Бейсенбі, 14 Қараша 2024 15:06

Ұрпаққа тарту

Жасөспірімдеріміздің сапалы мектепте білім алуы болашақтың жарқын болуына жасалған маңызды қадам екені анық. Әлеуеті зор ауданымызда жыл сайын жаңа мектептердің бой көтеріп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Өткен аптада Рахат ауылдық округіне қарасты саяжайлар аумағында тағы бір үлкен қуаныштың куәсі болдық. Заман талабына сай жаңадан бой көтерген 1500 орындық мектеп ел игілігіне табысталды. Бұл ауданымыздағы биылғы жылы ашылып отырған үшінші білім ошағы.

Ең игі істің бірі – балалардың білім алуына мүмкіндік жасап, мектеп ашу екенін ескерген «Kapital Construction» компаниясының директоры Ринат Оралсейітұлы саяжай халқына үлкен қуаныш сыйлады. Жеке инвестор қаржысымен бой көтерген заманауи үлгідегі «ALTYN ADAM» инновациялық мектебі аудандағы білім саласына қатысты қос мәселенің түйінін тауып, шешімін шығарып бергендей. Біріншісі – саяжайдан Есік қаласына тасымалданып оқитын бес жүзден астам бала ендігі уақытта үйінің жанындағы мектепке баратын болды. Ал екіншісі – 2017 жылы бой көтеріп, бүгінге дейін үш ауысымда білім беріп келген Рахат №1 орта мектебіндегі жүктеме азайып, екі ауысымға көшті.

Осындай үлкен қуанышты жаңалық-тың куәсі болып, мектеп ашылуына ауданның құрметті азаматтары, ардагер ұстаздар, оқушылар мен ауыл тұрғындары қатысты. Жиылған жұртты құттықтап сөз алған Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова:  «Өздеріңіз білетіндей, саяжай аумағында мемлекет тарапынан ешқандай инфра-құрылым қарастырылмайды. Осынау үлкен мәселенің шешімін табуына жәрдемдесіп, «Kapital Construction» ком-паниясының саяжай балалары үшін білім ошағын ашып беруі – үлкен сауапты іс. Аталған компания былтыр қаңтар айында Іле ауданының Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты тағы бір саяжай аумағында мектеп ашқан болатын. Ол да 1500 орындық. Бүгінде онда 2100 бала білім алып жатыр», – дей келе Ринат Оралсейітұлына облыс әкімі атынан алғысын білдірді. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Құрманғалиев қазіргі заманға сай салынған мектеп ғимаратына жоғары бағасын беріп, оқушыларға табыс тіледі.  Алдағы уақытта Талғар мен Іле аудандарынан да мың орындық екі мектеп ашуды жоспарлап отырғанын жеткізген «Kapital Construction» компаниясының директоры Ринат Оралсейітұлы жаңа білім ошағының директоры Ботакөз Шәрібекке мектеп кілтін салтанатты түрде табыстады. Алғашқы қоңырау соғылып, ән мен биден шашу шашылды.

Жаңа ашылған «ALTYN ADAM» инновациялық мектебі жекеменшік бол-ғанымен, мұндағы оқу тегін. Оған қоса, балаларды білімге, спорт пен өнерге баулитын түрлі үйірмелер, халықаралық сатыдағы SAT, IELTS секілді ағылшын тілін меңгеру деңгейі тексерілетін тестке дайындық курстары да ақысыз болмақ. Жаратылыстану пәндері тереңдете оқытылып, балалар STEM-зертханалар мен робототехника кабинеттерінде білімін шыңдайды. Сондай-ақ бүкіл техникамен жабдықталған пәндік кабинеттер, электронды кітапхана, үлкен екі спортзал, хореография залы, мәжіліс залы, үлкен асхана – бәрі-бәрі балалардың сапалы білім алуы үшін жасалған. 2,3 га аумақты алып жатқан үш қабатты білім ордасы бір ауысымда 1500 баланы қамти алатындықтан балалар түске дейін оқу бағдарламасымен оқытылса, түстен кейін бокс, қазақша күрес, шахмат, тоғызқұмалақ, қыш өнері, мүсін өнері сынды түрлі үйірмелерге қатысады.

– Биылғы оқу жылын екінші тоқсаннан бастап отырмыз. Соған қарамастан, 800-ден астам оқушы қабылданып, 75 мұғалім жұмысқа алынды. 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар тегін ыстық тамақпен қамтылған. Тасымал да тегін – дейді мектеп директоры Ботакөз Бөрібайқызы.

«Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді» демекші, жалпы құны 5,6 млрд теңгені құраған зәулім мектепті бүкіл құрал-жабдық, керек-жарағымен қамтамасыз етіп, балалардың болашағы үшін сыйға тарту – нағыз азаматтықтың белгісі. «ALTYN ADAM» инновациялық мектебі орасан еңбектің қайтарымы ретінде болашақта кез-келген саланың үздігі бола алатын, білімі терең, тәлімі биік өрендерді өсіреді деп білеміз.

 

 

Ринат НАРХАНОВ.

Оқылды 609 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаз 06, 2025

Шетелге шығатын саяхатшыларға…

Әлемдік туризмнің дамуы азаматтардың шетелге шығу мүмкіндігін арттыруда. Дегенмен, әрбір…
Қаз 06, 2025

Фортификация дегеніміз не?  

Фортификация – белгілі бір азық-түлік өнімдеріне дәрімендер мен минералдар сияқты…
Қаз 06, 2025

Балық өнімдерінің қауіпсіздігі

Балық және балық өнімдері халық денсаулығы үшін аса құнды тағам болып табылады. Оның…
Қырқ 30, 2025

Бруцеллез-аса қауіпті ауру!

Бруцеллез (сарып) - жануардан адамға жұғатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Бруцеллезбен…
Қырқ 23, 2025

Парфюмерлік-косметикалық өнімдердің…

Парфюмерлік-косметикалық өнімдердің қауіпсіздігі – халықтың денсаулығын қорғау, сапалы…
Қырқ 23, 2025

Педикулездің алдын алу туралы

Педикулез (лат. *pediculosis*) — адамның терісі мен түктерінде паразиттік тіршілік ететін…
Қырқ 23, 2025

Биологиялық белсенді заттарды…

Халықтың денсаулығын сақтау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан…
Қырқ 23, 2025

«Тұрғын үй мен ғимараттарды…

Қоғамдық денсаулықты сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету…

Күнтiзбе

« Қазан 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет