(Совет одағының батыры, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Ғабдуллиннің туғанына жүз жыл толуына орай)
Батырым – Мәлік беренім,
Жүйрігім – озған өренім.
Халық сүйген қалауым,
Жырымды саған төгемін.
Жамбыл.
«Енді қолыңызға қару алып, жауға қарсы күреске барасыз. Аспирантураға және ғылыми жұмысыңызға соғыстан кейін оралатын боласыз» – дейді 1941 жылы 11 шілдеде Алматы облыстық соғыс комиссары. Құп болады! – деп соғысқа аттанады Мәлік Ғабдуллин. Ұлы Отан соғысы басталғанда шілде-тамызда 1941 жылы генерал И.В.Панфилов басқарған Талғар қаласында құрылған 316-атқыштар дивизиясының құрамында М.Ғабдуллин. соғысқа кіреді. 1941-42 жылдар өте ауыр жылдар еді. 1941 жылы қазанда Панфилов дивизиясына немістің үш жаяу әскер дивизиясы, бір танк дивизиясы шабуыл жасады. Панфиловшылар фашистерді Москваға кіргізбеді, үлкен ерлік көрсетті. Мәлік Ғабдуллин алғаш кіші политрук болды, кейін Панфиловшылар дивизиясында саяси басшы (политрук) болды. Мәліктің өзі дұшпанның екі танкін қиратты. Трошково селосының түбінде жеті сағаттай болған ұрыста бір рота автоматшыларымен бес рет шабуылға шығып, төрт рет жаудың шабуылын тойтарды. Тағы бір ұрыста М.Ғабдуллин бір топ автоматшылармен 200-дей фашисті қырып салды. Қызыл Армияның қысқы шабуылы нәтижесінде Москва, Тула, Ленинград, Калинин, Смоленск, Орел облыстарының бірқатар аудандары гитлершіл басқыншылардан толық азат етілді. Мәлік Ғабдуллиннің ерлігі туралы жазушы Б.Полевой «Правдада» жарияланған «Эпостың тууы» атты очеркінде баяндаған.
Соғыс біткеннен кейін М.Ғабдуллин «Майдандас достарым» деген кітап шығарды. Қазақстандық жауынгерлердің соғыстағы ерлігі, И.В.Панфилов туралы, қиян-кескі ұрыстарды, бастан кешірген оқиғалары туралы очерктер жазды. Бұл шығармалардың қатарында «Сол күндері», «Төлеген Тоқтаров», «Қиындықсыз жеңіс жоқ», «Тапқырлық», «Баянауыл әншісі», «Туыстарға хат», «Сержанттың әңгімесі», «Біздің Саша» т.б. туындылар бар еді.
М.Ғабдуллин көп томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» авторларының бірі. Оқулықтар жазды, 20 жылдан астам қазақ жастарына фольклор, әдебиеттен (Қазақ халқының ауыз әдебиетінің авторы») білім берді, өнеге үйретті. Сергек ойды серік еткен ер өмірде өшпес із қалдырды, сөз қалдырды. Жамбыл, Нұрпейіс, Иса Шашубай, Сапарғали, Доскейлер толғау, дастандар шығарды. С.Мұқановтың «Батыр бейнесі», М.Рашевтің «Батыр дастан поэмасы, Ә.Нұршайықовтың «Тоғыз толғау» повесі т.б жазылды. Ғалымның «Қобыланды батыр» жыры жайындағы зерттеуі – шоқтығы биік еңбек. Батырлар жырын іріктеуде де Мәліктің еңбегі зор. Қазақ ауыз әдебиетінің екі томдық кітабын құрастырды, бірі тоғыз дастаннан құралған «Батырлар жыры», екіншісі қырықтан астам шығармадан құралған «Айтыстар».
Мәлік Ғабдуллинді ерекше жақын тартатын себебім Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе ауылының тумасы менің әкем Мырзахан Таңсықбаев та осы майданда соғысқа қатысып, қаза тапқан еді.
1943 жылы 30 қаңтарда Мәлік Ғабдуллинге «Совет Одағы батыры» атағы берілді.
Партия үкіметіміз Мәлік Ғабдуллиннің еңбегін жоғары бағалап, Оны «Ленин», «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз», бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және медальдармен марапаттады. Ол СССР Жазушылар одағының мүшесі еді, Мәлік Ғабдуллин 1957-1963 жылдары қазақтың Абай атындағы Педагогика институтының ректоры болды. Мен сол институтты 1961 жылы бітірдім. Оның қолынан диплом алдым, Қазақ халқының ауыз әдебиетінен лекциялар оқып, сабақ берді. Әңгімені қызықты әрі күлдіріп қойып айтатын. Бізге майдандас дос-тары туралы сұрасақ айтып беретін. Жылдар жылжып жатса да, ердің ерлігі еш уақытта ұмытылмайды. Соғыстың қасіреті ешқашан естен кетпейді.
«Ел үмітін ер сақтар, ер атағын ел сақтар» деген халық даналығы жайдан-жай айтылған жоқ. Оның есімі – халқымыздың мақтанышы. Келешек ұрпақтарға ғибрат, өнеге болмақ. Ал мен үшін тіпті, ерекше, әрі әкеммен бірге майдандас әрі сүйікті ұстазым. есімі жадымда мәңгі сақталады.
Балқия МЫРЗАХАНОВА,
еңбек ардагері, тыл еңбеккері, Қазақ ССР оқу ісінің үздігі,
«Жеңіске 65 жыл», «70 ЛЕТ Победы
в Великой Отечественной войне
1941-1945 г.г» мерекелік медалдарының иегері.