Сәрсенбі, 19 Қараша 2025 16:56

Ғажайып дәрілерге сенеміз бе?

Соңғы жылдары Қазақстанда халық денсаулығын тез жақсартуды уәде ететін, түрлі атаумен сатылатын күмәнді биоқоспалар мен құрамы жасырын өнімдер ерекше көбейіп кетті. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде күн сайын түрлі «ғажайып» препараттар туралы жарнамалар қаптап тұр. «Аламан», «Витаман», «Ерлерге арналған күш арттырушы табиғи кешен», «Буын ауруын бес күнде жазатын концентрат», «Артық салмақты бір айда кетіретін табиғи формула» сияқты атаулармен ұсынылатын бұл өнімдерге сеніп, ақшасынан да, денсаулығынан да айырылған азаматтар саны көбеймесе азаймай отыр.

Алаяқтар адам психологиясын жақсы зерттеген. Олар кез келген адамның әлсіз тұсын дәл табады. Біреу буын ауруынан шаршаса, енді бірі арықтағысы келеді, үшіншісі ерлер денсаулығына байланысты жасырын проблемаға тап болған. Осындай жағдайда «тез нәтиже береді», «қайталанбас табиғи құрам», «дәрігерлер жасырған әдіс» деген ұрандар адамның үміті мен сеніміне әсер етіп, оларды жалған өнім сатып алуға итермелейді. Бұл – медициналық сауаттылықты төмен деңгейде пайдалану арқылы жасалатын алдау әдісінің заманауи үлгісі. Сондай-ақ жалған желеуге алданған адамдар, алданғанын ешкімге айтқысы келмей, ұялатын болғандықтан, жалған дәрігерлердің құрығы ұзарып отыр.

Қазіргі интернет алаяқтары қарапайым жарнамамен шектелмейді. Олар жалған сайттар жасайды, танымал дәрігерлердің суретін пайдаланып фейк пікірлер жариялайды, тіпті медициналық мекемелердің логотипін қойып, қолдан жасалған сертификаттар ұсынады. Әлеуметтік желіде жарияланған пікірлердің басым бөлігі шынайы емес. «Менің әкем жазылып кетті», «Бір курс ішкен соң өзімді жақсы сезіндім», «Осы өнімді дәрігерлердің өзі ұсынады» деген сияқты пікірлердің көпшілігі автоматты түрде жазылған, не жалдамалы аккаунттар арқылы таратылған ақпараттар. Ал пайдаланушы шынайы пікір мен қолдан жасалған ақпаратты ажырата алмай, сенімге алданады. Бұған тіпті өнер жұлдыздары жаппай атсалысуда. Қомақты ақша төлесе керек, бүгінде екі әншінің бірі, немесе танымал актерлар, намазхан азаматтар мен хиджабтағы әйелдер жалған өнімдерді жанталаса жарнамалап, құйтырқы әрекеттерге арланбай баруда. Жалпақ жұртты жанды жерінен ұстап, шығынға ұшыратуға олардың да үлесі мол болып отыр.

Көптеген азаматтар бұл өнімдерді алдын ала төлеммен сатып алады. Жиі кездесетін жағдай – тауар мүлдем келмей қалады. Кейде келсе, қолдағы жарнамамен мүлде сәйкес келмейтін арзан, сапасыз, құрамында не бар екені белгісіз қорапты жібереді. Алаяқ компаниялар көбіне шетелдік нөмірлерді немесе уақытша байланыс арналарын пайдаланады, сондықтан оларды қадағалау да, жауапкершілікке тарту да қиын.

Жалған өнімдерге алданғандардың айтуынша, бір қораптың бағасы әдетте 20-30 мың теңгенің айналасы болса, кейде «Ем толық нәтиже беруі үшін тағы мына қоспаны алуыңыз керек» деп тағы да бірнеше рет ақша алдыртады. Осылайша кей азаматтар 100-200 мың теңгеден астам шығынға батып, артынан бармақ тістеп қалады. Жасы үлкен кісілер, ауыл тұрғындары және интернетте алдау әдістерін жақсы түсінбейтін адамдар алаяқтардың басты нысанасына айналған.

Ең қауіптісі – мұндай өнімдердің қоспасы нақты көрсетілмейді, көбіне өндірушісі белгіленбейді, құрамындағы заттар ғылыми зерттелмеген. Олар Денсаулық сақтау министрлігінің ресми тізіміне енгізілмегендіктен, сапасы мен әсері үшін ешкім жауап бермейді. Бұл өнімдерді қолданғаннан кейін қысымның күрт көтерілуі, жүрек қағысының жиілеуі, асқазан-ішек жолының бұзылуы, аллергиялық реакциялар сияқты күрделі жағымсыз әсерлер жиі кездеседі. Дәрігерлер мұндай жағдайлар көбіне бүйрек пен бауырға салмақ түсіретін жасырын стимуляторлар мен белгісіз химиялық заттардан болатынын айтады.

Дәрігерлердің айтуынша, «бәріне бірдей ем болатын» әмбебап дәрі деген түсініктің өзі қате. Әр адамның диагнозы, ағзасының ерекшелігі, созылмалы дерті, жасына қарай емдеу тәсілі әртүрлі болуы керек. Медицина нақты диагностика мен зерттеуге сүйенеді, ал күмәнді биоқоспалар бұл талаптың ешқайсына сай емес. Сондықтан мұндай өнімдерге сену тек денсаулықты нашарлатуға әкеледі.

Осы тақырыпқа байланысты медицина саласының ардагері, білікті дәрігер Тынымбике Гелманқызының пікірін сұрадық.

– Мен бүгінгі медицинамыздың ахуалын мақтамаймын, нашарлап тұрғанын білемін. Қарапайым адам үшін дәрігердің қабылдауына жету қиынға соғып жататыны анық. Айта берсек олқылық көп, соның салдарынан болар, аңқау елге арамза молда көбейді. Небір әртістер мен блогерлердің жарнамасынан көз сүрініп жатыр. Теледидардан «Қара зере» майы бүкіл ауруға ем деп жатады. Осы сарында небір атаумен көптеген өнім тарап жатыр. Егер солардың айтқаны рас болса барлық дәріхана мен ауруханаларды жабайық.

Мен 1975 жылы жоғарғы оқу орнын аяқтағалы, медицина саласында жұмыс жасап келемін, оқыған, қаншама тәжірибеден өткен маман ретінде ешқандай жарнамаға сенбеймін. Адамдар бір аурудың түрімен ауырғанымен, әрқайсының ағзасы  әртүрлі келеді. Дәрігерлік зерттеуден өтіп, сырқатының нақты себеп-салдарын анықтап, ем жасаған абзал. Медицина жарнама жасайтын мамандық емес. Дамып жатыр дегенімізбен бұл қыр-сыры көп сала. Шешімі, құпиясы ашылмай жатқан қаншама дүниесі бар. Мініп жүрген автокөліктеріңіздің уақыт өте бұзылып жататыны секілді, адам ағзасы да дәл солай қартаяды. Кезінде ұстаздарымыз: «50 жастан асқан адамға биологиялық белсенді қоспаны жазып бермеңіздер, себебі 50-ден асқан жандар күйзеліске түссе, аш жүрсе, суық өткізсе, қолайсыз жағдайға тап болса адам денесіндегі рак клеткаларын ояту ықтималдығы жоғары болады» дейтін. Қазір бұл методиканы қолданып жатқанын байқамаймын. Кез-келген адамның туғаннан бастап бойында рак клеткалары, түрлі созылмалы аурулардың ошақтары болады. «12 жасқа дейінгі балаларды рентгенге жолатпау керек» дейтін, қазір бәрі басқаша.

Жалпы әр адам өз денсаулығына өзі мән беруі керек. Қазақ айтады «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде, – дейді, ауданымызда денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер дәрігер.

Алаяқтар көбіне адамның қорқынышын пайдаланып, «Сіздің жағдайыңыз күрделі болуы мүмкін», «Тез шешім қабылдамасаңыз ауру асқынады» деп қысым жасайды. Сонымен бірге «Жеңілдік тек бүгін», «Тауар саны шектеулі», «Соңғы партия» деген манипуляциялық тәсілдер арқылы жедел шешім қабылдатуға тырысады. Бұл – әлем бойынша қаржы алаяқтарының ең көп қолданатын әдістері.

Көптеген азаматтар алдымен осындай өнімдерге сеніп уақыт жоғалтып, кейін ауруы асқынып, дәрігерге кеш жүгінеді. Бұл – медициналық уақыт деген өте құнды ұғымның босқа кетуі. Әсіресе ерлер денсаулығына қатысты мәселелерде уақыт жоғалту ауруды күрделендіретіні белгілі. Сондықтан дәрігерлер белгісіз өнімге сенгенше, кәсіби тексерістен өтудің әлдеқайда маңызды екенін ескертеді.

Мұндай жағдайлар тек жеке адамдардың емес, қоғамның мәселесіне айналды. Денсаулық сақтаудың беделіне нұқсан келіп, адамдар нақты медицинаға емес, интернеттегі жалған ем-домға сенуді әдетке айналдыруы мүмкін. Сондықтан қоғамда медициналық сауаттылықты арттыру, алаяқтарды әшкерелеу, күмәнді өнімдер туралы ақпаратты ашық тарату – аса қажетті шара.

Кейбір кісілер мұндай жағдайға ұшыраудың себебі, еліміздегі медицинаның сапалы қызмет көрсетпеуінен деп есептейді. Бұл сөздің де жаны бар шығар. Ұзын-сонар кезек пен есепсіз шығынды туындататын біздегі ақ халатты жандардың, сапасыз қызмет пен медициналық сақтандыруды талап ететін заңымыз да  алаяқтардың өрісін кеңейтуге үлес қосып жатқандай. Айта берсек медицинамыздың халыққа қолайсыздық тудыратын ақсап тұрған тұстары аз емес, сірә.

Дегенмен, әлеуметтік желідегі жарнамаларға сену – үлкен қателік. Себебі әдемі сөйлей білетін таныс асабалардың да үстіне ақ халат киіп, өнімді жарнамалап тұрған видеосын көріп қаламыз. Қазақстан заңнамасы бойынша, қандай да бір биологиялық белсенді қоспаны, витаминді немесе емдік қасиеті дәлелденбеген өнімді дәрі сияқты көрсетіп, халықты шатастыруға болмайды. Себебі, жарнама туралы заңда «Жарнама міндетті түрде шынайы, дәл және тұтынушыны адастырмайтын болуы тиіс» деп нақты жазылған. Соңғы жылдары күмәнді өнімдерді насихаттауға қатысқандардың жалған ақпарат таратуы бойынша жауапкершілігі де күшейтілді. Егер жарнамада өнімнің қасиеті асыра мақталып, шипасы дәлелденбеген болса, бұл көрінеу жалған жарнама болып саналады және әкімшілік айыппұл салынады, ал тұтынушы алданған жағдайда өтемақы талап ете алады. Биологиялық қоспаларды жарнамалауда қарсы көрсетілімдер, жанама әсерлер және «дәрі емес» деген ескерту міндетті түрде көрсетілуге тиіс, ал мұндай мәліметтерсіз жасалған роликтер, әсіресе танымал тұлғалар қатысқан жарнамалар, заң талаптарын бұзу ретінде қаралады. Сондықтан заң кез келген адамға – өндірушіге де, жарнама берушіге де, оған қатысқан өнер адамдарына да халықты адастыратын жарнама үшін жауапкершілік жүктейді. Алайда, бұл заң да әлсіз орындалып тұрған секілді. Нақты жұмыс жасаса мұндай өнімдерге рұқсат берілмес пе еді?

Денсаулық сақтау саласының білікті маманы, терапевт дәрігер Қуаныш Мақсұтұлы да бұл тақырыпқа өз пікірін білдірді.

– Бүгінде адамдардың интернет арқылы «ғажайып ем» іздеуі жиілеп кеткені рас. Бұл – тек Қазақстанда емес, әлемдік деңгейде байқалып отырған құбылыс. Бірақ шынайы медицинада тез нәтиже, бір апталық керемет өзгеріс деген ұғым жоқ. Әсіресе, құрамында не бар екені белгісіз қоспаларды қолдану ағзаға ауыр салмақ түсіреді. Бізге күн сайын дәл осындай өнімдерді пайдаланғаннан кейін асқынған жағдаймен келетін науқастар түсіп жатады. Кейбірі бауыр ферменттері көтеріліп, бүйрек жұмысы бұзылып келеді, тағы бірі қан қысымының кенеттен жоғарылауынан зардап шегеді. Бұл – дәлелденбеген, бақылаудан өтпеген заттардың тікелей салдары. Сондықтан халыққа айтар кеңес – жарнаманың жетегінде кетпеу. Қандай да бір мәселе мазаласа, өз диагнозын нақтылап, арнайы маманға қаралып, тек ресми түрде тіркелген препараттарды ғана қолдануы тиіс. Денсаулық – тәжірибе мен ғылымға сүйенетін сала. Оны әлеуметтік желідегі жалған уәделерге сеніп қатерге тігуге болмайды, – дейді.

Бұл тақырыпты көтерген себебіміз, жарнамаға сеніп, өнім алған адамдардың денсаулығында уақытша әсерден басқа, ешқандай жақсару болмаған. Керісінше сол жалған дәрілерге тәуелділігі арта түскен. Бүгінгі ақпараттық дәуірде денсаулықты жарнама емес, нақты зерттеу мен дәрігер айтады. Ерлер денсаулығын күшейтетін, немесе өзге де ауру-сырқауды бір мезетте емдеуді  насихаттайтын жасырын өнімдерден алыс болу – әр адамның өзіне жасайтын ең үлкен жақсылығы. Денсаулықты «ғажайып қоспа» емес, кәсіби дәрігер, дәл диагностика және ресми тіркелген препараттар ғана қорғай алады. Кез келген күмәнді ұсынысқа сақтықпен қарау – алаяқтықтан қорғаудың ең тиімді жолы. Ең абзалы денсаулықты күтіп, дұрыс тамақтану мен саламатты өмір салтын ұстану – басты байлығыңыздың кепілі. Алаяқтардың тұзағына түспей, сенімді жолды таңдау өз қолыңызда, құрметті оқырман.

 

Ринат НАРХАНОВ.

Оқылды 8 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Ғасырлар үні: Қазақ тілінің даму белестері

Соңғы жаңалықтар

Қар 24, 2025

Ауыз су сапасына қойылатын талаптар

 Адам өмірінің басты тіршілік көзі — су. Су адам ағзасының шамамен 60–70%-ын құрайды және…
Қар 24, 2025

Терінің жұқпалы саңырауқұлақ аурулары

Терінің саңырауқұлақ аурулары – теріні, тырнақты және шашты зақымдайтын саңырауқұлақтан…
Қар 24, 2025

Мемлекеттік бақылау және қадағалау…

Мемлекеттік бақылау және қадағалау — қоғамдағы қауіпсіздік, сапа, құқықтық тәртіп және…
Қар 20, 2025

Тұрақтылықтың стратегиялық бағдары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының…
Қар 19, 2025

Ғасырлар үні: Қазақ тілінің даму…

Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани өзегі. Ол ұлттың дүниетанымын, мәдениетін, тарихын…
Қар 19, 2025

Малыбай батыр

Шелекке таяу тау етегінде Малыбай деген ауыл бар. Бұл елдімекеннің Малыбай аталғанына үш…
Қар 19, 2025

Батыр атындағы саябақ ашылды

Жақында Малыбай ауылында Малыбай батыр ұрпақтарының демеушілігімен салынған жаңа…
Қар 19, 2025

«Оян, қазақ!» – ұлт рухының ұраны

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін…
Қар 19, 2025

Талпынған жетер мұратқа

ҚР Президенті Қ.Тоқаев: «Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашан да ерекше. Ұлт тағдыры…

Күнтiзбе

« Қараша 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет