Бейсенбі, 16 Желтоқсан 2021 11:49

Тұғыры берік тәуелсіздік тартуы

 

«Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі – қазақ халқының сан ғасыр бойғы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр». Иә, Елбасының бұл сөзінен ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұлтарақтай жер үшін жан берісіп, жан алысқан бабалардың батырлығын, қазақ халқы үшін қылышынан қан тамған үкіметке қарсы тұрған Алаш арыстарының ерлігін, ызғарлы желтоқсанның ызғарына тоңбаған қазақ жастарының қайсарлығын көреміз. Осындай сан ғасырлық күрестен кейін еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен ел атанды. Етек-жеңімізді жиып, әлемнің алпауыттары санасатын іргелі мемлекетке айналдық. 30 жылда қайта жаңғырып, дамудың даңғыл жолына түстік. Мемлекетті дамытуға бағытталған шаралар әлі күнге жүйелі жалғасын тауып келеді. Осы аптада Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Шелек ауылындағы саябақ абаттандырылып, пайдалануға берілді. Есік қаласында Қазақ хандығының іргетасын қалаған Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіші қайта жаңғырып, биіктігі 36 метрлік Ту тұғыры ашылды.

«Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде. Біз Отанымыз және барлық азаматымыз үшін жауапкершілікті сезінуіміз қажет. Болашағы бар ауылдарды дамытуға баса назар аудару керек. Басты мақсат – олардың өңірлік стандарттар жүйесіне сай болуын қамтамасыз ету». Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бұл тапсырмасы жүзеге асып, Шелек ауылы тұрғындарының қуанышы еселенді. Қайта жаңғырған А.Шымболатов атындағы саябақтың ашылуына аудан әкімінің бірінші орынбасары Айбек Бидаев, аудан әкімінің орынбасары Алтай Досымбаев арнайы барды.

Айбек Дүйсембекұлы жиылған көпшілікті мерекемен құттықтады.

– Бүгін айымыз оңынан туып, тәңір тілекті берген күн. Ендеше азаттығымыздың алтын қазығы, берекеміздің бастауы болған Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік жылдарында ғасырға бергісіз мүмкіндіктерге жол ашылды. Елдің еңсесі көтеріліп, рухы жаңғырды, ауқымды істер атқарылды. Соның бір дәлелі – бүгінгі А.Шымболатов атындағы саябақтың абаттандырылуы – деді А.Бидаев. Кейіннен Алматы облысының, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Елеусіз Сұлтанғазиев саябаққа есімі берілген Ахметжан Шымболатовтың өмірі мен ел мүддесі үшін еткен еңбегін атап өтті. Райымбек және Еңбекшіқазақ аудандарының құрметті азаматы, округтегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбілбек Айтақынов жасалып жатқан игі істердің барлығы тәуелсіздіктің жемісі екенін айтып, бұл қастерлі ұғымды бағалау қажеттігін жеткізді.

Ауыл тұрғындары мен құрметті қонақтар жаңа кейіпке енген саябақты аралап, А.Шымболатовтың ескерткішіне, Ұлы Отан соғысының, Ауған соғысының ардагерлеріне, Желтоқсан оқиғасы қатысушыларының, Семей полигоны мен Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан ардагерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті.

Саябаққа 1996 жылы ауылдың тумасы, комсомол қызметкері, революционер Ахметжан Шымболатовтың есімі берілген. Осы күнге дейін жөндеу көрмеген орталық саябаққа биыл бюджеттен 391 млн теңге қаржы бөлініп, 2,8 гектар саябақ қайта жаңғырды. Саябақта енді шағын футбол, баскетбол, стритбол, балалар ойын алаңдары мен мерекелік сахна тұрғындар игілігі үшін жұмыс істейді.

Түстен кейін аудан орталығында Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінің жанынан бой көтерген Ту тұғырының ашылу салтанаты өтті. Қаракемер ауылындағы 6654 әскери бөлімі оркестрінің сүйемелдеуімен, сарбаздар мемлекеттік Туды тұғырына қондырып, Гимн орындалды. Айбек Бидаев елдің рухын асқақтатып, жастардың бойында патриоттық сезімді арттыратын жобаның ашылуымен құттықтады. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары «Көк Тудың желбірегені» әнін орындап, салтанатты шараның көркін қыздырды.

Аталған жобаға бюджеттен 11 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Премиум строй 2020» ЖШС жүргізген.

Мерекелік шара Есік қаласының орталығында жалғасын тапты. Абай мен Алматы көшелерінің қиылысында орналасқан Қазақ хандығының алғашқы хандары Керей мен Жәнібектің ескерткіші қайта жаңғырып, айналасы абаттандырылды. Монументтің ашылу салтанатына қатысқан Айбек Дүйсембекұлы ескерткіш – ұлтымыздың құндылығы екенін ерекше атап өтті:

– Тәуелсіздік атауы Жәнібек пен Керей хандардың есімдерімен үндесіп жатыр. Керей мен Жәнібек хандар осыдан бес ғасыр бұрын азаттыққа ұмтылып, Шу өзенінің бойында дербес хандықтың туын көтерді. Сол дербестіктің жалғасы – тәуелсіз Қазақстан. Осынау азат таңда ел іргесін қалаған Керей мен Жәнібек хандарымыздың рухына құрмет көрсету – ұрпақ парызы. 2010 жылдары салынған бұл тақтайша 51 млн теңгеге қайта жаңғыртылып, айналасы абаттандырылды. Алғашқы хандардың ескерткішін қайта жаңғырту арқылы жас буын өткеніне үңіліп, тәуелсіздік қадірін білуі тиіс. Сонда ғана ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тауып, егемендік дәуірін аспандата бермек – деді Айбек Бидаев.

Айта кетейік, осыдан 10 шақты жыл бұрын сол кездегі аудандық мәслихат хатшысы Әділбай Талқамбаевтың бастамасымен Керей мен Жәнібек хандарға арналған ескеткіш-тақтайша ашылған болатын. Қайта жаңғырған ескерткіштің ашылу салтанатында марқұмның жұбайы, ардагер ұстаз Айша Сүлейменова осындай мәдени мұралардың қайта жаңғырып жатқанына дән риза екенін жеткізіп, осы жолда еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысын айтты. Шара соңында қонақтар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, хандардың рухына тағзым жасады.

Ескерткіштің құрылысы мен айналасын абаттандыруға бюджеттен 51 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Мердігер мекеме – «Ас Сапа Құрылыс» ЖШС. Ескерткіш жобасының авторы – сәулетші, дизайнер, Алматы облысы дизайнерлер одағының төрағасы Құрманғазы Қадыров.

– Жаңа ескерткіштің мағыналық мазмұны тереңде. Қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірі – шаңырақ. Ескерткіш осы құндылықтармен ұштастыра отырып жасалды. Иілген қос уықтың ортасындағы шаңырақта Керей мен Жәнібек хандар бейнеленді. Бұл – елдігіміздің уығын қадап, шаңырағын көтерген хандарға деген құрметтің белгісі – дейді Құрманғазы Қадыров.

Сардарбек НҰРАДИН.

Оқылды 1077 рет

Соңғы жаңалықтар

Маус 30, 2025

Тазалық тәртіптен басталады

Табиғат – Жаратушының ең көркем жаратылыстарының бірі. Адам күнделікті күйбең тіршіліктен…
Маус 26, 2025

Начало было в 30-х продолжение в…

Если театр начинается с вешалки, завод с проходной, то газета – с людей и событий,…
Маус 26, 2025

Ақпарат айдынында

28 маусым күні елімізде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні аталып өтеді.…
Маус 26, 2025

Көз көрген

1992 жылы Тәуелсіздігімізге жыл толды. Өзіміздің Ата заңымыз, Ел басымыз, Мемлекеттік…
Маус 26, 2025

Мемлекеттік қызмет – мәртебелі…

Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен…
Маус 26, 2025

МВД: Пранки не повод нарушать закон

Министерство внутренних дел обратилось к "пранкерам", передает Polisia.kz. - Уважаемые…
Маус 26, 2025

ІІМ: Пранктар заң бұзуға себеп емес

Ішкі істер министрлігі пранк ұйымдастырып, контент жасайтын азаматтарға үндеу жасады, -…
Маус 25, 2025

Жазғы шомылу маусымы: жағажайлардың…

Алматы облысында жазғы шомылу маусымының басталуына байланысты су айдындарының…
Маус 24, 2025

Алматы облысы әкімінің өкімімен…

Бақытнұр Бақытұлы 1986 жылы туылған, білімі жоғары, 2008 жылы Нархоз университетін…

Күнтiзбе

« Шілде 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет