Жұма, 14 Қараша 2025 17:29

Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ермек Жакеев: Агросектор – аудан экономикасының негізгі тірегі

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының, әсіресе өңірлердің тұрақты дамуының негізгі тіректерінің бірі. Бұл сала халықтың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Қараша үшінші жексенбісі елімізде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Осы орайда, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы ахуал, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ермек Жакеевпен әңгімелескен едік.

– Құрметті Ермек Ильянұлы, биылғы жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласында қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

– Біздің ауданымыздың негізгі тынысы ауыл шаруашылығы екені анық. Осы сала бойынша облыс көлемінде біздің үлесіміз 20 пайызды құрайды. Биылғы жылы 77 800 гектар жерге егініміз себілсе, оның 31 430 гектар жері жүгері алқаптары. Бүгінде жүгерінің 50 пайызы орылды. Жүгері облысымыз бойынша 50 000 гектар жерге себілген.

9 айдың қорытындысы бойынша аудан көлемінде 122 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Яғни нақты көлем индексі – 102 пайызға орындалды. Аталған көрсеткіш ауданның ауыл шаруашылығында тұрақты даму бар екенін көрсетеді. Жыл соңына дейін жалпы өнім көлемі 140 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл – шаруалар еңбегінің, сонымен қатар мемлекет тарапынан жасалып отырған жүйелі қолдаулардың нәтижесі.

– Мал шаруашылығының даму көрсеткіші қандай?

– Әлбетте, бұл орайда даму мен өсім жақсы көрсеткіште. Биыл аудан бойынша мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 51 млрд 642 млн теңгені құрады. Мал басының өсу динамикасы оң нәтиже көрсетіп отыр. Биылғы жылы 102 685 бас ірі қара – (өсу 20%), жылқы – 31 405 бас (өсу 20%), түйе – 151 бас (өсу 16%), құс – 981 мың бас (өсу 22%). қой мен ешкі 252 020 бас тіркелген, жалпы мал өнімділігі артты.

Биыл 20,4 мың тонна ет, 60,5 мың тонна сүт, 3 млн 268 мың дана жұмыртқа өндірілді.

– Аудан аумағындағы жаңа өндірістік нысандар мен инвестициялық жобаларға тоқталып өтсеңіз.

– Ауыл шаруашылығын қолдау барда даму болары анық. Бұл орайда жылдан-жылға жағымды жаңалықтар легі артып келеді. Себебі, аудан экономикасына биыл 10 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Оның ішінде тауарлы сүт фермаларына 2 жобаға 3,8 млрд теңге, бордақылау алаңдары 2,5 млрд теңге, ауыл шаруашылық техникасын сатып алуға 1,5 млрд теңге,          су үнемдеу технологияларына – 2,2 млрд теңге.

Мысал ретінде, екі ірі сүт фермасын атап өткім келеді. «Абди Агро» ЖШС Қаратұрық ауылдық округінде 1 000 басқа арналған ферманы аяқтап, бүгінде 400 бас ірі қара сатып алды. Сондай-ақ, «Даулетхан» ЖК Шелек және Қорам округтерінде 1 000 басқа арналған ферманы 95 пайызға аяқтады, жабдықтар орнатылып, 300 бас мал әкелінуде.

Мұндай жобалар ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс орындарын ашып, ауданның сүт өндірісін еселеп арттыруға мүмкіндік береді.

– Егін шаруашылығының көрсеткіштері қандай болды?

– 2025 жылы аудан бойынша 78 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Атап айтсақ, 31 мың гектар жүгері, 4 мың гектардан астам арпа бидай, 5,6 гектар көкөніс, 27 мың гектар мал азығы, 7 мың гектар майбұршақ. Масақты дәнді дақылдарымыздан жалпы түсім 295 мың тоннаға жуық көрсеткішті құрайды. Ал, көкөністеріміз 155 мың тоннадан астам. 

Ауданымызда 5 мың гектар алма бақтары 60 мың тонна өнім берді. Соған сай өңірімізде заманауи 23 жеміс сақтайтын ірі қойма бар, олардың сыйымдылығы 35 мың тонна.

Өнімді қабылдау және өңдеу ісінде ауданның бірнеше кәсіпорындары белсенді жұмыс атқаруда. Мәселен, Масақ ауылдық округіндегі шаруалар биыл жүгері мен майбұршақтан жоғары өнім жинады. Бұл округ су үнемдеу технологиясын кеңінен қолданудың нәтижесін көрсетіп отыр. Ал, «Балтабай Дән» ЖШС тәулігіне 300 тоннаға дейін дән кептіретін заманауи кешен арқылы шаруаларға қызмет көрсетуде. Бұл өңірдегі агроөндірістік инфрақұрылымның тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды.

– Сұхбат барысын-да шаруаларымызды да назардан тыс қалдырмасымыз белгілі. Мемлекет тарапынан шаруаларға қандай қолдаулар көрсетіліп отыр?

– Ауыл шаруашылығының дамуына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Биыл 31 ауыл шаруашылық субъектісі «Кең дала» бағдарламасы аясында 1 млрд 936 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Оның ішінде 29 шаруашылық «Аграрлық кредиттік корпорация» арқылы 1 млрд 343 млн теңге алса, 2 ауыл шаруашылық «Қонаев» өндірістік кооперативі арқылы 593 млн теңге алды.

Сонымен қатар, шаруаларға 15 000 тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді. Бұл өнімдерге мемлекет тарапынан 50 пайызға дейін субсидия төленеді.

Дала жұмыстарына қажетті 962 тонна арзандатылған жанар-жағар май бөлініп, нақты алынған көлем 1 020 тонна болды. 1 литрдің бағасы 250 теңгеден берілді, бұл – нарықтағы бағаға қарағанда 75 теңгеге арзан.

– Егінді айтқанда су мәселесі туындайтыны белгілі. Егін еккен шаруаларымыз бұл мәселемен үнемі бетпе-бет келеді. Суармалы жерлер мен су үнемдеу технологиялары бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Бұл мәселе үнемі басты назарымызда. Сондықтан да барынша мәселені шешу жолдарын қарастырып келеміз. Бұл бағыт – біздің аудан үшін стратегиялық маңызға ие. Ауданда барлық суару каналдарының ұзындығы 1 694 шақырымды құрайды. Жіктеп айтар болсам, ҮАК тиесілі 613 шақырым, «Қараш» ЖШС-не 67 шақырым, «Гидросервис» ЖШС-не 21 шақырым, облыстық су шаруашылығына қарасты Талғар өндірістік учаскесінде 37 шақырым, облыстық су шаруашылығында 878 шақырым, ауданның ауылшаруашылық бөлімінде (Қорам каналы) – 78 шақырым).

Байқағаныңыздай аудан-ымыздың суармалы судың басым бөлігін Қонаев атамыз салып кеткен Үлкен Алматы каналы қамтып отыр. Тоқырау жылдарында ол каналдың көптеген арматура темірлері мен бетондары қолды болғандықтан көп судан айырылып отырмыз. Шелек өңірінің жері тастақ болғандықтан егістікке жетемін дегенше 80 пайыз су жерге сіңіп кетеді. Ал барлық егістікке канал салып су тартылса, бар-жоғы 2-3 пайыз суды жоғалтады екенбіз. Бұл ретте Сөгеті, Масақ, Малыбай, Бартоғай, Шелек, Асы  ауылдық округтеріне суару каналдарын жаңадан салуға облыстық құрылыс басқармасы арқылы 554 млн теңгеге ЖСҚ жасалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Канал ұзындығы 653 шақырым, суару алқабы 24 мың гектарды қамтиды. Аталған жобаға «Ислам даму» банкі арқылы 2 кезеңімен қаржыландыру күтілуде. Бірінші кезеңде Сөгеті, Масақ, Малыбай, Бартоғай округтеріндегі – 370 шақырым суармалы жүйелердің құрлысына 49 млрд теңге бөлу көзделуде.  Екінші кезеңде Шелек, Асы округтеріндегі – 283 шақырым суармалы жүйелердің құрылысына 39 млрд теңгеге қаржыландыру жоспарланған.

Бұдан бөлек, Тескенсу ауылдық округіндегі «Киікбай» каналының 3,7 шақырым бөлігіне күрделі жөндеу жүргізу үшін 512 млн теңге бөлінеді.

Ал Балтабай округіндегі 67 шақырым суару жүйесі 80 пайызға аяқталып, 2025 жылы толық пайдалануға берілмек.

Жалпы аудан бойынша 12 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілді, оның 5 300 гектары биыл жүзеге асты. Мұндай технологиялар суды 40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Су үнемдеу технологиясының орташа құны гектарына 800 мың теңге, оның 640 мың теңгесі мемлекет тарапынан субсидия түрінде қайтарылады. Бұл бағыттағы қолдаулар шаруаларға зор мүмкіндік беріп отыр. Нәтижесінде аудан шаруалары суды тиімді пайдалана отырып, бір мезгілде өнім көлемін арттырып, экологиялық тұрақтылықты сақтап келеді. Біздің мақсат – су ресурстарын ұтымды пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешенін ұзақ мерзімді әрі тұрақты дамыту.

– Қазіргі таңда ауданда қандай техникалық жаңарту жүргізілуде?

– Биыл жалпы құны 1,5 млрд теңгеге 105 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның ішінде – өз қаражаты есебінен 27, «ҚазАгроҚаржы» арқылы 78 техника алынды. Жыл соңына дейін тағы 45 техника алу жоспарланып отыр. Бұл – өнім өндіру көлемін ұлғайтып, еңбек өнімділігін арттыруға зор ықпал етеді.

– Алдағы жылға қандай жоспарлар қойылып отыр?

– 2026 жылы ауыл шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жалғасады. Басты мақсат – өнім көлемін арттырып, өндіріс тиімділігін көтеру. Біз кемінде 12 млрд теңге инвестиция тартуды, жаңа фермалар мен бордақылау алаңдарын ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, суармалы жерлерді кеңейту, цифрландыру және агротехнологияларды енгізу жұмыстары жалғасады.

– Ауданымызда балық шаруашылығының да даму қарқыны байқалып келеді.

– Қазіргі таңда 12 балық шаруашылығы жылына 6 мың тонна балық өндіреді. Жуырда тағы да бір ірі балық шаруашылығы іске қосылды. Түрген ауылдық округінен құны 1,5 млрд теңгені құрайтын, жылына 3 мың тонна балық өндіруге қауқарлы  «First Fish» балық шаруашылығы ашылды. Шын мәнінде ауданымызда балық шаруашылығы жақсы қарқынмен дамып келеді.

– Ауыл шаруашылығы саласындағы жетіс-тіктердің артында кімдердің еңбегі тұр деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, бұл – шаруалардың еңбегі. Олар күннің аптабында, күздің жауынында, таңмен таласа еңбек етіп, ел ырысын еселейді.

Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау мен шаруалардың қажырлы еңбегі – біздің ауданның басты күші.

Біз тек өнім көлемін арттыру емес, ауыл өмірінің сапасын көтеруді де басты мақсат етіп отырмыз.

Ауданның ауыл шаруашылығы саласы жылдан-жылға даму үстінде. Мал мен егін шаруашылығындағы тұрақты өсім, жаңа инвестициялық жобалар мен заманауи технологиялардың енгізілуі – бұл өңірдің әлеуетінің айғағы.

Ауыл шаруашылығы саласы – аудан экономикасының өзегіне айналып отыр.

Бүгінгі жетістік – болашақтағы тұрақты түрде даму кепілі.

Сұхбатыңызға рахмет!

 

Тілдескен

Ринат НАРХАНОВ.

Оқылды 4 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 26, 2025

Бір тіл – бір әлем

Әр адам өзінің өмір жолын немен байланыстыратыны тек өз еркінде. Алдына мақсат қойып,…
Қар 26, 2025

Чемпиондық рух

 Саламатты өмір салты - адамның басты байлығы – денсаулықты күтуге, дұрыс өмір сүруге…
Қар 24, 2025

Ауыз су сапасына қойылатын талаптар

 Адам өмірінің басты тіршілік көзі — су. Су адам ағзасының шамамен 60–70%-ын құрайды және…
Қар 24, 2025

Терінің жұқпалы саңырауқұлақ аурулары

Терінің саңырауқұлақ аурулары – теріні, тырнақты және шашты зақымдайтын саңырауқұлақтан…
Қар 24, 2025

Мемлекеттік бақылау және қадағалау…

Мемлекеттік бақылау және қадағалау — қоғамдағы қауіпсіздік, сапа, құқықтық тәртіп және…
Қар 20, 2025

Тұрақтылықтың стратегиялық бағдары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының…
Қар 19, 2025

Ғажайып дәрілерге сенеміз бе?

Соңғы жылдары Қазақстанда халық денсаулығын тез жақсартуды уәде ететін, түрлі атаумен…
Қар 19, 2025

Ғасырлар үні: Қазақ тілінің даму…

Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани өзегі. Ол ұлттың дүниетанымын, мәдениетін, тарихын…
Қар 19, 2025

Малыбай батыр

Шелекке таяу тау етегінде Малыбай деген ауыл бар. Бұл елдімекеннің Малыбай аталғанына үш…

Күнтiзбе

« Қараша 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет