Бейсенбі, 01 Сәуір 2021 11:08

Болашағы жарқын аймақ

Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Жақында төрт түлігін төлдетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған Масақ ауылдық округіне арнайы бардық. Қазтай Ұлтарақов ауылы мен Нұрлы ауылы кіретін округте 6 мыңға жуық тұрғын өмір сүруді. Округ басшысы Ертай Нұрмаханов тірлігі жарасқан қос ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстырды.

 

Сапалы су әр аулада

Су – тіршілік көзі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Сондықтан республика халқын сумен қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау өмірлік маңызы бар мәселе екені бәрімізге белгілі. Халық үшін сапалы ауызсуға қолжетімділіктің маңызы өте зор. Осыны сезінген үкімет ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар күшін салып отыр. Осы орайда, Масақ ауылдық округіне қарасты Нұрлы ауылының ауызсу құбырына «Таза ауызсу» бағдарламасы аясында 2018 жылы республикалық бюджеттен 220 млн теңге бөлініп, мердігер атанған «Техностройстандарт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 148 млн теңгеге тіршілік нәрінің құбырын қайта жаңғыртқан. Бүгінгі күні жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, Нұрлы ауылындағы 220 аулаға жаңа құбырдан су тартылып, тұрғындар сапалы ауызсумен қамтылып отыр.

 

Мектеп ғимараты ескірген

Қ.Ұлтарақов  ауылындағы орта мектептің іргетасы 1975 жылы қаланаған. Осы күнге дейін жөндеу жұмыстарын көрмеген білім ордасының 2011 жылы шатыры ауыстырылған. Қабырғасы ескірген мектептің жылу жүйесі де жаңартылмаған. Тұрғындар мен округ әкімдігі тарапынан бұл мәселе бірнеше рет көтеріліп, оқу ордасын күрделі жөндеу туралы ұсыныс жасалған. Осы жылы Масақ орта мектебін жөндеуден өткізу үшін  жобалық-сметалық  құжаттама жасалады.

Бүгінде Масақ орта мектебінде 476 бала оқиды. 1-5 және 9,11 сынып оқушылары мектеп қабырғасында оқыса, қалғаны қашықтан білім алуда. 2020 жылғы көрсеткіш бойынша, 14 түлек мектепті тәмамдап, 5 оқушы жоғары оқу орнына мемлекеттік грантты жеңіп алған. Биыл 18 түлектің 2-еуіалтын белгі, 3 оқушы үздік аттестатқа үміткер.

  

Шелек станциясы

Қазақстанның көлік қатынасында темір жолдың маңызы зор. Өйткені темір жол арқылы республика халқы тек біздің елімізде ғана емес, сонымен қатар бүкіл жер бетінің барлық аймақтарына ешқандай қиындықсыз бара алады және қажетті тауарларын жеткізе алады. Осындай  темір жол магистралі Масақ ауылдық округін жанай өтеді. Шелек станциясы арқылы күніне екі бағытта 16 жүк тасымалдау пойызы жүреді. Коронавирус індетінің таралуына байланысты бұл станциядан жолаушы тасылмалдау уақытша тоқтатылған.

Айта кетейік, қазіргі кезде Қазақстан темір жолының үлесіне көлік қатынасының барлық түрлері бойынша тасылатын жүктің төрттен үш бөлігі,  қалалар мен ауылдар және  басқада жерлерге жол жүретін жолаушылардың тең жарымы тиеді.

 

Еті мәрмәр «Герефорд»

Соңғы екі жыл көлемінде Масақ ауылдық округінде егістік алқаптарын пайдалану үрдісі жоғарылап келеді. 165 шаруа қожалығы өңірдің әлеуметтік жағдайын арттыруға мол үлес қосуда. Солардың бірі «Атақоныс» шаруа қожалығы. Қазіргі кезде қожалықта 500 бас ірі қара малға және 1000 қойға арналған қоражай жұмыс істейді. Онда 250 бас «Герефорд» ірі қара малымен 500 бас қой өсірілуде. Мал бағушыларға арналған үйдің құрылысы аяқталған. Өз жұмысының қыр-сырымен таныстырған шаруа қожалығының басшысы Болатжан Нұрбеков не себепті «Герефорд» ірі қара тұқымымен айналысқанын айтып өтті.

– Кез келген климаттық жағдайға оңай бейімделетін және жоғары сапалық қасиеті бар «Герефорд» тұқымы − төзімді және денсаулығы мықты. Аталған ірі қара тұқымы айналадығы  жағдайға бейім және еті «мәрмәр». 12 ай ішінде бордақыланған сиырдың салмағы шамамен 290 кг, ал бұқа 340 кг болады. 18 ай ішінде мал тағы 100 кг салмақ қоса алады. Сондай-ақ, олар кез келген жағдайға тез бейімделетіндігін атап өтуге болады. Төлінің өлім-жітім көрсеткіші төмен, олар бұзау кезінен төзімді болып келеді. Егер бұзаудың асты құрғақ болса, онда суық тимейді. Табын ұзақ жол жүре алады. Жайылымда кез келген шөпті, соның ішінде қатты және арам шөптерді жей береді. Соның нәтижесінде ет сапасы жоғары болып келеді және де ірі қара қолайсыз жағдайларда да салмақ қоса береді. Жақсы төлдейді, – дейді шаруа қожалығының иесі.

 

Ауылдық амбулатория мектепте орналасқан

Адам денсаулығы – қоғамның байлығы. Халқымыздың «Дені саудың жаны сау» деген нақылы бекер айтылмаса керек. Осы ретте Нұрлы ауылының амбулаториясына арнайы бардық. 11 кіші медициналық қызметкермен 1 дәрігер еңбек ететін медициналық ұжым тұрғындардың саулығы үшін қызмет жасауда. Бүгінгі таңда карантиндік шектеулер толық орындалуда.

Айта кететін бір мәселе  – амбулаторияның мектеп ғимаратында орналасуы. Себебі, бұрынғы амбулатория ғимараты жекеменшікке өтіп кеткен. Бұл мәселені шешу жолдары да қарастырылуда. Кеңшардың орталық кеңсесі болған ғимаратты сатып алу және күрделі жөндеу жүргізу жоспарда бар.

Ал Қ.Ұлтарақов ауылының амбулатория хәлі мүлдем басқа. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1 ақпанда  салтанатты түрде ашылған «NOVO INVEST» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің «Ел аман» медициналық орталығы ауыл жұртшылығы үшін қызмет етуде. 4 орынға арналған күндізгі стационары бар амбулатория жаңа медициналық құралдармен жабдықталған. Кардиотокография (КТГ), Электрокардиография (ЭКГ) құрылғысы, диагностика аппараттарымен қатар, соңғы уақыттары COVID-19 індетінің  таралу есебінен маңыздылығы арта түскен өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараттарымен де қамтылған. Қазіргі таңда медицина мекемесінде 20 адам жұмыс істейді.

 

Табиғат құбылысы тиімді пайдаға асуда

Жел электр станциясы (ЖЭС) жел ағынының басқарылмайтын кинетикалық энергиясын электр энергиясына айналдырады. Бұл заманауи құрылғылар соңғы жылдары аудан аумағында бой көтере бастады. Масақ ауылдық округінің аумағынан өтетін Шелек жел дәлізінің әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында 2017 жылы «НұрлыВЭС» ЖШС 7 жел электр станциясының құрылысын аяқтаған. 2018 жылы Нұрлы ауылында «Самұрық Қазына» ұлттық компаниясы қытайлық «City Construction LTD» компаниясымен бірлесіп, 2 млрд 368 млн теңгеге 2 жел электр станциясының құрылыс жобасын іске асырған. ЖЭС-тің негізгі арналуы – ұлттық энергетикалық тораптардан алыс орналасқан тұтынушыларды және ауыл шаруашылығы нысана-ларын электр энергиясы мен сумен жабдықтайды. Бүгінгі таңда 9 мВт қуат көзі электр қуаты тапшы Шелек өңіріндегі елді мекендерін электр қуатымен қамтамасыз етіп отыр. Басты артықшылығы – қоршаған ортаны ластамайды, қуат көзі (жел) ешқашан сарқылмайды.

 

72 адам тұрақты жұмыс істейді

Құс өсіру – замана ағысына қарай жедел дамып келе жатқан кәсіптің бірі. Аула ішінде, арнайы қораларда өсіруге бейім. Әрі жетілу, көбею қабілеті де мал басымен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Ал өнімге азық жұмсауы әлдеқайда төмен. 

Осыған дәлел болатын, Нұрлы ауылында инвестициялық сомасы 1 млрд 804 млн теңгені құраған, жылына 2500 тонна құс етін өндіретін «Нұрлы құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс фабрикасы орналасқан. Жақында өндірісте тоңазытқыш камерасы өз құрылысын аяқтап, іске қосылған. Тартылған инвестиция көлемі 60 млн теңгені құрайды. Бұл облыстағы ірі өндірістің бірі боп табылады.

Құс фабрикасы бройлерді тауықты инкубациялауға және өсіруге маманданған, табиғи шикізаттан жасалған жем қолданады. Сондықтан жоғары сапалы экологиялық таза  өнім шығарылады. «Нұрлы Құс» ЖСШ-і 2020 жылы 2000 тоннадан астам құс етін өндірген. Бүгінгі таңда фабрика  72 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Түйін: Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бір сөзінде шалғайда орналасқан ауылдарға жағдай жасап, әлеуетін арттыруды тапсырған еді. Бүгінде аудан шекарасында орналасса да, бірқатар салаларда талайды шаң қаптырып келе жатқан Масақтың әлеуеті зор. Жыл он екі ай соғатын жел электр қуатын өндіруге мол мүмкіндік береді. Ауданымыздағы жалғыз темір жол станциясы да осында орналасқан. Басқа да өнідіріс орындары жетерлік. Масақтықтардың негізгі мәселесі сол – әлеуметтік нысандар жаңартылып, материалдық-техникалық базасы нығайтылса дейді. Жоғарыда атағанымыздай, осы мәселелерді шешуге алғашқы қадамдар жасалуда. Қалғаны келешектің еншісінде.

 

Ілия СҰЛТАН

Оқылды 12016 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Сара жол Ауыл ардагерлері белсенділер еңбегіне разы »

Соңғы жаңалықтар

Нау 29, 2024

Межелер пысықталып, жоспарлар…

Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы…
Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет