Бейсенбі, 10 Желтоқсан 2015 14:35

Тәубе

Тәубе, тәубе Тәуелсіздік шашып нұр,

Ырғала бұл ырысымыз тасып тұр.

Теңіз тектес текті жұртым жасай бер,

Тек халқыма жақсылықты асықтыр.

Бейсенбі, 26 Қараша 2015 16:15

Елбасына арнау

Парасатты  адамдық танымымен,

Қысылғанның  қасынан  табылып  ең.

Ел мен жердің  тағдыры  алаңдатқан,

Азаматсың халқыңның  қамын  жеген.

Бейсенбі, 19 Қараша 2015 11:19

Жолбарыс жүректі қаламгер

Академик Мәлік Ғабдуллин:«...Халық ауыз әдебиеті – ел өмірінің айнасы» – дейді. Бұл шындық. Қай халықтың әдебиет тарихына ой көзбен қарайтын болсақ, ауыз әдебиеті бұрын пайда болғаны – талас тудырмайтыны ақиқат. Шаяхмет қазақтың ауыз әдебиетінің алтын қорынан нәр алып, өзінің барлық шығармаларына арқау етіп отырады. Оның тамаша айтыскерлігі бұл айтқанымыздың дәлелі. Анығырақ айтар болсақ, 1977 жылы қызылордалық Жұмабек Оразбековтен басым түскен. Алматыдағы Жамбыл атындағы филормонияда талғарлық айтыскер ақын Жанат Жаубасовпен айтысқан. 1981 жылы Мұқағали Мақатаевтың 50 жылдығына орай Нарынқолда айтыс өткен. Сол айтыста Әбділдә Тәжібаев бастаған әділ-қазылар алқасының шешімімен, (ол кезде Талғарға көшіп келген Жұмабек Оразбаев тағы да Шаяхметпен айтысқа түседі) Алматы облыстық ақындар айтысының қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданының атынан  Шаяхмет екінші орынды иемденеді. 1982 жылы айтыс Еңбекшіқазақ ауданының орталығында өтіп, бұл айтыста Шаяхмет Кеген ауданының ақыны Сабыр Досымбековпен, ал жұбайы Күлпара Құсайынова талғарлық ақын Жанат Жаубасовпен айтысып, Күлпара Құсайынова екінші орынды қанжығасына байлап, Шаяхмет жүлдегер атанады. Бұл айтыстар туралы Москва мен Софияда шығатын халықаралық «Дружба» журналының арнаулы тілшісі Разия Гафурованың «Поющие сердца» деген мақаласында Шаяхметтің айтыскерлігі жайлы тамаша жазылған. Осындай                           айтыстары ескеріліп, Алматы облысы басшылығының араласуымен Шаяхмет Құсайынұлына екі бөлмеден екі пәтер сыйлық ретінде  берілген. Бұл да ақынға деген зор құрмет деп білеміз.

Бейсенбі, 30 Шілде 2015 12:12

Тектінің тұяғына арнау

Абылай Сейіткерейұлы – Ахметжан бабамыздың  үлкен  ұлы кезінде  «халық  жауы»  деген  нақақ  жала  жабылып қуғын  көрген  Мерғалымның  немересі Бабасы Мерғалым Ахметжанұлы оқыған,  көзі ашық  болғандығы үшін «кінәлі»  болса,  Сейткерей әкесі  жеті  класс білімімен-ақ  талай туындылар  тудырған   еді.  Әттең  денсаулығы төмендеу болып, оқуға  да  мүмкіндігі жетіспей, шығармашылық  қабілетін  шыңдай алмады. Сондықтан ата-бабаларының, нағашы жұртының (кезінде қазақ елінің бас ақыны атағын  алған айтыс ақыны, батырлар жырының   айтулы орындаушысы Көкен Шәкеев − Абылайдың анасы Күлзараның ағасы)   қабілеті  дарыған, Абылай  ініме  оқу  керек  дей  келе Әскербек  Қасымұлының Сәкен немересінен   туған Асаналі сәбидің  бір жасқа  толған  кешінде айтқан арнау-батасын жариялап отырмыз.

Хайролла  Қасымұлы  Ахметжанов.

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері Төреәлі Төлегенов:

«Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қай заманды алсаңыз да, тарих – халықтың ұлттық санасын қалыптастыру, мемлекеттік идеологияны насихаттау, жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу қызметін атқарған. Осы тұрғыда мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Тарих – кім-кімнен де жоғары тұрған ұғым» дей отырып, «Тарих дегеніміз – тек өткеннің сабағы ғана емес. Ол – едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі» деген тұжырымын алға тартты. Расында, тарихи таныммен ұрпақ өсіп-өнеді, олардың ұлттық санасы қалыптасады. Өткенін өлшеп, қазіргісімен мақтанып, болашағын болжайды. Ал, тарихты қалыптастыратын әрі зерделеуге мүмкіндік беретін бірден-бір ерекшелік – қазба жұмыстары арқылы табылған тарихи жәдігерлер. Биік-биік үйілген төбешіктер мен қорымдар. Адам қолымен тасқа қашалған жазбалар мен бейнелер. Қарапайым көзге жәй ғана жазық болып көрінгенімен, бар құпияны қойнауына жасырған далалар. Әсіресе, «Алтын адамымен» әлемге танылған Есік қаласының аумағы – тарихи мол мұраның қоймасы десек артық айтпаспыз. Оған дәлел, бұрынғы қазбалардан өзгерек 2017-2018 жылдары «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Шанси аймақтық археологиялық институты (ҚХР) бірлесіп, Іле Алатауының етегіндегі тегіс келген екінші терассаның солтүстік шетінде, Тасмұрын шатқалына кіреберіс тұста орналасқан атақты сақ-үйсіндердің Рахат қала жұртына, сонымен қатар, қала маңындағы ескерткіштерге алғашқы барлау және қазба жұмыстарын жүргізгендігі. Ескерткіштің «Есік қорымына» жақын жатуы, ерте көшпелілер мәдениеті жөнінде жаңа мәліметтер алу мақсатында қалашықта зерттеулер жүргізілген-тін. Сол қазба жұмыстары барысында зерттеуге қатысып, алғашқылардың бірі болып табылған жәдігерлерді көзімен көріп, қолымен ұстаған «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері, Бекен Нұрмұхамбетовтың шәкірті Төреәлі Төлегеновпен әңгімелескен едік.

– Құрметті Төреәлі Жақсылықұлы, қазба жұмыстарына қатысты халықаралық келісімшарт жөнінде айтып өтсеңіз және оған кімдер қатысты?

– Жалпы, 2015 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Шанси облыстық археологиялық мәдениет басқармасы арасында мәдени мұраларды қорғау мақсатында ынтымақтастық туралы алғашқы уағдаластыққа қол жеткізілді. Ал, 2016 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Шәнши облыстық археологиялық институтымен келісімшартқа қол қойылды. Осы келісімшарт негізінде 2017 жылдың мамыр-шілде айларында алғашқы барлау және қазба жұмыстары жүзеге асты. Бұл аса маңызды тарихи шараға өзіміздің «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінен жоба жетекшісі Гүлмира Мұхтарова, көмекшілері Жазира Құрбанәлі және өзім, Шанси аймақтық археология институтынан профессор Дин Ян, Миау Ифей, Жау Хан Чин сынды көмекшілері қатынасты.

– «Тарих – өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі» дейді. Өткенімізді зерттеу арқылы қандай тың дүниелерге тап болдыңыздар?

– Негізінен, халықаралық ғылыми-зерттеу жұмыстарының басты мақсаты – ескерткіштің стратиграфиясын, уақытын, құрылымын және археологиялық кешенін зерттеу болып табылады. Осы мақсатта қалашық маңында бірнеше барлау-бақылау кесінділері жасалынды. Археология бір орында тұрмайды, дамып барады. Археологиясы әлем бойынша қарыштап дамыған елдің бірі де Қытай. Көптеген зерттеуге қажетті техникасы мен методикасы зерттеу жұмыстарына біршама септігін тигізді. Соның бірі кез-келген тарихи жәдігер болсын, суреттің болсын үш есе үлкейтілген бейнесін алатындай  мүмкіндігі бар құрылғының болуы. Сонымен қатар, жер бедерлерін де анық көрсетіп береді. Мысалы, біз аэрофотосуреттерде көп нәрсені көрмей немесе байқамай қалуымыз мүмкін, шұңқыр жерлер бар дегендей. Бізде, мысалы, 1000-2000 суреттен ілеуде біреуі ғана анық бейне бере алады.  Ал, бұл өз кезегінде жұмыстарды қиындатпай қоймайды. Осы жолғы зерттеудің ерекшелігі де сол – жұмысымыз жетілдірілген технологиялардың арқасында тез әрі жемісті болды.

– Жер қойнауындағы жұмбақты ашу – археологтардың міндеті. Археологтардың, яғни, сіздердің бұл жолғы ашқан жұмбақтарыңыз?

– Әр жүргізген қазба жұмыстары өзінше бір әлем. Қай-қайсынан болмасын өзімізге тәжірибе алар дүниелермен танысып келеміз. Тарихта еш нәрсе із-түссіз жоғалып кетпейді. Бұл жолғы қазба жұмыстары да бұрынғыларынан бөлек. Мысалы, қалашық үш қамал кешендерінен тұратын шығыстан батысқа қарай тау сілемінде созылып жатқан жүйені құрайды. Қамалдардың көлемдері әртүрлі болғанымен, орталықтағы цитаделі мен оларды қоршаған қамал қабырғалары ұқсас келеді. Мұнда қиық пирамида тәрізді бірнеше мұнаралары бар көлемді қамал кешендерден тұратын цитадель анық байқалады. Анағұрлым көлемді мұнаралардың биіктігі 75 метрден асады. Басқа мұнаралар негізгі мұнарадан алшақ орналасқан және көлемдері кішірек болып келеді. Цитадельдің оңтүстік жағында шахристанның орны болуы мүмкін тегіс жазықтық көрініп тұр. Қалашық цитадельден шығысқа қарай созылып жатқан негіздері бірдей мұнараларды құрайтын кішірек келген, қиық пирамида тәрізді мұнаралармен жалғасып жатыр. Осы тұста айта кететін мәселе, қаланың сумен қамтамасыз етілуі де осы таудан келетін ағын сулармен тікелей байланысты болуы мүмкін. Себебі, таудан ағатын судың орындары бүгінге дейін терең ор болып сақталып қалған, әрі су жүретін ірі жылға қаланың оңтүстігінен келіп, шығыс қабырғаның сыртынан бойлай солтүстік тұсына қарай жайыла келіп, көрінбей кетеді. Мұндай жүйе, салыстыратын болсақ, оңтүстік өлкелердегі қалаларда жиі байқалады. Жалпы, Рахат қалашығы алаңында аумағы 32 шаршы метр құрайтын үш орынға бақылау-барлау қазба жұмысы жүргізілді. Аталмыш қазба орнынан 80 данадан астам темір, қыш, тас, сүйектердің бөлшектері табылды. Бұл бөлшектердің ішінде қызыл, қоңыр және құмды қыштар, майда және ірі құм аралас жасалған қыш түрі де кездесті. Екі түрлі қыштың күйдіру температурасы біршама жоғары болды. Табылған артефактілер негізгінен – темір пышақтар, қыш құмыралардың сынықтары, жүздері бүдірлі құралдар және бүйірі тегіс кесілген тас құралдар. Қыш құмыралардың басым көпшілігінің жиектері жалпақ, бүйірі дөңес келген. Табылған артефактілердің ішінде қыш ыдыстың бүйірлері әлдеқайда көбірек. Ыдыс тұтқаларының пішіні ойық тәрізді, жарты құлақты тұтқалар және сан алуан түрлі өлшемде болды. Қыш ыдыстарының түбі негізінен дөңес болып келгенімен, түбі тегіс ыдыстар да кездесті. Бұл ыдыстардың жасалу әдісі орашолақтау, жасалу іздері айқын емес, негізінен тым қарапайым деп айтуға болады. Қазба орнында екі жерден жиналған тастар табылды, олардың арасындағы үш тастың бір жағы адам қолымен кесілген сияқты. Табылған сәтте тастар бір деңгейде орналастырылып, тұмсықтары бір-біріне қарай бағыттала қойылған. Болжауымызша, бұл қазба орны тұрмыстық-шаруашылық шұңқыры болуы әбден мүмкін. Себебі көп мөлшерде табылған артефактілердің бәрі дерлік бүтін күйінде сақталмаған. Қазба жұмыстары барысында сиыр, қойдың сүйектері көптеп кездеседі. Сонымен қатар, жылқы және иттердің сүйектері де табылды. Бұл сүйектерді адамдар тұтынып болғаннан кейін қалдырған деген болжам бар.

– «Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарлардың тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған халық» деген еді Елбасы бір сөзінде. Өздеріңіз қазба жұмыстарын жүргізу барысында қай кезеңнің мәдениетін көрдіңіздер?

– Расымен, қарап отырсақ, барлық кезеңнің мәдениеті кездеседі біздің кең байтақ қазақ жерінде. Мысалы, Рахат қалашағының маңынан сақ-үйсін кезеңінің жерлеу орны табылды. Бұл жерлеу орнын Рахат ауылының тұрғыны А.Тұрлыбаев есімді азамат Тұңғатар көшесінің қиылысында су құбырын орнату кезінде кездейсоқ байқаған. Куәгердің айтуы бойынша, су арнасын қазу барысында орташа көлемдегі өзеннің малта тастарынан құралған біраз тастар алынған. А.Тұрлыбаев түрлі өлшемдегі 2 қыш ыдысты қазып алған. Алайда, қабірдегі қыш бұйымдарының орналасқан жері белгісіз боп қалды. Сыртқы сипаты мен ыдыстың пішініне қарағанда, бұл жерлеу орнын сақ-үйсін дәуірі деп болжауға болады. Осы маңда басқа да жерлеу орындары болуы әбден мүмкін. Жоғарыда аталып отырған қыш бұйымдар қорық-музейдің қорына сыйға беріліп, олар қалпына келтіріліп, ғылыми тұрғыдан құжатталды. Қазіргі уақытта табылған қыш бұйымдардың сынықтары негізінде, Рахат қала жұртының мәдени қабатының ең кейінгі кезеңі орта ғасыр, яғни XIII ғасырды қамтиды, ең ерте кезеңі ерте темір дәуірі (б.з.д VII-III ғғ.) болуы мүмкін. Археологиялық барлау мен жүргізілген қазбалар нәтижесін қортындылай келе, Есік және Түрген өзендерінің аралығында, Қайназар, Рахат, Өрікті және Алмалы ауылдарының маңындағы ұзындығы шамамен 30 шақырымға созылған алапта біршама қоныс орындары бой көтерген деп айта аламыз. Есік қорымына қарама-қарсы тұста орналасқан Рахат қала жұрты басқа ескерткіштермен салыстырғанда аумағы мен көлемі аса үлкен болғандықтан Рахаттың мәртебесі жоғары болған деп есептейміз. Рахат қалашағына ұқсас ескеркіштер кешені Оңтүстік Қазақстан, Алтай және Сібір өңірлерінің ерте темір дәуірлеріне қатысты қалалық жүйелерде кездеседі. Бірақ қазба жұмыстары аяғына дейін толық жетпегендіктен, нақты тұжырым айтуға әлі ерте. Болашақта зерттеулерді одан әрі жалғастыра отырып ерте мәдени қабаттарды анықтау және жаңа мәліметтерді алу үшін қазбаның аумағын ұлғайта түсу қажет.    

– Тарих жолы қашанда тайғақ. Нақты заттай деректер мен фактілер болмаса, шындыққа жетуде адасып қалуымыз мүмкін. 2018 жылы жүзеге асқан қазба жұмыстары барысында нендей фактілермен қаруландыңыздар?

– Рас айтасыз. Оның үстіне біз қазба жұмыстарын ашық аспан астында жүргіземіз. Ол өз кезегінде бірнеше кедергілерге соқтырады. Табиғаттың түрлі мінезі бар: жауын, жел сияқты. Кішігірім су тисе де құрамын өзгертіп немесе бүлініп қалуы мүмкін табылған зат. Ал, салыстырмалы түрде айтайын, Қытай еліндегі қазба жұмыстарына да қатысып келдік келісімшарт негізінде. Сонда байқағанымыз, ол жақта қазба жұмысын жүргізетін аймақты белгілегеннен кейін үстіне арнайы шатыр орнатылып, зерттеу жұмыстары жабық түрде өтеді екен. Есесіне, ешқандай бүліну болмайды. Сонымен, өзіміздің жердегі қазба жұмыстарына оралайық. Қалашықтың оңтүстігінде орналасқан этнографиялық жерлеу орындарында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жерден 14 адамның, 2 жылқының қаңқа сүйегі табылды. Сонымен қатар, бірнеше орындарынан табылған күл шұңқырларын тазалау жұмыстары аяқталды. Олардың ішінде екеуі тікбұрышты ақым қабір болса, екеуі топырақ қабір. Қабірлерден шыққан адамның бас сүйегі солтүстік-батыс жаққа қаратылып, шалқасынан екі қолы кеудесіне қойылып жерленген. Бойлары ұзын, шамамен 1,8-2 метр, дене бітімдері ірі болғанға ұқсайды. Ал, жылқылар арнайы адам қабірханасының жанында орналастырылған. Жылқылардың басы батысқа бағытталып, төрт аяғы бүгіліп, секіруге ынталанып тұрған күйде жерленген. Жылқының дене сүйегінің маңында бірнеше ат әбзелдерінің қалдықтары да табылды.  

– Археология – «күрекпен қаруланған тарих» деп айтылады. Бұл жолғы «күректі» еңбектеріңізден не күтеміз және қандай болжамдар жасалуда?

– Жалпы, жұмыс нәтижелі болды деп толыққанды айта аламыз. Себебі, зерттеу жұмысының бірінші күнінен-ақ қыш ыдыстардың бөлшектері мен мал сүйектері табылды. Рахат қала жұртының ежелгі қоныс иелерінің мәдени қалдықтарын жүйелей отырып, осы аумақтың ең ертедегі мәдени қабатының жасын анықтау – алға қойған мақсатымыз еді.  Қызығы, болжам демекші, дәл осы қазба жұмыстары жүргізілген жерлерге зерттеу жүргізу керек екендігін бұрынырақта Бекен Нұрмұхамбетов айтып кеткен болатын. Сол кісінің айтқандары дәл келді десек те болады. Біздің бастапқы шым-топырақ қабатын тазарту барысында шөп пен топырақ қабаты қалыңдау келгенін байқадық. Ол өз кезегінде күрекпен жұмыс істеуге қолайлық туғызды. Рахат қалашағына ұқсас ескеркіштер кешені Оңтүстік Қазақстан, Алтай және Сібір өңірлерінің ерте темір дәуірлеріне қатысты қалалық жүйелер де кездеседі. Бірақ қазба жұмыстары аяғына дейін толық жетпегендіктен, нақты тұжырым айтуға әлі ерте. Болашақта зерттеулерді одан әрі жалғастыра отырып ерте мәдени қабаттарды анықтау және жаңа мәліметтерді алу үшін қазбаның аумағын ұлғайта түсу қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!                                                                                                                                                                        

 

Әңгімелескен Алмагүл НҰҒМАН.

Бейсенбі, 17 Қаңтар 2019 17:54

Әжібай батыр және оның ұрпақтары

Иә, «Әжібай тоғанының» суы – ел ырысы, жер нәрі. Бұл аймақ осы тоғанның суы арқылы тіршілікте. Ендеше арна неге «Әжібай тоғаны» аталған? Ал Әжібай деген кім?... Енді  мені осы сұрақтың жауабы мазалағаны... Білмекке бірер қариялармен жүздестім. Бәрінің жауабы бірдей. Солардан тау етегіндегі «Таутүрген» ауылының тұрғыны, ардагер ақсақал Бақыт Бөркеевтың тарихи әңгімесін тындағаным өзімше.

Әжібай Найманбайұлының тікелей ұрпағы, академик-тарихшы, медицина ғылымының докторы, «Қазфармация» акционерлік қоғамының президенті Кеңесбай Үшбайұлымен тілдестік. «Ер Әжібай» жырын кирилица қарпіне көші-ріп, оның түсініктемелерін жазған ауыз әдебиетін зерттеуші Тоқтар Әлібек, әде-биет зерттеушісі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің  журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, ардагер журналист Асқанбай Ерғожаев, Кеген аудандық «Қарқара» газетінің қызметкері Келеке Құсайынов, сексен сегіз жастағы Райс Рысдәулетұлына, жетпіс алты жастағы Өмірқұл Майлыбаев, ауыл мен аудан ағасы дәрежесіне жеткен Дүйсебек Рақымжан бастап осы мәселенің төркінін шешуге талаптануға қатысқаным. Бұлар Әжібай ұрпақтары. Батыр бабалары жайлы білгендерін әңгімелеуде. Ертеде жазу болмаса да ауызша деректер ел аузында сақталған.

Әжібай ұрпақтарынан бір-бірінен ұқсастық іздеген суретші-педагог Қуандық Жігітекұлы Карбузов дулыға мен сауыт киген Әжібай суретін салған. Ол сурет 2018 жылы Суретшілер Одағының залында өткен республикалық көрмеде халықтан жоғары баға алған. Жоңғар шапқыншылығында ел мен жері үшін жанын құрбандыққа шалған халық батыры Әжібай есімін мәңгі есте сақтау үшін Алматы қаласынан оған бір көше атауын берген. Еңбекшіқазақ ауданы «Асысаға» ауылында халық қаражатымен «Әжібай мешіті» салынып, ол Алланың екінші үйі атанады.

Әжібай Найманбайұлының туған жері облысымыздың Еңбекшіқазақ ауданы Таутүрген ауылы. Батыр баба 1699-1777 жылдар аралығында өмір сүрген. Таутурген ауылы киелі, қасиетті жер. Республика тарихына алтын әріппен жазылған атамекен. Таутүрген айтыскер ақын Құланаян Құлмамбеттің кіндік қаны тамған тарихи мекен. Сол 1825-1915 жылдары тұлпар тұяғын дүбірлеткен батыр Медетбек Есебайұлының сүйегі жатқан киелі жер. Медетбек батырдың кесенесі де осында. Импровизатор ақындар Жамбыл Жабаев пен Құланаян Құлмамбеттің айтысы өткен, дүркіреген өңір.

Кешегі Кеңес Одағы кезінде Таутүрген ауылы ешкі малын өсірумен облыста үлгілі колхоз атанған. Колхозды Әбілда Бөркеев басқарған. Ұлы Отан соғысы жылдары майдандағы жауынгерлерге киім-кешек апарып, жеңіске жігерлендірген шаруашылық. Бертін Ленин атындағы колхоз бөлімшесі атанған. Жүгері дәнін жинауда республика және одақ көлемінде рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізген атақты колхоз. Колхоз бау-бақша өсірумен де айналысқан. Кейін мал шаруашылығы мықтап дамыды. Қазір кооперативтерге бөлініп, әркім өз тіршілігін өзі өркендетуде.

Таутүргенді батырлар ауылы десе де болады. 18 ғасырдың басында Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Жалайыр Ескелді, Шапырашты Наурызбай, Албан Ханкелді, Райымбек батыр бастаған батырлар ерлігі тарихтан халыққа мәлім. Біздің ұланғайыр жерімізді сақтап, ұрпаққа аманаттаған.

Шақшақ Жәнібек, Көкжал Барақ, Қарасай, Қасқары, Әжібай, Өтеген, Қаржау, Елтінді, Малай, Сатай, Аралбай, Есімбек, Шағаман, Қараш ерлігі халыққа енді дәріптеліп, олардың есімдері елді мекендерге берілуде.

Мәселен, «Асы» жайлауына Түрген өзенінің бойымен барарда Бас Қараш, Орта Қараш, Аяқ Қараш жайлауларын басып өтесің. Жазда жайлауға көшкен малшылар Асыға  жеткенше жол бойында түнемелеп, ертесі тау бөктерлеп жеткен.

Әжібай батыр туған Таутүргеннен шығысқа қарай созылатын ендігі бір жол Төрежайлауға апарады. Одан ары сабау қамшылы, салт атты ғана жүретін Құмбел асуы. Бұл асу «Асы» жайлауына жететін төте жол. Түрген өзені бойымен ертеңгі азанда шыққан салт аттылар Асыға кешкі ымыртта әрең жетеді. Ал төте жол Құмбел асуы арқылы бірер сағатта Алатауды асып Асыға барасың. Бұл қыя жолдар ертеде салт аттылардың, барымташылар мен ұрылардың, аңшы мен қарақшылардың ғана жүретін тың соқпағы, төте жолы болған.

«Төрежайлау», «Құмбел», «Белшабдар», «Қараш» секілді ежелден сақталған атаулар. Ат белінен түспеген құс ұйқылы батырлар жауға қарсы шапқанда қар, жел демей жүре берген. Археологтардың қазба зерттеуі бойынша жазба деректерден гөрі тұрмыстық заттар арқылы анықталуда. Соның бір айғағы – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне кіретін, Әзірет Сұлтан кесенесін жөндеу және қалпына келтіру басталған 1992 жылдары қазбадан жерленген билер мен батырлардың сүйектері және қару-жарақтары шыққан. Соның бірінде «Мұнда Ер Әжібай батыр жерленген» деген жазу табылған. Демек, Алатаудан аттандап шыққан Әжібай батырдың сарбаздары Жоңғар шайқасында Түркістанға дейін барған.

Зона батыр жеңілген соң қалмақтар үдере қашады. Зонаның сүйегін де алмайды. Әжібай: «Зонаны батыр еді», -  деп арулап жерлейді. Басына тастан белгі қояды.

Содан бастап қазақтар жауға шапқанда: «Уа, әруақ! Уа, Әжібай!» деп ұрандайтын болған. Батыр аруағына сыйыну әлі де бар. Әжібай содан бері «Қызылбөрік» руының ұранына айналған. Әжібайдың батырлығы өз алдына, еңбекқорлығы, болашақтың қамын ойлайтын шаруақорлығы және бар. Оның сол кездегі бастамасының рахатын елі, жері әлі күнге дейін көруде.

Ол – «Әжібай тоғаны». Әжібай батыр ел жинап Таутүрген ауылының жанынан ағатын Түрген өзенінен жырып, үлкен арна қаздырған. Сол арна арқылы Қаракемер, Сатай, Талдыбұлақ, Ақши, Атамқұл ауылдары егістігін, көкөніс өнетін бау-бақшасын осы тоған суымен күні бүгінге дейін суғарады. Бұл арна әлі де жылдар, ғасырлар бойы «Әжібай тоғаны» деп аталады. Әжібай тоғанын салу да өзінше бір әңгіме. Таутүрген ауылының күншығыс жағынан, Түрген өзенінің бір қылта жерін бұрмалап, еңіске қарай су ағызу керек болды. Арна тартылған жерге үйдей тас кептелген. Оны халықтың итеріп жылжытуы мүмкін емес. Ол кезде казіргідей техника жоқ. Әжібай білектің жуандығындай қыл арқанды елден жинатып, тастың ортасынан орап байлайды. Соңғы күштерін салып жұрт «Уа, Алла! Уа, аруақ! Уа, Әжібай!» деген кезде тас аударылып түседі. Халық тоғанды қолмен қазып, төменгі елге су шығарады. Біртіндеп отырықшылыққа үйренген ел сол суды әлі пайдаланады.

Әжібайдың ұрпақтарын ел таниды, халқына танымал атақты азаматтар. Үлкен ұлы Құдагелдінің баласы Дәркенбай өз заманында шешендігімен танылған. Оның немересі Мейірман азулы ақын болса, шөбересі  Досжан көп жылдан бері Алматының басындағы тау ішіндегі «Аққайың» санаториясының директоры, республикаға белгілі азамат. Ортаншы ұлы Мәуке іскерлігімен және әділдігімен көп құрметтісі. Кіндігінен көп ұрпақ тараған бір рулы елдің басшысы. Одан кейінгі Жалбыдан шыққан Мақсұтты арғы бет пен бергі беттің бар қазағы таниды. Ол кезінде батыл да өжет би, болыс болған. Ал кіші ұлы Бердіқожадан тараған ұрпақ ішінен Әжібай аруағын қайта жаңғыртқандар Кеңесбай Үшбаев, Сол секілді Сағатбек Медеубекұлы, Әлібек Тохтарлар белгілі ғалымдар. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген осы.

 

Сөз түйіні

 Толағай сөзді түймедей түйінмен доғарар болсақ, Әжібай батыр тарихта белгілі тұлға. Еліміздің бүгінгі бейбіт тынысы, егемендігі үшін, ұлан ғайыр жеріміздің сүттей ұйыған берекесі үшін күрескен, ата-баба аманатын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған батыр. Батыр баба әруағын пір тұтқан, киесі бар қасиетін түсінген, бағалаған халқы және тікелей ұрпақтары «Әжібай» қорын ашпақ. «Әжібай тоғаны» басына есімі жазылған құлпытас орнатпақ. Тарихи деректермен жазылған «Ер Әжібай» кітабын және «Қызылбөрік Хан Тотас ұрпақтары» ғұмырнамалық шежіре жинақты жалғастырмақ. Әруағына ас беріп, құран бағыштамақ.

Бір сөзбен айтқанда, дарабоз батыр рухына бас ие отырып, халқымыздың рухын қайта жаңғырту, кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге қалдыру.

 

Нұрсадық Сарғожаев,

Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының Құрметті Азаматы,

журналист-жазушы.

Жұма, 20 Сәуір 2018 11:19

ҚАЛЫБЕК батыр

Аллаға шүкір, егемендігіміздің бір жемісі батыр бабаларымыздың ерлігін мәңгілікке қалдыру мақсатында мерзімдік басылымдар арқылы тарих парақтарына біртіндеп енгізілуде. Ержүректігін паш етер ерліктеріне сай аттарын асқақтатқан хас батырлар қатарында белгілі бір аймақтарды жаудан азат етуде ерен ерлік көрсетіп, рулардың ұранына айналған батыр бабаларымыздың атын өшірмей, құрмет көрсетіп, ескерткіш орнату бүгінгі ұрпақ парызы болып саналады. Бұл игі қадам біздің бабалар аруағына тәу етуіміз әрі өскелең ұрпаққа көрсетер үлгіміз екені тағы бар. Десек,Ұлы жүз Үйсін ішіндегі Албан руында ХVII- ХVIII ғасырларда елі мен жерін жоңғар басқыншылары мен Енесейден ауған қырғыздан, Қоқан хандығынан қорғаған алты батырдың бірі – Айт Қалыбек батыр Мамадайырұлы екенін тарихи деректер растайды.

Қалыбек батырдың жастық шағы Әз-Тәукенің уақытына, ал ержетіп, ел қорғанына айналған кезі Абылай хан дәуіріне сай келеді. Шежірешілердің айтуынша Қалыбек көп жасаған адам. Ол кесек денелі, айбарлы да алып тұлғалы, ақсары адам болған екен. Жоңғар басқыншыларына қарсы ел бостандығы үшін күресіп, Албанның ата-жұртына қайта қоныстануына үлкен үлес қосып, Айт руының ұранына айналған батыр. Шежірешілердің бірі Қытай Халық Республикасындағы Шапшал ауданында тұратын Әбдіманап Мамырдың қолындағы көне араб қарпімен тері парақтарға жазылған шежіреде Қалыбек атамыздың 1772 жылы Жетісу жерінде қайтыс болғаны жайлы және Шапырашты Наурызбай батырмен тізе қоса қалмақтарды өкшелей қуып Шапшал (ҚХР) деген жерге дейін жеткені жайлы айтылады. Бұл Қалыбек батырдың қартайған шағы екен. Ары қарай жорықты жалғастырмай, сол арадан қоштасып кері қайтады. Бұл дерек 1771 жылғы атақты «Шаңды жорыққа» сәйкес келеді. Жоңғар хандығы құлағаннан кейін (1756-1757) Убашы мен Церен тайшылары тайпаластарын (Еділ қалмақтарын) атамекендері Жоңғарияға қайтару үшін Қазақ жерін қиып өтіп, ұлы көш жасауға үгіт жүргізеді. Батыстан шығысқа қарай бет алған, шамамен 170-180 мың адамнан (оның 40 мыңы қарулы жауынгер) құралған көш қазақ қолдарының шабуылдарына тойтарыс бере отырып Балқашқа жақындап Мойынты өзенінің жағасында Абылай хан бастаған қазақ әскерінің қоршауына түседі. Өлім қатерін сезген қалмақтар Абылай ханға өздерін бодандыққа алу туралы ұсыныстарын айтуға елші жібереді. Көреген Абылай олардың ұсынысын қабылдап, шығыстан төнген қытайлардың қаупіне қарсы қалқан ретінде пайдалануды ойластырса керек. Сөйтіп Абылай әскери кеңес құрады. Қалмақтарға өшіккен, ата-бабасының кегі кеткен халық оларды біржолата жойып жіберетіндіктерін мәлімдейді. Осылайша кеңес созылғандығын ұтымды пайдаланған жау үшінші тәулікте аса күшті соққы жасап қоршауды бұзып екіге бөліне Жоңғарияға қарай бет алады. Қазақ жасақтары жауды күндіз-түні өкшелей қуып біртіндеп жоя береді. Бір бөлігінің Қаскелең, Кеген және Нарынқол арқылы өткені ресми тарихи деректерде көрсетілген. (Қазақстан тарихы, Энциклопедиялық анықтама. – Алматы: «Аруна Ltd. » ЖШС, 2006). Қалмақтардың жақсы қаруланған осы бөлігін Наурызбай бастаған Ұлы жүз қолы түре қуады. Жоңғарлармен болған осы шайқаста Қалыбек батырдың көрсеткен жеке ерліктері және Райымбек ауданының орталығы Кегеннің іргесіндегі Жалаулы ауылының Жалаулы атануы туралы ел аузында неше түрлі әңгімелер бар. Сол әңгімелер Қалыбек батыр тарихи-танымдық шежіре кітабында берілген(20-23 беттер). Осы тарихи жеңістен кейін Қалыбек батыр Қулық тауының етегінде салтанатты Жеңіс тойын жасаған. Осы басқосудан ескерткіш болсын деп Қалыбектің жалауын Қулық тауының ең биік шоқысына тіккен екен дейді. Түбі ақиқатқа тірелетін сол аңыздардың түйіні Жалаулы ауылы-ның Жалаулы атануымен онда ХVIIІ ғасырдың екінші жартысынан бері Қалыбек батырдың ұрпақтарының мекендеп келе жатқандығына тіреледі. Есімі ел ұранына айналған Қалыбек бабамыздың да батырлығы (Бәйдібек-баба-Алып Бәйтерек, Албан ата энциклопедиялық шежіре. — Алматы, 2003ж. -890-бет, Желдікбаев Дәулет, Сүйіндік: Шежіре-тарих. — Алматы, 2008ж. — 40-бет, ҚХР. Шыңжан қазақтарының Албан шежіресі). Жазылған. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша Қалыбек батыр қазіргі Ұйғыр ауданына қарасты Сарытоғай елді мекенінде дүниеге келген екен. Батыр бабаны ел есінде қалдыру мақсатында осыдан бірнеше жыл бұрын Қалыбек батыр атында қоғамдық қор құрылып, біраз игі істер іске асырылды. Атап айтқанда, Жалаулы, Көктөбе елді мекендерінде батырдың ұрпақтарының жеке қаржысымен «Қалыбек батыр» атында мешіттер салынып ас берілді. 2014 жылы батыр ұрпақтары жайлы «Қалыбек батыр» тарихи-танымдық шежіре кітабы жарық көрді. Енді қордың алдына қойып отырған мақсаты Қалыбек батыр ұрпақтарының қаржысымен батырдың ата-қонысы Қулық тауының Қайқы асуыныңдағы «Қалыбек батыр» бастауының басына батыр бабаға арнап ескерткіш орнатып, оның айналасын абаттандырып жолаушылар тоқтап сусынын қандырып демалатын мәдени орынға айналдыру. Бұл игі іске Райымбек ауданының әкімі де қолдау көрсетіп отыр. Қазір қажетті құжаттар дайындалып, ескерткіш орнату жұмысы қолға алынды.

Осыған байланысты осы игі іске атсалысамын дейтін батыр ұрпақтары болса төмендегі мәліметтерді бере кетуді жөн деп таптық. «Айт-Қалыбек Мамадайырұлы» қоғамдық қорының банктік есеп-шоты, БИН 140440029446, АО Банк ЦентрКредит Кz618560000006516422- тенге, БИК KCJBKZKX Кбе 18.Қорыта айтқанда, ескерткіш те орнатылар. Бірақ ағайынның назы қалмасын. Қазақы жалпақ тілмен айтқанда «Біткен іске сыншы көп» деп өзім білемдікке баспайық деген оймен қолымызға қалам алған жайымыз бар ағайын.

Марат Кожамбердиев,

«Айт-Қалыбек Мамадайырұлы» қоғамдық қорының президентi.

 

Жұма, 13 Сәуір 2018 14:15

Тылда да Жеңіс шыңдалды

 

Уақыт тегеуріні драмаға, трагедияға толы заманның айтулы тұлғаларын да аңызға айналдырды. Бүгінгі де, келер ұрпақтарға да осы тұлғалар ерлігін жеткізу үшін мемлекет билігі, қоғамымыз көптеген іс-әрекеттер, мәдени-шығармашылық, әлеуметтік-көпшілік шараларды қолға алып, үзбей өткізуде. Сол айтулы даталардың ең маңыздыларының қатарында Ұлы Жеңіс күні. «Тарихымызда қазақ ұялатындай ешнәрсе жоқ» деген мазмұнда айтқан сөзі бар ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың. Жойқын қудалаудан, қолдан ұйымдастырылған аштықтан аман қалған қазақ азаматтары бүкіл Еуропаның дерлік әлеуетін жаулап алып, елімізге тап берген фашистерге сол бір жаугершілік заманда елмен бірге қолына қару алып қарсы тұрды. Ал тылда қалған бала-шағадан бастап еңкейген қарияларға, отбасындағы ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектерге дейін қолдарына кетпен-күрек ұстап дегендей, өгіз бен ат жегіп егін-шөп сеуіп, астық жинады. Мал бағып ет-сүт өндірді. Жарақты жауға қарсы тұрған жауынгерлерді азық-түлікпен киім-кешекпен қамтамасыз ету осы тылдағы еңбеккерлер мойнында еді. Бейбіт күнде отбасы, ошақ қасында болған әйелдер мен бала-шағаны, кәрі-құртаңды ауыр еңбекке жұмылдыру үшін басқарушылық тәжірибе де керек-ақ. Осы тұрғыда қолына қару алып ел шетіне басып кірген жаумен айқасуға ұмтылған көптеген азаматтарды – әсіресе өндіріс ұйымдастырушыларды, техника тіліне жетік мамандарды майданға аттандыруға шектеу қойылды. Осы шектеулі – броньдағы азаматтар қатарында жерлесіміз Әбділдә Бүркеұлы да болған екен. Соғыстың ең қатерлі де қиын кезінде – алғашқы күндері сол кездегі Киров атындағы колхозды басқаруға жібереді басшылар Әбділдә Бүркеұлын. Ер азаматтармен, ауылшаруашылығының қыры мен сырын жетік меңгерген мамандармен жұмыс істеу бір бөлек те, ал дәл сол жұмысты бала-шаға, кәртаң жандармен, әйелдермен атқару әрине анағұрлым қиын. Соған қарамастан Ә.Бүркеұлы басқарған Қаракемер ауылындағы Киров колхозы азық-түлік өндіруде, майданға басқа да қажетті заттарды жөнелтуде алдыңғы қатарда болғанын жазады қиын-қыстау кезеңдегі ақпарат құралдары. Сол сарғайған газет беттерінен алматылықтардың екі мәрте кеңес Одағының батыры С.Луганскийге бортына ұшқыштың аты-жөні жазылған жойғыш ұшақты тапсырғанын оқимыз. Атақты балуанымыз Қажымұқан Мұңайтпасұлының қару-жарақ жасауға жүз мың сом бергенін де жариялаған еді газеттер. "Отан үшін, жүз мың, батыр Қызыл-Армияның сүйікті Отанымыздың жерін неміс-фашистерінен азат етуі үшін, мен адал еңбегіммен тапқан ақшамнан үшінші соғыс қарызына жүз мың сомның облигациясына жазылып, оның ұтыстары мен облигациясын Отан қорғау қорына бердім, – деп жазған екен Ә.Бүркеұлы. Мына еңбекпен тапқан қаржыма жасалған қару жауды талқандай берсін!». Кеңес Армиясының Бас қолбасшысы И.Сталиннен келген телеграммада: «Примите мой привет и благодарность за Вашу Заботу о Красной Армий» делінген екен.

Бір Қаракемерден шыққан екі азамат Кеңес одағының Батыры атағын алып оралды қантөгіс майданнан. Қашаған Жаманғараев та, Рақымжан Тоқатаев та артиллерист-зеңбірекшілер болды. Батыр-лардың өзіне берілген қаруы зеңбірек-орудиелеріне қандай ұқыптылықпен қарап, бар жан-тәнімен күтіп ұстағаны туралы осы жолдардың авторы талай очерк-суреттемелерде жазған болатын. Сол қарулар шығарылмаса бақайшағына дейін қаруланған фашистерге қарсы тұра алар ма едік?! Кім кепіл Әбділдә ағаның қаржысына жасалған зеңбіректен атылған снарядтармен Днепрдің арғы бетінен плацдарм алуға Қашаған ағамыздың жағдай жасамағанына?! Кім кепіл бола алады жанындағы жалғыз оқтаушысымен Рақымжан ағаның он үш бірдей жау броньді техникасын қиратып, елу жыланбауырды тоқтатқанда Ә.Бүркеұлының қаржысына жасалған бронь бұзғыш снарядтар болмағанына?!

Бұл әрине менің эмоциялық фантазиям болар. Бірақ «тірі» ақшаға – кеңестік рубль – сомға сатып алынған облигацияларды өз көзіммен көрген адаммын. Соғыстан кейін, елуінші жылдары. Соғыста жүрген жалғыз ұлы – Қасымы үшін, ел үшін менің атам Ахметжан малын сатып облигация алғаны жеңіске деген ниеттен екені шындық.

Алматылықтардың С.Луганскийге әперген истребителі, Қажымұқанның, Ә.Бүркеұлының жүз мыңнан қосқан үлесі, менің Ахметжан атмның, басқа да жүздеген, мыңдаған патриоттардың отан қорғауға тиындап болса да қосқан үлесі болар басқыншылардан елімізді қорғап қалуға қарлығаштың өрт сөндіруге қосқан бір тамшы судай қосқан көмегі...

Тылың мықты болмаса, қан майданда жеңіс болмайтыны белгілі. Ал, сол тыл еңбеккерлеріне мемлекетіміз ерекше назар аударып отырғаны да бекерден бекер жасалып отырған қарекет емес. Соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне деген қамқорлық көбейе түспесе кеміген жоқ.

Х.Ахметжанов.

 

Жұма, 13 Сәуір 2018 11:39

Сохранить отваеванный мир

 

Косая сажень в плечах, немаленькие рост и сила – таким был в «роковые сороковые» ХХ столетия сержант Николай САВРАЕВ. Несокрушимое сибирское здоровье выручало его на войне, спасало жизнь в критических ситуациях. И теперь, когда Николаю Григорьевичу уже за девяносто, он сохранил былую осанку и крепость родового корня. Уроженец села Сарыкамыш Новосибирской области, он с раннего возраста узнал тяжесть крестьянского труда.

Война началась, когда ему не исполнилось еще и 16-ти. Заменяя мобилизованных односельчан, со сверстниками он работал в колхозной бригаде, выращивая хлеб для фронта, для грядущей Победы. Из родного села и ушел на фронт в 43-м, едва ему исполнилось 18, чтобы уже в воинском строю заменить погибших в боях земляков... После окончания школы младших командиров младший сержант Савраев в составе 22 полка 32-й дивизии войск МВД сражался на передовой. На Западной Украине дивизию перебросили во Львов, для защиты тыла и ликвидации на освобожденной территории диверсантов, бывших фашистских пособников. Контролируя железную дорогу, по которой через Карпаты шли военные перевозки, батальону не раз приходилось вступать в кровопролитные схватки с диверсионными группами противника, бандитами и мародерами, нападавшими на поезда. В одном из рейдов Николай Григорьевич оказался на волосок от гибели. Стоял холодный ноябрь, и уставший взвод остановился в пустующем сельском доме. А ночью раздался взрыв – дом был заминирован…Погибли 18 человек, живых остались только пятеро. Сам Николай Григорьевич получил тяжелую контузию, очнулся лишь на вторые сутки. Уже в госпитале узнал о гибели боевых товарищей…

После лечения снова вернулся в строй, ходил на боевые задания, принимая бой в прямом смысле с бандитским подпольем, которое пряталось подземных бункерах.

После демобилизации в 1949-м Николай Григорьевич приехал в Казахстан, ставший для него второй Родиной. Здесь выросли его дети и внуки, а теперь растут правнуки. Вся послевоенная биография Николая Григорьевича связана с колхозом «Ярославский», а затем созданном на его базе совхозе «Есик». Почти сорок лет, до выхода на пенсию в 1985 году, бывший фронтовик трудился водителем, заведующим МТФ. И по сей день он живет в с.Болек, где работает врачом его дочь Галина Огнева, известный и уважаемый в селе человек.

Глядя на Николая Григорьевича, удивляешься, насколько к нему не подходит определение «преклонный возраст». Он всегда в курсе происходящих в стране событий, встречается с молодежью. Почетный член общественного объединения ветеранов войны в Афганистане «Кахарман», Николай Григорьевич вместе с воинами-«афганцами» ведет патриотическую работу, участвуя практически во всех мероприятиях ОО«Кахарман». Младшее поколение ветеранов, как и он, ставших воинами в 18 лет, чтут его напутствие: делать все возможное, чтобы сохранить отвоеванный мир, достойно ответить на вызовы времени. Лишь тогда нынешние и будущие поколения независимого Казахстана будут знать только плодотворный, созидательный труд, добиваясь целей, поставленных Первым Президентом – созидать процветающее, конкурентоспособное государство, в котором каждый гражданин будет жить уверенным в завтрашнем дне.

 

И.ТУРАНИН.

Сәрсенбі, 07 Наурыз 2018 11:16

Жыр алыбына тағзым

Ленинградтық өренім,

Мақтанышым сен едің.

Нева өзенін сүйкімді,

Бұлағымдай көремін...

Осы өлең шумақтарымен жау құрсауында жатқан ленинградтық батырларға күш-жігер берген Жамбыл Жабаевтың есімі әлемге әйгілі. Әсіресе, «Ленинградцы, дети мои» өлеңінің авторы «Джамбул» ретінде танитын кеңес халқы қарт Жамбылды қадір тұтқан. Қазіргі таңда да, жыл алыбының өлеңдері жастарды тәрбиелеуде таптырмас құрал. Қыстың соңғы күні, яғни, 28 ақпан қазақ жыраулық өнерінің алыбы, айтыскер ақын Жамбыл Жабаевтың туылған күні. Ақынның 172 жылдығын аудан тұрғындары атаусыз қалдырмады.

Есік қаласындағы Жамбыл атындағы жастар саябағында ақынның ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті. Шараға аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, ауданның құрметті азаматтары, қала тұрғындары мен жастар қатысты. Жиында сөз сөйлеген Бекет Төлегенұлы Жамбылдың рухты өлеңдеріне тоқталып, барша қазақ халқының мақтанышы екендігін айтты. Шаяхмет Құсайынұлы, Даубай Әбдісаев сынды ақындарымыз арнау өлеңдерін оқыды. Жиылған қауым ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады.

С.НҰРАДИН.

Соңғы жаңалықтар

Мам 05, 2025

1 мамырдан бастап жедел медициналық…

Жаңа өзгеріс ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі №32 бұйрығына сәйкес,…
Мам 05, 2025

Алматы облысында…

2025 жыл – Ішкі істер министрлігі «Профилактика жылы» деп жариялады. Мемлекет басшысы…
Мам 05, 2025

Биылғы құрылыс маусымы аясында…

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы құрылыс маусымы аясында13 мың шақырым жол…
Сәу 30, 2025

Стартовал первый день IV…

8-9 апреля 2025 года Высшая школа экономики и бизнеса Казахского национального…
Сәу 28, 2025

Әлемдік қант алыбы Қазақстанға келеді

Алматы облысында әлемдік қант өнеркәсібінің көшбасшыларының бірі – Al Khaleej Sugar…
Сәу 28, 2025

Сахарный гигант из ОАЭ приходит в…

В Алматинской области может появиться завод одного из мировых лидеров сахарной…
Сәу 25, 2025

Алматы облысында өрт қауіпсіздігін…

Бүгінгі таңда орман шаруашылығы мекемелерінің 10,6 гектар аумағында 2 орман өрті…
Сәу 25, 2025

«Кибернадзор» жүйесі арқылы 520…

Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық…

Күнтiзбе

« Мамыр 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет