Мәдени, оның ішінде сакральді туризмді дамыту қазіргі таңда еліміздің мәдениет саласында баса назар аударылып отырған салалардың бірі. Сала мамандарының алдында мәдени-қорық мұражайлардың жұмысын жандандырып, туристік орынға тайналдыру міндеті де тұр.
Осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында «Есік» тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры, аудандық мәслихат депутаты, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлмира Райылқызы Мұхтаровамен әңгімелескен едік.
– Гүлмира Райылқызы, өзі-ңіз басқарып отырған «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы еліміздегі туристік әлеуеті жоғары орындардың бірі. Осыдан үш жыл бұрын қабылданған ҚР Мәдени саясатының тұжы-рымдамасында қорық-мұра-жайлардың жұмыс істеу тұжы-рымдамаларын қайта қарау қажеттігі айтылған болатын. «Бұл бірегей объектілер мәдени туризмнің әлемдік орта-лықтарына айналуға тиіс», – деген міндет қойылған еді. Осы бағытта қандай жұмыстар атқа-рылуда?
– ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының осы қызметке келгендегі алғашқы қадамдарының бірі тұжырымдаманы қабылдау және қорық-музейлердің статусын көтеру болды. ҚР Мәдени саясатының тұжырымдамасында қорық-мұражайлардың ғылыми мекеме ретінде дамуына үлкен көңіл бөлінеді. Осыған байланысты, 2015 жылдардан бастап еліміздегі қорық-музейлерге ғылыми мекеме ретінде аккредитациядан өтуге және археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге лицензия алуға міндеттелді. Ал біз, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы республикамызда алғашқылардың бірі болып 2012 жылы ғылыми мекеме ретінде аккредитациядан өттік. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге 2011 жылы лицензия алған едік. Республикалық деңгейде 9 қорық-мұражай бар. Соның ішінде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы ең жас мұражай, 2010 жылы ашылды. Соған қарамастан, біз осындай ғылыми жолға түстік. Қорық-музей 2011 жылдан бастап, «Есік қорғаны және Жетісу сақтарының мәдениеті мен тарихы», «Жетісу сақтарының идеологиясы мен мифологиясы» деп аталған екі ғылыми-қолданбалы жобаны жүзеге асырып отырмыз. Аталған жобалардың аясында ең алдымен Жетісу жеріндегі Сақ кезеңіне жататын обалардың тізімін, паспортын жасау, сақталу, қорғалу деңгейлерін анықтау жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде құрып кету алдында тұрған апатты қорғандарға қазба жұмыстарын жүргіздік.
– Бұл жұмыстар осы қорық аумағындағы жерде жүргізілді ме?
– 2013 жылы «Есік» қорық-музейінің қорғау аумағы бекітілді. Оған 80-нен астам сақ қорғандары кіреді. Бірақ ол қорғандарды қазуды жоспарлап отырған жоқпыз. Ол қорғандарды біз мейлінше сақтауды көздеп отырмыз. Зерттеу жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде республика көлемінде қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін, әрі мерзімі шектелмеген лицензияға ие болдық. Сонымен қатар, қазба жұмыстарын жүргізуде шет елдермен тығыз байланыстамыз. 2013 жылы Оңүстік Корея еліндегі тоғыз ғылыми-мекемемен келісім-шартқа отыр-дық. Солардың төртеуімен бірлесе отырып 2016 жылы Өрнек қорымында құрып кету алдында тұрған екі қорғанды қаздық. Биыл сол мамандармен Рахат шатқалындағы екі қорғанды қазуға кірістік. 2015 жылы ҚХР-дағы ең ірі археологиялық ғылыми-зерттеу мекемесі – Шәнси провинциясының Археология институтымен 5 жылға келісім-шартқа отырдық. Соның нәтижесінде биыл Рахат қалашығын зерттеуге кірістік. 2013 жылы Дания мемлекетіндегі Копенгаген университетінің Геогенетика орталығымен танысуға мүмкіндік туды. Арадағы келіссөздер нәтижесінде аталмыш орталықтың жас маманы Петер Даамгард «Алтын адамның» қаңқа сүйектерінің және басқа да зерттеу нәтижесінде табылған адам және жануар сүйектерінің үлгісін алып кетті. Қазір бұл сүйектердің зерттелу нәтижесі бойынша үлкен ғылыми мақала баспасөзге дайындалуда.
– Зерттеулер нәтижесінде қандай жаңалықтар ашылды? Обалардың қандай тылсым құпиялары бар екен?
– Сақ дәуіріне тән қорғандардың құпиялары, тылсым сырлары өте көп. Есік қаласының төңірегінде КСРО-кезеңіне дейін 600-ден астам оба болған, қазіргі күнде соның 150-дейі ғана қалды. Сол 150-дей обаның 83-і біздің қорғау аумағымызға кіреді. Қалғанының бәрі саяжайлардың ішінде қалып кеткен. Бір қорған бір қорғанға ұқсамайды. Оның әрқайсысы бір жатқан құпия, жаңалық. Тіпті ішкі құрылымы, жерлеу тәсілі, заттардың түрлерін айтпағанда, әр қорғанның үстінде өсіп тұрған шөптердің өзінің бірін-бірі қайталамайтыны таң қалдырады.
– Қазылған обалардың бәрінен де сүйектер, бұйымдар табылып жата ма?
– Әрине. Бұл обалардың бәрі тоналған обалардың қатарында. Осыдан екі жарым мың жыл бұрын, сонау Сақ дәуірінде жерленген кезінен бастап тоналып келген. Соның өзінде де, біз осы қазба жұмысы нәтижесінде табылған заттар арқылы қорымызды жылдан жылға толықтырып келеміз. Тіпті қазба жұмысы нәтижесінде арнайы экспозициялық археологиялық зал аштық. 1970 жылдары табылған «Алтын адам» да сондай тоналған деп есептелген обадан табылған.
«Алтын адам» табылғалы бері 45 жылдан астам уақыт өтсе де оны зерттеу жұмыстары толастамай, тіпті шетел ғалымдарының қызығушылығы жыл санап артуда. Дегенмен, Еліміздің Тәуел-сіздігінің символына айналған, Нью-Иорк қаласындағы штаб-пәтерінде, ҚР Президентінің резиденциясында, ҚР Ұлт-тық банкінде, Ұлттық, Орталық музейлерде орын алған «Алтын адамның» айналасында әлі күнге дейін жауабы табылмаған сұрақтар аз емес. Оның шығу тегі, жасы, жынысы, әлеуметтік дәрежесі, киіміндегі алтын әшекейлердің орналасу тәртібі мен мәні және т.б. төңірегінде айтыс-тартыстар көп. Тек бір қаңқа сүйегі бойынша қаншама жұмбақтар бар.
2011 жылдан бастап «Есік» қорық-музейінің ғылыми қызметкерлері осы сұрақтарға жауап іздеп зерттеу жұмыста-рын бастады. Нәтижесінде, біріншіден, зерттеу барысында 1969-1970 жылдардағы экспедиция мүшелері мен куәгерлерден сұхбат алынды, мұрағат құжаттары мен деректі фильмдер зерттелді. 2016 ж. «Тайны Золотого человека» атты жинақтың баспасөзде жарық көруі сол еңбектің жемісі. Екіншіден, осыған дейін із-түзсіз жоғалып кетті деп есептелген «Алтын адамның» қаңқа сүйегі 2013 жылы «Есік» қорық-музейіне қайтарылды. Қорық-музей қызметкерлерінің қуанышы, ендігі кезде қаңқа сүйекті зерттеу арқылы бастапқыда айтылған сұрақтарға жауаптар іздеу сынды жауапкершілігі үлкен жүкті атқарумен ұласты. Ең алдымен қаңқа сүйектің «Алтын адамға» тиесілі екендігін дәлелдеу, дәлелденген жағдайда сараптама жұмыстарын жалғастыру мәселесін шешу керек еді. Өкінішке қарай, сүйектердің арасында бас сүйегінің болмауы мүмкіншіліктерді шектеді. Табылған қаңқа сүйек, «Алтын адамды» алғашқы тапқан ағамыз Б.Нұрмұханбетовке, кезінде археолог-студент ретінде экспедицияға қатысқан, қазіргі кезде сақ тақырыбын жан-жақты зерттеп жүрген, білікті маман А.Акишевке көрсетілді. Олар мойын-даған қаңқа сүйек белгілі антропологтар О.Смағұлов пен А.Смағұловаға көрсетілді. Ғалымдар қаңқа сүйектерінің сақталу жағдайының нашарлығын айта отырып, жасы шамамен 17-20 жаста, ер адамның сүйегі деген алғашқы сараптама қорытындысын берді. 2015 жылдың маусым айында «Есік» қорық-музейіне келген венгрлік антрополог ғалым Андраш Биро «Алтын адамның» иық және жамбас сүйектерін мұқият қарап, оның жетіліп келе жатқан, 16-18 жастағы бозбаланың сүйегі болуы мүмкін деген қорытынды жасады. Сүйектерінің жіңішкелігі оның ақсүйектер әулетіне жататындығынан деп атап көрсетті.
Ендігі кезекте «Алтын адамның» бас сүйегін іздестіру, қаңқа сүйегін зерттеу жұмысын аяқтау, оны жер қойнауына тапсыру сияқты күрделі де жауапты жұмыстар күтіп тұр.
– «Алтын адамның сүйегі» жер қойнына тапсырылса, бұл алдағы уақытта киелі, туристік орынға айналады ғой?
– Әрине, өздеріңіз білесіздер, киелі орындар мәселесіне соңғы уақытта баса назар аударылуда. Алтын адамды жерлеп, оның үстіне қорған салатын болсақ, ол да бір қасиетті орынға айналатыны күмәнсіз.
– Сақ дәуірінің бай тарихынан мол хабар беретін «Алтын адам» жетпісінші жылдары табылды. Бірақ, белгісіз себептермен ол жоғалып қалды, дұрысырақ айтқанда, әлдеқалай бір қораптың ішінде елеусіз қалып кетті. Бұл сол кездегі мамандардың салғырттығынан болды ма, әлде мұнда қандай да бір саяси астар бар ма еді?
– Меніңше, бұл саяси мақсаттардан гөрі салғырттықтан болған жәйт. Әрине сол кездегі жағдайды да ескеру керек. Төрт мыңнан астам әшекей бұйыммен бірге жерленген «Алтын адамның» табылуы күтпеген жағдай. Алтын әшекейлерді зерттеуге баса көңіл бөлініп, қаңқа сүйекті зерттеу мәселесі екінші кезекке қалып қойған болса керек.
– Байқап отырсақ, қорық аумағында жүргізіліп жатқан археологиялық барлау жұмыстарының бәрі де шетелдік, соның ішінде қытайлық, кореялық мамандармен бірлесе жүргізілуде. Біздің жеріміздегі мұраны қазып, зерттеуден олардың ұтары не? Ал біздің мақсат, тек археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде шет елдік озық тәжірибені үйрену ғана ма?
– Олар үшін де, бұл – тәжірибе алмасу. Олар бізде ғана қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан жоқ. Моңғолия, Өзбекстан, Жапония сияқты елдерде де зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижелерін салыстырып, өз беттерінше қорытынды жасап жатыр. Бір сөзбен айтқанда, біз шет елдік мамандармен бірлесе жұмыс жасап, әлемдік тәжірибеге өз үлесімізді қосып отырмыз. Екіншіден, Оңтүстік Корея ғалымдары бізбен арғы түп атамыз бір деп есептейді. Олар да өздерінің тарихын ғұндармен, үйсіндермен байланыстырады. Сондықтан, олар да бұл зерттеуді өздерінің ата-бабаларының тамырын зерттеу деп біледі. Ал біздің корей және кытай археологтарынан үйренеріміз көп. Оны мойындауымыз керек.
– «Алтын адам» тәрізді еліміздің ең әйгілі археологиялық олжасы табылған тарихи орынға деген өз жерлестеріміздің қызығушылығы қандай?
– «Есік» қорғанынан табылған «Алтын адам» тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін баға жетпес құндылық. Арнайы зерттеулер, қайта қалпына келтіру жұмыстары нәтижесінде оның маңыздылығы күннен күнге артып, біздің сана сезімімізге, дүниетанымымызға әсері күшейе түспек. Қызығушылықтың бір дәлелі алтын адамның табылған жерінен республикалық қорық-музейдің ашылғандығы. Жергілікті тұрғындар «Алтын адам» табылған жерде өмір сүріп жатқандықтарын мақтаныш етеді.
– Тұжырымдаманы жүзеге асы-рудың бірінші кезеңінің түйінді индикаторының бірі «мұражайларға келу санын 3 есе ұлғайту» болып отыр. Бұл үшін, әрине, музейлеріміздің «ғылым, білім, коммуникация, мәдени ақпарат пен шығармашылық инновациялар орталығы» деңгейіне көтерілуі қажет. Материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары қалай болып жатыр?
– 2015 жылы жыл бойына келушілер саны 300-400 адам болса, қазір жылына 17 мыңға дейін жетеді.Алайда, былтырғы 17 мың келушінің 3 пайызы ғана жергілікті халық. Біз 3 жыл қатарынан қорық-музейде «Музей түні» іс-шарасын өткізіп келеміз. Сол күні келушілер саны 4 мыңға дейін барады және келушілердің басым көпшілігі жергілікті тұрғындар. Қаржыландыру мәселесіне келетін болсақ, әрине мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді. Қорық-музей қазыналық мекеме ретінде кіріс табуы да қажет. Кірісіміздің бір бөлігі материалдық-техникалық базамызды дамытуға жұмсалады. Дегенмен қаражат мәселесі өзекті. Әлі де болса өмірдің талабына сай қорық-музей құру жолында қаражат тапшылығын сезінеміз. Биыл ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған рухани жаңғыру міндет-терін жүзеге асыру мақсатында Қазақ-станның киелі жерлерінің географиясын әзірлеу шараларына кірісіп кетті. Осы бағдарлама аясында бірқатар республикалық музей-қорықтардың қор-ғауына алынған ескерткіштердің тартымды туристік нысандарға айналдыру мақсатында оларды зерттеу, дамыту, насихаттау ісіне қолайлы жағдай жасайтын Сапар орталықтарын салу жұмыстарын жоспарлап отыр. Олардың қатарында Есік қорық-музейі де бар. Алдағы жылдары материалдық-техникалық базамыз жақсарады деген үміттеміз.
– Ұлттық мәдени-тарихи мұрала-рымызды сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу үшін қол ұшын беріп, мате-риалдық немесе моральдық тұрғыда қолдап жүрген азаматтар бар ма?
– Қазір Үкімет тарапынан меценат-тардың көмегін көрсету мәселесін заңдастыру қарастырылуда. Бұл мәселе Үкімет тарапынан реттелсе бізге де оңай болар еді. Себебі, кейде көмек көрсетудің өзі қағазбастылықтың салдарынан қиын болып жатады. Дегенмен, қорық-музейге азды-көпті көмек көрсететін адамдар жоқ емес. Мысалы, қорық-музейдің территориясын абаттандыру түгелге дерлік осы демеушілердің көмегімен іске асты. Қорық-музейдің алдында Ж.Набиев сынды азаматтың көмегімен құрылған 12 қанатты стационарлы киіз үй бар. Ол үйде біз конференциялар, семинарлар өткіземіз. Кейде, тіпті, экспозициялық көрме ретінде пайдаланамыз. Кездейсоқ табылған артефактілерді сыйға беріп кететін азаматтарда кездеседі. Мұның өзін үлкен демеушілік қолдау деп білеміз.
– Жалпы, мәдени саясатты реформалауда кадр саясатының дұрыс жүргізілуі ауадай қажет. Мәдени мұраларымызды сақтау ісіне жас, білікті кадрларды тарту жағы қалай болып жатыр?
– Өзіңіз білесіз, елімізде музей ісі мамандарын ұлттық университетімізде бір ғана кафедра дайындайды. Музейтанушы, жалпы, музей саласын бітірген мамандарға тапшылық бар. Сондықтан да біз көбіне тарихшыларды қызметке аламыз. Мамандардың ішінде ағылшын тілін білетін тарихшылар жоқтың қасы. Жергілікті білікті мамандарды табу одан да қиын. Қазір қорық-музейіне Алматыдан 4 маман, Қарағанды қаласынан 1 маман тартылған. Қытай және түрік тілінде жетік сөйлейтін мамандарымыз бар. Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына Алматы облысының Таңбалы петроглифтері, Есік қорымдарының кешені, Үңгіртас секілді ескерткіштермен қоса халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші – Талхиз қалашығы енгізілді. Осы орайда, Талхиз қалашығын қорғау, сақтау, пайдалану және басқару мәселесінің бірден-бір тиімді жолы ретінде ескерткішті «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қарауына заңды түрде беру мәселесі пысықталды. Демек, жұмыс ауқымы да үлкейеді. Бүгінгі таңда, Есік қорық-музейі қызметкерлерінің саны көбейіп, Талғар қалашығын зерделеу, қорғау және насихаттау ісімен айналысатын арнайы мамандар тартылады.
Сұхбаттасқан Нұрбану КАМАЛ.
Суреттерді түсірген Күнқожа ҚАЙРОЛЛА.
Фашистік Германия Кеңес Одағына еш бір ескерусіз тұтқиылдан соғыс бастаған кезде Дәуіт Беспаев қылыштай қылшылдап тұрған қырық жаста еді. 1901 жылы өзі дүниеге келген Сүгір ауылы Тельман колхозынан әскер қатарына шақырылды. Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысқан Дәуіт ата жеңіске таяу қалған кезде қатты жараланып, госпитальда жатып емделіп, 1946 жылдың қазан айында ауылға оралады.
1986 жылдың 26 сәуірі түні Чернобыль атом электр станциясының 4-энергоблогында болған апат салдарынан радиоактивті қалдықтардан түзілген бұлт 7,1 млн. адам тұратын 155 мың шаршы шақырым аумақты жайлап, радиациялық ластануға алып келген-ді. Сол жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылып, оғашталды дегенмен, сол аумақты жайлаған қасірет кеселінен арыту, қоршаған ортаны тазарту жұмыстары, яғни апаттың залал-зардаптарын жою 2005 жылға дейін жалғасты.
1916 жылы Жаркент уезінде барлығы 30 болыстық басқарылымдар/ Волостное управление/ болған. Оның ішінде 14-болысы Албандар, 6-болысы Суандар, 10-ата басқа, аралас аталардан құрылған.
Ал Верный уезінде 3 болыс Албан атаның балалары болды. Соның ішінде Түргеннен бері, Далашыққа дейінгі жердегі елдің басын құрап, патша үкіметі Қызылбөрік болысы деп құрылым жасапты.
Халқымыздың қалаулы ұлы, қоғам қайраткері, педагог, публицист, академик, Батыр жауынгер-жазушы, зерек ғалым Мәлік Ғабдуллин осыдан жүз жыл бұрын, қыстауға жиналып жатқан қарбалас шақта Көкшетаудағы Зеренді көлінің сыртында «Қой салған» деген жерде (Қазіргі Мәлік Ғабдуллин атындағы елді мекен) қараша үйдің ішінде 1915 жылы дүниеге келді. Балдырған шағында бақытты заманға кез болып, бастауыш мектепті ауылда оқиды да, Көкшетау қаласындағы балалар коммунасында жетінші класты бітіреді. Білімін жетілдіру мақсатымен Алматыға келіп жұмысшы факультетіне түседі. 1931 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына қабылданып, оның қазақ тілі мен әдебиеті факультетін ойдағыдай тәмамдап шығады. 1935 жылы «Пионер газеті» редакторының қызметінде, 1936-38 жылдары Қызыл Армия қатарында болады. 1938 жылы аспирантураға түседі. Кандидаттық диссертациясын аяқтау кезінде соғыс басталады.
Ұлттық ойын десе делебесі қозбайтын қазақ кемде-кем. Елімізде осы көнеден келе жатқан ұлттық спорт түрлері жылдан-жылға дамып, жастар арасында кеңінен насихатталуда. Ұлыстың ұлы күнінде аудандық жастар ресурстық орталығы дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлесе «Ұлттық ойын – біздің құндылығымыз» атты ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткізді.
Мерекені тамашалуға келген қонақтар өз мүмкіндіктерін мүлт жібермей, түрлі сайыстарда өз бақтарын сынады. Түрлі салмақ дәрежесінде қазақша күреске қатысқан жас балуандар өздерінің бабында екендіктерін дәлелдеді. Төзімділік пен математикалық біліктілікті жанына серік еткен жастарымыз тоғызқұмалақ ойынында бас қосты. Білекті жігіттер қол күрестен сайысып, мергендеріміз асық атып ойнады. Жарыс барысында жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Сұлтан ТОЙҒАНБАЙ,
жастар ресурстық орталығының маманы.
Жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр қаршыға, құмай тазы, айлалы сұңқар, болат қақпан, түзу мылтық – бұның барлығы бүркіт салып, көкпар тартып, ат баптаған қазақ халқының кәсібінен гөрі өнерге жақын тірлігі. Аңшылықты серік етіп, саят құрған ата-бабамыздың төл өнері мен ат спорты бүгінгі күнде де заман көшінен қалған емес. Әсіресе жас-тар арасында кеңінен таралған ұлттық спортты дамытуға мемлекет тарапынан көңіл бөлінуде. Осы орайда жақында Тескенсу ауылында округ әкімдігінің, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, жастар ресурстық орталығы мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Құсбегілік өнер – ұрпақтан ұрпаққа» атты бүркітшілер жарысы өтті. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын қолдау мақсатында, төл өнерімізді насихаттайтын спорттық жарысқа сол аумақ ауылдарының жастары жиналды. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық ойындарына асқан қызығушылықпен қарайтын Венгрияның азаматтары қатысты.
Өткен ғасырда Венгр елінде тұрған қандасымыз, белгілі түрколог, ғұмырын мажарлар мен күллі түркі халықтарының ынтымақтастығына арнаған Қоңыр Мандоки мажар елінде ұлттық спортымызды насихаттап, мажарлардың қызығушылығын тудырған. Қоңыр Мандоки арқылы қазақтың ұлттық құндылығына қанық Венгрия азаматтары аудан азаматтарының қонақжайлығына ризашылығын білдірді.
Шара барысында қазақстандық жеткіншек Ерсұлтан өзі баптап жүрген 3 жасар Дәуір атты бүркітін аңға салып, көпшіліктің таңданысын тудырды. Сонымен қатар, ат құлағында ойнайтын жастарымыз теңге ілуден жарысып, кім мықтыны анықтады. Алып денелі, кең иықты балуандарымыз аударыспақта күш сынасып, мектеп оқушылары көкпар тартты.
Жарыс соңында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев сайыста үздік шыққан азаматтарға Алғыс хаттарын табыстап, ұлттық спортты дамытып жүрген жастарға сәттілік тіледі.
С.НҰРАДИН.
Осыдан бес жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 06.12.2013 жылы жарық көрген газетіміздің 50-ші нөмірінде «Райымбек – чемпион!» тақырыбымен мақала жарияланған екен. Сол кезде Қаракемер ауылының тумасы, Қ.Орымбетов атындағы орта мектептің небәрі 6-сынып оқушысы Райымбек Майданбай «Кекушинкай каратэ-до» спорт түрінен Қазақстан Республикасының ашық біріншілігінің биігін бағындырған-ды. Арадағы уақыт ағымына қарамастан Райымбек сол биігінен бір саты аласармаған екен...
«Әке көрген оқ жонар». Расында, бүгінгі бозбала Райымбектің әкесі Бекмұрат Мақсұтов та кезінде КСРО-ның «Кик-бокс», «Қолма-қол ұрыс жекпе-жегі» спортының шебері атанған. Талай спорт белестерін бағындырып, қазіргі уақытта Қаракемер колледжінің ұстазы әрі жеңімпаз ұлының бапкері болып жүрген жайы бар. Жеңімпаз демекші, Райымбек 1-сәуірде Шымкент қаласында өткен Қазақстан Республикасының Әлем чемпионатының іріктеу жарысына қатысып, екінші орынды және жолдаманы жеңіп алды. Артынша, Армения Республикасының астанасы Ереванда өткен «Шешункай каратэ-до»-дан ашық Еуропа чемпионатында ел намысын қорғады. Ол додадан қанжығасын қола медальмен майлап қайтқан «Райымбек – чемпион» қараша айында өтетін Әлем чемпионатына қызу дайындық үстінде.
Қазақстанның 7 дүркін чемпионы Райымбек Майданбай білім алып жатқан Қ.Орымбетов атындағы орта мектеп пен туған ауылынан бастап барша қазақ жұрты өзін қолдайтынын біліп те сезіп жүрсін! Ендеше, саңлағымызға сәттілік серік болсын демекпіз! Алар асулары мен бағындырар биіктері таусылмасын!
Алмагүл НҰҒМАН.
Жақында Масақ орта мектебінде 2007-2010 жылғы жасөспірімдер арасында Ауған соғысының аяқталуына 29 жыл толуына орай және ауған соғысының ардагерлері Қуаныш Алғабаев пен Серік Әбілдаевтің жүлдесі үшін қазақ күресінен ауданаралық турнир өтті.
Турнир мақсаты – жасөспірімдерді әділдік пен бейбітшілікті көздеген елінің патриоты болуға баулу. Өзара күш сынасқан спортшылар ақыры «түйе палуанды» да анықтады. Есіктік Айдар Әділжан ортасынан оза шапса, оның жерлесі Дінмұхаммед Серік ІІ орынды місе тұтты. Масақ ауылының палуандары Рамазан Батырханұлы мен Бексұлтан Зейнелхан ІІІ орынға жайғасты. Жас тарландардың додалы жарысын ұйымдастырған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ерболат Алиасқаров жастарды қолдап, демеушілік көрсеткен Б.Нұрбеков, А.Рахманқұлов, Б.Жақабаев, Е.Ережепов, Е.Садыбеков сынды азаматтарға ризашылығын білдірді.
Өз тілшіміз.
Наурыз айының 24-25 жұлдызы аралығында Алматы қаласында Мейбукан годзю-рю каратэ-додан 400-ден астам спортшылардың басын біріктірген Қазақстан чемпионаты өтті.
Аталмыш додаға ауданы-мыздың намысын арқалап 19 спортшы барып қайтты. Айта кету керек, үшеуі – нәзік жандылар. Бапкерлері Ерұлан Салықов пен Фархат Мұрсалиев шәкірттері үшін шалқып қайтты. Себебі, қырандар командалық есеп бойынша ауданымызды екінші орынға қондырды. Ерекше қабілеттерімен көзге түскен 7 жасар Алихан Тоғызбай, Ержан Сәкенов пен 8 жасар Ботакөз Молдахан мен 10 жасар Саера Қожамқұлова сынды спортшылар болашақта Қазақстан атын әлемге паш ететіндеріне сендірді жиылған көпшілікті. Жарысқа арнайы Жапон елі Окиново аралынан ұшып келген Бүкіләлемдік Мейбукан Годзю-рю каратэсі Ассоциациясының Президенті, қара белбеу иегері 75 жастағы Мейтатцу Яги мырза қатысып, жеңімпаздарға өз қолымен медальдарын тақты.
Алмагүл НҰҒМАН.