Бейсенбі, 01 Желтоқсан 2022 09:38

Жасыл энергетика – жақсы экология кепілі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген «Жасыл Қазақстан» ұлттық жоба еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартып, халыққа қолайлы өмір сүру мәселесін шешуге арналған. Бұл ұлттық жоба «Таза Қазақстан», «Үнемді  Қазақстан», «Табиғат», «Экология болашағы» атты төрт негізгі бағыттан және 11 тапсырмадан тұрады. Осылар бойынша 19 көрсеткіш және 48 іс-шара қарастырылған. Ауаның ластануы салдарынан жаһандық климаттың өзгеруі қазіргі кезде ең өзекті мәселеге айналғаны белгілі. Жаһандық жылынудың басты себебі экономикада көмірсутекті энергия көздерін кеңінен пайдаланудан туындауда. Көмір, мұнай, газ, басқа да отын жанған кезде көмірқышқыл газы өте көп бөлінеді. Егер осылай лас энергия көздерін ел игілігіне пайдалану жалғаса берсе, Жер климаттық апатқа ұшырайды. Бұл «лас» процесті декарбонизация деп атайды. Климаттық апатты болдырмау мақсатында Парижде 2016 жылы 175 ел климат жөніндегі келісімге қол қойған болатын. Негізгі мақсат – 2020 жылдан бастап әлемде зиянсыз энергетика көзін барынша тиімді пайдаланып, адамзатқа төнген қауіптің алдын алу.

Дей тұрғанмен «лас» электр станцияларынан бас тарту мүмкін болмай отыр Сондықтан көмірсутекпен жұмыс істейтін электр энергиясының санын неғұрлым азайту арқылы «таза» заттармен алмастыру қолға алына бастады. «Тазаның» қатарына жел, күн, су және атом электр станциялары жатады. Алғашында жанатын отын түрлерін пайдалану арқылы жылу электр орталығы (ЖЭО) іске қосылды. Алматы ЖЭО-ғы 1935 жылдан бастап пайдалануға берілді. Республика бойынша өндірілетін электр станциясының 80 пайызға жуығы жылу электр станциясының үлесінде екен. Кейінірек су электр станциясы (СЭС), яғни су қуатын пайдалану тәсілі қолданысқа енді. Алғашқы су энергиясы диірмендердің, станоктардың, балғалардың, ауыр үрлегіштердің, т.б. жұмыс машиналарының жетектерінде пайдаланылды. Гидравликалық турбина, электр машинасы жасалып, электр энергиясын едәуір қашықтықта игеруге қол жеткізілді. СЭС жетілдіріле келе су энергетикасы электр энергияның бір бағыты ретінде дамыды. СЭС жылу электр станциясына  қарағанда жылдам реттелетін, икемді энергетикалық қондырғы болды. Елімізде СЭС 1928 жылдан іске қосыла бастады.

Су отын сияқты жер қойнауынан өндірілмейді әрі таусылмайды. Бұл таза энергия бізге пайда әкеліп қана қоймай, зиянсыздығы жағынан да ерекшеленеді. Бөгет пен бүкіл су жинау жүйесі салынғаннан кейін, техникалық қызмет көрсету шығындары төмен болғанымен, су қорын қадағалауды қажет етті. Елімізде соңғы кездерде СЭС қуатын пайдалану көптеп қолға алына бастады. Алматы облысы Райымбек ауданындағы Шарын өзенінің бойында салынған «Мойнақ» ГЭС-і 2012 жылы пайдалануға берілген болатын. Содан бергі уақытта станция 6,5 млрд кВт/сағаттан астам электр энергиясын өндірген екен. Қазір ол Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарындағы энергия тапшылығын қысқартып отыр. Кәсіпорын орташа есеппен бір жыл ішінде 1,027 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндіруге қауқарлы. Экологиялық таза электр энергиясын шығаратын «Мойнақ» ГЭС-ы 127 адамды жұмыспен қамтиды. Станция маңынан 80 үйлі энергетиктер ауылы салынып, барлық инфрақұрылыммен жабдықталған. Сон-дай-ақ, «Қапшағай» су электр станциясы – су энергетика кәсіпорыны, Іле өзенінің Қапшағай шатқалында сыйымдылығы 28,14 млрд текшеметр, қуаты 434 мың квт. Жылына 1163 млн квт энергия береді. СЭС 1972 жылдан толық қуатында жұмыс істеуде. 

«Алматы облысында «жасыл» электр энергиясын өндіру үшін көптеген табиғи мүмкіндіктер бар. Күн мен желдің әлеуетінен басқа, Самұрық – Энерго гидроэнергетиканы дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұған Мойнақ ГЭС-ін салу және Шардара ГЭС-ін жаңғырту жөніндегі аяқталған жобалар дәлел бола алады. Компанияның портфелінде жаңа су электр станцияларын салу бойынша бірқатар жобалар бар. Атап айтқанда, Іле өзенінде Қапшағай ГЭС-інің апта сайынғы біркелкі емес тәуліктік су жіберулерін теңестіруге және станцияны барлық қолда бар режіміне ауыстыруға мүмкіндік беретін қуаты 40 МВтм Кербұлақ СЕС-ін контрреттегішін салу. Сондай-ақ, Компания Алматы облысының энергия жеткізу тапшылығын азайту үшін электр энергиясының көзін құру мақсатында Шелек өзенінде ГЭС-29-ды салу бойынша жобалау алдындағы жұмыстарды жүргізуде. Ұзақ мерзімді перспективада Алматы облысындағы АлЭС ГЭС каскадын қайта құру және жаңғырту жөніндегі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жоба қайта құрылатын ГЭС-1 және ГЭС-2-де электр энергиясын өндіруді арттыру арқылы Үлкен Алматы өзенінің гидротехникалық ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы.

Орта Азиядағы «жел полюсі» деп аталатын Жетісу қақпасындағы желдің қуаты мол. Ол екі таудың ең тар жеріндегі табиғи «аэродинамикалық құбыр» болып табылады. Қақпа Қазақстанның Балқаш-Алакөл ойпатын Қытайдың Ебінұр ойпатымен жалғастырады. Халық «Шелектің желі» деп атап кеткен Бұғыты жазығынан екпіндете соғатын Ебі желінің ерекшеліктерін зерттеу нәтижесінде оның электр энергиясын өңдеуге өте тиімді екені анықталды. Сонау Кеңес одағы кезінде «Шелек өңірінің шығысы жағынан жел электр станциясы салынады екен» деген сөзді еститін едік. Міне, ел егемендік алған кезде сол сыбыс шынға айналғанының куәсі болып отырмыз.

Жел электр станциясы (ЖЭС) – жел энергиясын механикалық жылу немесе электр энергиясына түрлендірудің теориялық құралдарын жасаумен айналысатын жаңартылған энергетиканың саласы. Арзан әрі экологиялық таза электр энергиясы қуатын халық шаруашылығына қолданудың тәсілі. ЖЭС-ын елімізде, соның ішінде Шелек өңірінде кеңінен және мол өндіруге болады.

Алғашқы 7 ЖЭС-ын «Нұрлы ЖЭС» компаниясы 2017 жылы , ал  2020 жылы тағы 7-еуінің құрылысын аяқтап, пайдалануға беріп, жалпы 9 Мвт энергия көзін өндіруді бастады. 2018 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ-ы мен «Citу Costruktion LTD» қытайлық компаниясы 2 жел электр станциясының құрылыс жобасын іске асырып, 2020 жылы тестілеу жұмысын аяқтап, 9 МВт қуат көзін өндіруде. Ал, қуаты 60 МВт болатын жаңа жел электр станциясының құрылысы 2019 жылы бастап, әлемді шарлаған коронавирус ауыруының кесірінен бір жарым жылдай тұрып қалған болатын. 2021 жылы жұмыс қайта жанданып, биылғы жылдың қырқүйек айында ашылу рәсімін өткізді.

Жоба құны – 37,4 млрд теңге тұратын бұл жаңа станцияның әрбір номинал қуаты 2,5 МВт болатын 24 жел энергетикалық қондырғысынан тұрады. Сонымен бірге, оған қосалқы станция, соған сәйкес инфрақұрылым салынып, әуе электр жеткізу желілірі тартылды. «Самұрық-Энерго» АҚ қазақстандық электр энергетикалық холдингі «Power China» қытай корпорациясымен серіктестікте іске асырған бұл станцияға әлемдік жел турбиналарын өндіретін жетекші компаниялардың бірі – «GoldWind» компаниясының жабдығын пайдаланды. Жаңа ЖЭС жылына 225,7 млн кВт/сағат электр энергиясын өндіретін болады. Жобаның экологиялық құрылымы жағынан өңір үшін маңызы зор. ЖЭС-ын салу, іске косу парниктік газдар шығарындыларын 206 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді екен. Және бір тиімділігі – жылына  шамамен 89 мың тонна дәстүрлі отынның орнына жүретін болады.

Шелек дәлізіндегі жаңа ЖЭС-ын іске қосу рәсіміне жоғарыда аты аталған серіктес компания өкілдері, облыс және аудан әкімдері қатысса, ҚР Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ басшылары тікелей телекөпір арқылы онлайн куә болды. Осы іс-шара аясында «Самұрық-Қазына» АҚ мен Power Construction of China Ltd арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжатта станцияны кеңейту және оның қуатын  60 МВт-дан 300 МВт-қа дейін арттыру арқылы жобаның екінші кезеңін іске асыру көзделген. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев инвестиция құйған компания басшыларына алғысын білдіріп, облыс орталығы Қонаев қаласында жаңартылған жел, гидро, күн электр станциялары бар екенін айтып, инвесторларды барлық жағдайы бар бұл өңірде бірге жұмыс істеуге шақырды. Бүгінгі маңызды істің қуанышты сәтімен құттықтады.

Самұрық-Энерго сарапшыларының айтуынша, Алматы қаласы мен облысында бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған энергетикалық қуаттар – Алматы ЖЭО, Қапшағай және Алматы ГЭС каскады, Жамбыл ГРЭС, сондай-ақ Есік, Мойнақ, Қаратал, Талдықорған ГЭС-теріне қарамастан бұл өңірде энергия тапшылығы бар, отын ресурстары жеткілікті деңгейде емес екен. Қуаттың жетіспеушілігінен, тапшылық орнын сыртқы энергия өндірушілерден – республиканың солтүстік облыстарынан, Жамбыл ГРЭС және Қырғызстаннан алынған энергиямен жабылатыны белгілі. Қуат тапшылығын болдырмау мәселесі бойынша ұзақ мерзімді перспектива қолға алынып жатқан көрінеді. Облыстағы бар электр станцияларды қайта құру, жаңғырту арқылы Үлкен Алматы өзенінің гидротехникалық ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы.

ҚР Энергетика министрлігінің деректері бойынша, елімізде биылғы шілде айындағы жағдай бойынша 142 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Жыл басынан бері жалпы қуаты 322 МВт болатын 8 нысан пайдалануға берілген. 2022 жылдың соңына дейін жалпы қуаты 153 МВт болатын 13 нысанды іске қосу жоспарланған.

Өркениетке ұмтылатын табыс көзінің тағы бірі – КЭС, яғни  күн нұрынан электр қуатын алу. Табиғаттың осынау теңдесі жоқ тартуы КЭС Қапшағай қаласында пайдалануда. Еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін тетіктің бірі – жасыл экономика екені мәлім. Оны биік мінберлерде айтып, дәлелдеуде. «Самұрық-Энерго» АҚ күн көзінен қуат алатын, қуаттылығы 2 меговатт электр станция құрылысын Қапшағай қаласында аяқтады. Мұнда ЖЭС арқылы 15,2 млн квт/сағат электр энергиясы өндіріледі. Мысалы, қуаты 3Мвт «Қапшағай» және қуаты  5 МВт «Сарыбұлақ» КЭС-ы, сондай-ақ қуаты 9 МВт «Сарыбұлақ» ЖЭС-ы жұмыс істейді.

Бірақ күн, жел электр станцияларының бір кемшілігі – олардың ауа райына тәуелділігі, сол себепті тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды екен. Белгілі қазақстандық экономист Петр Своиктің пікірінше, бұл сын-қатерден атом электр станциясы (АЭС) алып шыға алады. АЭС-тің артықшылығы – ауа райына еш тәуелді емес, берік және көп мөлшерде энергия өндіре алады. Әрине, АЭС-да пайдаланылған ядролық отын (ПЯО) қалады. АЭС-сы пайдаланылған отын реактордан алынады. Ол сыртқа ағып кетуіне жол бермейтін арнайы контейнерлерге салынып, біраз уақыт су астында сақталады. Содан кейін құрғақ қоймаға тасымалданады. Дұрыс пайдаланылған ПЯО толығымен қауіпсіз ПЯО-ны жай сақтамайды, ол жаңа отын өндіру үшін құнды шикізат бола алады. Сондай-ақ ғалымдар үнемі технологияны жетілдірумен айналысады. ПЯО өңдеуден кейін АЭС-та қайта пайдалану үшін жаңа отын дайындайтын рефабрикацияға жіберіледі. Арнайы манипуляциялар кезінде отынның бір партиясын бірнеше рет қолдануға болады. Өткен жылдың желтоқсан айында Bloomberg ЕО атом және газ электр станцияларын экологиялық таза тізімге қосуға ниетті екенін хабарлады. ЕО ішкі нарығының басшысы Тьерри Бретон: «Атом энергиясы мен табиғи газды қамтитын таксономияны ұсынамыз», – деп атап өтті.

АЭС Қазақстанда да болды. 1972 жылдан Ақтауда Маңғыстау атом энерго-комбинатының басты объектісі болып табылатын және үлкен өңірді энергиямен қамтамасыз ететін БН-350 жылдам нейтрондардағы әлемдегі алғашқы атом реакторы жұмыс істеді. Бұл жылдар ішінде АЭС экологияға да, адамдарға да ешқандай зиян келтірген жоқ. Демек, АЭС қалай болса да қоршаған ортаға зиян келтіреді деген пікір қате. Адамзат ядролық қалдықтарды табиғатқа эиян тигізбеуі үшін кәдеге жаратуды үйренді. Сонымен қатар, қазірдің өзінде жабық отын циклінің технологиясы әзірленуде. Онда барлық дерлік пайдаланылған ядролық отынды АЭС-та қайта пайдалануға болады.

Ел басшымыз Қ.Тоқаев қыркүйекте Ресейдің Владивосток қаласында өткен Шығыс экономика форумының пленарлық отырысында: «Қазақстанда атом электр станциясы қажет», – деп бұл сөзді екінші рет атап көрсетті. Атом десе болды, біздің халық байбалам салады. Өйткені, халық есінде атом қаруынан қырылған жапон, Чернобльдағы АЭС жарылысы, Семей полигонындағы атом қаруын сынау оқиғалары түседі.

Әлемде қазірге дейін 500-ге тарта АЭС бар. Оның көбі АҚШ пен Еуропада орналасқан. Жапония, Қытай, Ресейде және дамушы елдерді қосқанда 50 мемлекетте ядролық реактор бар. Сондай-ақ одақтас Армения, Беларусь та ядролық реактор иелері. Ал еліміздегі энергия өндіретін станциялардың жалпы 145 дана турбиналық қондырғыларының 26 пайызының пайдалану мерзімі мүлдем өтіп кеткен. Және 35 данасының пайдалану мерзімі алдағы бес жылда аяқталады екен. Демек, еліміздің электр энергетика саласы алдағы жақын жылдары үлкен сын-қатерлерге тап болайын деп тұр. Мұны Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұмағарин осы жылдың 12 ақпанында бұқаралық ақпарат құралдары брифингінде: «Қазірше электр қуаты жеткілікті болғанымен, алдағы 2-3 жылда Қазақстан электр қуатынан тапшылық көреді», – деп растады.

«ҚазАқпарат» ақпаратына сәйкес, Қазақстандағы электр энергетика өндірісі негізінен солтүстік аймақта 79,2%, батыс аймақта 10,8%, оңтүстік аймақта 10% тиесілі. Жылу электр энергиясы қазақстандық энергетикалық жүйеде басым орынды ұстап, оның ішінде көмір энергиясымен электр өндіру 75%, табиғи газбен өндіру 10,1%, мазутпен өндіру 4,9%, ал гидроэнергетиканың ұстайтын бөлігі 9%-ды құ-райды. Жасыл энергия көздері – жел, күн энергиясының энергетика көздеріндегі ұстайтын салыстырмасы елімізде өте аз.

Болашақта атом электр станциясы Қазақстандай дамушы елге де ауадай қажет. Елдегі энергетика ахуалына алаңдаушылық білдірген Президент Қ.Тоқаев АЭС салу ұсынысын айтып отыр. Қазір АЭС салатын жер де белгіленіп қойған. «Алаң Алматы облысындағы Үлкен ауылы болып таңдалды. Бізде АЭС құрылысы бойынша әлі шешім қабылданған жоқ. Біз әзірше алаңды анықтадық. Біз ең қолайлы технологияны таңдаймыз», – деді Сенаттың кулуарында Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев. Иә, Алматы облысында АЭС-ын салуға арналған жер белгіленді. Олай болса, жер қойнауында уран қоры мол Қазақстанда қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалану – өмір талабы.

Анарбек БЕРДІБАЕВ.

Оқылды 3027 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет