Сәрсенбі, 23 Маусым 2021 10:28

Қауіпсіздік күзетіндегі жұмыс жандануда

Ерлік пен намысты, қырағылық пен сақтықты, адал қызмет пен Отанға деген сүйіспеншілікті бойына бірдей сіңірген полиция қызметкерлері – ел тыныштығының сақшысы. Елге адал қызмет етуге ант еткен, сертін орындау жолында өмірін сарп еткен тәртіп сақшыларына деген құрмет ерекше. Ауданымыздың тыныштығын күзету жолында еңбек етіп жүрген полицияның жұмысымен танысқан болатынбыз мереке қарсаңында. Басшылық қызметке жақында тағайындалса да, өңірдегі қоғамдық тәртіпті сақтау жолында ұзақ жылдар еңбек етіп жүрген полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Жақсылық Алтынбаевпен тілдестік.

– Жақсылық Бейқұтұлы, әңгімемізді аграрлы ауданымыздағы мал ұрлығынан бастасақ.Бұл қылмыспен күрес қалай жүзеге асуда?

– Бүгінгі таңда өңірдегі мал ұрлығының алдын алу бойынша кешенді шаралар атқарылуда. Нәтижесі де айтарлықтай. Төрт түлікті қолды қылу екі есеге дейін азайды. Осы уақытқа дейін полиция қызметкерлері ірі көлемде мал ұрлаған 5 қылмыстық істі ашты.  5 адамнан құралған қылмыстық топ құрықталып, аудан аумағында мал ұрлығымен айналысқандары дәлелденді.

«Ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» – деген халық даналығы біздің қызметке тікелей айтылғандай. Болған қылмысты ашқаннан гөрі, соны болдырмау үшін жұмыс істеу аса маңызды. Осы орайда, мал ұрлығының алдын алу мақсатында жыл басынан бері «Мал ұрлығы» атты екі шұғыл-профилактикалық шарасы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, криминалдық полиция қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары ет сататын сауда орындары мен мал сою алаңдарын үнемі тексеріп, қадағалап отырады.

Қазіргі таңда төрт түлікті тасымалдау үшін арнайы құжат керек. Осыны ескермеген 67 азамат анықталып, оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

– Мал ұрлығынан бөлек, жеке азаматтардың мүлкін тонау, ұрлық жасау әрекеттері де өршіп тұрғаны жасырын емес.

– Өткен жылмен салыстырғанда биыл барлық деңгейдегі қылмыстарды ашу көрсеткіші едәуір жоғарылаған. Оған себеп, тұрғындар арасында құқықбұзушылық пен қылмысқа қарсы түсіндіру жұмыстарының кешенді жүргізілуі және қоғамдық орындарға, қылмыс жиі орын алатын жерлерге бейнебақылау камераларының орнатылуы. Қазіргі таңда осындай бейнебақылаудың 8-і аудандық полиция басқармасына тікелей қосылған. Бұл орын алған қылмыстық оқиғаларды жедел түрде ашуға септігін тигізуде.

Полиция басқармасы тарапынан қылмыс жиі тіркелетін криминалдық учаскелер анықталып, ол жерлерде екі ауысымда, күндізгі уақытта учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полиция ротасы жаяу патрульдейді. Түн мезгілінде 20 автоэкипаж тұрғындар тыныштығын күзетеді. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында былтырдан бастап екі жерге стационарлы-модульді полиция постары орнатылды.

– Бізде жол апаты көп тіркеледі. Оның алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр ма?

– Оныңыз рас, жол апатының алдын алу мәселесі бүгінде өзекті болып отыр. Заңға құлақ аспайтын жүргізушілердің кесірінен қаншама адам зардап шегіп, қаншама отбасы қара жамылды. Десек те, осындай жол-көлік оқиғаларын күнделікті өмірде көріп жүрсе де, «жүгенсіз жүргізушілер» жол ережесін сақтамайды. Біз олармен күресті жүйелі түрде жалғастырып келеміз. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері ауданымызда «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Автобус» жедел-профилактикалық шаралары өткізілді. Одан бөлек, жол апатына себепші болатын ережелерді өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында апта сайын рейд жұмыстары жүргізіледі. Ағымдағы жылдың 5 айында патрульдік полиция қызметкерлері тарапынан көлік жүргізушілеріне 10 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылды. Осыдан-ақ жүргізушілердің мәдениетін қай деңгейде екенін аңғаруға болады.

Полиция басқармасы жүргізген сараптамаға сәйкес, жол-көлік оқиғалары негізінен жүргізушілердің көлік жылдамдығын шамадан тыс арттыруынан, жаяу жүргіншілерге жол бермеуінен, жол қиылысындағы қозғалыс ережелерін сақтамауынан және жаяу жүргіншілердің жолдың белгіленбеген тұсынан өтуінен орын алады.

– Жаяу жүргіншілердің қатарында мектеп оқушылары да бар емес пе?

– Әрине. Қазір жаз мезгілі басталды. Ата-аналар балалардың жолдан өту ережелерін сақтауын қатаң қадағалауы тиіс. Бұл бағытта да полиция насихат жұмыстарын жүргізуде. Ювеналды полиция және патрульдік полиция бірлесіп, мектеп оқушыларымен кездесулер өткізді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мектептердің жанындағы жаяу жүргінші жолағына балалардың макеттері қойылды.

– Ал жасөспірімдермен жұмыс қалай жүргізілуде?

– Өзіңізге белгілі, полиция басқармасында жасөспірімдердің ісімен айналысатын ювеналды полиция бөлімі бар. Инспекторлар өздеріне бекітілген оқу орындарымен жұмыс істеп, ондағы балалардың құқығын қорғайды, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар облыстық деңгейдегі «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» атты рейд жұмыстары жиі ұйымдастырылады. Шара барысында полиция қызметкерлері түн мезгілінде үлкендерсіз көшеде жүрген, көңіл көтеру орындарына барған жасөспірімдерді анықтап, ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оған қоса, ескерту жасалып, аталған жағдай қайталанса айыппұл салады. Сондай-ақ рейд барысында кәмелеттік жасқа толмағандарға алкагольдік ішімдіктер темекі өнімдерін сатқан сауда орындары анықталады.

Бүгінгі таңда аудан аумағында 52 жасөспірім профилактикалық есепте тұр.

– Полиция басқармасының материалдықтехникалық базасына тоқталып өтсеңіз.

– Заман дамыған сайын, құқықбұзушылардың да айла-әдістері жетіле түседі. Сондықтан олармен күресуде заман талабына сай жасақталған полиция қызметкері жетекші рөл атқарады. Тәртіп сақшылары қызметтік көліктермен, планшетпен және арнайы құрылғылармен жабдықталған. Учаскелік полиция инспекторларының жұмысын оңтайландыру мақсатында учаскелік пунктпен жапсарласа салынған қызметтік үйлер пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар әлі де жүзеге асуда.

– Тұрғындар тыныштығын күзетуде учаскелік полиция инспекторлары жетекші рөл атқарады. Бұдан бөлек, оларға қандай жағдай жасалуда?

– Материалдық жағдайдың жақсаруы жұмыс сапасының артуына, қызметкердің жемқорлық әрекеттерін жасамауға жол ашатыны баршамызға мәлім. Осы орайда, учаскелік полиция инспекторлары назардан тыс қалған жоқ. 2019 жылы олардың жалақысы 25 пайызға артты. Биылғы жылдан бастап көмекшілерінің жалақысы 30 пайызға көтерілді. Келер жылы учаскелік полиция инспекторларының айлығы тағы 30 пайызға өссе, көмекшілерінің жалақысына 7 пайыз қосылады. Одан бөлек, өткен жылдың шілде айынан бастап тұрғын үй жалдау үшін өтемақы төленеді.

– Сұхбатыңызға рақмет.

 

Тілдескен Сардарбек НҰРАДИН

Оқылды 2144 рет

Соңғы жаңалықтар

Маус 30, 2025

Тазалық тәртіптен басталады

Табиғат – Жаратушының ең көркем жаратылыстарының бірі. Адам күнделікті күйбең тіршіліктен…
Маус 26, 2025

Начало было в 30-х продолжение в…

Если театр начинается с вешалки, завод с проходной, то газета – с людей и событий,…
Маус 26, 2025

Ақпарат айдынында

28 маусым күні елімізде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні аталып өтеді.…
Маус 26, 2025

Көз көрген

1992 жылы Тәуелсіздігімізге жыл толды. Өзіміздің Ата заңымыз, Ел басымыз, Мемлекеттік…
Маус 26, 2025

Мемлекеттік қызмет – мәртебелі…

Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен…
Маус 26, 2025

МВД: Пранки не повод нарушать закон

Министерство внутренних дел обратилось к "пранкерам", передает Polisia.kz. - Уважаемые…
Маус 26, 2025

ІІМ: Пранктар заң бұзуға себеп емес

Ішкі істер министрлігі пранк ұйымдастырып, контент жасайтын азаматтарға үндеу жасады, -…
Маус 25, 2025

Жазғы шомылу маусымы: жағажайлардың…

Алматы облысында жазғы шомылу маусымының басталуына байланысты су айдындарының…
Маус 24, 2025

Алматы облысы әкімінің өкімімен…

Бақытнұр Бақытұлы 1986 жылы туылған, білімі жоғары, 2008 жылы Нархоз университетін…

Күнтiзбе

« Шілде 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет