Әлеуметтік инфрақұрылымда қызмет атқаратын әйел адамдардың саны күн санап артып келеді. Әсіресе, білім беру мекемелері мен денсаулық сақтау ұйымдарындағы қыз-келіншектердің үлес салмағы ерлерден әлдеқайда артық екенін еш статистикасыз анық білеміз.
Қоғамдық тамақтану орындары, ірілі-ұсақты кәсіпорындар, сауда-саттық, банктер, мемлекеттік қызмет, құқықтық мекемелерде де әйелдердің көп екенін күнделікті көріп жүрміз. Яғни қыз-келіншектер ерлермен қатар еңбек етуде. Тіпті кей мекемелерде арулардың үлес салмағы ер азаматтардан әлдеқайда артық. Бұл, әрине, бір жағынан, елімізде гендерлік саясатты жүзеге асырудың айқын көрінісі болар. Ал енді бір жағынан, бұл – халықтың жақсы өмір сүруге деген талпынысы дер едім. Немесе күнкөріс қамы.
Күн көріс қамымен жұмысқа араласып қана қоймай, керемет жетістікпен еңбек етіп жүрген нәзік жандылар қаншама. Сөзіміздің дәлелі – қазіргі уақытта тек бала бағып, үйде отыратын аналар аз. Есесіне, техниканың тілін меңгеріп, трактормен жер жыртып, поезбен ұзақ сапарға шығып, ұшақтың штурвалын еркін басқарып жүрген қыз-келіншектер жетерлік. Мысалы, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 2018 жылы әскери «Л-39» ұшағын жалғыз өзі басқарған 23 жастағы Ардана Ботай туралы жаңалықтардан естіген боларсыздар.
Бала күнгі арманына қол жеткізіп, Азаматтық авиация академиясын бітірген бойжеткен, бүгінде білікті ұшқыш – Ардана Ботай: «Менің ойымша, ұшақта білімді, тәжірибелі маман отырса болғаны. Оны жынысына қарай бөлуге болмайды», – деген еді. Сол сияқты жынысына, ұлтына қарамастан, біліктілігі мен жігеріне тәнті болған қытай халқы 23 жастағы қазақ қызы Жадыра Қабылға Қытай теңіз армиясының ең үлкен әскери кемесінің «тізгінін» ұстатқаны есімізде. 2018 жылы 22 сәуір күні Қытайда Тынық мұхитының батыс аймағында ҚХР Азаттық армиясының құрылғанына 69 жыл толуына орай өткен әскери жаттығуда қазақтың қаршадай қызы әскери ұшақ тасығыш «Лияу Ниң» маркалы кемені жүргізгенін Қытай БАҚ-тары жарыса жазды.
Қарулы Күштердің қатарында да нәзік жандылар аз еместігін алдыңғы мысалымыздан-ақ байқап отырмыз. Ресми мәліметке сәйкес, әртүрлі әскери гарнизондарда 10 мыңға жуық әйел әскери қызмет атқарып жүр екен. Олардың ішінде барлаушы, десантшы, ұшқыш, теңізші, парашютші, оператор, сарбаздардан бөлек, офицерлік әскери шен алғандар да баршылық. Тіпті бүкіл бір әскери құрылымды басқарып отырған подполковник Гаухар Сырлыбаеваны мысалға келтіруімізге болады. Ол – 2016 жылдан бері Алматы қаласының Алатау аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы. Әскерде әйел-еркек болып бөлінбейтінін, тек әскери қызметші барын, талап бәріне бірдей екенін ескерсек, бұл қызметтің күрделілігіне көз жеткіземіз. Әдемі көйлектерін камуфляжға алмастырып, полигон мен ату жаттығулары сияқты шараларға еш жүрексінбей қатысатын қыздар қырық жанды екендерін дәлелдеп-ақ жүр.
Сондай-ақ бүгінгі күннің батырлары деп спортшыларды айтсақ, сол спортта да қыз-келіншектердің көп екенін ескере кеткеніміз абзал. Жеңіл атлетикадан бастап, қысқы спорт түрлерімен, күрес, бокспен де айналысып, әлем ареналарында еліміздің байрағын аспандатып, әнұранымызды әуелетіп жүрген жеңімпаз қыздарымыздың ерлігі ерен.
Былтыр ғана триатлоншы Әнел Сытдықова Францияның солтүстігі мен Британ аралдарының оңтүстік-шығысын жалғап жатқан Ла-Манш бұғазын бағындырып, Тәуелсіз мемлекетіміздің көк байрағын желбіреткені әлемдік деңгейдегі сенсация болды. Бұғаз суының 15-16 градус салқындықта болатынын ескерсек, 38 шақырым қашықтықты 15 сағат 15 минут уақытта гидрокостюмсіз жүзіп өтуін мамандар ерлікпен пара-пар деп бағалап отыр.
Сонымен қатар былтыр мәнерлеп сырғанаудан Жапонияның Сайтама қаласында өткен әлем чемпионатында Элизабет Тұрсынбаева тарихи жетістікке қол жеткізіп, күміс медаль жеңіп алды. Еркін бағдарламада қазақ қызы бүкіл әлемді таң қалдырды. Нақтырақ айтқанда, Salchow элементін төрт айналып орындап, тарихқа есімін жазды. Бұған дейін аталған элементті әйелдер арасында ешкім орындай алмаған. Бұл да болса, қазақ қызының қайсарлығы емес пе?!
Қарап отырсақ, қазақ қызы қолға алмаған кәсіптің саласы сирек. Баласын да бағып, отбасындағы міндеттерін ойдағыдай атқарып қана қоймай, табыс тауып, қоғамға да өз пайдасын тигізіп отырған қыз-келіншектер көп-ақ. Әрине, әйелдің ең бірінші міндеті – дүниеге ұрпақ әкеліп, отбасының ұйытқысын сақтау. Десе де, отбасы мен қоғамдағы қызметін қатар алып жүрген жандарға тек қолдау ғана қажет. Арқа сүйер азаматы болса, арулардың қолынан келер іс көп.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ