Жұма, 08 Сәуір 2022 09:40

«ЖИҺАД» ЖАЙЛЫ ИСЛАМ ДІНІ МЕН ЗАҢЫМЫЗ НЕ ДЕЙДІ?

Өзгені өлтірудің Құдайдың алдында қаншалықты қасіретке қалдыратынын айтып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) көптеген өсиеттер қалдырған екен. Бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ешқайсың бауырыңа қару кеземеңдер, өйткені, ол қолын шайтан билеп, тозақ шұңқырына түсіп қалуы мүмкін екенін білмейді», – десе, Құрани кәримнің «Ниса» сүресі 29-30-аяттарында: «Бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз»,деп ескертеді. 

Ғұламалар бұл аятты тәпсірлей келе, өзіне-өзі қол жұмсағандарға да берілетін үкім осы аятта айтылған бір-бірін өлтіргендерге берілген үкіммен бірдей болатынын, яғни, азапталатынын айтады.  Ал мына бір хадисте: «Кімде-кім өзін темірмен өлтірсе, тозақ отында мәңгі қалдырылған күйде темірін қолына ұстап, онымен қарнын сұққылайтын болады. Кімде-кім у ішіп, өз-өзін өлтірсе, ол тозақ отында мәңгі қалдырылған күйде оны жұтатын болады. Ал кімде-кім таудан құлап, өз-өзін өлтірсе, тозақ отында мәңгі қалдырылған күйде оған құлайтын болады», – дейді.                   

Кейбір кеуде керіп кекірейгендер «жиһад» жасап, «шаһиттік  шыңына шығамыз» деп шатасып, шыңғырып шыңырауға қалай құлағандарын сезбестен сілесі қатады. Өз өмірін өзі өлімге байлап, күнәнің кебінін киіп келмеске кетеді. Нәтижеде, жазықсыз жандарды жазым қылып, өздері ақыретте азап арқалатар алжасқан амалымен ақтық демі үзіледі. Ислам діні өзгені де, өз-өзін де өлтіруге, өмірді өртке тастауға тыйым салады. Керісінше, бейбітшіліктің бесігін тербетіп, керегесін кеңейту үшін күресетін дін.

Ата заңымыз тыныштықты бүлдіріп, қисық басып қыңыр жүретін шеңберден шығушыларға шектеу қойып, 20-баптың 3-тармағында: «Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді», – деп жазылған.

Осы айтылғандарды ойымызға ойып жазып, өзін өзі өлтірудің Исламда ауыр күнә екені есімізден еш көтеріліп кетпеуі керек-ті. Демек, «жиһад жасаймыз» деп жарылыс жасап, өз жанын өзі өлімге байлайтындардың істері – Ислам жолына қайшы, адамдықтан алыстап, ізгіліктен іргесі бөлінген бөгде тірлік екені айдан анық. Олай болса, «бұл қайдан шыққан шикілік?» деген сұрақтың туары да түсінікті. Әлбетте, діни және саяси сауаттың сәулесі санаға түспегенінен деген тұжырым бұған берер бірінші жауабымыз болмақ.  Мұндай адасқан ағымдардың адам өлтіретін азғын амалына ата заңымыздың айтары қандай? Осыны да ой таразысына тартып, көз жүгіртіп көрелік. Ата заңымыздың 15-бабы 1-тармағында: «Әркімнің өмір сүруге құқығы бар» десе, 2-тармағында: «Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы  өтініш ету хақы бар» деп көрсетілген.                                    

Ислам дінінде адам өлтіріп, өзін өзі жарып жіберудің жиіркенішті, күнәсі ауыр амалдардың қатарынан екені аят-хадистерде анық айтылыпты. Олай болса, «жиһад жасап, Жәннатқа жолдама аламыз» деп асығып аласұрғандардың айтып жүргені қандай «жиһад» болғаны?!...  

«Жиһад» сөзінің араб тіліндегі мағынасы – «белгілі бір мақсатты алға қойып, соған жету және бір істі тындыру үшін барын салу, құлшыну, күресу»  дегенді білдіреді. 

Қазіргі қоғамда жиһадтты қолға қару алып соғыс салу деп сыңар жақты түсініп, сындарлы көзбен қарайтындардың саны артуда. Қасиетті Құрани Кәримде «жиһад» сөзі 35 жерде айтылса, соның төрт жерінде ғана «харб», «мухарабә», «мағрака», «қитал» деген сөздермен келіп, соғыс мағынасын білдірген. Алайда жиһад сөзі соғыс ұғымын да қамтығандықтан, естіген елдің есіне сұрқия соғыс салатын сүреңсіз сойқанның көрінісі келетіні өкінішті!

Шын мәніндегі жиһад – Алла Тағаланың ақиқатын аңдап, құлдарының Құдайға құлшылық қылуына кедергі келтіретін барлық бөгеттерді болдырмауы болып табылады. Яғни, адамның ақылынан бастап, барлық тыныс тіршілігінде осы қағида қаперге алынады.

Алла Тағаланың разылығы үшін пенденің істеген игі ісінің бәрі «жиһад» болып саналады. Құдайға қылынған құлшылықтың қайсы бірі болмасын, жиһадқа жатады.

Демек, жиһад ең әуелі өз нәпсіңмен күресу.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Нағыз жиһад жасаушы кісі өзінің нәпсісімен күресуші»,  – деп нәпсімен күрестің маңыздылығын атап айтқан. 

Және бір хадисте шаршап-шалдығып, соғыстан қайтқан сахабаларына Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық», – дейді. Сонда сахабалары: «Уа, Расулуллаһ! «Үлкен жиһад» деген не?» – деп сұрайды таңырқап. Сол сәтте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол – өз нәпсілеріңмен күресулерің», – деп жауап береді. 

Әлбетте, хадисте айтылғандай қолға қару алып, қан майданға аттанғаннан да ауыр күрес – адамның өз нәпсісімен күресі болмақ. Себебі жаугершілікте жауың жаныңда жасырын емес, ашық айқасқа түссе, нәпсіңнің қалауы қайда екенін аңдамайтының анық. Құдайға қылған құлшылықта қапысын тауып қармануға дайын, қаныңмен бірге тамырың да тулап, бойыңды билейтін шайтанның шырмауы нәпсіңді желіктіріп, жетектеп жүріп жарға жығары анық. Шайтанның шырмауына шатылу деген сөз – шалыс басып, шаң қабу деген сөз. Өз нәпсіңмен болған күрес, шайтанның шырмауынан сақтап, алдыңнан шығар алапаттың алдын алады. Олай болса, кесе көлденең кедергіні бұзып, кесірді кетіруден асқан жақсысылық, одан асқан жиһад жоқ. Әлбетте, нәпсімен күрес үлкен жиһад екені шүбәсіз. Тағы бір хадисте: «Жесірлер мен міскіндер үшін жұмыс істеуші кісі Алла жолында жиһад жасаушы адамға тең», – деген. Осы хадистен жесірін жылатпай, жетімді жебеген жандар да жиһадтық сауаптан құр қалмайтынын, Исламда садақа-сауапты істің барлығы жиһадтық сауапқа кенелетінін түсінеміз. Шала түсінікпен, сауатсыз сенімге бой алдырып, жиһад жайлы жалаң ұғымға ұрынған «жиһадилердің» жасап жүрген жарылыстары жәһаннамға жетелейтін жаман амалдардан екені анық. Осындай ойсыз, оспадарлықтан опық жеп қалмауға қам жасап, ағымдардың арбауынан сақ болайық! Ертеңімізді бүгін ойлағанымыз абзал болмақ. «Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме» деп атам қазақ айтқандай, басыңды бәйгеге тігіп, болжап білмейтін нәрсеге бола басымызды ақыреттің азабына апарар бұрыс жолға бұрып кетсек, келместің кемесіне мінген деген сол болмақ. 

Ата бабаларымыздың бастан кешкен ғибратты істері бізге өнеге, бізге үлгі, бізге аманат. Батыр бабаларымыз елін-жерін қорғау үшін басын бәйгеге тігіп, өз жан рахатынан бас тартып, нәпсілеріне жол бермеді. Демек, жиһадтың жарқын үлгісін бабаларымыз көрсете білді. Ал кейбір адасқан ағымдар «қазақ халқы таза мұсылман болған жоқ, қазақтар мүшірік болды» деген сияқты санаға сиымсыз сөздермен бабаларымыздың басқан ізін өшіріп, құндылықтарымыздың құнын құрдымға кетіретін сөздер айтады. Тіпті, әке-шешелері намаз оқымаса, олармен бірге бір дастарханға отырмай, жасаған тамақтарын «харам» деп, ішуден бас тартып жатқандардың да бар екенін  еміс-еміс естіп қаламыз. Мұндай кері кеткен кесірден сақтанудың жолдарының бірі – бабаларымыздың бай мұрасын қадірлеп, сол мұраларды орынды пайдалану. Яғни, бабаларымыздың тағылымды тағдырын өз өмірімізге өнеге ете білуіміз керек. Ата-бабамыз аңсап кеткен Тәуелсіздіктің тұғырын тіктеп, туын көтердік. Бұл – бабаларымыздың арманы, Алланың аманаты. Аманатқа қиянат қылмайық. Ала жіпті аттамай, адалдықты арымыздың қорғаны қылайық, қадірменді қандастар!...

Б.Тоқай,

«Алматы облысы дін істері басқармасы» ММ

«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының» 

 Жамбыл ауданы бойынша дінтанушы маманы.

Тел.: 8 (727) 7020281,  8 771 127 33 27.

Оқылды 7552 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет