Бейсенбі, 11 Наурыз 2021 11:52

Тәртіпсіз ел болмайды

Аудан басшылығына жаңадан келген Жақанбаев Әлібек Әскербекұлы тағайындалғаннан кейінгі үшінші күні әкім орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлім, әр саладағы қызметтер басшыларының қатысуымен алғашқы аппарат жиынын өткізді.

Дәл осы күні табиғат ерекше мінез көрсетіп, белуардан демесек те, тізеден асыра аппақ қарын жаудыра салды. Басшының да, барша тұрғындардың да көзіне түскені – жұмыс күнінің басына, таңғы 9-ға дейін аудан орталығының көшелерін қардан тазалауға шыққан әлжуаз техника – бір-екі Беларусьтың тырбаңдаған әрекеті: «Неге?!» қысқы жол-көше тазалауға міндеттенген заңды тұлға жұмысқа кешеуілдеп кіріседі, неге ондай әлсіз тұлғамен шартқа отыру керек?" деген сияқты «негелер» көп-ақ болды. Жиынның басында қойылған талаптың басы тәртіп туралы болды.

Әлемге аты әйгілі Бауыржан батыр Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөздерін есіне салды жиынға кешіккендерге аудан басшысы Ә.Жақанбаев. Ал одан да көбірек кешіккен басшыларға жиын залының есігі тарс жабылды десек те болады. Байланыс құралы телефонды кез келген жиынға кіргенде өшіріп қою жазылмаған заң, қанға сіңген әдет болу керек екенін де ескертті басшы.

Тәртіптің, заңдылықтың бірден-бір қорғаушылары – полиция қызметінің жүгі жеңіл емес. Ауданымыздың Қорам елді мекенінде айдың күннің аманында, тапайдың тал түсінде өз беттерімен келе жатқан үш бірдей оқушы қыз баланы мертіктіріп ауыр халге салып қойған мас автожүргізушінің қылмысы аудан, облыс басшыларынан асып, мемлекет басшысының назарына ілікті. Бұндай ерекше заң бұзушылыққа әкелген бұдан көп бұрын жас сәбидің ажал құшуына себепкер болған қылмыстық істің сөзбұйдаға салынуы себеп болмағанына кім кепілдік бере алады?! Күн тәртібінен түспейтін бір мәселе – мал ұрлығы. Бұл жағдай жергілікті полиция қызметінің, оның құрамындағы учаскелік полицейлердің назарынан бір сәтке де тыс қалмауын ескертті аудандық полиция басқармасының басшысына Ә.Жақанбаев. Әрине, жағдайды бақылауға алуды  әкім бұл саланың бағдарлаушы кураторы бірінші орынбасар А.Бидаевқа да тапсырды. Әкім көп ұлттар өкілдері, көп этносты ауданымыздағы татулық-бірлік әр тұрғын өзін қазақстандықпын деп сезінуі үшін ішкі саясат бөлімінің атқаратын жұмысы ауқымды екенін де ескертті. Сонымен қатар жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасалып, мәдени, спорт, дене шынықтыру нысандарының санын арттыру да назарда болу керек. Есік қаласында дене шынықтыру-сауықтыру орталығы (ФОК) қызмет атқаруда. Дәл осындай кешен Шелекте салынады. Ал шағын кешендер әрбір ірі елді мекенде бой көтерсе, артық етпейді деген мақсат болу керек. Жабдықталған спорт алаңдарын әрбір ауылда салуға да мүмкіндіктер бар. Бұл іске кәсіпкерлерді кірістіру де қажет.

Жұмыссыз жастар, жалпы әлеуметтік сала, қайтарымсыз гранттарды ұтымды пайдалану мәселелері, 79 елді мекені бар ауданымыздағы 13 мәдениет үйі мен 4 клуб мәдени сұраныстарымызды толық қамти алмайтындығы да – күн тәртібіндегі шешілуін күтетін сұрақтар.

Білім саласындағы жалпы жағдай жақсы дегенмен, оқушылар арасындағы әлімжеттік, бопсалау, өзіне-өзі қол салу фактілерін болдырмауға күш жұмсау керек.

Ал мектептегі коррупция – ақылға сыймайтын дүние. Ең аяғы оңтүстіктегі мектеп тазалаушысын жұмысқа алу үшін мектеп басшылығының талап еткен қомақты пара жайында Елбасымыз ашына айтпап па еді?! Білім саласы пандемия жағдайында қашықтықтан оқыту үшін интернет желісіне тікелей тәуелді болып отыр. Аудан бойынша 21 елді мекенде интернет жүйесі өте нашар деген дерек бар. Ал бұл жүйе әрбір ауылда, әрбір үйде істемесе, білім беру ісі мүлде артта қалары сөзсіз.

Бүгінгі күннің ең маңызды саласы – медицина, денсаулық сақтау мекемелері. Негізінен жолға қойылған бұл салада індет жұқтырғандар санын нақтылау, анықтау үшін мобильді топтардың жұмысын жолға қою керектігіне назар аударды әкім.

Қауіпті індеттің алдына толықтай тосқауыл қою үшін тек Covid-ті жұқтырғандар, өз аяғымен келгендер немесе өздері жедел жәрдем шақырғандарды ғана тіркеп, емдеуден тыс әрбір округте мобильді топтар құрып, бұл топтарға жергілікті медицина қызметкерлерін, мектептердегі медиктерге дейін тартып, Covid-ке қарсы қызметіне көмек көрсету қажет.

Экономика салаларының кураторы әкім орынбасары А.Досымбаевтың назарын салық базасының тарлығына аударды. Ірі жол, құрылыс компаниясы «ДСУ-13» АҚ-ның базасы Есік қаласында, ал салық төлеуші ретінде оңтүстік мегаполисте тіркелген. Неге? Бұл өзі – көп жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе.

Неге ауданымызда құрылыспен айналысатын кәсіпорындар бола тұра, сырттан келіп, күрделі жөндеумен айналысуы керек?! Өз құрылысшыларымыздың жұмысы сапалы болатыны ақиқат. Ірі де күрделі нысандарды салуды «Bi grоup» секілді ірі кәсіпорынға тапсырып-ақ қояйық, ал күрделі жөндеуді неге өз құрылысшыларымызға тапсырмаймыз? Сападан басқа салық та өз қоржынымызға түспей ме? – дейді әкім.

Көктемдегі 8 наурыз мерекесі қарсаңында негізінен білім және денсаулық сақтау салаларында қызмет ететін әйелдерге, аруларға құттықтауын, отбасы бақытын, әйел бақытын арнады әкім Әлібек Әскербекұлы.

Көктем жақсы, жайдары маусым, жақсы көтеріңкі көңіл күймен қатар қауіп-қатерлерін де ала келетінін ұмытпау керек екенін ескеріп, төтенше жағдай қызметінің басшысы Рахман Каримжанды көптеген сұрақтардың астына алды әкім. Таулы аймақтағы қар күрт еріп, су тасқыны бола қалса, жасалатын шаралар, оның ішінде, айталық, құм салатын қаптар, құрал-жабдықтар, арнаулы техникалар дайын ба? Жалпы, төтенше жағдайлар қызметі әскери қызметтен бір де кем емес – арнайы жоспары болу керек әр төтенше жағдайға сай. Ең аяғы су тасқыны немесе сейсмикалық аумақтағы жер сілкіну жағдайында тұрғындарды қауіпсіз аумаққа көшіру, оларды азық-түлікпен, медициналық жәрдеммен қамту т.б. Дәл осындай сұрақтар ауыл, қала әкімдеріне қарата да қойылды. Әрине, бұл мәселе орыс мәтеліндегідей: «Күн күркіремей мұжық шоқынбайды» деген деңгейде екені шындық.

Ал ауданымыздың ең басты саласы ауыл шаруашылығының мәселелері жөнінде әкімнің осы сала жөніндегі орынбасары Б.Бименов баяндады. Қысқа қайырып айтсақ, суармалы су жүйесін түзеу, мал басын асылдандыру, мал азығын өндіру бағытын нығайту. Әкім назарына ерекше алынған облыс бойынша жүгері өндіруден екінші орында бола тұра, одан өндіретін өнімдерді өңдеп, ұсыныла алмау. Ал жерді пайдалану жағынан байқалған карьерлердің көптігі оған берілген жерлердің тұрғындарға ыңғайсыздығы және пайдаланылған карьерлердің рекультивация жасалмауы. Жалпы, жаңа тағайындалған әкім жермен ойнауға болмайды  деген тұрғыда қатаң ескертті. Одан басқа ескертудің қатарында мемлекет қалтасын өз қалталарыңмен шатастырушы болмаңдар деген бүгінгі күннің ең басты «ауруы» коррупция жайында.

Сөздің басындағы тәртіп мәселесін көңейте отырып айтар болсақ, тәртіп деген заңды мойындап қана қоймай, орындау, яғни коррупцияға бой ұрмау, жол ережесін бұзып, өзіңді ғана емес өзгелердің өмірін, денсаулығын қатерге тікпеу. Заңмен бекітілген қызметтік міндеттерді бұлжытпай орындау, пандемия жағдайында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің талабын бұлжытпай орындау. Міне, осы және ондаған мемлекеттік заңдардың аясында жұмыс жасасақ, ел боламыз, елдің құрамындағы аудан бола аламыз. Сол үшін де бір команда болып қызмет атқаруға шақырды әкім Ә.Жақанбаев, осы тұрғыда талап қойды қарамағындағы әр сала қызметтер басшыларына. Іске сәт!

 

Хайролла АХМЕТЖАНОВ

Оқылды 1035 рет

Соңғы жаңалықтар

Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы …

Мен Тойғанбеков Бақберген Бауыржанұлы 1988 жылы 21 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет