«Оян, қазақ!» деп ұйқыдан оятқан тұлғалар тарихта
сирек. Бірақ тарих – жүрекке жүк артқан тұлғаларды ұмытпайды. Сол тұлғаның бірі де бірегейі – Міржақып Дулатұлы.
Биыл – қазақтың күрескер қаламгері,
ұлт азаттығы жолында өзін де, сөзін де сарп еткен Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл. Бұл тек бір күнді атап өту емес, бұл – ғасырлар көшіндегі ұлт мұратын арқалаған азаматты еске алу. Міржақыпты – сөзбен соғыс ашқан сарбаз деуге әбден болады. Ол қару ұстамады, бірақ қаламы найзадан өткір еді. Халықтың намысы мен ұйқыда жатқан санасын сілкілеу үшін 1909 жылы «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағын
жариялады. Бұны тек кітап деп емес, ұлтқа ұсынылған шындық шоқпары деп қабылдасақ артық емес. Бүгінгі ұрпақ Міржақыпты қалай таниды? Кітаптан ба?
Фильмнен бе? «Оян, қазақ!»
деп рух берген Алаш зиялысын дұрыс дәріптей алып жүрміз бе?
Міржақып Дулатұлы – 1885 жылы 25 қарашада Торғай облысы, Сарықопа уезінде дүниеге келген. Алаш зиялысы, публицист, журналист, қазақтың аса көрнекті ағартушысы, ақын, жазушы, қоғам қайраткері. «Оян, қазақ!» жинағы – әдеби туынды ғана емес, ұлттық оянудың символы. Бірақ кітаптың жаңа басылымдары жарық көрсе де, талдау аз. Оның әр шумағында азаттықтың иісі бар. Бұл кітап халықтың көкірек көзін ашып, отарлық бұғауда отырған елге серпіліс әкелді. Қаламгер ретінде ол өз поэзиясы мен прозасында ұлт мұңын, әлеуметтік әділетсіздікті және теңсіздікті бейнелейді. Жазушының әр мақаласы – майдан. Мектептерде атын атағанмен, жазғандарының мәнін ашпайды. Міржақып ақын ретінде емес, ұлттың тағдырын ішінен сезген ойшыл ретінде де сөйлейді. Бұл туынды –қайраткердің ұлттық образын жасаудың алғашқы қадамы. Оның «ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен, махаббаттан, жанкештіліктен туады» деген көзқарасы бүгінгі мемлекеттік қызметкерден бастап, мұғалімге, студентке дейін бағыт сілтеуі тиіс. Себебі Міржақып – атақ үшін емес, ар үшін күрескен адам.
«Бақытсыз Жамал» романы қазақ әдебиетіндегі алғашқы прозалық үлгілердің бірі ретінде әдебиетіміздің алтын қорына енгенін барша қазақ біледі. Онда әйел теңсіздігі, ескі салттың зардабы мен замана болмысы көркем тілмен суреттеледі. Жазушы мұнда да қоғамдық өзгеріс қажеттігін ишаралап отырады.
Кеңестік бақылауға ілікпеу үшін тілді ашық емес, астарлы қолданғанын барлығымыз білеміз. Тіпті сол кездегі қазақ зиялыларымыз мақалаларын өз аттарымен емес, бүркеншік атпен жариялап отырған.
Алаш алыбы туралы «Міржақып. Оян, қазақ!» атты тарихи, көркем фильм 2023 жылы жарық көрді. 2022 жылы 6 бөлімі экранға жол тартқан телехикая, кейіннен жинақталып, фильм болып үлкен кинотеатрларда көрсетілді. Фильмде «Оян, қазақ!» кітабының шығуы мен алғашқы «Бақытсыз Жамал» романының жазылғаны туралы және ашаршылық кезіндегі саяси қызметі, революциядан кейінгі жылдардағы өмірі туралы көрсетілген. Халықтың жүрегінен орын алған, әлеуметтік желіде талқыға түскен, жастар фильмнен алған әсерлері мен өз пікірлерін жарыса салып жатты. Бұл фильмде Міржақып Ахметті тек идеясымен бөлісетін тұлға емес, ұстаз, аға ретінде құрметтейтінін көрсете алған. Ал Ахмет Байтұрсынұлы Міржақыпқа сенді. Бұл сенім – ұлт алдындағы жауапкершілік еді, олардың артында қалған еңбектері, нақыл сөздері – бір-бірімнен жарысып, я болмаса, бірі қалып, бірі озып емес, қосылып жаңғырып тұр.
Сонымен қатар «Міржақып Дулатұлы» туралы деректі фильмдер де бар. Деректі фильмде мұрағат материалдары берілген. Ондай фильмдерді – тұлғалық емес, танымдық деп қарастыруға болады. Бүгінгі көрермен үшін Міржақыптың образын жанды, психологиялық тұрғыда терең ету керек. Оның бейнесі тек көшбасшы емес, күйінетін жүрек, ұлт болашағын сезінетін адам, қолынан келетінін жасай отырып, бірақ сонымен қатар күмәнданатын ой ретінде болуы дұрыс сияқты.
Міржақып Дулатұлы кітапта – ақын, кинода – көсем, мұрағатта – күрескер, ал халық жадында – толық ашылмаған тұлға десек сын емес шығар. Осы төрт бейне бір-бірінен бөлек өмір сүріп жатыр. Бізге керегі – тұтас Міржақып. Тұлғаның рухы тек ақпарат пен деректен емес, образбен тіріледі десек дұрыс шығар. Бізге жаңа фильм емес, тұтас реконструкция қажет. Міржақып Дулатұлы – шын мәнінде ұлттың зердесінде толық сомдалмаған тұлға. Кітаптағы образы – терең, фильмдегі образы – тарихи, деректі болғанымен, бірақ жансыз. Енді осының бәрі қамтылған Міржақып образы керек сияқты.
Ұлт ұстазы – Алаштың азаматы Міржақыптың әр ісі мен таңдауы – біздің болашағымыз үшін, ұлт тағдыры үшін. Ол әдебиеттен бөлек, саяси күрестің де бел ортасында жүрді. Оның саяси көзқарастары Алаш қозғалысына белсенді араласуынан айқын көрінеді. Ол Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің негізгі идеологтарының бірі ретінде қазақ жерінің тұтастығын, ұлттық автономия мен ана тілді білім беру жүйесін қолдады. Газет беттеріндегі мақалалары мен баяндамалары, үндеулері – нағыз ұлтшылдықтың, терең ойдың жемісі. Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларымен иық тіресе жүріп, ұлт тағдыры үшін жанын беруге дайын болды. Сол үшін Алашорда үкіметінің белсенді мүшесі атанды. Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресі ғасырлар бойы жалғасқан тарихи үдеріс. Міржақыптың есімі ұлттың рухани оянуымен, азаттық идеясымен, әділет пен білім жолындағы күреспен тікелей байланысты. Оның идеялық серіктесі әрі күрескер досы – Ахмет Байтұрсынұлы. Екеуі де қазақ халқының болашағын білім мен бостандықта көрді. Екеуі ешқашан бір-бірінің көлеңкесінде қалған емес, керісінше, бір-бірінің жарығын толықтырған тұлғалар. Өйткені ұлттың ең биік сөзін – Ахмет жазса, сол сөздің жан дауысын – Міржақып айтты десек болады. Міржақып, Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан үшеуінің одағы – қазақ зиялыларының алтын дәуірін тудырды. Білім таратумен қоса, ұлттық бірегейлікті сақтау жолында күресті. Міржақыпты қазақ журналистикасының негізін қалаушылардың бірі, баспасөзді ұлттық рухани қаруына айналдырған саңлақ қаламгер десек ешкім қарсылық танытпас. Себебі оның баспасөздегі қызметі – тек мақала жазумен шектеліп қана қоймай, тұтас ақпараттық майданда күрескер атанды. Бүгінгі журналист болам деген жас ұрпақ Міржақыптың баспасөздегі еңбектерін білуі керек. Оның шындықты айтудағы батылдығы, ұлт тағдырына деген жанашырлығы, мәселеге тек сынмен емес, шешіммен қарауы, қоғаммен тіл табыса білуі – осының бәрі кәсіби журналист үшін баға жетпес үлгі. Бүгінгі журналистика – тек жаңалық тарату емес, ұрпаққа бағыт сілтеу алаңы болғаны дұрыс. Ал бұл жолда Міржақып сынды тұлғалардан үйренеріміз көп. Ол қалам ұстаған емес, ұлтты ұстаған тұлға десек артық айтқандық емес.
Заманның көз сал халіне.
Халқыңның ойла пайдасын,
Өзің үшін налыма…
Басыңды тік бәйгеге,
Бір халқыңның қамына…
Қиянаттан бой тартып,
Шық әділет жағына.
Мына өлең жолдарынан ол азаттық пен әділет жолын таңдағаны белгілі. Ал ол жолдың ешқашан жеңіл болмайтыны барлығымызға мәлім. Түрме, қысым, қуғын-сүргін болса да, алған райынан қайтқан жоқ. Бұлардың ешқайсысы да Міржақыптың рухын сындыра алмады. Осылардан Міржақып Дулатұлының өз тағдырына қарағанда, ұлттың тағдырын таңдаған адам екенін аңғарамыз.
Кеңестік билік орнағаннан кейін Міржақып Дулатұлы қуғын-сүргінге ұшырады. 1928 жылы тұтқындалып, 1935 жылы Соловки лагерінде қайтыс болды. Алайда оның денесін түрме көмсе де, рухын ешкім көмген жоқ. Ресми түрде ақталғанымен, өмір жолы – әділет үшін күрестің, ұлт үшін жанын пида еткен ерліктің айғағы.
Біз кімбіз – Міржақыпсыз? Ол болмаса, бәлкім біз де болмас едік. Бүгінгі еркін ой, азат пікір, тәуелсіз сана – сол Міржақыптар салған іргетастың жемісі емес пе? Ол тек өз заманына қызмет етіп кетпеді, келер ұрпаққа жол салып кетті. Себебі Алаш зиялысы ұлтты бір күндік тыныштықпен емес, мәңгілік еркіндікпен көргісі келді. Соны, мына біз, яғни жас буын түсінсек, Міржақыптың еңбегі зая кетпегені.
Ендеше, Міржақып пен қазіргі заман жастарының рухын салыстырып көрелік. Мысалы, «Оян, қазақ!» жинағы жарық көргенде, Алаш алыбының жасы небәрі 24 жаста болған екен. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине, дегенмен де біздің кейбір 24 жасар жастарымыз, өзінің өмірін ұлт үшін сарп етпек түгілі, өзіне қатысты жауапкершілікті де ала алмайды. Соның салдарынан қоғамда ілгерілеудің орнына, кері кету басым болып жатқаны өкінішті. Қай жағынан кері кету болып жатқанын өздеріңіз саралай жатарсыздар...
Енді осыдан-ақ, бір ғасырда бір туатын Міржақыптай нағыз ерлерді қанша айтсақ та, дәріптесек те, ұрпақтан ұрпаққа ұлт шамшырағы болып қала беретініне ешкім қарсылық білдірмесі анық.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда Міржақып есімі құрметпен аталады. Оның шығармалары ұрпақ санасын тәрбиелеуде маңызды рөл атқаруда. Әлихан Бөкейханов сөзімен айтсақ: «Ұлтқа кызмет ету – білімнен емес, мінезден». Бұл – оның өмірлік ұстанымы еді. Біз үшін Міржақып – мінезбен білімнің, адалдық пен ұлтқа деген шексіз сүйіспеншіліктің символы болып, қазақ халқының жадында мәңгі қала бермек. 140 жыл бұрын Торғай даласында туған ұл – бүгінгі Қазақстанның рухани тірегіне айналды. Уақыт өзінікін алады деп жатамыз, бірақ Міржақып сияқты тұлғалар – тарихтың да, халықтың да жадында сақталатынына кәміл сенеміз. Оның күресі – біздің еркіндік үшін болғанын ұмытпасақ екен!
Аяжан ҒАЗИЗҚЫЗЫ.