Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың күнделікті шарықтап дамып жатқандығына барлығымыз куәміз. Соның арқасында әлемнің түпкіртүпкірінде болып жатқан жаңалықтар мен ақпараттарды да жылдам алып отырғандығымыз рас. Алайда, оның жағымсыз жақтары да кездесіп жатады. Оның дәлелі, жат пиғылды діни ағымдар өз тараптарынан ақпараттық тұрғыда белсенділік танытып, дін саласында білімсіз халықты дүрбелеңге салуда. Осының салдарынан қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсіп, білімсіздіктің салдарынан қоғамда ыдыраушылық пайда болуы мүмкін еді. Мұндай келеңсіздіктердің болмауы үшін Елбасымыздың Жолдауларына сәйкес, мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар жасалып, ақпараттық-түсіндіру топтары құрылды. Әр аймақта қызу жұмыс жүргізіліп жатқандығына сіз бен біз куәміз.
Бүгінде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының жан-жақты талқыланып жатқандығын барлығымыз жақсы білеміз. Бұл заң жобасын дайындаудың мақсаты мемлекеттікдіни қатынастарды жетілдіру, діни қызмет субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындау, сондай-ақ дін саласын реттеу болып табылады. Заң жобасында кәмелет жасына толмаған балалардың ата-аналарының рұқсатынсыз немесе қатысуынсыз діни рәсімдерге қатыстыруға болмайтындығы, қоғамдық орындарда деструктивті ағымдарға жататын киім түрлері мен сыртқы атрибуттарды қолдануға тыйым салынатындығы айтылған. Сонымен қатар неке қию немесе некені тоқтату бойынша діни рәсімдерді тек қана діни ғимараттарда өткізу талаптары сияқты бірқатар маңызды түзетулер мен толықтырулар енгізілген. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды!» – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, тәртіпке бағынып, заңмен жүру, білім алып, Отанымызды сүю – барлығымыздың азаматтық борышымыз.
Медет ӘШІМХАН, Еңбекшіқазақ ауданының дін инспекторы.
Қазақстандағы діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу мақсатында, Шелек политехникалық колледжінің кітапханасында «Біз экстремизмге қарсымыз» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталмыш шараға Шелек ауылдық округі әкімінің орынбасары Мөлдір Смадилова, Шелек ауылындағы №5 орталық мешіттің имамы Айтбекқали қажы Мұқанжанов, әскери шенді, ардагер ұстаз Әсет Алжанбай қатысты.
Сөз кезегін алған колледж директоры Қуат Дүйсебаев бүкіл әлемнің саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани жағдайына ықпал етіп отырған діни экстремизм мен терроризм ХХІ ғасырдағы өзекті мәселе екені туралы өз пікірін білдірді. Ия, діни экстремизмнің көксегені – елді азғындату, тұрақтылыққа іріткі салу. Біз діни
құндылықтар туралы білмейінше, халықтың мәдени тұтастығын қалыптастыру мүмкін емес. Жиында Қуат Дүйсебаев Қазақстанда тыйым салынған «Әл-Каеда», «Шығыс Түркістан ислам партиясы», «Курд халықтық конгресі», «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Әсбат – әлАнсар», «Мұсылман бауырлары», «Талибан» қозғалысы, «Боз Құрт», «Орталық Азия моджа
хедтер жамағаты», «Лашқари-Тәйба» «Әлеуметтік реформалар қоғамы» кейін Астана қаласы сотының шешімен тыйым салынған «Хизб-утТахрир-әл-ислами» сияқты 12 ірі террористік ұйым бар екенін баяндады. Өткізілген шара бойынша қылмыстың алдын алу мақсатында колледж білімгерлеріне нақты мысалдармен ҚР ҚК-нің 168 бабы, 233-1 бабы, 233-2 баптары бойынша жазаланғандар саны 182ге жеткені туралы түсіндірілді. Террористік іс-әрекетке байланысты террорлық актілерге итермелейтін дәстүрлі діннен жат ағымдар туралы мағлұмат алған білімгерлер өз ойларын ортаға салды. Қорытындысында, студенттер көкейінде жүрген сұрақтарының жауабын алды. Өз сөздерінде Ә.Алжанбай, А.Мұқанжанов, М.Смадилова, осы дөңгелек үстелді ұйымдастырған колледж директоры К.Дүйсебаевқа, колледж ұстаздары мен студенттеріне алғыс айтты.
Назгүл ИСАБЕКОВА, Шелек ауылдық округі жастар аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскернұсқаушысы
Дәл осындай тақырыпта Түрген ауылының А.Жексембеков атындағы орта мектепте семинар өтті жақында. Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Елім-ай» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асқан шарада Облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы-заңгер, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті дінтану факультетінің магистрі Тимур Нүсіпханұлы, Қызылжар ауылдық Қалыбек батыр мешітінің имамы Солтанбек Қарибаев кеңейтілген баяндама оқыды. Семинарды аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қайсар Асқарұлы жүргізіп отырды.
Егемен еліміздің ертеңі жарқын, Тәуелсіздігіміздің тұғыры мығым болу үшін тер төгу – әрбірімізге міндет. Әсіресе, бүк-шігі беймәлім жаһанданған бүгінгі қоғамда. Бұл тұрғыда Елбасымыз: «Тәуелсіздікті алудан оны ұстап тұру ауырға соғады» деген еді. Расында, ес жиып, етек жиған тұсымызда құнсыздану кеңірдекке жабыс-ты. Ол аз десеңіз, сыртқы идеологияның күйін күйттеген шолақ балақтылар ата дінімізден жастарымызды адастырып әлек. Осы тұрғыдан ой өрсек, жақында Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің мәжіліс залында кеңейтілген кездесу өтті. «Жаңа діни ұйымдардың мәні және ерекшеліктері» деп айдар таққан жиынға ұйытқы болған «Елім-ай» қоғамдық қоры, қолдау білдірген аудандық ішкі саясат бөлімі. Жастармен кездесуде аталмыш колледж директоры Гүлнар Жошыбаева, Республикалық, облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы, заңгер Тимур Нүсіпханұлы, Қызылжар ауылдық «Қалыбек батыр» мешітінің имамы Сұлтанбек Карибаев, «Елім-ай» қоғамдық қорының төрағасы Жаңаберген Мұхамедов сөз сөйлеп, төрден орын алды. Келелі жиынды аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қайсар Асқарұлы жүргізіп отырды.
Жақында Шелек әкімдігінің мәжіліс залында «Діни теріс ағымдардың жастарға әсері» тақырыбында кеңейтілген кездесу өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Елім-ай» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асқан жиынға Алматы облысы Дін істері басқармасы «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының» оңалту бөлімінің басшысы Тимур Нүсіпханов, Алмалы ауылдық «Есенбай ата» мешітінің имамы Бағдат Дауытхан, сонымен қатар аудандық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері, ауылдық округтердің ішкі саясат саласының мамандары, жастар және спорт нұсқаушылары, округ тұрғындары мен учаскелік инспекторлар қатысты. Кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қайсар Асқарұлы жүргізіп отырды.
Қасиетті Ислам діні – бүкіл адамзат баласына жіберілген ең соңғы Алланың ақиқи діні. Сондай-ақ, адамзат баласының басын біріктіретіндігі жайлы қасиетті Құран Кәрімде: «Мүмин Мүминнің бауыры» деді ұлтына, ұлысына, шекарасына бөлместен. Сонымен қатар, Әл-Мәйдә сүресінде: «Бүгін діндеріңді толықтырдым, сендерге деген нығметімді тәмамдадым, сендердің діндеріңнің Ислам болуын қош көрдім» делінген. Осыдан кейін, кімде-кім Ислам дініне алып-қосары болмауға тиіс еді. Алайда...
Бүгінгі виртуалды жастар қоғамында пасық пейілді топтардың алдын орау оңайға соқпай жүр. Сауатсыздық салдарынан әлдекімнің етегінен еріп, жиһад деп желіп, көзсіз тәуекел, негізсіз ұрыстарға ұрынуда. Салдары, жанкеш болып өзін жарды, лаңкес болып түрмеге тоғытылды. Білімсіздіктен басынан бағын тайғызып, бақытын ұшырған сан түрлі тағдырлар жайлы Қаракемер мәдениет үйінде көрсетілген бейнефильм облыстық форумның шымылдығын түрді. Алқалы семинар «Діни тұрақтылық – ел дамуының кепілі» деп айдар тақты. Оған асыл дінімізді зерттеу жолында самайын ақ шалған зиялы қауым өкілдері қатысты. Атап өтсек, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының докторы Қайрат Затов, «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университеті проректорының дін істер жөніндегі көмекшісі Рақымжан Әкімбеков, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Алматы өңірі бойынша өкіл имамы Нұржан Манапбаев, Алматы облысы ішкі істер департаментінің өкілі, полиция майоры Бату Букумбаев, облыстық Дін істері басқармасының бас маманы Бауыржан Ниет. Сондай-ақ, аудан имамы Сапархан Төреқұлов бастаған ауыл имамдары, ақсақалдар алқасы, әйелдер кеңесінің жетекшілері, әкімдік қызметкерлері және жастар мәжіліс залынан орын алды. Семинарды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламов жүргізіп отырды.
Ислам діні адамзатқа келмес бұрын, адамдар әйел затын бүгінгідей сыйламақ түгілі, ар-намысын таптап, кемсіткен екен. Ал, Ислам діні келісімен әйелдің қоғамдағы орны белгіленіп, ар-намысы қорғалып, еңсесі көтерілген. Яғни, Алла Тағала әйел затын қорламауды айтып, қорғайтындығын ескерткен. Алладан кім қорықпайды? Бәрі де Раббымыздың алдында бас иеді, әрбір жүрек Жаратушының барын сезіп, сескенетіндігі ақиқат. Өйткені, әрбір іс-әрекет үшін ақыретте сұралатындығымыз белгілі.
Ислам дінінің түсінігінде отбасы – перзент бойында сүйіспеншілік пен мейірімділік қалыптастыратын қасиетті шаңырақ. Сол себепті, шариғатта отбасының екі тірегі – әке-шешеге айрықша мән-маңыз беріліп, Аллаһ Тағаланың Құран Кәрімде ата-анаға жақсылық жасауды бұйырғаны үнемі еске алынып, көптеген ізгі іс, ақыл-кеңес ата-ананы аялауға арналады. Хазреті Имам Нәсәфи былай деген: Ата-ананың (әке-шешенің) баласында сексенге жуық ақысы бар. Олардың 40-ы тірі кезінде, 40-ы қайтыс болғаннан кейін орындалады. Тірі кезіндегі он ақысы дене мүшемен, оны тілмен, оны жүрекпен (көңілмен), қалған оны ақшалай өтеледі.
Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхамедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын).
«Мүмін болсаң әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол» – деп Абай атамыз айтқандай, әрбір адам мұсылман атануы үшін ең алдымен иманды болуы қажет. Иман дегеніміз – Аллаға, періштелерге, кітаптарына, пайғамбарларға, тағдырға және өлгеннен кейін қайта тірілетін күнге сену болып табылады. Осы имандылық негіздерін бойына сіңіре білген адам ғана шынайы бақытқа қол жеткізе алады. Себебі, мұсылман адам бұл сенімдері арқылы өмірдің түпкі мәнін ұғынып, жақсы мен жаманды айыра біледі. Жақсы мен жаман деп отырғанымыз Алла Тағаланың Ислам дінінде бұйырған амалдары мен тыйым салған нәрселерін қамтиды.