Бейсенбі, 23 Қазан 2025 18:07

Кітап оқу – өркениет кепілі

Қоғамның нағыз рухани құндылықтан ажырап, алақандай смартфонға бар уақытын сарп етіп жатқаны жақсылықтың нышаны еместігі анық. Бұл мәселе әсіресе кітапханашыларды алаңдатары сөзсіз. Елімізде жыл сайын қазан айының 24 жұлдызында «Кітапханашылар күні» аталып өтеді. Бұл мереке рухани және мәдени мұраны сақтаушы, асыл мамандық иелерінің еңбегін дәріптеуге негізделген. Осы орайда біз аталған салада сан жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып келе жатқан, Қаракемер ауылдық кітапханасының кітапханашысы Жаңыл Нашырбековамен сұхбаттастық.

– Құрметті Жаңыл Оразбайқызы, өзіңізді тоқырау заманынан кейінгі Қаракемер ауылдық кітапханасын сақтап қалуға зор үлес қосқан жан екеніңізден хабардармыз. Осы киелі салада қашаннан бері жұмыс атқарасыз?

– Мен 2003 жылдан бері Қаракемер ауылдық кітапханасында қызмет атқарып келемін. Ол кезде ол кітапхана бюджеттен қаржыландырылмады. Сол кездегі округ әкімі болған Асыл Байтулақов және марқұм болған кәсіпкер Қазыбай Жылқыбековтің қолдауымен ауыл кітапханасын қайта құрдық. Қызылжар ауылындағы кітапхана жекешеленген соң, сол жердегі кітап қорын жанұяммен бірге Қаракемер мәдениет үйіне көшірдік. 10 053 дана кітапты көшіріп, оны дұрыс орналастыру оңайға соққан жоқ. Әкімдік 1 жыл көмек қолын созды, 2004 пен 2007 жыл аралығында Қазыбай ағамыз жалақымды төлеп отырды. 2007 жылдан бастап бюджетке өттік. Содан кейін қорымызға жаңа кітаптар ене бастады. Бүгінгі таңда кітапханамызда 15 536 кітап қоры бар. Бұрын кітаптардың басым бөлігі орыс тілінде болса, қазір қазақ тіліндегі кітаптарымыз көбейді. Жалпы тоқырау замананында жұмыс жолында мен ғана емес, барлық кітапханашылар көптеген қиындықтан өтті. Қазіргі жағдайымызға мың есе шүкір дейміз.

– Жалпы компьютерлік клубтарға жасөспірімдердің көп баратыны белгілі. Ал кітапханаға барушылар некен-саяқ. Бұл орайда кітапхананың жайлылығы оқырманның көбеюіне әсері бар деп ойлайсыз ба?

– Әрине бар. Ауылымыздан кітапхана ғимаратының бой көтергенін қалайтынымыз анық. Ол да болашақта іске асар деген үміттеміз. Дегенмен де, қазіргі жағдайымыз жаман емес. Мәдениет үйінің директоры Арайлым Мамырбекқызымен етене жұмыс жасап келеміз. Облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Сламбайқызы біздің кітапханамызға жақсы баға беріп, болашақта заманауи талапқа сай етіп жасау үшін жоспарға енгізетінін айтты. Болашақта жүзеге асады деген ойдамыз.

Бұдан бөлек, кітап қорының көп болуы маңызды. Кейде оқырман сұраған кітап жоқ болып жатса ыңғайсызданамыз. Қазіргі таңда психологиялық, детективтік жанрға және қазақ классиктеріне сұраныс көп.

– Кітапханашының кәсібилігі үшін, кітапқұмар болу қаншалықты маңызды? Сонымен қатар жас кітапханашыларға қан-дай кеңес бересіз?

 – Өте жақсы сұрақ қойдыңыз. Кітапқұмар болу – басты талаптың бірі, үлкен маңызға ие деп білемін. Неге десеңіз, кітапханашы кітап іздеген оқырманның сұрағына жауап беруі тиіс. Кітапханаңдағы сан мыңдаған кітапты түгел оқып шықпасаң да, не туралы екенін білу қиын емес. Оқырман сұрап келген кітап жоқ болып жатса, жанры соған ұқсас кітапты ұсына білген жөн. Өз басым кітаптың тақырыбына, авторына, кіріспесіне қарап қандай кітап, не туралы жазылғандығын болжай аламын. Өзім де кітап оқығанды ұнатамын. Бұл қасиеттің кітапханашының жұмысы үшін пайдасы зор.

Кітапханашыға керек қасиеттерге тоқталатын болсақ, төзімділік пен еңбекқорлық қажет. Кітапханашы оқырман сұраған кітапты «білмеймін» демеуі тиіс. Сонымен қатар, кітапхананың ішкі мәдениеті мен тәртібін сақтай білуі керек. Біз жол көрсетушіміз, кейде «қай кітапты оқысам болады?» деп, келетін кісілер бар. Тілдесіп қандай тақырыпты ұнататынын сұрап, керек кітабын тауып береміз.

– Бүгінгі заманда адамдардың алтын уақытын алақандай телефон ұрлап жатыр. Кесірінен кітапқұмар жандар өте сиреп кетті. Осы орайда маман ретінде кітаптың пайдалы тұстарын баян етсеңіз.

– Рас, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін әлеуметтік желіге жүгенделгені алаңдататын мәселе. Ұялы телефонға бей-берекет уақыт өлтіру күллі адамзаттың қауіпті індетіне айналды. Бұл орайда біз ұтылудамыз, кез-келген техниканы пайдамызға ғана жарату керек. Мысалы, кір машинасын кір жуарда ғана қолданғанымыз секілді, телефонды да керек кезінде қолданған жөн деп білемін.

Ал, кітап оқу – адамның сөздік қорын молайтуға, тез тіл табысуға, есте сақтау мен ойлау қабілетінің дамуына, білімді болуына көмектеседі. Оқу – сенімділікті арттырып, стресті азайтады, жан дүниеңді байытады. Ғалымдар да адамзатты кітап оқуға шақырып, табиғи күйге оралу қажеттігін айтып дабыл қағуда. Оқу мен ізденудің бұдан бөлек те пайдасы ұшан-теңіз. «Қай заманда да кітап оқығандар, кітап оқымағандарды басқарады» – деген сөз бар.

Бұл орайда біз де қарап қалмай жоспар бойынша көптеген іс-шараларды ұйымдастырып өткізіп келеміз. Дегенмен де, кітап оқитын жандардың көп емес екендігін жасыра алмаймыз.

– Зиялы қауым өкілдерінен «Абайды оқымаған қазақ қазақ емес» деген мәндегі сөздерін жиі естиміз. Осы орайда кез-келген қазақ кімді оқуға міндетті?

– Бұл сөздер бізге де таныс. Әлбетте Абайды тани білсек, барлығы басқаша болар ма еді. Абайды оқу бір басқа, сөздерінің мағынасын түсіну, оны тану мүлде басқа дүние. «Қазаққа ес кірмейінше Абай ескірмейді» деп жатады ғой. Әр қазақ Абайды тануға, одан бөлек жыраулар поэзиясын, Алаш арыстарын, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, поэзиядан Жұмекен Нәжімеден, Мұқағали Мақатаев, Қадір Мырзаәлі сынды  әдебиеттің марғасқалары қалдырған еңбектермен таныс болуы керек. Нағыз қазына сол тұлғалардың еңбектері. Әдеби тұлғаларды танып өскен жастар көп болса, ел болашағы да жарқын болмақ. Әр қазақ өзінің әдебиеті мен мәдениетін жақсы білуге міндетті.

– Сүбелі сұхбат беріп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін рахмет! Кәсіби мерекеңізбен құт-тықтаймыз!

 

Тілдескен

Ринат НАРХАНОВ.

Оқылды 51 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Құрметті мамандық

Соңғы жаңалықтар

Қаз 23, 2025

Выставка, посвященная Жетысу

В историко-краеведческом музее имени М.Тынышпаева в г.Есике к Дню Республики организована…
Қаз 23, 2025

Мемлекеттік тіл – ортақ құндылық

Қандастар – бұл тарихи себептермен әр кезеңде Қазақстаннан тыс жерлерге қоныс аударып,…
Қаз 23, 2025

От возрождения – к дальнейшему…

Три десятилетия тому назад, 25 октября 1990 года постановлением Верховного Совета КазССР…
Қаз 23, 2025

Құрметті мамандық

Рухани-мәдени байлығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз…
Қаз 23, 2025

Әлеуметтік сала – ізгіліктің алтын…

Қоғамның дамуы мен тұрақтылығы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, адамдардың…
Қаз 23, 2025

Ұлттық өркендеу жолы

XXI ғасыр – цифрлық революция заманы. Бүгінде әлемдегі барлық салалар цифрлық…
Қаз 23, 2025

Әйнекті жууға арналған сұйықтықты…

Таза әйнек — үйдің, автокөліктің де ажары. Дегенмен, әйнекті жууға арналған сұйықтықты…
Қаз 23, 2025

Диспенсерге арналған пластик…

Қазіргі таңда кеңселер мен ұйымдарда, сондай-ақ тұрмыстық жағдайда диспенсерге арналған…
Қаз 23, 2025

Тұмауға қарсы екпе алудың артықшылығы

Тұмау ауа тамшылы және қарым-қатынас арқылы берілетін өте жұқпалы ауру. Тұмаудың…

Күнтiзбе

« Қазан 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет