«103». Бас ауырып балтыр сыздай қалса осы нөмерді теріп жедел жәрдем көмегін күтетініміз ақиқат. Ондағы мейірімді дәрігер, дәрі-дәрмек, емханаға жедел түрде жеткізетін көлік – өмір мен өлім арасындағы күресте ең алғы шепте жүретін жауынгерлер. Ендеше, медицина саласында жаңа жүйе және тың жаңалықтардың енуіне байланысты халық арасында түрлі түсінбеушіліктер туындауда. Осыған байланысты аудандық көпсалалы емхана қабырғасында орналасқан жедел жәрдем бөліміне арнайы барған едік.

Бүгінде жедел жәрдем көліктері облыс арқылы басқарылады. Сондай-ақ, кейінгі енгізілген тәртіпке сәйкес сіз 103 нөміріне қоңырау шалсаңыз, облыстық жедел-жәрдем бөлімінің диспетчеріне түседі. Осы орайда аудан тұрғындары арасында түсінбеушілік туындауда. Бұрын 103 нөміріне шалынған қоңырау тікелей аудандық көпсалалы емхана қабырғасындағы жедел-жәрдем бөлімінің диспетчеріне түсетін. Сөйтіп, жедел жәрдем көліктері диспетчердің нұсқауымен сіздің үйіңізге келетұғын. Жаңа тәртіп бойынша сіз 103 нөміріне қоңырау шалып, мекен жай, ауыл атауымен қатар қай ауданнан хабарласып тұрғандыңызыды айтуыңыз қажет.

Мұның себебін сұрай барғанымызда облыстық жедел-жәрдем бөлімі, оңтүстік өңірі бойынша жетекші Нариман Нұрғалиев былайша түсінік берді:

– Бұрынғы жүйе бойынша анықталған кемшіліктер салдарынан, яғни, байланыс жүйесіндегі олқылықтар жедел-жәрдем қызметін орталықтандыруға се-бепші болды. Айталық, бұрын 103 нөміріне Есік қаласынан қоңырау шалған тұрғын Қаратал ауданына, ондағы 103 нөміріне қоңырау шалған тұрғын Есік қаласына түсіп кетіп, басқа да түсініспеушіліктер орын алды. Осы себепті орталықтандыру арқылы, қоңырауларды және жедел жәрдем көліктерінің жүріп-тұруын бақылауға мүмкіндік алдық – дейді Нариман Нұрғалиев.

Облыстық жедел жәрдем бөлімінде отырған диспетчерлер қоңырауды қабылдап алып, аудандық жедел-жәрдем бөліміне жібереді. Осы жерде тағы бір келеңсіздік туындайды. Облыстық жедел жәрдем бөлімінің диспетчерлері ауданымызға қарасты Есік қаласы мен ауылдарын, ондағы мекен-жайларды толық білмейді. Сонымен қатар, көше атауларының өзгеруі, тұрғын үй нөмірлерінің ретсіздігі,  жедел жәрдем көліктерінің науқастың мекен-жайын таппай көше кезіп жүру себептерін тудырса, Нариман Нұрғалиевтың сөзінше: – «Жақын арада аудандық көпсалалы емхананың жедел жәрдем бөліміне тағы бір диспетчер қызметін енгізу жоспарда тұр. Әзірге онда бір диспетчер бар. Онда аудан орталығы Есік қаласы мен ауылдарды жақсы білетін маман жұмысқа тартылады» – дейді. Сөйтіп, жедел-жәрдемнің науқасқа жедел жетуі үшін жүйені жетілдіре беретіндерін жеткізді жетекші.

Сонымен қатар диспетчер жедел-жәрдем көліктерінің қай жерде жүргендігін «GPS» жүйесі арқылы бақылап отыруға мүмкіндік алған. Облыстық жедел-жәрдем бөлімінің Есік филиалына қарасты жедел-жәрдем көліктері тек Тескенсу ауылдық округіне дейінгі аумаққа жауапты. Әрмен қарай Шелек емханасына қарасты жедел-жәрдем көліктері қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ, Нариман Нұрғалиевтың мәліметіне сүйенсек, әрбір 10 000 тұрғынға бір жедел-жәрдем көлігі берілуі тисі. Бұл – белгіленген заң. Облыс көлемінде ең үлкен Еңбекшіқазақ ауданы үшін 9 жедел жәрдем көлігі деген аздық етеді, әрине. Ауданымызда ресми тіркелген 299 800 тұрғын бар. Бұл әлі тіркелмеген аудан тұрғындарын айтпағанда. Сондай-ақ, жедел жәрдем көліктерінің көбі ресейлік «Уаз» маркалы темір тұлпарлар. Мұның себебін сұрағанда Нариман Нұрғалиев: «Аудан таулы жерде орналасқандықтан көбіне жол талғамайтын Уаз көліктеріне тоқталдық. Сондай-ақ, жүргізушілер де Уаз көліктерін жүргізуді қалайтындығын жеткізді. Себебі, бұзылған жайда жөндеу жұмыстары тез арада жүргізіліп қатарға қосылады» – дейді.

Әлгі сіздің шақыртуыңызға жедел жәрдем көлігінің кешігіп жатуы дәл осындай себептерден туындаған. Жақында халық алдындағы есеп беру кездесуінде облыс әкімі Амандық Баталов жедел-жәрдем көліктерінің жетіспейтіндігін айтып, бұл олқылықтың орны осы жылы толатынын жеткізді. Атап айтсақ, облысқа 70 жедел жәрдем көлігін алу жоспарлануда.

Жалпы, өмір мен өлім арасындағы күресте  жеңімпаз атану үшін бес қаруың сай болуы қажет екендігі әркімге де аян. Бұлар сенімді көлік, дәрі-дәрмек, тәжірибелі дәрігер. Ал біздің бес қаруымыз сай ма? Сіз не дейсіз оқырман?

 

Әділет САРЫБАЙ

Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 10:26

Контрафактіге жол жоқ!

Жақында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында зияткерлік меншік мәселесі бойынша жиын өтті. Шараға кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрболат Серғали, Еңбекшіқазақ ауданаралық әділет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Толқын Ақанова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Асыл Байтулақов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының менеджер-кеңесшісі Нұрлан Дайырбаев, сот орындаушылар және жеке кәсіпкерлер қатысты.

Бүгінгі таңда түрлі бренд тауарлардың бәсекелестері көбейіп, тауар белгісін заңсыз қолданып жатады. Айталық, осыдан бірер жыл бұрын «Coca Cola» және «Dizzy» сусындарын жертөледе заңсыз дайындап, сатқандар ұсталған болатын. Бүгінде осы тектес оқиғалар көптеп тіркеліп, кәсіпкерлер мен тұтынушылар зиян шегуде. Осыны жеткізген әділет басқармасының жетекші маманы Талғат Жүгербаев келген қонақтармен таныстырды. Жоғарыда аталған жағдайдың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған шараға зияткерлік меншік және авторлық құқықты қорғаумен айналысатын «Бизнес Оптима» компаниясының өкілдері арнайы келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Қазақстанның тұтыну нарығында, сонымен қатар, әлем бойынша контрафактілік (жасанды) өнім көлемі ұлғаюда. Тұтыншушылардың басым бөлігі бұл тауарлардың тигізетін залалын білмегендіктен, сапасыз тауар өндірушілердің құрбанына айналады. Контрафактілік өнім түпнұсқа секілді қымбат бағада сатылуы мүмкін және керісінше, тұты-нушыларды тарту мақсатында арзан сатылады. Елімізде сапасы төмен, ал кейде қауіпті өнімнің пайда болуы ұлт денсаулығына залал келтіреді және тұтынушылардың өміріне қауіп төндіреді. Себебі, ол заттардың кім және қалай жасағандығын білмейміз – деген компания өкілі осындай жасанды тауарларды сатып алуда сақ болуға шақырды.

Жиынға қатысқан тіс пастасын өндіретін «Colgate» компаниясының сарапшысы Юлия Александровна аталған компания өнімінің түпнұсқа немесе көшірме екендігін қалай ажыратуды көрсетті. Ең алдымен, түпнұсқа қорабының ашылатын тұсында қағаз алты жерден кесілген. Ал көшірмесінде үш жерден, кейбірінде мүлдем жоқ. Сонымен қатар, түпнұсқаның жазулары түсінікті, біркелкі әрі қатесіз жазылған. Тауар көшірмесін өндірушілер бұған мән бермеген. Оған қоса, тауарды сатып алғаннан кейін оның иісі мен түрі арқылы анықтауға болады.

Әділет басқармасының бас маманы Ғалым Достанов аудан аумағында осындай жағдайдың тіркелгендігін айтты. Сөзіне сүйенсек, Құлжа тас жолының бойындағы жанармай бекеттерінің бірінде аталған тіс пастасының көшірмесі саудаланып келген. Бірақ, жанармай бекетінің иесі бұл жайттан мүлдем бейхабар болған. Алайда, кәсіпкер жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген.

Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрболат Серғали да жиылған кәсіпкерлерге алаяқтарға алданып қалмауын ескертті:

Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы 3 жылға жеке кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялады. Осыған орай, біз жалған тауар өндіріп сатушыларды тексеріп, анықтай алмаймыз. Олар да жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Осылайша сіздерге келіп, тауарларын ұсынуы мүмкін. Сіз сатқан көшірме тауардан адам денсаулығына зиян келсе, сізді құзырлы органдардың тексеруіне мүмкіндігі бар. Тауар ұсынушылардың сертификаттары мен құжаттарын сұраңыздар – деп кеңес берді бөлім басшысы.

Басқосу соңында сөз алған партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Асыл Байтулақұлы:

Көшірме жасаушы алаяқтар тек күнделікті тұрмыста жиі қолданатын, сұранысқа ие тауарларды жасап шығарады. Оны сіздер де қолданасыздар. Өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін тауар аларда абай болғанымыз жөн – деп кәсіпкерлерге кеңесін айтты.

Мамандардың сөзінше, белгілі бір сауда нүктесінде көшірме тауардың сатылып жатқандығы туралы шағым түссе, тауар белгісін заңсыз қолдану фактісі анықталса, тексеру жүргізіліп, қомақты айыппұл салынады кәсіпкерге. Тіпті, кәсіпкердің алданып қалғандығы да жауапкершіліктен құтқармайды. 

 

С.НҰРАДИН

Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 09:34

Борьба с коррупцией – дело каждого

В нашей стране преодоление коррупции является одним из главных направлений государственной политики, приоритетность которого обозначена главой государства.

В послании Первого Президента Республики Казахстан  Н. Назарбаева народу Казахстана «Стратегия «Казахстан-2050»  –  новый политический курс состоявшегося государства» указано, что коррупция – не просто правонарушение. Она подрывает веру в эффективность государства и является прямой угрозой национальной безопасности.

Коррупция угрожает фундаментальной ценности нашего государства – независимости, благодаря которой стали возможны все успехи Казахстана. Коррупция разрушает доверие общества к государству, снижает эффективность государственной власти, серьезно препятствуя социально-экономическому и духовному прогрессу страны. Без наличия у граждан антикоррупционной культуры, стойкого иммунитета к коррупции, ее публичного порицания невозможно достижение желаемого результата. Енбекшиказахская районная территориальная инспекция  Комитета ветеринарного контроля и надзора МСХ Республики Казахстан, являясь государственным органом, осуществляет свою деятельность согласно нормативным правовым актам. С начала 2020 года в территориальной инспекции МСХ РК проведено 3 собрания по предупреждению коррупции.

В территориальной инспекции на постоянной основе проводится разъяснительная работа среди государственных служащих о недопущении проявления фактов коррупции, совершении коррупционных правонарушений, за которые предусмотрена административная и уголовная ответственность. В здании районной территориальной инспекции имеется ящик для обращений граждан и указаны номера  горячей линии, по которым можно обратиться в компетентные органы в случае совершения государственными служащими коррупционных правонарушений.

  А.ИСКАКОВ,

 главный специалист, ветеринарно-санитарный

инспектор Енбекшиказахской районной территориальной инспекции КВКиН МСХ РК

Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 09:24

Ғасыр дерті

Суицид. Бұл сөзді естігенде көбіміздің ойымызға жантүршігерлік жайттар елестейді. Соңғы статистикаларды қарай отырып, өз-өзіне қол жұмсаудың күннен-күнге артып бара жатқанын байқауға болады. Айта кетерлік жайт, олардың көбісі – жасөспірімдер.

Суицидке көбінесе жалғыздық жетелейді дейді мамандар. Алайда, біздің жастарымызда қайдағы жалғыздық деген ой  туындайды. Осы сұраққа жауап алу үшін аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі бас маманы Зарина Қожмамбетовамен тілдескен болатынбыз. Оның айтуынша, ауданымызда соңғы жылдары суицид фактілері тіркелген жоқ. Бала үнемі ата-анасының қамқорлығында болып,  үнемі балаға көңіл бөліп отырса, балада жалғыздық сезімі туындамайды.

«Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқығын қорғау жөніндегі кеңестің мүшесі Мансия Исказина Алматы облысы кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы суицидтен бірінші орында екендігін айтқан еді. Сөзіне сүйенсек, бүгінде облыс республикада өз-өзіне қол салатын жасөспірімдерден көш бастап тұр. Өткен жылдың 8 айында 18 оқиға тіркелген. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Олардың суицидке баруының негізгі себебі,  ата-ана мен бала арасындағы кикілжің және жауапсыз махаббат. Оған қоса, қыз балалардың ерте жүкті болуы да жиі кездеседі.

– Бұрындары 16 жастағы қыздар екіқабат болса, жағамызды ұстаушы едік. Қазіргі таңда 13 жастағы балалар жыныстық қатынасқа түсіп, бала көтеріп жүр. Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмағандардың және оларға жасалатын қылмыс көрсеткіштері  артып келеді, – деген еді Мансия Исказина.

Аудандық аурухананың мәліметінше, 2018 жылы кәмелеттік жасқа толмаған 48 қыз жүкті болған. Ал 2019 жылдың 8 айында 36 жасөспірімнің жүктілігі анықталған. Ең жасы 15-16 жаста. Десек те, басым көпшілігі некеде тұрғандар. Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, ауданымызда тұратын кейбір ұлт өкілдері өздерінің дәстүріне сәйкес, қыздарын 9 сыныпты бітіргеннен кейін тұрмысқа береді. Нәтижесінде, ерте ана атанып жатыр.

Дүниежүзілік денсау-лық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстанда 100 мың тұрғынға шаққанда 53 кісі өзіне қол салып қаза болады екен. Бұл көрсеткіште Орта Азия елдері арасында Қазақстан тізім басында тұр.

Ал енді ел ішіндегі жағдайға назар аударсақ, соңғы бірнеше жылда осындай қаза бойынша көш бастап тұрған Оңтүстік Қазақстан облысы, 72  адам өз өмірлерімен қош айтысқан. Екінші  орындағы Ақтау қаласында 64-67 оқиға тіркелген. Үштігімізді толықтырып тұрған Солтүстік Қазақстан облысы 100 мың тұрғынға шаққанда 57 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Бір атап өтерлігі – елде адам өлтіргендерге қарағанда өз-өзін өлтіргендер саны әлдеқайда көп.

ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша 2019 жылдың 5 айлық статистикасында Түркістан мен Қарағанды облысының тұрғындары суицидтік әрекетке көп барған.Өз-өзіне қол салған адам саны 74, оның 52-сі ұл, 22 қыз. Өзіне қол жұмсауға әрекеттенгендер саны – 167 адам. Оның 36 ұл, 131 қыз.

Жалпы әлемде жыл сайын шамамен миллионға жуық адам өз-өзіне қол салып көз жұмады. Олардың 8 мыңы – қазақстандықтар, яғни республикада әр сағат сайын бір адам өз еркімен өмірмен қош айтысып жатады.

Әрбір суицидке баратын тұлға ең алдымен ниеттенеді, содан мақсат қойып, әрі қарай жоспарлайды дейді психологтар.

«Адам белгілі бір проблемаға тап болаған кезде,өзін тығырыққа тірелдім деп ойлайды.Осылайша, ар жағын ой елегінен өткізбей, оңай көз жұма салам деген шешім қабылдап жатады. Бұл әсіресе еркектер мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі.Адам көбінесе жалғыздықтан немесе қоғамдық ортадан  шеттелгендіктен өз-өзіне қол жұмсайды. Әрбір ата-ана өзінің баласымен тығыз қарым-қатынаста болса, бала қоғамға тез үйренеді,әрі жалғыздықтың не екенін білмей өседі. Баланың жеке тұлға болып қалыптасыуына ата-ананың үлесі зор. Бала өсіп келе жатқан кезде-ақ балаға біраз көңіл-бөлген жөн. Бұл жалғыздықтың алдын алатын алғашқы қадамдар болып есептеледі.Мектепте әрбір тұйық оқушымен жұмыс істеу ол біздің парызымыз және біз қолдан келгенше әрбір оқушымен қарым қатынаста болуға тырысамыз», – дейді №1 Рахат орта мектебінің психологі Индира Қаңлыбаева.

 

Назерке ХУДАЙБЕРГЕНОВА,

Рахат №1 орта мектебінің 11 сынып оқушысы

Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 09:16

Абай – дара қазақта

Шелек ауылдық округінің әкімдігі мен мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастырумен Қазақстан Республикасының тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөз қорын насихаттау, Абай шығармашылығын дәріптеу арқылы қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген этнос өкілдерінің ықыласын арттыру мақсатында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты байқау өткізілді. Оған №1, Абай, Ы.Алтынсарин, В.Вихров, Т.Кенжебаев, Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, А.Розыбакиев  орта мектептерінің өнперпаздары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Байқауды Шелек ауылдық округінің әкімі Е.Есенхановтың өзі ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан әрі байқаудың шарты бойынша Абайдың балалық шағы, есейген кезі немесе өнері туралы ұжымдық көрніс көрсету, өлеңдері мен қара сөздерін және өз шығармашылығынан бір өлеңді мәнерлеп оқу, Абай әндерінің бірін нақышына келтіріп орындау талап етілген болатын. Алайда тек үш мектеп қана өз көрністерін дайындаған. Ал басқа жағынан толықтай дайындалып келген.

Байқауға «Еңбекшіқазақ» газетінің тілшісі Н.Тілеуқабыл, Шелек ауылдық музыка мектебінің оқытушысы А.Төлегенова, Алматы облысы «Тіл» оқыту әдістемелік орталығының Еңбекшіқазақ аудандық филиалының Шелек өңірі бойынша оқытушысы Б.Ахметова қазылық етті. Қазылардың шешімі бойынша үшінші орынға В.Вихров орта мектебі, ал екінші орынға №1 орта мектебі ие болды. Жүлделі бірінші орынды Ә.Молдағұлова мектебі жеңіп алды. Қалған мектептер алғыс хаттармен марапатталды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 

Н.Исабекова,

Шелек ауылдық округі әкімдігінің жастар ісі жөніндегі

 әдіскер-нұсқаушысы

*****

Жуырда Нұрлы ауылындағы «Балапан» бөбекжай балабақшасында тәрбиешілер арасында балабақшаның музыка жетекшісі Б.Тұрсынғали ұйымдастыруымен «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» атты музыкалық іс-шара болып өтті. Аталған шараға Масақ ауылдық округінің әкімі Е.Нұрмаханов, Нұрлы орта мектебінің директоры Ш.Абітқожаева, балабақша меңгерушісі Т.Мамырова, сонымен бірге тәрбиешілер мен ата-аналар қатысты.

Шараның басты мақсаты ақынның шығармашылығын дәріптей отырып, оны барынша насихаттау, ұжымның арасындағы бірлікті арттыру. Шара барысында Абай атамыздың өмір жолы мен өлеңдері, қара сөздері мен әндерінен жарысқа түсті. Сонымен бірге Абай атамыз туралы сұрақтар қойылып, ақын шығармашылығы мен өмірін қаншалықты білетіндіктері анықталды.

Абай атамыз тек қазақтың мақтанышы ғана емес, әлемдік ортақ тұлғаға айналған данышпан. Сондықтан оның әрбір ақлиялары мен өнегелері жас ұрпақ үшін таптырмас қазына. Болашақта да мұндай игі шаралар өз жалғасын табатыны анық.

 

Б.Тұрсынғали,

«Балапан» бөбекжай балабақшасының музыка жетекшісі

 

*****

«NurOtan» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филилалының жұмыс жоспарына сәйкес Шелек ауылындағы Абай атындағы орта мектебінде «Ұлы Халықтың ұлы ақыны» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Іс-шара өскелең ұрпақты Абай Құнанбайұлының өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын, өлеңдерін, қара сөздерін, насихаттап өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында өткізілді.

Әдеби-сазды кешке «NurOtan» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Байғоджаев, ауданымыздың құрметті азаматы, ел ағасы Е.Сұлтанғазиев, ақын Ш.Құсайынұлы, ардагер ұстаздар мен ауылдық мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты. Келген қонақтар өз ризашылығын білдіріп, іс-шараға еңбегі сіңген әріптестерімізді Алғыс хатпен марапаттады.  Осындай іс-шаралар алдағы уақытта  өз жалғасын табады.

Б.Рахимов

Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 09:11

Ақ ниеттің адал жаршысы

Жуырда Тескенсу ауылы Жамбыл орта метебінде осы мектептің 1982 жылғы түлектерінің ұйымдастыруымен ғасыр ақыны Тұманбай Молдағалиевтың туғанына 85 жыл толуына орай «Ақ ниеттің адал жаршысы» атты шара болып өтті. Онда дәстүрлі кештерге ұқсас ән мен жырдан шашу шашылып, соңында әжелерге арналған «Ғажайып алаң» атты сайыс ұйымдастырылды.

 

Ғасыр ақыны аталған ғаламат талант иесі Т.Молдағалиевтың жырлары қазақ әдебиетіне жалынды леп пен өзгеше соқпақ әкелген жырдың жақұты болды. Тұманбайдың өлеңдерін жаттап, сөзіне жазылған әндерді әуелетпеген қазақ кемде-кем. Бүгінде арғы дүниеде жатсада аты ұмытылмай келе жатқаны жүрек тербер әсем лирикаларының арқасы екені анық.

Шара барысында мектеп директоры М.Ыдырысов ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, өткізіп жатқан шараларының маңыздылығына тоқталды. Ауданымыздың ғана емес, барша қазақтың мақтанына айналған Тұмағаңды жас ұрпаққа дәріптеу, әрине, құптарлық іс. Осы шараны ұйымдастырып, демеушілік көрсеткен Тескенсу ауылының 1965 жылғы азаматтары. Олардың қатарында А.Кітапбаев, Б.Әбдірешов, А.Мырзабатыров, А.Алишева т.б секілді ауылының болашағына бей-жай қарамайтын үлгілі жандар бар. Шараның мәнді өтіп, есте қалуы үшін Т.Молдағалиевтың досы марқұм Едіге атамыздың жары Әнипаш апамыз ақынның өмірі мен өнегесі туралы көптеген естеліктер айтып, өткен тарих туралы сыр шертті. Сонымен бірге, мектеп оқушылары дайындаған сазды бағдарлама келгендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Онда ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Әсіресе, топпен «Қаражорға» биін билеген бүлдіршіндердің өнеріне барлығы риза болысты.

Шара соңында әжелеріміз ресейлік «Поле чудес» интеллектулдық ойыны нұсқасында даярланған «Ғажайып алаң» ойынына қатысып, ақын өмірі мен шығармашылығы туралы білімдерін сынады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі 2020 жылғы 18 наурыз күні сағат 17.00-де Үндістан Республикасы Нью-Дели қаласында Үндістан Ұлттық музейінде «Ұлы дала: Уақыт. Кеңістік. Мәдениет» көрмесін ашады.

Көрме Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасы аясында 2020 жылғы 18 наурыз - 19 сәуір аралығында өтеді.

Көрменің басты жәдігері «Алтын адам» - ел рәміздерінің ажырамас бөлігіне айналған Қазақстан тарихындағы ең танымал археологиялық сенсация. «Алтын адам» 1969 жылы Алматының маңайындағы Есік қорғанында археолог Кемал Ақышевтың жетекшілігімен жүргізілген археологиялық жұмыстар нәтижесінде табылды. Қорғаннан арасында киімдерді безендіретін детальдар, сол сияқты әшекейлер мен тұрмыстық заттар бар төрт мыңнан астам алтын бұйымдар табылды. Зерттеушілердің қорымдағы заттардың топографиясын тер төгіп зерттеулері нәтижесінде, көрмеге ұсынылып отырған сақ жауынгерінің келбетін жаңадан жасап шығу мүмкін болды.

Үндістан Ұлттық музейіне ұсынылған көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын және осы жас ақ сүйек сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады.

Есік Алтын Адамы - халықаралық көрме жобасының аясында әлемнің 12 музейінде ұсынылған Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің басты жәдігері. Көрме Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Солтүстік Македония, Түркия, Малайзия және Грецияда үлкен жетістікпен өтті.

Бастапқы сиқырлы мәнінен айрылған жануарлардың сәндік бейнелері зергерлік бұйымдарда, миниатюра кітаптарда, ағаш, тас және сүйек нақыштарында, сәулет сынды ортағасырлық өнерде әлдеқайда жинақталыңқыраған түрде, стильденген ою, зер элементтерінің пішінін қабылдап қолданыста қала берді. Бұл үрдістер экспозицияға қойылған XV ғасырға тән деп даталанған Сайрам көмбесінен табылған зергерлік өнер бұйымдарынан айқын байқалады.

Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілетін болады.




Есік қорғанынан табылған заттар арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі руна жазумен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.

Сонымен қатар, көрмеге Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының археологиялық отряды 2012 жылдың сәуірінде қазба жұмыстары кезінде табылған «Тақсай ханшайымы» ұсынылады. Тақсай қорымында ғалымдар 35-40 жастағы әйелінің қоғанын зерттеді. Оның қасында ыдыстар, сәнді бас киімнің әшекейлері және көптеген алтын бұйымдар табылды. Ғалымдар шайқастардың көріністерін бейнелейтін ағаш тарағы ерекше артефакт деп санайды.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 292 зат ұсынылады.

Көрменің ресми ашылуының алдында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Үндістан Ұлттық музейі өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді.

Дереккөз: inform.kz

Халыққа қызмет көрсету орталығының көмегіне күндігіне жүздеген адамдар жүгінеді. Сансыз кезектер, сырғып жатқан сағаттар мұның барлығы бір ғана анықтаманы алуға кеткен уақыт өлшемі. Енді бұл мәселе өз шешімін тапты.

«eGov mobile» жаңа мобильді қосымшасы арқылы есепсіз қағаздарды әп сәтте қолға түсіре аласыз.

Еріктілер жылы аясында облыстың жастары «eGov mobile» жүйесін насихаттау, оның қолданушыларының санын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастыру үстінде. Алматы облысы, жастарға қызмет көрсету орталығы ХҚО қызметкерлерімен бірлесе отырып, түсіндіру жұмыстарын бастап кетті.

Дәлірек айтсақ, аптасына бір рет, әр сейсенбі сайын арнайы мамандармен семинар-тренинг өткізіледі. Халықты ақпаратпен толық қамтамасыз етуге жағдай жасау үшін жастарға қызмет көрсету орталығында «Egov-сынып» ашылған. Мұндағы мақсат - Елбасының цифрлы Қазақстан жобасын насихаттау және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру.

Бүгінгі таңда ХҚО-да 634 мемлекеттік қызметтің түрі алынса, электрондық цифрлы қолтаңба арқылы 534, TelegramBot-тан 25, «eGov mobile» ұялы телефон қосымшасынан 68 қажетті қызмет түрін алуға болады.

Сала мамандарының айтуынша, алдағы уақытта барлық мемлекеттік қызметтер электрондық үкіметке көшуі мүмкін. Сондықтан осы бастан жүйені дұрыс пайдаланып, тиімділігін өз пайдалрыңызға жарату абзал.

Қазіргі кезде қала бойынша «eGov mobile» жаңа мобильді қосымшасына тіркелгендердің саны 6100 құрап отыр. Олар электронды қызметті тұтынуды 60 пайызға үйренген.

Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Мандатұлының сөзіне құлақ түрсек, Талдықорған қаласынан 200-ге тарта адамға осы қосымшаны қолдануды үйрету жоспарланған. Бұл көрсеткішті облыс көлемінде алып қараса 1000-ға жуық тұрғын қолға алынған жұмыстың нәтижесінде жүйені жетік меңгереді деп күтілуде.

Мобильді үкіметке тіркелу қиындық тудыртпайды. Қосымшаны ЭЦҚ-мен немесе бір реттік пароль арқылы авторизациялау арқылы кәдеңізге жатаруға мүмкіндік мол. «eGov mobile» электрондық үкіметтің мобильді қосымшасы Play Market, AppStore-дан жүктеу қолжетімді.

Мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырмай-ақ қажетті құжатыңызды алуға болатын «eGov mobile» -дің пайдасы көл-көсір.

 

Анар САБЫРОВА

Сәрсенбі, 11 Наурыз 2020 09:34

Әйелдер әскер қатарында

Бүгінде қызметтің ауыр не жеңіліне қарамастан, әйелдер қауымы еркектермен қатар әр салада еңбек етіп жүр. Нәзік жандылар білім, медицина, сауда-саттық саласымен бірге қарулы күштер қатарында да қызмет етуде. Өзге салалар түсінікті ғой, ал әскери сала әйел заты үшін қиындық туғызбай ма? Темірдей тәртіп, бұлжытпай орындалуы тиіс бұйрық, қатал басшы және тағы да басқа қиыншылықтар әйел үшін, әрине, қиын. Әйелдер мерекесіне орай Қаракемер кенті Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 әскери бөліміне арнайы бардық. Ондағы ерлермен қатар әскери қызмет қиындығын мойымай көтеріп жүрген нәзік жандылар туралы жаздуы жөн санадық.

Кейіпкеріміз – 6654 әскери бөлімінің саптық бөлімінде аға маман, жауапты орындаушы қызметіндегі кіші сержант – Іңкәрова Салтанат Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданында дүниеге келген. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған. Саналы түрде әскери қызметті таңдаған Салтанат небәрі 23 жасында 2007 жылы қарулы күштер қатарына қабылданған. Петропавл қаласынан басталған әскери қызмет жолы оны жары – 6654 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Жандос Көлбаевпен табыстырды. Салтанаттың айтуын-ша, олар Қазақстанның тек Батыс және Шығыс өңірлерінде ғана болмаған. Ал өзге өңірлерді әскери жанұя түгелдей аралаған.  Гүлдана, Айзере есімді қыздары бар. Қаракемер ауылындағы Қ.Орынбетов атындағы орта мектебінде бірі мектепалды даярлық сыныбында, бірі – 2 сынып оқушысы.

Қызмет қиын ба? – деген сұраққа: – Қиындығы бар, әрине. Алдымен, балаларға көңіл бөлу, үйдің жұмысы, әскери қызметтен бөлек уақыт талап ететіні аян. Бұл жағынан алғанда әскери қатаң тәртіп түсіністікпен қарап, әйелдерге деген жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ, туған-туыс, көрші-қолаң да қол ұшын созып, жәрдемдесуге даяр, – дейді Салтанат.

Сондай-ақ, жарыңның мәртебесі жоғары лауазым иесі болғаны да қиын. Оның ары мен абройына нұқсан келтірмеу үшін жұмысты уақытылы әрі тындырымды орындауға тырысасың, – дейді.

Бүгінде әскери қызметке әйелдер қауымы да көптеп бет бұруда. Себебі, ел үшін, жер үшін жанқиярлық әрекеттер тек еркектерге емес, әйелдер қауымына да тән түсініктер екендігін дәлелдегендей. «Алып анадан туады» – дейтін тәмсіл де дәл осы түсінікті айғақтап тұр.

 

Әділет САРЫБАЙ

Сәрсенбі, 11 Наурыз 2020 09:12

Құқық қорғау сапындағы ару

Отан. Абырой. Міндет. Осы үш құндылықты өмірлік ұстаным етіп, қауіпсіздік сапында жүрген азаматтарымыздың қатарында бүгінде нәзік жандылардың да саны артуда. Ер азаматтардың табиғатына тән темірдей тәртіпті сақтап, бұлжымас бұйрықты орындап жүрген полиция капитаны Омарханова Мадина Кенжетайқызы бүгінде аудандық полиция басқармасы ювеналдық полиция тобының аға инспекторы болып қызмет етеді. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзік жанды полиция қызметкерімен аз-кем тілдескен едік.

– Мадина Кенжетайқызы, құқық қорғау саласын қыз-келіншектер таңдай бермейді. Сіз полиция қызметіне қалай келдіңіз?

– Оныңыз рас, полиция қызметіне екінің бірі келе бермейді. Менің бұл мамандықты таңдауымның өзі бір қызық. Мен бала күнімде көп қыздар секілді дәрігер болуды армандайтынмын. Ал менен кіші сіңілім құқық қорғау саласында қызмет еткісі келетін. Арман қуып жүріп, мектеп бітіргенде отбасымызда бір заңгер болсын деген ниетпен анам заң факультетіне оқуға түсуіме кеңес берді. Мен де көп ойланбастан, Алматыдағы Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң университетіне құжаттарымды тапсырып, студент атандым. Қызығы, менің сіңілім мен армандаған мамандыққа барып, медицина саласының маманы атанды. Бүгінде аудандық емханада акушер-гинеколог дәрігері.

Оқуды бітірген соң, қандай жұмысқа баратынымды әлі шешпеген болатынмын. Бірақ, ішкі істер саласында тергеуші болуды қаладым. Іс-қағаздарды зерттеп, қылмысты ашқан ұнайтын өзіме. Алайда, тергеуші бойынша жұмыс табылмай, 2014 жылы Талғар аудандық полиция басқармасының ювеналдық полиция тобына қызметке орналастым. Еңбекшіқазақ ауданына 2019 жылдың наурыз айында ауыстым.

– Ер азаматтардың ортасында темірдей тәртіппен жүріп-тұру сізге қиындық туғызбай ма?

– Даңқты қолбасшы Б.Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» – деген екен. Тәртіп – ол қыз бала, ер азамат деп бөлмейді, баршамызға ортақ. Өзім осы саланы таңдап келген соң, ыстығы мен суығына шыдап, темірдей төзімді болу – менің міндетім. Десек те, қыз баласына үнемі төрден орын берген халықтың ұрпағымыз ғой. Әріптестерім де көмек қолын созып, білмеген жерімде тура жол нұсқайды.

– Үнемі қызметте болған соң, отбасына көп көңіл бөле алмайтын шығарсыз.

– Әйел адам болған соң бәріне үлгеруге тырысамыз. Отбасымда анам және ұлым бар. Балам 4 жаста, балабақшаға барады. Күйбең тіршілікте жұмысқа да, отбасы, бала тәрбиесіне де жеткілікті көңіл бөлемін. Шын мәнінде, адам өзі қаласа барлық нәрсеге үлгереді және соны жасайды.

– Олар сіздің полиция болуыңызға қарсы емес пе?

– Әрине, қарсы емес. Керісінше, әрдайым қолдау білдіріп, түсіністікпен қарайды. Жасыратыны жоқ, бізде нақты жұмыс уақыты белгіленбеген. Сондықтан, түрлі арыздар түскенде түн жарымына дейін жұмыс істейміз. Жасөспірімдердің құқығын қорғап, солардың тәрбие-сімен айналысқан соң, түн мезгілі болсын, таңға жуық та ата-аналар телефон арқылы хабарласып, түрлі жағдайлармен шағымданып жатады. Біз үйде жүрсек те, жұмыста болсақ та жұмыс істеп жүреміз. Ал отбасым әрдайым қолдау көрсетіп отырады.

– Жасөспірім шақ – адамның құбылып, мінез-құлқы өзгеріп, алып-ұшып тұратын кезі. Осындай балалармен жұмыс жасау қиын емес пе?

– Оңай десем, артық айтқандық болар. Балалар әртүрлі болады және түрлі жағдайдағы отбасында тәрбиеленеді. Ювеналдық полиция тобы негізінен, бұзақылық жасап, басқа да қылмыстарға барған балалармен тығыз қарым-қатынаста болып, профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Жалпы айтқанда, біз қылмыс жасаған балалармен емес, сол қылмыстың себебімен күресеміз. Психолог, мектеп басшылығы болып жасөспірімдердің не үшін бұрыс жолда жүргендігін анықтап, түзу жолға түсуіне қолұшын береміз.

– Бүгінгі жасөспірімдер арасында қандай қылмыс фактілері өршіп тұр?

– Қазіргі уақытта аудандағы жасөспірімдер арасында ең көп тіркелген қылмыс – ұрлық. Қозғалған қылмыстық істердің басым бөлігі осы факті бойынша.

Балалар бұл қылмысқа еріккеннен бармайды ғой. Негізінен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасында тәрбиеленетін балалар ұрлыққа жақын болады. Сондай-ақ, отбасындағы тәрбие де үлкен рөл ойнайды бала өмірінде.

– Мереке қарсаңында қыз-келіншектерге айтар тілегіңіз болса...

– Көктем – ең алдымен, Жер Ананың бусанып, табиғаттың гүлденетін мезгілі. Сонымен қатар, сол көктемдей жайнаған арулардың төл мерекесі. Бұл күнде нәзік жандыларымызға отбасының амандығын тілеймін. Әрқашан гүлдей жайнап, құлпырып жүре беріңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет. Мерекеңіз құтты болсын!

 

Тілдескен

Сардарбек НҰРАДИН

Соңғы жаңалықтар

Қаз 03, 2024

Аудан әкімі Талғат Байеділовтің…

Құрметті ұстаздар! Қадірменді білім саласының ардагерлері! Сіздерді қазан айының алғашқы…
Қаз 02, 2024

️Жастар АЭС мәселесі бойынша…

Шелек медициналық колледж студенттерімен кездесу өтті. Кездесудің басты тақырыбы –…
Қаз 02, 2024

БҮГІН АЭС ҚҰРЫЛЫСЫНА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ…

Кездесу барысында өзекті мәселелер талқыланып, ұстаздар АЭС құрылысына қатысты пікірлері…
Қаз 02, 2024

️ Халықтық штаб Қаражота ауылының…

Нарынқол ауылының мектебінде өткен кездесуде Халықтық штаб өкілдері АЭС салудың…
Қаз 02, 2024

Референдум – это шанс для каждого…

Недавно я говорил с приятелем, который настаивал, что участие в референдумах – это пустая…
Қаз 02, 2024

Халықтық штаб өкілдері Келес…

Халықтық штаб өкілдері Келес ауданында білім саласының қызметкерлерімен және…
Қаз 02, 2024

АЭС салудағы ең маңызды мәселе –…

Аудандық штаб өкілдері АЭС салудың өзектілігін және де бұл мәселеде әрбір азаматтың…
Қаз 02, 2024

Опыт Китая в атомной энергетике:…

В преддверии референдума по строительству атомной электростанции в Казахстане вопрос…
Қаз 02, 2024

Экономический референдум:…

Уже на этой неделе состоится первый экономический референдум. Важно отметить, что данный…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет