Тәуелсіздіктің орда бұзар деп жас жігітке айтатын отыз жылында өтпелі кезеңнен бергі уақыттан бері басынан өткеріп, білім беру жүйесін тікелей басқарған әкімнің орынбасары қызметін атқарып, ішкі саясат, білім, мәдениет, өнер, спорт, салаларын бағыттап бағдарлау деген күрделі жұмыстарды ойдағыдай орындаған Бекет Төлегенұлы Ахметов бүгінгі күндері тұрғындардың сайланбалы органы аудандық мәслихаттың хатшысы лауазымында. Төмендегі мақалаТәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында дайындалған.
«Тәуелсіздік – Қазақ үшін ғажап құт, ғажап құтқа жүрмейді енді мазақ түк. Бөрі мінез Бабалардың арманы – айналайын, алтын қанат – Азаттық!» демекші, біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Тәуелсіздікпен бірге еліміз Мәңгілік мұраттарға қол жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтпақшы: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін көрсететін маңызды белес».
Бүгінгі таңда Алаш жұртының асқақ айбары мен ұлы дала аманатын арқалаған қазақ ұлтының ұлы тұғыры – «Мәңгілік еліміз» үшін азаттықтың арайлы таңынан бері тәу етер киемізге айналған Тәуелсіздіктің жаңа жылнамасы, егемен-дігіміздің төртінші онжылдығына қадам басудамыз.
Көш-керуенін жарқын болашаққа бағыттаған еліміздің 30 жылдық жетістіктерінің тарихи жолына жасампаздық істер мен ізденістер арқау болса, бүгінгі тынысына да сондай екпінді леп тән. Осынау ел тарихындағы айрықша маңызды кезең аралығында біз тарихы біте қайнасқан, тағдыры ортақ тұтас халыққа айналдық. «Ынтымақты елдің – ырысы мол» дейді дана халқымыз. Расында да, біз өзіміздің бірлігіміздің арқасында алдымызға қойған мақсат-міндеттерді іске асырып, айқын көзқарас, нақты ұстанымның арқасында мемлекетіміздің тұғырын нығайтып, елдігімізді бекемдеп, жүз жылға бергісіз жолды артта қалдырдық.
Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары еліміздің даму бағытын айқындайтын, қоғамдық қатынастарды нығайтатын сан салалы реформаларды жүзеге асырды. Кезең-кезеңімен жүргізілген тұрақты саясаттың арқасында біз бүгінгі белеске көтерілдік. Қуатты елге айналып отырған Қазақстан азаматтары үшін аспанымыз ашық, көк байрағымыз асқақ болғаннан артық мәртебе жоқ.
Еліміз жүріп өткен даңғыл жолдың, осы бір жетістіктерінің негізінде сан алуан айшықты қолтаңбалар жатыр. Осы күнге дейін мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында қаншама игілікті жұмыстар атқарылды. Алға қойған жоспарларымыз да ұшан теңіз. Сондықтан да ел дамуының әрбір кезеңінде айқын мақсат қойып, оған жетудің нақты жолдарын белгілеп, оны орындауға жұдырықтай жұмылу – баршамыз үшін ортақ міндет.
Осы бір тұста жергілікті өкілді органдар – мәслихаттардың өзіндік орны мен қосқан сүбелі үлесі бар екендігі сөзсіз. Бұл мерзім аралығында облыстық, аудандық мәслихат депутаттары жергілікті жерлерде тұрғындар үшін маңызды біраз істің басын қайырып, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, экономикалық-әлеуметік мәселелерді шешуге ат салысуда.
Өздеріңіз білетіндей, Еңбекшіқазақ – Алматы облысындағы ірі аудан. Қойнауы – құт, елі – жайсаң бұл өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы жалпы облыстың ғарыштап алға басуына сенімді үлес қосуда. Шымын тартсаң – шырыны, түгін тартсаң – түбіті шығатын ырысты жерде бүгінгі күні заман талабына сай кешенді ауыл шаруашылық, өндірістік кәсіпорындар, шағын және орта бизнес салалары нәтижелі жұмыс істеуде.
Сондай-ақ қазіргі таңда билікке деген сенімділіктің деңгейі нақты нәтижелермен тікелей байланыстырылатыны баршамызға аян. Сондықтан да халқымыздың келешегі үшін қажет жүкті жұмыла көтерсе ғана жеңіл болады. Осыған орай, аудан әкімі Әлібек Әскербекұлымен бірлесе отырып, аудандық атқарушы органдар мен мәслихат аудан игілігіне бағытталған ортақ жұмысымызда жаңа міндеттер және зор мақсаттар қойдық. Осы асулар мен белестерді ерекше қарқынмен жоспарлы түрде бағындырып келеміз.
Өздеріңізге белгілі, 2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтті. Науқан қорытындысы бойынша жалпы дауыс беру нәтижесінде 3 саяси партия қажетті ең төменгі шекті 7 пайызды еңсерді: «Nur Otan» партиясы 84,57%, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 7,83%, Қазақстан Халық партиясы 7,43%. Осылайша, «Nur Otan» партиясынан 21 адам, «Ауыл» және Қазақстан Халық партияларынан 2 адамнан мүшелер партиялық тізім бойынша ұсынылып, Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының VІІ шақырылымының депутаты атанды. Депутаттық құрам 84 %-ға жаңарды.
Еңбекшіқазақ аудандық мәслихаттың VІІ шақырылымының депутаты атанған 25 азамат өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін ілкімді істердің тамырына бойлап, сыбана еңбек еткеніне де, міне, бір жылға жуық уақыт өтті.
Халықтың қалаулысы болу аса жоғары жауапкершілік екенін біз жақсы түсінеміз. Сондықтан бүгінгі VІІ шақырылым мәслихатының барлық бағдарлы қызметі тұрғындардың сенімін ақтап, халық пен билік арасындағы «алтын көпір» деген атқа лайықты болуға бағытталып отыр.
Осы аралықтағы үзіліссіз жүргізілген жұмыстардың арқасында, бізге берілген барлық мүмкіндіктерді қажетінше ұтымды пайдалана отырып, мәслихат жұмысының сапасын жақсартуға бағытталған оңды өзгерістер, жаңа бағыттар мен тиімді әдістерді қолдану есебінен бірқатар игі нәтижелерге қол жетізе алдық. Қазіргі таңда мәслихаттың, мәслихат аппаратының және мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың жұмысын барынша ықпалды түрде атқаруға басты көңіл бөлі-нуде. Аудандық мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялар бөлінген бюджет қаражаттарының тиімді және мақсатты жұмсалуы бойынша бақылау жұмыстарын күшейтуде.
Сайлауалды бағдарламаның орындалуын барынша қамтамасыз ету үшін «Еңбекшіқазақ ауданының 2021-2025 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасы: жол картасы» әзірленіп, мәслихатпен бекітілді. Соның нәтижесінде аудан дамуының негізгі бағыттарын айқындауға, осы мерзім ішінде алға қойған міндеттерді сенімді орындаумен қатар, оның сапасына да айрықша көңіл бөлінген.
Сондықтан сайлауалды бағдарламаны іске асырудың жол картасындағы көзделген индикаторлар көрсеткіштерін толық және нәтижелі орындауға бағыттауға баса назар аударылуда.
Бұдан бөлек, әрбір депутат өзінің депутаттық қызметінің барысы туралы сайлаушыларына хабарлап қана қоймай, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы жалпы қоғамды ақпараттандыруда белсенділік танытуда. Мәслихат депутаттары негізінен халықпен тікелей байланыста болатындығын ескерсек, олардың жұмысының барынша ашық әрі қолжетімді болуы өзара сенімділік үлгілерін қалыптастыруға жол ашып, қоғаммен тығыз байланыстыратындығы сөзсіз.
Әрбір мәслихат депутаты Есік қаласы мен ауылдық округтерге бекітіліп, қызметінің белсенділігін анықтау мақсатында рейтингтік карта дайындады. Сонымен бірге арнайы ақпараттық әдістеме әзірленіп, оларды өз қызметіне пайдалануына жағдай жасалуда.
Сессия – мәслихат қызметінің негізгі нысаны. Бұл тұрғыдан ағымдағы жылы аудандық мәслихат өз өкілеттілігінің шеңберінде 12 сессия отырысын өткізіп, аудан бюджетінің қалыптасуы мен атқарылуы, ауданымыздың саяси, экономикалық-әлеуметтік, мәдени дамуына негізделген тиісті салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы есептерді, басқа әртүрлі маңызды мәселелерді қарастыра отырып, 60 шешім қабылдады. Бұдан бөлек, жалпыға бірдей маңызы бар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты мәслихат тарапынан қабылданған 17 нормативтік-құқықтық акт қолданыста. Оларға үнемі талдау жасалып отырады.
Сессиялардың қарауына енгізілетін мәселелерді алдын ала қарау, мәслихат шешімдерінің іске асыруына және бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін мәслихатта 4 тұрақты комиссия құрылған. Комиссия отырыстарында жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігі мен олардың деңгейін анықтауға бағытталған есептері сараланып, ол жөнінде мониторинг жүргізіледі. Бүгінгі таңда тұрақты комиссиялардың жалпы 10 отырысы өтіп, онда аудан тұрғындарының тарапынан түскен сұраныстарға сәйкес өзекті мәселелер қарастырылып, қаулылар қабылданды. Сонымен қатар аудан әкімдігінің ғимаратында да депутаттық қызметті іске асыруға арналған «депутат бөлмесі» ашылды. Онда мәслихат депутаты азаматтарды онлайн немесе офлайн қабылдауды, депутаттық қызметіне қатысты жұмыстарды жүргізе алады.
Бұдан бөлек аудандық мәслихат аппаратының жанынан арнайы тұрақты жұмыс тобы құрылды. Ол жыл бойы елді мекендерге шығып, тұрғындармен «ашық алаң» үлгісіндегі кездесулер өткізіп, түйіткілді мәселелерді анықтап, оған талдау жасайды. Есепті кезеңде бекітілген кестеге сәйкес 4 шығу жұмыстары ұйымдастырылып, аудандағы 80 елді мекен толықтай қамтылып, 150-ден астам кездесу өтті, қорытындысында 300-ден астам мәселе қозғалды.
Тұрғындар тарапынан түскен маңызды ұсыныс пен талап-тілектер бойынша тиісті мекемелерге 24 сауал жолданды. Аудандық сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі жол картасы 22 көрсеткіш пен 318 іс-шарадан тұрады. 2021 жылы аталған бағдарламаның негізгі 7 бағыты аясында 82 іс-шараға қол жеткізу жоспарланған, бұл жалпы көрсеткіштің 18,9%-ын құрайды. Мысалы, энергетикалық қауіпсіздік және жаңартылатын энергия көздерін іске қосу жолында Масақ округінде «ВЭС Нұрлы» серіктестігі құны 1 млрд.546 млн.тенге болатын, қуаты 4,5 мегаватт жел электростанциясын іске қосты. Осы бағытта «Жерұйық Энерго» серіктестігі бүгінгі күні қуаттылығы 50 мегаватт жел электр станциясының құрылысын жүргізуде. Жыл басынан бері 8 жоба іске асырылды, оның ішінде 2260 басқа арналған 3 мал бордақылау алаңы, сыйымдылығы 3600 тонна жеміс сақтайтын қойма іске қосылды, 245 га алқапқа интенсивті бақ отырғызылды. Нәтижесінде 105 тұрақты, 270 маусымды жұмыс орны құрылды. Жалпы, 2021 жылдың 11 айында 4607 жұмыс орны, оның ішінде 2709 тұрақты жұмыс орны құрылған болатын.
«Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде және «Даму» Қорының кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген 3,3 млрд. теңге, шағын орта бизнестегі көрсеткіштердің өсуіне үлкен әсерін тигізді.
Жыл басынан «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 73 жобаға - 2 млрд.733 млн. теңге бөлінсе, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 15 жоба 4517,0 млн.теңге өткен.
Есік қаласындағы 60 пәтерлік 2 тұрғын үй және Шелек ауылындағы 60 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы, Шелек ауылыныңа 237 га және Ақши ауылының 90 га жер учаскесіне жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдары жүргізілуде.
Дегенмен де, әр кезең, кез келген сәт өзінің тарихи жүгі мен әлеуметтік аманатын арқалай келетіні белгілі. Баршамыз үшін коронавирус пандемиясы мен жаһандық экономикалық дағдарыс елеулі сынақ болды. Дегенмен, тұрғындар бізге қашанда зор сенім артады. Сондықтан да жаһандық дағдарыс кезінде ел аманатына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Алты алаштың дарасы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға күш керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деген еді. Сондықтан да алдағы жылдар біздің өңіріміз, жалпы бүкіл әлем жұртшылығы мен еліміз үшін үлкен өзгерістер жылы болмақ. Еліміздің дамуы мен халқымыздың амандығы – бағытты, жүйелі әрі табанды шараларға және біздің тұрақтылығымыздың тұғыры бірлігімізге байланысты. Олай болса, елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы, һәм дара Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Ұлы жолдағы сапарымыз сәтті, болашағымыз жарқын болсын! Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын!
Бекет АХМЕТОВ,
Еңбекшіқазақ аудандық мәслихат хатшысы