Сәрсенбі, 08 Сәуір 2020 11:32

Құттықтау

Еңбекшіқазақ  аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Мариям Ильясқызы Агадилованың 08 сәуір – туған күні.

Ардақты ана, адал дос, еңбексүйгіш қызметкер, үлгілі отбасының ұйытқысы, аса қадірлі әріптесіміздің 50 жас мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз.

Тым ерекше күн бүгін – туылған күн,

Жарық дүние есігі ашылған күн.

Алдыңыздан таң күліп, нұрын шашып,

Бұл әлемнің бар сыйын сыйлаған күн.

 

Таси берсін, бақ дәулетің, ырысың,

Ел таныған азаматтың бірісінің.

Қуанышыңды ел-жұртыңа паш еткен,

Аман болсын балашаға – тынысың.

 

Тілек білдіруші: Еңбекшіқазақ аудандық ТКҚСҚББ

Сәрсенбі, 08 Сәуір 2020 11:12

Бірлесе білген ел жеңеді

 

"Мен сөзімді алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арнаймын: халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амал жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер" - деп өтініпті өз мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев ҚР тұңғыш Президенті - Елбасы. Сол аға ұрпақ өкілі ретінде Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының "Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды" деген қағидасын ұстануға үндер едім алдымен. Үлкендерге де, жастарға да қарата айтатын мәселе төтенше жағдайға, карантин талаптарына байланысты болып отыр. Талаптардың бастысы той-томалақтарды, қайғылы жағдайға байланысты жиындарды тежеу еді ғой. Қайдағы тежеген - белгілі әуен сарынымен "Коронавирус кет, кет" деп сайқымазақ қылғандай жасамысы да, жастары да тоңқаңдап билеп жатқан "тойшыл" қауымды кім көрмеді?! "Әй, дейтін ажа, қой, дейтін қожа болды ма соларға? Жоқ, әрине. Полиция қызметтерінен басқа ешкім араласпады. Қайбір елді-мекенде осындай тойды ауыл әкімі өзі бірге тойлап, орнынан ұшпады ма?! Оның лауазымын қойшы, тойдың "нәтижесін", қайғылы қорытындысын айтсаңшы. Орта білім алған кез-келген азамат геометриялық прогрессияның не екенін біледі. Осы теорияны жай ғана еске салып қоймай, бұрынғы математик ұстаз  ретінде бүгінгі төтенше жағдайға байланыстыра көрсетейін. Сол тойда індет жұқтырған бір азамат екі "тойшылға" вирусты "эстафеталады" дейік. Ол екеуден екі-екіден тарады да, төртеу , төртеуден сегіз, сезіден - он алты. Міне қараңыздар - алғашында аз ғана ондаған вирустылардан жүздеген, мыңдаған аурулардың шығуының басты себебінің бірі де осы деп білейік те, төтенше жағдай талабын қатаң сақтайық, ағайын.

Хайролла АХМЕТЖАНОВ,

Еңбек ардагері, ҚР Құрметті журналисі

Жер – жаһанды үрейге орнатқан короновирус дерті әліде әлем бойынша басылмай тұр. Осындай қиын кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына үндеуін жолдады. Аудан жастары болып аталмыш үндеуді тыңдадық, жастар пікірімен бөлісіп ортаға ой салынды. Әлемді жаулаған індетке еліміз дайындықты ерте бастады, соның арқасында қөауіпті індеттің таралуына барынша тосқауылдар қойылды. Елбасы өз үндеуінде айтпақшы еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап ұлт денсаулығына баса мән беріліп озық технологиялармен жабдықталған ауруханалардың салынғандығын және Болашақ бағдарламасы арқылы жастарымыздың шет елде білім алып, ел мерейіне еңбек етілгендігі айтылады. Сонымен қатар өз үндеуінде жастар қауымынада баса мән беріп , ерекше тоқталып өтті. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады,енді сендер күш – қайрат жұмсайтын кездерің келді. Үлкенге ізетті, кішіге қамқор, бір – біріңе дос болыңдар деп ерекше атап өтті. Әрине Елбасының сөзі жастар қауымына күш қуат беріп қана қоймай, қиын кезеңде бірлікті болуға шақырылатын үлкен құрал екенін баса айтқан жөн.

Үндеудің негізгі мақсаты халқымызды ауыз біршілікке, осындай қиын кезеңдерде бірге, бірлікті болуға шақырады. Осындай уақытта ел ішіне іріткі салып, қиындықты өз мүдделеріне шешетін пиғыла арам топтарға ілесіп кетпеуге шақырады. Тәртіпке бас иген құл болмайды демекші осындай сын сағаттарда бір бірімізгне арқау болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек. Аталмыш үндеуді Еңбекшіқазақ ауданының жастары толық қолдайды және өздеріне артылған сенімді толығымен орындауға уәде береді деп айта аламын.

  

Ілебаев Айбек Қасымханұлы

Еңбекшіқазақ ауданының жастар орталығының жетекшісі,

аудандық мәслихат депутаты

Сәрсенбі, 08 Сәуір 2020 09:36

АБАЙ ЖƏНЕ КОРОНАВИРУС...

 

Биыл ұлы Абайдың 175 жылдығы. ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмек ұлы мерекеге əлемді шарпыған мынау коронавирус індеті қабат келіп, бəрімізді тығырыққа тіреп жатқан жайы бар... Əйтсе де Абай тойына дейін коронавирус те бір жайлы болып қалар. Абайдың аруағы бұл жойқын індетті жеңеді!

Індет демекші, осы орайда ұлы Мұқағалидың өмірлік жары болған Лашын Әзімжанова апамыздың тағлымға толы естелігін жариялағанды жөн көрдім. Данышпан Абайдың шарапаты кімдерге тимеген?! Лашын Əзімжанқызының осынау тамаша естелігін оқып отырып, Абай атамыздың қалың елі қазағына тіпті обаға қарсы күресте де, індеттен аман қалудың тура жолын сілтегеніне куə боламыз. Жарықтық Абай атамыз індет атаулының кез келгенімен күресіп бағыпты ғой...

Абай айтқан бұл қауіпсіздік шаралары тым қарапайым болғанымен кешелі-бері эфирлер арқылы айтылып жатқан сақтандыру қағидаларымен үндес екенін аңғарамыз əрі осы күнге дейін маңызын жоймағанын көреміз. Егер бұл сақтандыру шараларын бұлжытпай орындасақ, коронавирус індетінен аман қаларымыз хаһ. Лашынның нағашы атасы Қырманшы да бір ауыл оба індетінен түгел қырылып қалғанда, Абайдың айтқан сақтық шараларын мүлтіксіз орындағандықтан ғана отбасын аман алып қалады.

Бір сұмдығы Абай заманында Нарынқол өңірін жайлаған бұл оба індеті құндыз деп аталатын терісі бағалы су тышқанынан тараған екен. Қытайда басталған коронавирус індеті де əу баста адамдарға жарқанаттан жұққан көрінеді. Қарасақ екеуі де - тышқан. Ұзамай елімізге жыл құстары келеді.Таяуда Үкімет жабайы құстарды қынадай қыруға рұқсат беретін аңшылық маусымын ашпақ. Ал жыл құстарының дені Қытай асып келетіні белгілі. Коронавирустің жабайы аңдар, əсіресе ұшатын тышқан - жарқанат арқылы жұғатынын ескерсек, биыл аңшылыққа əсіресе құс атуға мүлдем тиым салу керек! Бұл - жойқын індеттен сақтанудың бір шарасы болмақ.

Ендігі сөзді Лашын Əзімжанқызының естелігіне берейін:

Абай атамыздың аты, аруағы бұл күнде бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп жатыр. Сол ұлы адам мені де тыныш отырғызбай қолыма қалам ұстатты. Бала күні әкем айтқан бір әңгіме естен кетпейді.

 Менің әкем — Әзімжан Сәлімбайұлы өте салмақты, оң-солын тани білетін, көп сөзі жоқ, жақсы-жаманды ажырата алатын, арабша сауатты өте сергек адам еді. Ұлы ақынның өлеңдерін тұңғыш рет тəтемнің (әкемді «тәте» дейтінбіз) аузынан естідім. Ол кісі «Болыс болдым, мінеки» деген өлеңді жатқа айтып, «сол болыс қазіргі біздің бәленше ғой» деп күліп отыратын. Абайдың мұнан да басқа көп өлеңдерін жатқа айтатын.

Біз Алматы облысы Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданынанбыз. Ашып айтқанда Ұлы жүздің бір баласы Албан деген ел боламыз. Біздің көрші аудандарымыз Кеген, Ұйғыр, Шелек болып кете береді. Ұйғыр ауданында біздің нағашымыз Қырманшы деген алғыр, өжет адам болған. Кейінгі ұрпақ біздер Қырманшы атамызды көргеміз жоқ. Оны тәтемнің сөзінен ғана еміс-еміс білеміз. Сол атамыз патша заманынында болыстыққа таласады. Осы сайлауда бір адам қаза болады. Оның бар кінәсін Қырманшы атамызға жабады. Сөйтіп, атамыз түрмеге түседі де, он жылға соттап, Сібірге айдап жібереді. Нағашымыз сол кеткеннен мол кетеді, хат-хабар болмайды. Ал, атамыз Сібірде айдауда жүргенде Петро деген орыспен танысып, жан аямас дос болып кетеді. Сонда қарағай кесіп, қиыншылыққа төзе жүріп, орыс тілін де үйренеді. Кесілген мерзімі таяған уақытта досы Петромен көп ақылдасады.

— Петро, менің туған елім Қытайдың шекарасында. Еліме ұшқан құс, жүгірген аңнан басқа ештеңе бармайды. Ертең мені босатқанда ауылыма қалай жетем? — деп сұрайды. Досы көп ойланып отырып:

— Сен әрине өз басың жете алмайсың. Ол жерге тек жараулы аттар болмаса, басқамен жету мүмкін емес. Сен былай істе. Семей деген қаланы естуің бар шығар.

— Сол жақта Абай Кұнанбаев деген атақты, ұлағатты, қайырымды ақын тұрады. Қазір ол кісі жайлауында болар. Семейге жетсең, ақынды табу оңай. Сол кісі ғана саған қол ұшын беруі мүмкін. Оған мен сенімдімін, — дейді.

Сөйтіп жүргенде, Қырманшы атамның мерзімі де бітеді. Петро екеуі бірігіп, ақылдасып, жолға дайындалады. Петро атамды жолға шығарып салады. Атамыз бірде жаяу, бірде ат жалдап, бір ай дегенде Семейге жетеді. «Сұрай-сұрай Меккеге де барасың», — дегендей, сұрап жүріп, Абай атамыздың қалаға келгенде түсетін үйлерін де тауып алады. Сол кезде Абай ауылынан келген бір жолаушылармен ілесіп, Абай ауылына жетеді. Жолаушының біреуі Қырманшыны Абай үйіне ертіп барып, барлық, жағдайын айтып таныстырады. Еліне жеткізуге көмек сұрай келгенін мәлімдейді.

Ұлы ақын Қырманшы атамызды жақсы қарсы алады.

— Жарайды, алыстан, айдаудан жүдеп-жадап келіпсің. Сені осында айдап келген құдайың да, Петроң да бекер адам емес екен. Бірер ай тынық, мына түріңмен ұзақ, жолға шыдамассың, — деп ақыл береді. Сонымен Қырманшы атам ауылында қалып, Абай төңірегінде біраз уақыт болады. Осы ақынмен өткен уақыттар оған бүтіндей мектептен өткендей әсер береді. Абай үнемі оқып отырады немесе өлең жазып отырады. Төңірегіндегілерге сол оқыған кітаптарынан әңгіме айтады. Оқу-білім туралы, дін туралы сөз қозғайды. Кейде медицина туралы да әңгіме айтылады. Қазақ халқы көп оқымаған, бір-біріне жаны ашығыш, төзімді халық. Осындай мінезінен кейде өрескел қателер жіберіп алады. Мысалы: сүзек, оба, тырысқақ, шешек деген өте жұқпалы аурулар бар. Солардың жөнін білмей, бір-біріне жаны ашып жүріп, ауруды қалай жұқтырғанын сезбей қалады. Осындай жайдан бүкіл ауыл адамдары қырылған уақыттар болған. Сондықтан әрбір ауруға өте сақтықпен, жайлап, ойлап араласу керек. Ауру тым қабынған жағдайда ол маңға аттап басуға тыйым салу қажет, — деп әңгіме арасында ескертіп отыратын көрінеді.

Қырманшы атам біраз уақыт өткеннен кейін еліме қайтсам деп армандайды. Абай атамыз да оны түсініп, Қырманшыны бастан-аяқ киіндіреді. Жанына екі жігіт қосып, екі атты бос айдатып, өзіне жүйрік, мықты ат сыйлап, атамызды елге шығарып салады. Сонымен қосар аттарымен үш жігіт неше айлар жүріп, туған еліне келеді. Ұлан-асыр той болады. Бірнеше күннен соң, қосшы жігіттердің үстіне шапан, астына ат мінгізіп Қырманшы ауылы ақ тілеу тілеп, оларды жолға шығарып салады.

Жылдар жылжып өтіп жатады. Қырманшы атамыз үнемі Абай ауылын, Абайдың данышпандығын, оның кедей-кепшікке көмегін айтып, аузынан тастамайды. Бір күні төсегінен тұрып жатқанда біреу сырттан айқайлап: «бәленшенің үй-іші түгел қырылып қалыпты», — дегенді естиді. Атамыз бір сұмдықтың болғанын біле қояды да, тез киініп босағаға дейін барады. Бірақ, есікті ашпай, сырттағы сөзді бағып отырады. Содан кейін «анау өлді, мынау да жан тапсырғалы жатыр» деген дауыстарды естиді. Осы сәтте Абай ақынның айтқандары есіне түседі. Үйінен ешкімді далаға жібермейді, даладан ешкімді үйге кіргізбейді. Бір келіні ғана бірбеткей, өте өркөкірек екен. Сол келін бой бермей далаға шығып кетеді. Ол үйге қайтпайды.

Сол ауру— оба ауруы екен. Ауылдан бір әйел отын көтеріп келуге кетеді. Отын теріп жүріп өліп жатқан кішкентай кұндызға кездеседі. Отынның арасына салып, құндызды үйіне әкеледі. Оны күйеуі терісін алмақ болып сояды. Міне, осыдан оба ауруы басталған. Кейбір сауаты бар адамдар тиісті жерге хабарлап, Алматыдан, Мәскеуден дәрігерлер, көмекші адамдар арнайы келеді. Олар жәрдем жасай бастайды, бірақ, жәрдем өте кешіккендіктен, ауылды қорғай алмаған. Сол бүкіл ауылдан Қырманшы атамның отбасы ғана (бір келіннен басқасы) аман калған.

Бұл да болса ұлы ақынның асқан білімпаздығы мен көрегендігінің арқасы деп ойлаймын. Әңгіме арасында айтылған бірауыз сөзі бір шаңырақты апаттан аман алып қалғанын қалайша ұмытпақпыз.

Авторы Ерлан Төлеутай

8 сәуір таңғы 08:45-тегі эпидемиологиялық жағдай бойынша, коронавирус індетін жұқтырған тағы 7 адам тiркелген: Қызылорда облысында - 3 адам, Атырау облысында - 4 адам.

Осы сағатта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 222 адам,

Алматы қаласында – 119 адам,

Қызылорда облысында - 69 адам,

Қарағанды облысында - 55 адам,

Жамбыл облысында - 45 адам,

Ақмола облысында - 42 адам,

Атырау облысы - 36 адам,

Түркістан облысында - 33 адам,

Солтүстік Қазақстан облысында - 25 адам,

Шымкент қаласында - 20 адам,

Ақтөбе облысында - 11 адам,

Алматы облысында - 10 адам,

Шығыс Қазақстан облысында - 6 адам,

Маңғыстау облысында - 5 адам,

Қостанай облысында - 3 адам,

Батыс Қазақстан облысында - 2 адам,

Павлодар облысында - 1 адам,

жалпы 704 науқас бар.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Egemen Qazaqstan газетінде мақаласы жарияланды.

Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде мен кез келген мәселені қадірменді отан­дас­та­рыммен бірге бүкпесіз, ашық талқы­ға салып, туған халқыммен үнемі ой бөлі­сіп келемін. Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазір­гі сәтте де баршаны сабырға, байсал­ды­лыққа шақырып, тағы да жұртыма ақ тілеулі сөзімді арнағалы отырмын.

Тұтқиылдан келген жаман індет – коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде. Қазірдің өзінде дүние жүзі бойынша 1,4 миллионнан астам жан осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылды. Сондықтан әлем мемлекеттері қатерлі дертке бірлесе дауа іздеп, бүгінгі заманның бар күш-қуа­тын, ақыл-ойы мен ғылым-білімінің же­тістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұ­мыл­дырып, ынтымақтаса әрекет етуде.

Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісті. Тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілді. Өзге елдерде вирус қалай пайда болып, пандемия қалай өрбіп, өршігені бақы­ланды. Соның нәтижесінде індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше жол бе­ріл­мей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр. Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады.  Игі мақсаттағы іс-шаралардың бәріне жер-жерлерде бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн.

Тәуелсіздіктің ең алғашқы күндері­нен бастап мен ұлы Абай атамыз­дың «Кімге достығың болса, дос­тық дос­тық шақырады» деген дана қағи­­да­сын басшылыққа алып, әлемнің бар­лық мем­­лекетімен арадағы келісім мен дос­тық­қа, өзара сенім мен ықпал­дастыққа не­гізделген саясат ұстандым. Еге­мен­дік­­тің бастапқы жылдарында іргелес ел­­дер­­дің бәрімен тату қарым-қаты­нас ор­на­­тып, шекара мәселесін түбе­гейлі шеш­­кен­нен кейін түрлі деңгей­дегі ынты­­­мақ­тастық ұйымдарын құруға бас­тамашы болғанымның басты себебі де сол еді.

Еуразия экономикалық одағын, Шан­хай ынтымақтастық ұйымын, Азия­дағы өзара ықпалдастық және сенім ша­ра­лары жөніндегі кеңесті құрып, Еу­ро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитін, Астана экономикалық форумы мен бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесін өткізу шараларының бәрі – Қазақстан мен дүние жүзі мемлекеттері арасындағы өзара достық пен сенімге негізделген байланысты, экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін жасалды. Өмірдің өзі, дәл бүгінгі қа­лып­тасқан жағдай біз ұстанған бірі­гу мен бірлесуге негізделген саясаттың бір­ден-бір дұрыс жол екендігіне көзі­мізді жеткізіп отыр.

Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия бүкіл әлемде жаңа эко­но­микалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіп­орындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұ­найдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тыйылды. Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр.

Біздің Отанымыз Қазақстан – қазба байлықтарға, оның ішінде мұнайға бай ел. Мен «Бізде мұнай мен газ бар екен деп үнемі соған тәуелді болған дұрыс емес» деп талай мәрте айтқанмын. Сондықтан егемендік жылдары біз ел экономикасын әртараптандырумен болдық. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Қазақстан-2050» стратегиясын жасап, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 1000-нан астам жаңа кәсіпорын аштық. Соның арқасында әлемдік бәсекеге қабілетті өнімдер шығарылып, елімізге жаңа технологиялар келді. Бұл еліміздің үшінші технологиялық жаңғыруына жол ашты.

Ел аумағында бұрын-соңды бол­ма­ған теміржол, автокөлік жолдары са­лынды.

Жүйелі жүргізілген реформалар нәтижесінде ауыл шаруашылығы да айтарлықтай дамып, Қазақстан өзін ет, сүт және тағы басқа да азық-түлік өнімдерімен емін-еркін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарына қосылды.

Болашақ үшін, алда күтіп тұрған осындай алмағайып замандар сынағын еркін еңсеру үшін көп қаржы-қаражат салып, зор жауапкершілікпен атқарылған бұл реформалардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеді.

Біздің Ата заңымыздың бірінші бабында «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деп нақты жазылған. Сондықтан елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, барлық өңірде бұрын болмаған жүздеген заманауи аурухана мен емхана салдық. Елордада әлемдік деңгейдегі ең озық техникалармен жарақталған аса ірі ғылыми-медициналық орталықтар ашып, оның мамандарын әлемнің ең дамыған елдерінде тәжірибеден өткіздік және «Болашақ» бағдарламасы аясында оқыттық. Осылай алдын ала қамданудың нәтижесінде ұлт денсаулығына қатер төндірген бүгінгідей қиыншылық заманда жұқпалы дерттің дәл диагностикасын жасау, оның алдын алу, науқасты емдеу сияқты тиісті шараларды біздің дәрігерлеріміз жоғары кәсіби деңгейде атқаруда.

Әрине қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ.

Әдетте жұрт көңілі алаң осындай кезде ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Мен халықты әртүрлі сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал.

Бүгінгі күрес даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Тәр­тіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деген қанатты сөзін еске салады және соны бекем ұстануды талап етеді. Өздеріңіз білесіздер, бұл пандемияны көршіміз Қытай елі ұйымшылдығы мен темірдей берік тәртібінің арқасында ауыздықтай алды.

Қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жыл­дарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақ­талған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты мағлұмат берді. Егер Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жеткізген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді. Кезінде соның бәрін таратып берейік дегендер де болған, бірақ өмір біз қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көрсетті.

Енді Үкімет пен жергілікті атқа­ру­шы органдары соны үнемді түрде, рет-ретімен орындауға кірісуі керек. Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиын­дықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. Nur Otan пар­тиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуы тиіс.

Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі.

Дәл осы тұста бәрімізге халқы­мыз­дың әрдайым үлкенге құрмет көрсе­тіп, кішіге қамқор болатын абзал қа­сиет­тері септігін тигізеді деп сенемін.

Адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш. Бұл бойымызға – қажыр, денемізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатады. Біз қазір көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуы­мыз керек. Халқымыздың бойын­дағы ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жеткен ең ізгі қасиеттер бізді осыған үндейді.

Дәл қазір бүкіл адамзат жолайрықта тұр. Әлемдік геосаясатты, экономиканы, экологияны, қоғам өмірінің сан алуан саласын қамтып, тізбектеле келген, бұрын-соңды болмаған проблемалар әлем мемлекеттерінің қарым-қатынасын да өзгерте бастады. Үнді халқының ұлы гуманист қайраткері Махатма Ганди: «Әлемді өзгерту үшін әуелі өзіміз өзгеруіміз керек», деген екен. Кеше ғана бір-бірін аяқтан шалып, жағадан алып, «санкциялық соғыстарға» жол ашқан мемлекеттер енді өзара көмек қолын созысуда. Бұл – жаһандық деңгейдегі үлкен өзгерістердің бастауы.

Әлем тарихында ондаған жылға, тіпті жүз жылдан да астам уақытқа созылған талай соғыстар, шиеленісті жағдайлар мен кикілжіңдер орын алған. Миллиондаған адамды баудай түсірген індеттер де аз болмаған. Адамзат соның бәрін жеңген. Жан алқымнан алып тұрған бұл шырғалаңнан да шығамыз. Әлемнің ең алпауыт мемлекеттері осы қиындықтан сабақ алуы керек.

Кезінде Әйтеке би бабамыз: «Ел мұраты – көрешек, ер мұраты – келешек. Осыларды ойлаған – қоймас түбі сүйінбей», деген екен. Қандай керемет айтылған сөз! Дәл қазір бізге бүкіл адамзат өркениетін сүріндіретін емес, барша әлем халқын сүйіндіретін жаңашыл саясат керек.

Кез келген қиындық адамды тығы­рықтан шығуға, өзгеше ойлауға, қалып­тасқан жұмыс тәсілдерін жетілдіруге бастайды. Ал бұл ғылым мен технологияны дамытуға, сергек өмір салтын қалыптастыруға алып келеді. Бүгінде еңбекті ұйымдастырудың креативті әдістері, тіпті жаңа кәсіп түрлері шыға бастады. Қазір адамдар біртіндеп қағазбастылықтан арылып, қашықтан жұмыс істеу режіміне көшті. Осының бәрі бір кезде алдын ала жоспарланып, кеңінен ойластырылған шаралардың арқасында ғана мүмкін болып отыр.

Рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынықтырады. Сондықтан біз бойкүйездіктен, сарыуайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек.

«Бірлік жоқ жерде тірлік жоқ», деген екен әйгілі данышпан Төле би. Береке-бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайды. Біз үшін ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап күткен, 30 жылға жуық уақыт бұрын қолымыз жеткен азаттықты мәңгі баянды етуден асқан мұрат жоқ. Қазақстан – халқымыз тату-тәтті және ке­лі­сімде өмір сүріп жатқан ортақ шаңы­рағымыз. Алуандығымыз – бәсекелі және жаһандық әлемдегі біздің баға жетпес байлығымыз бен артықшылығымыз. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық табысымыздың қайнары – ең алдымен халқымыздың береке-бірлігі. Алла тағала бізді осы бірлігімізден де, тірлігімізден де айырмасын.

Мен сөзімді алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арнаймын: халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер. «Ырыс алды – ынтымақ» екенін ұмытпаңыздар. Жастарды еңбекке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеңіздер. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік бізді осыған міндеттейді.

Жаңа өскін – жас ұрпаққа айтарым: тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер келер жылы орда бұзар отызға толасыңдар. Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар. Үлкенге – ізетті,  кішіге  – қамқор, бір-біріңе дос болыңдар. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген Абай аталарыңның өсиетін ешқашан естен шығармаңдар.

Кәсіпкерлерге де арнайы айтарым бар: сіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз де келді.

Осы орайда, менің өтінішім бойынша өз отандастарына қол ұшын беріп, қаржылай, заттай көмектесіп жатқан кәсіпкер азаматтар баршылық. Осы бір жарасымды үрдіс, игі іс одан әрі жалғасын табады деп сенемін.

Ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы болған жерде ғана игілік пен ізгілік қатар өркен жаяды. Осы қасиетті қағида әрбір қазақстандықтың жадынан, жүрегінен орын алуы керек.

Маған небір қиын-қыстау күндерде ешқашан намысын бермеген, қашанда бірлігі бекем, пейілі кең, құшағы ашық, бауырмал халыққа басшылық ету бақыты бұйырды. Сондықтан қазіргідей алабұртпа көңіл жағдайында дана да дарқан халқыма – баршаңызға зор ризашылыққа толы осы сөздерімді жолдадым.

Біз тәуелсіздік жылдары сан алуан қиындық пен дағдарысты бастан өт­кер­дік. Соның бәрінде мен анық жағдайды, түйткілді проблемаларды ашық түрде алдарыңызға жайып салып отырдым. Сіз­дер маған үнемі сенім арттыңыздар, мен туған халқымның сол сенімінен ұдайы күш-қуат алдым. Сол үшін сіз­дер­­ге тағы мың да бір алғысымды білді­ре­мін.

Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіп­сіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мем­лекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қал­майды.

Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін.

Біз біргеміз. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлі­гімізден айрылмайық. Сонда ғана ­біз қас­тер­лі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақ­стан­ды Мәңгілік ел болуға лайықты ете аламыз.

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы

Қасым-Жомарт Тоқаев "Continental Logistics" ЖШС-ның көлік-логистика орталығына барып, 6 мың тоннадан астам азық-түлік тауарлары сақталған қойманы аралап көрді. Жалпы Нұр-Сұлтан қаласының аумағында көлемі 222 мың шаршы метр болатын 7 логистикалық кешен және 37 мың тонна азық-түлік өнімдерін сақтауға арналған 7 көкөніс қоймасы бар.

Президентке елорда мен өңірлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі жайында баяндалды. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мақсатында қабылдаған шаралар туралы мәлімет берді. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстан Президентіне көкөніс өнімдерін, бидай мен ұн жеткізу жайын баяндады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысына елорданың қазіргі ахуалы жөнінде есеп берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке облыстар мен қалалардың әкімдерімен бірлесіп, азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауына жол бермеуді, алып-сату фактілерінің алдын алуды, сондай-ақ, тұрақтандыру қорын толықтыруды тапсырды.

- Бұл - өте маңызды жұмыс. Халқымызды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі - басты міндет. Осы бағытта дұрыс жұмыс жүргізу керек, - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргідей Төтенше жағдай кезінде азық-түлік тауарларын тұрақты жеткізу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге ерекше мән берілетінін жеткізді.

Президенттің айтуынша, Орталық Азия мемлекеттерінің үкіметтері жәрдем сұраған жағдайда, Қазақстан аталған елдерге ынтымақтастықтың белгісі ретінде тиісті көмек көрсетуге әзір.

- Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттерге гуманитарлық көмек көрсетуге дайынбыз. Қазақстан - аймақтағы көшбасшы ел. Сондықтан осындай қиын-қыстау кезеңде көмекке зәру елдерге қол ұшын созу міндетіміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дереккөз: akorda.kz

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (ИАТА) 2020 жылғы 6 сәуірдегі арнайы хабарламасына сәйкес, Нұр-Сұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының қолданыстағы TSE үш әріпті кодын NQZ-ге өзгерту туралы түпкілікті ресми шешім қабылданды.
Министрлік ИАТА басшылығымен және сарапшыларымен бүкіл әлем бойынша әуежайлардың үш әріпті кодтарын тағайындау мен өзгерту бойынша ИАТА тәсілдерін өзгерту бағытында көп жұмыс істегенін атап өту қажет. Осы жұмыстардың нәтижесінде әлемнің барлық елдері әуежайларының үш әріпті кодтарына өзгерістер енгізуге бірегей мүмкіндік алды. Сонымен қатар, еліміз азаматтық авиация өкілдерінің бүкіл әлем бойынша үш әріптен тұратын әуежай кодтарын тағайындау мен өзгерту туралы ИАТА қарарына түзету енгізу туралы бастамаларын қолдау мәселесін пысықтады.
Бұл өзгеріс ресми түрде 2020 жылдың 8 маусымынан бастап күшіне енеді және NQZ әуежайдың жаңа коды әуе билеттерді брондаудың барлық жүйелерінде, соның ішінде билеттерде, жолжүк биркаларында, ақпараттық таблоларда қолданылады.

Дереккөз: ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram-парақшасы 

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшысы Асқар Маминмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті елімізде қабылданған шаралардың арқасында коронавирус инфекциясының таралу қарқыны төмендегенін айтып өтті.

«Медицина қызметкерлерінің келісілген жұмысын ерекше атап өткім келеді. Қиын жағдайда құқық қорғау органдары да өз жұмысының тиімділігін көрсетуде. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар да белсенді жұмыс істеп жатыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындаудың маңыздылығын атап өтті.

 

«Президенттің барлық бастамасын жергілікті халыққа жеткізудің маңызы зор. Мен бұл туралы облыс әкімдерімен телефон арқылы сөйлескен кезде де айттым», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев осы жағдайда экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.

«Әлемдегі экономикалық ахуал күрделі. Бірақ бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша біздің елдің көрсеткіштері жаман емес. Алайда карантиннің әсері әлі күнге дейін елдің экономикалық көрсеткіштеріне толық әсер етпегенін ескерген абзал. Шағын және орта бизнесті қолдау және халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелері маңызды болып қала береді. Енді дағдарыстан кейінгі кезеңде не істейтінімізді ойластыруымыз керек. Экономика құлдырайды. Оның салдары 2008 жылғы дағдарыстан кейінгі кезеңге қарағанда анағұрлым ауыр болатын секілді», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қор мен Үкіметтің резервінен отандық экономиканы қолдау үшін 10 миллиард доллардың уақтылы бөлінгенін жеткізді.

Өз кезегінде Премьер-Министр Қазақстанның Тұңғыш Президентіне коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат берді.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың шикізаттық емес секторларын дамытуға бағытталған бағдарламаларды іске асырудың өзектілігіне тоқталды.

«Біздің елде бұдан да қиын күндер өткен. Біз бұл қиындықтарды да жеңеміз. Ең бастысы - халқымыздың бірлігі мен тыныштығы. Үкімет тиімді жұмыс істейді деп санаймын. Ертең мен Қазақстан халқына арналған мақаламды жариялаймын. Қазір бүкіл әлемге оңай тиіп тұрған жоқ. Аурудың шырқау шегінен әлі өтпедік. Сондықтан біз бір-бірімізді құрметтей отырып, сабыр пен шыдамды танытуымыз керек», - деп түйді Елбасы.

Дереккөз: inform.kz

Сейсенбі, 07 Сәуір 2020 10:30

Обмен ворд-2020 РКШУ

 

«Большая вода» уже не опасна

Весеннее повышение температурного фона и ускоренное таяние снежного покрова ведет к вероятности паводков.  Состоявшиеся в марте республиканские командно-штабные учения «Көктем-2020» преследовали и практические цели: кроме отработки взаимодействия отрядов экстренного реагирования, местных исполнительных органов, населения, службы чрезвычайных ситуаций также организовали практические мероприятия по устранению паводкоопасных ситуаций, в том числе на горных реках и водоемах Енбекшиказахского района. Районным отделом по ЧС совместно с сельскими акиматами, предприятиями, крестьянскими хозяйствами, ГУ «Казселезащита», Тургенским филиалом Иле-Алатауского государственного национального парка проведены углубления речных русел, отсыпка водозащитных дамб, очистка дренажных каналов и арычных сетей.

Под руководством акима района Бинали Ыскака и начальника отдела по чрезвычайным ситуациям Енбекшиказахского района Рахмана Каримжана   на территории Енбекшиказахского района были развернуты практические работы по предотвращению затопления населенных пунктов, автодорог, дачных массивов.

Бинали Ыскак дал  акимам сельских округов, руководителям хозяйствующих субъектов задания по по ликвидации угрозы затопления населенных пунктов и промзон на территории  паводкоопасных зон района. Местным акиматам было поручено выставить посты наблюдения; вести расчистку мостов, трубчатых переходов, русел каналов, арычной поливной сети в населенных пунктах. Службам энергетики  и  связи дано указание содержать системы оповещения  населения   в постоянной готовности, вести  проверку мест прохождения электролиний и кабелей связи.  

По словам начальника ОЧС Рахмана КАРИМЖАНА, в данное время расход воды на реках, заполнение водохранилищ в пределах среднегодовой нормы, весенние паводки нам не угрожают. Вместе с тем сотрудники ОЧС  в социальных сетях ведут разъяснительные беседы о правилах поведения при паводках и пожарах в частном секторе, чтобы не допустить детских шалостей с огнем  в период школьных каникул.

И.ВИКТОРОВ

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет