Жақында ауданымызға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов келіп, денсаулық сақтау, мәдениет және білім саласы қызметкерлерімен кездесті.
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен жиынға аудан басшысы Бинәлі Әбдіқапасұлы, облыстық Достық үйінің директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, аудан әкімінің бірінші орынбасары Айбек Бидаев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, мектеп директорлары мен медицина қызметкерлері қатысты. Алғашқы болып сөз кезегін алған мәжілісмен жиылғандарды жаңа жылмен құттықтап, тарихи оқиғаларымен есте қалған ескі жылға тоқталып өтті.
– Өткен жыл мемлекетіміз үшін ерекше жыл болды. Елімізді осындай дәрежеге жеткізіп, дамуы жолында жетекші рөл атқарған Елбасы Н.Назарбаев өзінің өкілеттілігін тоқтатты. Осы тұста Нұрсұлтан Әбішұлының ұзақ жылдар бойы жүргізген жүйелі кадрлық саясаты өзінің жемісін беріп, Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы болып сайланды. Елбасы Қасым-Жомарт Кемелұлын Мәскеуде қызмет етіп жүрген жерінен елге алып келіп, сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындады. Кейіннен, министр болып, үкіметті де басқарды. Сенаттың төрағасы болып абыройлы еңбек етіп, өзінің дипломатиялық қабілетінің арқасында Біріккен Ұлттар ұйымы бас хатшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. Әлемдік саясатта тәжірибе жинақтаған ол елге оралып, сенатқа төрағалық етті. Президенттің міндетін атқарып, сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылда біршама игі істердің ұйытқысы бола білді – деген Сауытбек Абдрахманұлы қоғамдағы өзекті мәселелерді де тілге тиек етті.
– Биылғы жылдың жағымды жа-ңалықтарының бірі – көпбалалы отба-сыларға төленетін жәрдемақы. Жыл басынан бері отбасының табысына қарамастан төрт немесе одан да көп балалары бар отбасыларға бала санына қарай 42 500 теңгеден жоғары жәрдемақы төленеді. Меніңше, бұл өте дұрыс шешім. Себебі, Түркістан облысында атаулы көмектің көлемі көбейтілген кезде облыс бойынша ажырасу көрсеткіші екі есеге өскен. Әрине, мұның барлығы мемлекеттен берілетін көмекке қол жеткізу үшін істеліп отыр. Адамдар атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін түрлі айла қолданып, табысын жасырды. Тіпті, сол үшін тұрақты жұмысынан шыққан азаматтар да жоқ емес. Алайда, осындай әрекеттердің басым бөлігі әшкере болды – деп, еңбектің наны тәтті екендігін жеткізді Сауытбек Абдрахманов.
Жиын барысында қоғамның өзекті мәселесі – латын әліпбиі де сөз болды. Мәжілісменнің айтуынша, латын әліпбиін зерттеп, жетілдіру Білім және ғылым министрлігі, оның ішінде, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл зерттеу институты тұрғанда Мәдениет және спорт министрлігіне берілген. Негізгі себеп, сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қазақшаға шорқақтығы еді. Мұндағы фонетика, лексика, морфология сынды ғылыми мәселелер мәдениет пен спортты насихаттайтын мекемеге берілді. Осы күнге дейін үш нұсқасы ұсынылып, төртінші нұсқасы жасалу үстінде. Президенттің тапсырмасы бойынша, 2025 жылға дейін латын қарпіне ауысуымыз керек. Сондықтан ешқайда асығудың қажеті жоқ. Әлі де, әліпби бекітілген жоқ, жаңа нұсқа енгізілуі де ғажап емес. Осыны айтқан Сауытбек Абдрахманұлы латын әліпбиімен жазылған жер-су аттарының маңдайшалары әлі өзгертілуі мүмкін екендігін айтты.
Кездесу барысында ұлағат иелерінің де мәселесі көтерілді. Өткен жылдың тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы ұстаздардың жалақысын алдағы төрт жылда екі есеге арттыруды тапсырған еді. Биыл жыл басынан ұлағат иелерінің айлығы 25 пайызға көтерілді.
Сауытбек Абдрахманов медицина саласында болып жатқан жаңалықтарға да тоқталып өтті. Жақында еліміз бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру іске қосылады. Қазіргі таңда Қарағанды облысында пилоттық жоба ретінде сынақтан өткізілуде. Сонымен қатар, көпшіліктің көкейінде жүрген вакцинация жайы да сөз болды. Сөзіне сүйенсек, былтырғы жылы екпе жасатудан бас тартатындар саны 2017 жылмен салыстырғанда 29,9 пайызға артқан. Ал оның 10 пайызы вакцинацияның сапасына сенімсіздік танытқан. Осыған орай, заңға өзгертулер енгізу көзделіп отыр. Заңдағы «балалар екпе алуға құқылы» деген тұсты «міндетті» деп ауыстыру мәселесі қарастырылуда.
Кездесу соңында аудан басшысы Бинәлі Әбдіқапасұлы ауданымыздағы білім мен денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерге тоқталып, әлеуметтік мәселе оң шешімін тауып жатқандығын жеткізді. Қатысушылар сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.
Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесуде Сауытбек Абдрахманов ақын жерлесіміз жайлы естеліктерімен бөлісті. Қиын кезеңдерде Мәдениет министрінің орынбасары болған мәжілісмен сол тұста қиындықтарға төзіп, жалақы алмаса да мәдениетті сақтап қалған сала қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
– Биылдан бастап ұстаздармен қатар мәдениет, театр саласы қызметкерлерінің жалақысы артады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында үкіметке осындай тапсырма берген еді. Бұл біздің мәдениетімізге деген қамқорлық, сіздердің еңбектеріңіздің еленгені – деді.
Жиын соңында аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов Сауытбек Абдрахмановтың «Егемен Қазақстан» газетінде басшылық қызмет етіп жүрген кезеңінен сыр шертіп, ауданымызға алғаш рет ат басын бұрған әріптесіне алғысын жеткізді.
С.НҰРАДИН