.

1921-1922 жылдардағы аштық  кезiнде 1 млн 700 мың адам (ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша) қаза болған. Демек, кезінде Ахаң айтқан 6  миллионға жуық қазақтың осы зұлматта үштен біріне жуығы ажал құшты деген сөз. Тарихшылардың бір парасы Қазақстандағы 1921-22 жылдардағы ашаршылықтың шығуына екі себеп, яғни Ресейдегі азамат соғысының кесірінен қазақ даласындағы шаруашылықтардың күйзеліске ұрынуы және табиғи апат, қолайсыз ауа райының салдарынан туған жұт әсер етті. Ал тарихшы Т.Омарбеков Қазақстандағы бұл ашаршылықтың шығуына ауа райының қолайсыздығы емес, азамат соғысының тұтануынан шаруашылықтың күйзелуі, яғни большевиктердің біржақты саясат жүргізуінен деп тұжырымдайды. Тарихшы Манаш Қозыбаев 1921-22 жылдардағы аштық турасында: «1921-1922 жылдардағы аштық қазақтарды демографиялық апатқа әкелді. 1922 жылдың наурызында Қазақстанның батыс және солтүстік аймақтарында 2 миллион 350 мың адам аштыққа ұшырады, олардың көбі өлді. Үкімет тарапынан көрсетілген көмек тек қала тұрғындарына жетті, сол уақытта онда қазақтардың екі-ақ проценті орныққан еді, дені ауылдарда болатын», – дей келе, осы жағдайды орталық билік дер кезінде көріп, оған мән бере білмегендігін айтады. 1920-1930 жылдардағы ұжымдастыру мен ашаршылық туралы алғашқы еңбектер шетелдiк басылымдарда жарық көргенi белгiлi. Солардың ішінде британдық тарихшы Роберт Конкве: «Қазақстандағы ашаршылық қолдан жасалды, басқаша айтқанда 1921 жылғы тәсілмен қайталанғанын, таза идеологиялық қысыммен, ойлас-тырылмай жүргізілген ұжымдас-тыру саясатының нәтижесінде туындаған»,  – деп жазады.

«Бар әлемге теңдік орнатамыз» деп ұрандаған  большевиктер биілігі қазақ даласындағы ашаршылық нәубетін тарихи дамудың өзіндік заңдылығы ретінде түсіндіруге тырысты. Тіпті Түркістандағы большевиктер фракциясының жетекшісі И.Тоболин: «Қырғыздар (қазақтар) экономикалық жағынан әлсіз болғандықтан, марксистік принцип бойынша бәрібір құрып бітеді. Сондықтан да қаржыны, барлық мүмкіншілікті аштықпен күреске шығындаудың орнына, революция үшін майдандарды қолдауға жұмсаған маңызды», – деп кесті.

Тарихи деректерде қазақ жерінде аштыққа ұшыраған Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қоста-най, Бөкей губерниялары мен Адай уезінің жағдайы аса ауыр болғаны айтылады. Алайда қазақ жерінде алғаш  аштық нәубеті  1917-1919 жылдары Түркістан өлкесіне қарасты Жетісу және Сырдария облыстарында орын алған болатын. Аталған облыстардағы ашаршылық туралы деректі материалдар сол тұста жарық көрген «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат» сияқты мерзімді баспасөз беттерінде жарияланды. Алаш қайраткері  Міржақып Дулатұлының «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 9 наурыздағы №33 санында «Мадияр» деген бүркеншік есіммен жарық көрген «Аш-жалаңаш қазақ-қырғызға жылу жинайтын комитет ашылды» деген мақаласында: «1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Жетісуда қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты: «Тағы дағдарыс, тағы ашаршылық, тағы өлім. Бостандық туды, жадырап жаз шықты, күркіреп күн шықты. ...Бірақ ол бейшаралардың басынан қара бұлт серпілмеді. Ғұзыр ел қылышын қынабына салмады. Басы аман, малы түгел ағайын жеткілікті жәрдем бере алмады, әрі-беріден соң жұрт олардың халін ұмытуға айналды. Қазақ-қырғыз қырылып жатыр екен деп жәмиғат өзгерілмеді. Тағы да қыс түсті, бейшаралардың халі бұрынғыдан мың есе жаманға айналды» – деп күйінді.

Зерттеушілер Жетісу облысында 1917-1919 жылдары болған ашаршылықтың негізгі себептерін айқындайды. Біріншіден, 1916 жылғы көтерілісті басып-жаншу барысында отаршыл орыс империясының өлкеде қатыгездікпен жүргізген репрессиялық саясатының салдары екендігін көрсетсе, екіншіден оккупациялық режимнің жазалаушы әскері мен келімсек орыс шаруаларының бірлескен жазалау шараларының барысында жергілікті халықтың мал-мүлкінің талан-таражға салынуын білдіреді. Үшінші, 1917 жылы қуаңшылықтың салдарынан астық пен шөптің дұрыс шықпай қалуынан жұт болып, халықтың қолында қалған азғантай малдың қырылуы. Төртіншісі, 1918 жылдан бастап өлкеде «қожалық» етіп, ел-жұртқа жаппай қырғын салған большевиктердің кей жерлерде халықты тонап, тіпті, мал-мүлікті жойып жіберуі және басқа да сорақылықтар жасауы, онсыз да ауыр жағдайды одан әрі шиеленістіруіе әкеп соққан болатын.Қазақ жерін аштық жайлаған 1921 жылы Жетісу облысынан  1 652645 пұт астық, 293040 пұт тары, 2876 пұт кептірілген жеміс, 77458 пұт тұқым, 520864 мал басы салыққа жиналыпты. Бұл жағдай жеуге түйір дән таппай, аштықтан әз қозғаған жұртшылықты қандай күйге кіріптар еткендігін ойлай беріңіз.

Қазақстандағы ашаршылық ұлт зиялыларын бей-жай қалдырмағаны анық. Ел басына күн туған сол сәттерде қазақ зиялылары қолынан келгенше халықтың аман қалуын тілеп, жоғары үкімет орындарына, Орталық үкіметке хат жолдап, көмек сұрады. Өздері елді аралап, ашыққандарға арналған асханалар ашу, оларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге бар күштерін жұмылдырды. Қазақ даласындағы  аштықпен күресте ұлт зиялылары Тұрар Рысқұловтан бастап, Мәннан Тұрғанбаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Шаймерден Тоқжігітов, Уәлихан Танашев және тағы басқалар баспасөз беттеріне ойларын ашық жазған. Олардың аштық жайлап жатқан кезде халықтың салық төлеуін қисынсыз, азық-түлікті тұрғындарға бөлуде әділетсіздік орын алып отырғандығын ашық айтып, ұсыныстар білдірді. Мәселен, У.Танашев салық салуда егін шықпай қалған аудандарды ескеру қажеттігін көтерді. Семей қаласындағы ашыққан жұртқа М.Дулатов,  Ж.Аймауытов, Р.Мәрсеков бастаған ұлт зиялылары көмек қолын созды. Олардың басқаруымен жиналыс өткізіліп, халыққа көмек беруге шақырған үндеу жарияланды және осы іс-шараға белсене кірісіп, елден «жылу» жинай бастады. Семей өңірінен жиналған малдарды аштық тырнағына ілініп, әбден титықтаған Торғай уезіне айдап апару, оларды малсыз қалғандарға бөліп беру ісінде басшылық жасады. Міне, солай, қиын-қыстау заманда өз халқы мен бауырларына жәрдем көрсетуді өздерінің азаматтық борыштары деп білген ұлт зиялыларының  бұл әрекеттері олардың адал перезенттік парызын атқарғандығын айғақтап, тарих бетінде қалды.

Біз кейде тарихымыздың жарқын тұстарын жарқыратып айтып, тақсыретін тасада қалдыратын сияқтанмамыз. Өркендегісі келетін ел өз тарихының жетістігімен қоса, қасіретін де әсте ұмытпайды. Мысалы, Жапон жұрты «Хиросима және Нагасаки» қырғынын әлі күнге дейін естен шығарған емес. Ал біздің санамызда 1 млн 700 мың қазақтың сүйегін қуратқан алапат ашаршылықтың елесі де қалмағандай.  Өйткені  жергілікті өлкетану мұражайларынан алаш баласына  апат әкелген аштық жайлы еш ақпарат таппадық. Кезінде ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке белгілі тарихшы Т.Омарбековтің: «Алматының елеусіз бұрышындағы состиған әйелдің мүсіні ұлт үшін қасіретті ашаршылықты бейнелеп бере ала ма?», – деп налығаны есімізде. Кейде ашаршылықтың ақиқатын айта алып жүрміз бе деген ойға қаласың.

 

Ерзат АСЫЛ

Оқылды 2743 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет