Туған өлке, тарихи орданы сүю – ақылдың ісі емес, жүректің ісі. Ең аяғы, аң-құс та бір өңірді мекендеп, басқа аймақтарды оңайшылықпен жерсінбейді. Не нәрсені де саудалау сәнге айналған бір жылдары араб жұртынан келген қонақтар қазақ даласының қырандарын сатып әкеткені бар.Қырандардың аяғына сақина кигізіп, әлпештеп, аялап-ақ ұстайды. Бір қызығы, сол биіктік сақшылары бір күні ізім-қайым жоғалыпты. Сөйтсе, олар өздерінің бауыр басқан мекені, ата жұрты, жалғыз Отаны – қазақ даласына қайта оралған екен. Бұл олардың асып бара жатқан ақылдылығынан емес, туған өлкесіне деген жүректегі сағынышы мен махаббатынан туындаған.
Біздің де сонау дәуірлерден бері тамырын тереңге жайған бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақ жері. Осынау алып қазақ сахарасын көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю – әр қазақтың міндеті және азаматтық борышы. Өйткені қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ.
Егер осы бір төрт әріптен құралған сөздің түпкі мағынасына үңілер болсақ, оның қаншалықты қастерлі ұғым екендігіне көз жеткіземіз. Өйткені Отан деген тек туып өскен жерің ғана емес, ол – күнделікті отбасы, ошақ қасың, ауасын жұтып, суын ішіп, байлығын игілігіңе жаратып отырған кең-байтақ жерің, қазыналы қариясы мен ақ жаулықты анасы бар алтын бесігің, тай-құлындай бірге өскен құрбы-құрдастан құралған ыстық ауылың, қадірлі ата-ана, сүйікті жар, сүйкімді балаң жүрген туған елің. Қойнауы қазынаға, өрісі малға толы ырысты атамекен, атамыз күйеу, анамыз келін болған жер. Міне, осы туған ел мен жерге еге болу, амандығын тілеу, ұрпақтың болашағына жауаппен қарау, ел тыныштығымен қатар рухани бірлікті сақтау – әрбір мұсылманның парызы.
Мәдинаға хижрат жасаған уақытында адамзаттың ардақты елшісі (с.ғ.с.) Хазрауа деген жерге түйесін шөгіп, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: «Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер болмас. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке жырақтамас едім», – деген екен.
Тағы бір жолы Ұхыд тауына қарап: «Біз Ұхыдты жақсы көреміз, Ұхыд та бізді жақсы көреді» дегені тегін емес. Бұл пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған жерге, оның әрбір өзен, көл, тау, тасына деген ыстық махаббаты мен зор сүйіспеншілігін байқатады.
Сонымен қатар келесі бір хадисте: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі – күнәсіне өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі – Отанды қорғап шекара күзеткен көз» делінген. Демек, «өлсек шейіт, қалсақ ғазимыз» деген асқақ мұратпен «А, Құдайлап» жауға шапқан жүрегі түкті батыр-баһадүрлеріміз білектің күші, найзаның ұшымен дұшпан жолатпаған кең байтақ жерге бабалар аманаты деп қарай білген жөн.
«Біз – қазақ деген мал баққан елміз.
Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз.
Басымыздан сөз асырмаған елміз...» деген Қазыбек бабамыздың отты сөзі – жерімізге көз алартқан дұшпанды тәубесіне түсіре білген батырлар ұрпағы болғандығымызға дәлел.
Белгілі журналист Құдайберді Бағашар: «Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттеледі: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар тіпті шейіт саналады. Ал шейіттердің өлмейтіндігі, ақыретте есепсіз Жәннатқа барары мәлім. Құранда бұл жөнінде: «Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара» сүресі, 154-аят) делінген.
Отан отбасынан басталатынын ескерсек, әрбір саналы адам қастерлі сөздің қасиетін өз ұрпағына ұқтыра білу керек. Пайғамбарымыз: «Әркім өз қарамағындағылардан жауапқа тартылады», – деген. Демек, біз ұрпақ бойында отаншыл сезім қалыптастыруға жауаптымыз. Өйткені туған елге деген құрметті, патриоттық рухты өз ата-анасынан көрмеген баланың болашақта өзіне бейтаныс сезімді жатсынуы бек мүмкін», – деген еді. Расында, туған жерге деген сүйіспеншілік елді көркейтуді, білім іздеген жастардың талабына қолдау білдіруді де ұқтырады. Сол себепті Ислам дінінде ең жақсы садақа ілім жолындағыларға берілген садақа екендігі айтылған. «Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле, білімге көңіл бөл» демекші, бұл ел болашағына жасалған қамқорлық болары сөзсіз.
Әйгілі батыс ойшылдарының бірі Эпиктеттің: «Сенің туған жерге жасаған ең үлкен жақсылығың – оның ғимараттарын биіктетуің емес, азаматтарының ақыл-ойын өсіруің. Биік ғимараттарда аласа ойлы адамдар өмір сүргенше, аласа ғимараттарда ойы биік, парасаты жоғары адамдардың тұрғаны артық» деген сөзі де осы шындықты меңзеуде. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының тілімен айтқанда «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!».
Демек, отанға деген сүйіспеншілік ел игіліне жасаған жақсылықтармен өлшенбек. Пайғамбарымыз: «Адам қайтыс болса да, үш түрлі адамның әжір сауаптары амал дәптерлеріне көзі тірі кездегідей барып тұрады. Артына тәрбиесі жақсы ұрпақ қалдырған адам. Ғалым кісінің еңбектері. Ел игілігіне жарайтын аурухана, көпір, кітапхана, мешіт салдырған адам», – деп, ел үшін жұмыс істеудің екі дүниеде де сауабы үзілмейтінін сүйіншілеген. Осы себепті сауап ниетімен қоғамның түзелуіне жұмыс істеу, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру әрбір мұсылманның міндеті.
Елге қызмет етудің тағы бір жолы сол елдің тілін, дінін, салт-дәстүрін, мемлекеттік рәміздерін құрметтеу. Сондай-ақ, халық игілігіндегі мүлікті талан-таражға салмау, кісі ақысына көңіл бөлу, ұлт мүддесі үшін жұмыс істеу де – Отан алдындағы адалдықтың белгісі. Сол себепті кез келген ел мемлекет мүлкіне зор жауапкершілікпен қарайтын, ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін, арды ақшадан биік көретін ерлер көбейгенде ғана гүлденері хақ. Бұл біз үшін қазіргі таңда ауадай қажет қасиет болып отырғаны баршаға аян.
Туған жердің көркейгенін қалағанәрбір азамат өз ісін жақсы меңгеруге талпынуык ерек. Кәсібилігін арттырып, өз мамандығының шыңына шығуы тиіс. Ісіне немқұрайлы қарау басқа адамдардың да жұмысына кері әсерін тигізетінін ескерген жөн. Әрбір азамат өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарғанда ғана туған елдің көркеюіне үлес қоспақ.Пайғамбарымыз хадисінде: «Ең жақсы адам – басқаға пайдасы тиген адам», – дейді.
Туған елге деген құрмет үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру, сондай-ақ мәдениеттілікке бет бұрумен де қалыптасады. Демек, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – әркімге міндет. «Темірді ыстығында соқ» демекші, бүгінгі күні ата-әжелерді келеке-мазаққа айналдыратын түрлі сахналық қойылымдардың жиі ұшырасатыны, ақ шашты қариялардың алдында ашық-шашық би билеп, ән айтуды өнер санап имену дегенді білмейтіндердің көбеюі іштей қынжылыс туғызатынын айтпасқа болмас. Бұл мұсылмандыққа жатпайтын әдет. Осы орайда бүгінгі күні жастарды ұяттылық пен ибалылыққа тәрбиелеу турасындағы насихатты күшейтудің басты орында тұрғанын ұмытпаған жөн.
Қорыта келгенде, отанды сүюмен патриотизм, ұлтжандылық, туған елге ізет, туған жерге қызмет – бәрі қатарлас ұғымдар. «Отанды сүю – иманнан» деген тәмсіл де тегін айтылмаса керек. Расында, Отанды, елді қорғағанда, атақ алу үшін, абыройға кенелу үшін емес, ұрпағым, елім болашақта жетім болмасын, Отансыздықтың азабын тартпасын деп қорғау керек. Жер бетінде Отансыз ұлттар қаншама?! Оларды дәл біздегідей бауырына басып, жақсылық жасап отырған елдер некен-саяқ. Біздің де ұрпағымыз біреудің қас-қабағына қарап жәутеңдемесін, қолына қарап дәметпесін десек, атадан қалған асыл мұраны сақтап, ақылды ұрпақ тәрбиелеу – мүлт кетпес парызымыз болуы керек. Сөз осңын Мұқағали ақынның мына бір жыр шумақтарымен қорытқанды жөн көрдім:
«Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген,
Не тындырдың «басымды иемменен»?
Оңай сөз ғой, құрбым-ау, оңай сөз ғой
Отан үшін өлемін, күйем деген.
Өлім деген ерліктің қорегі ме?
Өлмей-ақ қой, өлімнің керегі не?...
Егер Отан сыңсыған орман болса,
Жапырақ боп жармасқын терегіне.
Самалы бол Отанның салқындаған,
Сандуғаш бол, сайратсын алтын далаң.
Семсері бол, Отанның қынабында
Сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған.
Шетсіз, шексіз, қиырсыз ұлы дала,
Шуақ болып шашылмай жылына ма?
Сүй Отанды! Шыныңмен сүйіп өт те,
Гүл боп қадал ойына, қырына да.
«Жүзтолғанып, күніне мың ойласам»,
Ақ басты алып анаммен шырайласам.
Қалай оны сүйем деп айта аламын,
Бірге күліп, қуанып, мұңаймасам?!...
Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген
Іс тынбайды «жанамын, күйемменен...»
Өгей әке емес қой Отан деген,
Отанды мен Атамдай иемденем!
Қайнар ЖҰМАҒОЖА