Отбасы – мейірім мен махаббат мекені әрі кішкентай періштелердің қауіпсіз, жылы орны. Отбасы – әке мен ананың сыйластығы мен даналығынан, жауапкешілігінен, қамқорлығынан, мейірімінен тұратын қорған.
Статистикаға сүйенсек, 2024 жылы 40,5 мың ерлі-зайыпты ажырасқан екен. Бұдан бөлек азаматтық некеден туған балалар, әкесіз дүниеге келгендер, сәтсіз отбасылар қаншама... Қаншама бала отбасы ұғымынан айырылды. Бұл алаңдатарлық мәселе.
Бүгінде мен «Отбасы» тақырыбында оқушылар арасында сұрақ қоюдан, отбасы туралы тақырыптан жасқанатын болғанмын. Қазіргі жастар балаларға дұрыс тамақтану, кітап оқу, спортпен шұғылдану тұрғысынан ауыз толтырып айтарлықтай жақсы ата-ана болуға тырысып-ақ жүр. Десек те, ажырасу мен әлеуметтік проблемалар да тыйылар емес. «Сабақ барысында оқушыларға отбасы туралы айтылғанда, кейбір балалар не ойлайды екен? Күндіз-түні телефоннан бас алмайтын ата-ана ма? Қолы қалт етсе анасын соққыға жығатын, отбасының берекесін алатын әкесін бе? «Өзіңді дамытқа» салып, отбасын мүгедек жасағандар ма?» – деп, өзімді жегідей жеймін. Кей оқушының күйігін одан ары өртеймін бе, басқа балалар отбасын бақытқа толы жанарымен әңгімелегенде жаралы жүрегін езгілеймін бе деп қорқамын. Өкінішке қарай, қазір балалардың 70 пайызын отбасы емес қоғам, әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Ғаламторда әкесінің қолынан қаза тапқан 15-жасар қыз, әйелін тірідей өртеген күйеу, мектепте оқып жүріп екі қабат болған оқушы, санасы төсектен алыстамаған жасөспірім, аузы боқтық сөзден босамаған бозбала тәрбиелеп жатыр. Ащы болса да, шындық – осы. Бұндай жағдайда тәрбиеленген балалар ертең қандай тұлға болады екен?
Бүгінгі бала – ертеңгі тұлға. Біз тәрбиелеген балалар ертең мемлекет мінберінде заң шығарады, бір отбасын тізгіндейді, қоғамның бір мүшесі болады. Бүгінгі қамсыздықтың залалынан бармақ шайнап, у ішер халге түсеміз бе деп қорқамын. Ерте жастан баласына тек материалдық махаббат көрсететін ата-ана, ұялы телефон алып беріп, сол күннен бастап баласын тәрбиелеуді «Tik-tok» пен «Instagram» сынды желілерге тапсырады. Әу бастан баласы мазаламаса болғаны. «Не көріп жатыр, не ойнап жүр, үй тапсырмаларын «Сhat GPT» орындай ма?». Әйтеуір ми тыныш, бейқам ата-ананың баласы ертең өз баласына қандай отбасылық құндылықты дарытар екен?
Балаларымыздың дұрыс тәрбие, жақсы білім алуына жағдай жасайық. Әр бала – біздің ортақ жобамыз болғандықтан, қоғамды түзетуді, бала тәрбиесін қолға алуды өзімізден бастайық. Әлеуметтік желіні де, гаджетті де тиімді пайдаланудың жолдарын үйрете отырып, сенсорлық қоғамның өнертапқыштарын тәрбиелейік.
Оянатын уақыт келді жастар, терең ұйқыда жатқан ересектерді оянуға шақырамын. Баламыз «Менің демалыс күнім», «Менің отбасым», «Менің әкем», «Менің анам» деп шығарма жазғанда ұялмайтындай, жалған сөз қоспай, бақытты балалығын айта алатын болсын!
Ақбота ТЛЕУКЕНОВА
Т.Кенжебаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі.



