Сейсенбі, 28 Сәуір 2020 11:31

Садақа мен садағаны ажырата аласыз ба?

Айгүл Әмірбекова, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Лексикология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты

САДАҚА МЕН САДАҒА
Әдеби тілдің өміршеңдігін сақтау үшін сөздік құрамға енген әрбір
сөзіміздің мән-мағынасын танытудан аянбауымыз керек. Соған орай қазіргі қазақ тіліндегі жарыспалы сөздерге талдау жасап көрелік.
САДАҚА МЕН САДАҒА сөздері араб тілінен ақшалай не заттай қайыр беру мағынасында енгенімен, екеуі екі түрлі семантикалық сипат алған жеке-жеке лексемалар. Яғни олар бірінің орнына бірі синоним ретінде қолданылмайды және жарыспалы сөздер деп танылмайды. Садаға - бір нәрсенің жолындағы құрбандық, құрбандыққа беру. Оған «садағаң болайын», «бастан құлақ садаға», «баладан садаға болды», «садаға кеткір» (қарғыс), «малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» «жаудан аман жан қалса, қара орман — малым садаға» деген қолданыстар дәлел бола алады. Садақа - ислам діні бойынша қайырымдылық мақсатында мұқтаж адамдарға берілетін ақшалай немесе заттай көмек, қайыр, құдайы. Соған орай «садақа беру», «садақаны сауыңда бер», «пітір-садақа» (Ораза айында жан амандығына шүкірлік ретінде берілетін садақа), «желінсадақа» (мал төлдеп жатқан кезде малдың аман болуын ырымдап, тарататын ғұрыптық ас) сияқты қолданыстардан садақаның құрбандық емес, шамаға қарай материалдық көмек беру екенін ұғынамыз.

СӘРЕСІ. САҚАР. ТАҢСӘРІ. Сәрі — арабтың «сахар» сөзінен қалыптасқан, яғни таң бозарып келе жатқан алагеуім кезді білдіретін атау. Сәрі сөзінен таралып, түрлене қолданылған сәресі, сахар, таңсәрі сөздерінің барлығы таңғы табиғи мезгілді / таңның атуын/ сипаттаған. Көркем шығармаларда «сәресіде ұйқыдан тұрдым», «сәресіне дейін көз ілмедім» деп таң қараңғысының ыдырай бастағанын айтқан. Ал қазір сәресі - ораза кезінде аузы берік адамның таң алдында ішіп-жейтін асы ретінде белсенді сипат алды. Сәресін ішу қолданысының жиілігі артты. Ертеректе сәресін ішу дегеннің орнына сақарын ішу деп те айтылған. Оған қазақтың көркем шығармалары дәлел бола алады. Дегенмен, сақардан гөрі сәресі сөзінің кеңінен танылуы басымдыққа ие болды. Сонымен, сәресі мен таңсәрі бір-біріне синоним бола алмайды. Себебі сәресі бастапқы /таңсәрі (мезгіл)/ мағынасынан ажырап, санада таңғы ас мәнінде терең сақталып келеді. Ал сәресі мен сақар атаулары бір-біріне жарыспалы сөз бола алмайды. Себебі сақар көнеленіп, қолданыстан шығып барады.

ШӘРБАТ ПЕН ШЕРБЕТ. Дәмі тіл үйіретін осынау екі тағам атауларын ажырата аламыз ба? Парсы тілінен енген шәрбат сөзі - тәтті шырынды сусын (жүзім шырыны) мағынасын білдіреді. Қазақтың халық ауыз әдебиетінде де шәрбат су, шәрбат сусын деп жемістің шырыны айтылады. Ал парсыдан орыс тіліне енгенде шербет болып икемделген сөз - шығыс тәттілері мағынасында кең қолданысқа ие болды. Сонымен шәрбат - шырынды сусын болса, шербет - жаңғақ пен қант қосылған, шоколад пен жемістен дайындалатын, шай ішуге арналған тәтті тағам. Демек бір атаудан тараған екі түрлі жарыспалы қолданыстың негізінде шығыс тәттілерінің біріне атау берілді. Бұл жарыспалы сөздердің жаңа сөз жасаудағы, яғни сөздік қорды байытудағы ықпалын көрсетеді.

УАҚИҒА МЕН ОҚИҒА. Жарыспалы сөздер қатарында жүрген бұл екі сөздің мағыналарын да семантикалық реңкіне қарай ажыратып, бірінің орнына бірін қолдануды тоқтатқанымыз дұрыс сияқты. Уақиға деп ұзақ жылдар бұрын өткен жеке адамның өміріндегі немесе қоғамдағы елеулі бір құбылысты атауға болады. Мысалы, «мына суретке қарап басымнан өткен бір уақиғаны айтып берейін» деген сөйлемде уақиға сөзі қолданылғаны жарасымды. Себебі уақиға - болып өткен әрі ерекше есте қалған хикаялы естелікке жақын. Ал оқиға - болып жатқан іс, әне-міне болған маңызды жағдай, елеулі әрекет. «Жайсыз оқиға», «жол-көлік оқиғасы», «оқыс оқиға», «кездейсоқ оқиға», «төтенше оқиғ»а қолданыстары кенеттен болатын қалыпты өмір ағымындағы өзгерістердің дәйекті көрінісін сипаттайды. Сонымен уақиға жеке адам өмірінде айрықша есте қалған сәттерінің маңыздылығымен, естелік болып сақталуымен және ұзақ жылдар өткеннен кейін еске түсетін сағым оқиға болуымен ерекшеленсе, оқиға - қоғамда кенеттен болған күрделі жағдайлардың хронологиялық тізбеленуімен ерекшеленеді.

Жарыспалы қолданыстар сөздің дұрыс жазылуын нормалауда айтарлықтай кері әсерін тигізетіні де байқалады. Сондықтан алдағы уақытта мына сөздердің дұрыс жазылуын есімізде сақтап алайық: түкпір (түпкір емес), шариғат (шарият емес), шейіт (шәһид емес), ілтипат (ілтифат емес), мінажат (мұнажат емес).

Оқылды 2897 рет

Соңғы жаңалықтар

Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы …

Мен Тойғанбеков Бақберген Бауыржанұлы 1988 жылы 21 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет