Архив десе есімізге Мұқағали Мақатаевтың Фариза Оңғарсыноваға жазған өлеңіндегі: «Біздерді де жоқтайтын жан болса егер, шаң басқан архивтерден табылармыз», – деген өлең жолдары оралады. Әрбір тұлғаның өзінің тарихы, тағдыры бар. Жылдар өткен сайын тарихи тұлғаның іздеушілері, жоқтаушылары молая түсетіні шындық. Ал барлық тарихи ақпараттар архивте сақталатыны анық. Сондықтан да бүгінгі күндері архив ісінде жеке адамның қор құрамын жинақтау, сақтау және зерттеу келелі істердің бірі болып саналады.
Мемлекеттік архивтің бас-ты міндеттерінің бірі – архив қорын жеке адамдардың құжаттарымен толықтыру болып табылады. Архивтің негізгі міндеттерін атқаруда Алматы облысының мемлекеттік архиві Еңбекшіқазақ филиалының да атқарып отырған еңбегі ауыз толтырып айтарлықтай. Сөзімізге дәйек ретінде №294 «За доблестный труд» медалінің иегері, ҚазССР оқу-ағарту ісінің үздігі, туризм және өлкетанудың академигі, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Тоқтасын Мұсабайұлы Тұяқов пен №292 белгілі ұста, зергер, ақын, Қазақстан суретшілер одағы мен дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақстан Лениндік комсомолы сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», көптеген халықаралық фестивальдардың дипломаты, «Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы», «Ауданның танымал туындыгері» Даркембай Шоқпарұлының жеке қорларын айтуға болады. Архив құжаттары бойынша, жеке қор құрамына қолжазбалар, хаттар, қор құрушының жеке және тұрмыстық құжаттары, ғылыми шығармашылық және қоғамдық қызметі барысында жинақталған құжаттық материалдары, қор құрушының еңбектеріне қажетті жинақталған материалдар, мүліктік-тұрмыстық сипаттағы заттар, жинаған коллекциялары, туыстарының және өзінің жеке суреттері кіреді. Сонымен бірге жеке қор құрамына жеке қор құрушы адамның тірі кезінде немесе қайтыс болғаннан кейін жазылған естеліктер, мақалалар, өлеңдер, еңбектеріне жазылған рецензиялары, оның шығармашылығын насихаттаған материалдар енгізіледі.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, жеке қор құру әрбір тұлға үшін маңызы жоғары іс екенін көруге болады. Өйткені өмірден өткен белгілі тұлғаның еңбектерін зерттеу, зерделеу, оның істеген істерін кейінгі ұрпаққа үгіттеу мақсатында, тұлғаны зерттеуші осы архивтегі жеке қордан көптеген материалдармен танысады және өзі зерттеп отырған адамына қатысты тың деректерменде қауышуы мүмкін. Сол үшінде жеке қор құру өте маңызды. Жоғарыда біз тілге тиек еткен Тоқтасын Тұяқов пен Даркембай Шоқпарұлының жеке қоры, жеке тұлғалар үшін жеке қор не үшін керек дегенге жауап бола алады. Осы жерде оқырмандардан «Т.Тұяқов пен Д.Шоқпарұлы кім?» деген сұрақ тууы да мүмкін. Сондықтан жеке қор құрушы екі тұлға туралы азырақ аялдай кетуді де жөн көрдік.
Тоқтасын Мұсабайұлы 1939 жылы 12-наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Қорам ауылында дүниеге келген. Балалық шағы от пен оқтың арасында өмір үшін күресетін соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. 1958-2011 жылдар аралығында ұзақ жыл Қорам орта мектебінде дене шынықтыру, спорт, туризм бойынша мұғалімдік қызмет атқарады. Жастардың рухани әлемін байыту мақсатында 2001 жылы 21 желтоқсанда Қорам орта мектебінің директорының №24 бұйрығымен қоғамдық негізінде құрылған мұражайда, Тоқтасын Тұяқов мұражай меңгерушісі қызметін қоса атқарды. Шелек архивінде сақталып тұрған Тоқтасын Тұяқовтың баспа беттеріне жарияланған мақалалары, құттықтау қағаздары, грамоталары, дипломдары, жеке фотосуреттері, өмірбаянына қатысты құжаттар, оқу-әдістемелік кітаптары және жеке басына қатысты құжаттарды 2020 жылы Тоқтасын Тұяқов өзі өткізгенін айта кетуге болады. Архивте жеке қор болып сақталып тұрған Т.Тұяқовтың құжаттары үлкен екі бөлімнен, үлкен екі бөлімнің бөлімшелері барында еске сала кетеміз. Бүкіл өмірінде елінің, жерінің болашағы үшін аянбай еңбек еткен Т.Тұяқов 2021 жылы 10 қарашада дүниеден өтті. Артына өшпес, өлмес мұра қалдырған есіл азаматтың өмірі мен еңбектерін зерттеймін деген жандар үшін, Шелек ауылындағы архивте сақталған Т.Тұяқовтың жеке қоры асыл қазына, рухани мол байлық болып саналады.
Шелек архивінде жеке қоры сақталған тұлғалардың бірі – Даркембай Шоқпарұлы. 1946 жылы 23 мамырда дүниеге келген Даркембай Шоқпарұлының да тағдыры соғыстан кейінгі қиын жылдарға тура келеді. Әкеден көрген өнерді жалғастырып, бұл өнерді ұрпақтар жадынан өшірмей, дамыта түсу үшін 1996 жылы Ақши ауылында дарынды балаларға арналған «Асыл» мектебін ашты. Шәкірт тәрбиеледі. Бүгінгі күні Даркембай Шоқпарұлының өнегесін алған, қолөнерін жалғастырып жүрген шәкірттерінің көздің жауын алатын туындыларын Шелек тарихи-өлкетану музейінен де кездестіруге болады. Бүгінгі күні облысымыздың абыройын асқататып, беделін көтеріп отырған Ақши ауылындағы «Ұста Даркембай атындағы облыстық қолөнер» музейінің де жетістігі мол. Сонымен бірге ҚызПУ-дың «Ақтұмар» мұражайыда осы Даркембай Шоқпарұлының шығармашылығына арналған. Даркембай Шоқпарұлы тек ұста, зергер ғана емес, қара өлеңнің шебері. Оған куә – артына қалдырған том-том жыр жинақтары. Қазақтың тума талант дарыны, қолөнер ісінің көркем шебері, зергер ұстаз Дәркембай Шоқпарұлының қолтаңбалары, 14 томдық өлеңдер жинағы, баспа беттеріне жарияланған мақалалары, құттықтау қағаздары, грамоталары, дипломдары, жеке фотосуреттері, өмірбаянына қатысты құжаттар, оқу әдістемелік кітаптары, лекциялары және жеке басына қатысты құжаттарды, Дәркембай Шоқпарұлының қайтыс болуына байланысты мерзімді басылымдарға шыққан қоштасуларды архивке әкесінің жолын қуып, халыққа қолөнерді дәріптеп келе жатқан Дәркембай ұстаның ұлы Дәулет Шоқпаров өткізген болатын.
Біз бүгінгі мақаламызда екі тұлғаның, Тоқтасын Тұқовтың өзі өткізген жеке қорын және Даркембай Шоқпарұлының ұлы Даулет Шоқпаров өткізген қорды тілге тиек етіп отырмыз. Бұны айтудағы басты мақсатымыз – әрбір жеке тұлға өзі келіп, болмаса қайтыс болып кеткен кісілердің балалары келіп архивтен жеке қор ашуға болатынын ескертеміз. Жеке қор өткізу үшін қор құраушының өмірбаянына қатысты құжаттар, қор құраушының қызметі мен қоғамдық қызметі нәтижесінде жинақталған құжаттар, жеке, қызметтік, отбасылық хат алмасулар, шығармашылығына байланысты құжаттар, қор құраушы құжаттар, қор құраушының қорында жатқан өзінің жұмыстарына қажетті және керекті тақырыптарға байланысты жинаған құжаттар, қор құраушыға сый жазбаларымен берілген кітаптар, брошюралар, фотосуреттер, бейнелеу құжаттары қажет.
З.УМБЕТАЛИЕВА,
Еңбекшіқазақ филиалының архивисті.



