Сан мың жылдық тарихтың ізі өшпеген, Сақтар сап алтындай өркениет жаратқан бұл топырақта бүгінгі заманауи жетістіктердің өркендеуі заңдылық іспетті. Қазіргі таңда ауданымыздың орталығы саналатын Есік қаласында елеулі өзгерістер жетерлік. «Халықтан асқан сыншы жоқ». Әрбір істің жай-жапсарын, атқарылу деңгейін, алдағы бағыт-бағдарды бағамдауда да ел лайықты бағасын беріп отырады. Бұл ретте қала әкімі лауазымына тағайындалғанына жылға жуық уақыт болған Айдар Бошкуловтың қаладағы шаруа жайын, тұрғындардың тыныс-тіршілігін жете меңгеріп, елдік мүдде жолында көптеген игі істердің жүзеге асып жатқанын көпшілік көріп те, айтып та жүр. Маусым айы – барша тіршіліктің жайқалып, сан салалы жұмыстың қызған шағы. Осынау мәуелі маусымда қат-қабат еңбектің атқарылу барысы мен алдағы жоспарлар жайында қала әкімімен сұхбат құрған едік.
– Жақында облыс бойынша үздік әкім атандыңыз. Марапатыңыз құтты болсын! Әңгімемізді осынау тарихы терең құт мекенде қолға алынып жатқан іргелі істерден бастасақ...
– Есік қаласында ежелден сауда-саттықтың қарқынды дамығаны тарихтан мәлім. Оңтүстіктегі шөл даладан жолға шыққан керуендер Алатаудың жасыл алқабы саналған біздің мекенге жетіп, тынығатын болған. Бүгінде сол керуендер шоғыры автокөліктерге ауысты. Қазірде республикалық маңызы бар автожолдар қаламыздан өтеді. Сондықтан ең әуелі қаланың өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға басымдық берілмек. Өткен жылы жолдар мен тротуарларды ретке келтіру қарқынды жүзеге асырылып, орталық көшелер жөнделді. Айталық, қаламыздағы Алтын Адам аллеясын үш метрге кеңітіп, ұзындығын 1,8 шақырымға созып, 22 аялдама орнатылды. Жаңа үлгідегі жеті аялдамалық кешен қойылды. Мұның сыртында бірінші бағдаршамнан бастап қаладан шығатын тұстағы аркаға дейін жол қозғалысы қауіпсіздігі үшін ұзындығы 1,2 шақырым бетонды астау жүйесі орнатылды. Сонымен бірге 1 және 2-шағын аудандарында аула алаңдары салынды. Ал биылда сол әлеуметтік нысандарды жаңғырту мен инфрақұрылымды жақсарту үдерісі жалғасады. Айталық, қазір Алматы көшесі бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салынып, Абдиев көшесіне асфальт төселуде. Аудан орталығында 60 пәтерлі көпқабатты екі үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сонымен бірге 3-ықшам ауданның ауласын абаттандыру жұмысына 107 млн 972 мың теңге бөлінді.Жақында аталған шағын аудан мен Ысқақов көшесін абаттандыру жұмысы басталмақ.Сонымен қоса, қала көшелерін жарықтандыруға да тиісті қаржы қарастырылды.«Номад Мегаполис» мекемесімен жасалған меморандумның негізінде көшелердің жарықтандыру шамдарын толықтай LED-ке ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.Ағымдағы жылы жарықтандыруға бюджеттен 50 млн теңге бөлінді. Жарықтандырылатын көшелерді көбейту үшін тағы да 50 млн теңге бюджеттік сұраныс берілді.Қаланы газдандыру жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Айталық, жеке сектордағы 3000 үйді қамти отырып, ұзындығы 151,5 шақырым газ құбыры тартылды. 2568 үй газ құбыры желілеріне қосылуға келісім-шарт жасаған. Оның ішінде, 1840 үйдің көгілдір отынға қолы жетті. Қосымша көппәтерлі үйлерді қалыпты жылытуды қамтамасыз ету үшін блокты-модульді қазандықтарды (БМҚ) салу жобалары әзірленуде. Сондай-ақ өзен арнасы бойы абаттандырылып, қала тұрғындарына жайлы орта жасалмақ. Мұнан өзге ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай арнайы жасалып жатқан жобалар да жоқ емес.
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қала көлемінде қандай игі істер атқарылмақ?
– Тәуелсіздікті ұлықтау тарихымызды зерделеу мен елдік мұратымызды асқақтатудан басталмақ. Ең әуелі, қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған бабалардың рухына тағзым етілмек. Анығын айтсақ, Алматы мен Абай көшелерінің қиылысында орналасқан Керей-Жәнібек ескерткіші қайта жаңарып, айналасы абаттандырылады. Мұны Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарасыңындағы өзіндік мәні бар оқиға деп білемін. Ұлтымыз үшін Тәуелсіздік қандай қымбат болса, мемлекеттік рәміздер де біз үшін сондай қастерлі. Биыл Қазақ елі Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Осынау мерейлі датаны тойлаумен қоса мемлекеттік рәміздерді төрге оздыру да әрбіріміздің міндетіміз болуы тиіс. Сондықтан қаламыздағы Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінің алдына биіктігі 33 метр ту тұғыры орынатылмақ. Көк аспанда желбіреген көк Тудың жас ұрпақтың жүрегіне патриоттық сезім ұялататыны сөзсіз. Қалаға келген туристер де Туды көруге кұштарлық танытады деп ойлаймын. Сонымен қоса, қала орталығы мен көрнекті жерлерге үш үлкен LED экран қойылады. Ол экрандардан елді мекеніміздің тарихынан сыр шертіп, көркем табиғатын көз алдыңызға жайып салатын ақпараттар беріледі.
– Туристер туралы айтып қалдыңыз. Ішкі туризмді дамыту – қала экономикасына серпін беретін бағыттардың бірі емес пе?
– Иә, Есік – табиғаты таңғажайып өлке. Тұмса табиғаттың тамаша тартуын тиімді пайдаланып, қаламызда ішкі туризмді дамыту үшін де бізге кәсіби біліктілік қажет. Айнадай таза Есік көлі мен тік құламалы Есік шатқалын көрудің өзі бір ғанибет қой! Біздің археологиялық, тарихи ескерткіштерге бай мекеніміз еліміздегі ең ірі мегаполистен де алыс емес. Сондықтан туристердің жайлы да қауіпсіз жолмен келіп-кетуі үшін автокөлік жолының инфрақұрылымын жақсартуға қажетті қадамдар жасау керек деп білемін. Бұл бағытта істеліп жатқан жұмыстар да жоқ емес. Қазір Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің қаламызға қарасты аумағында биодәретханалар, жеке гигиеналық пункттер салынуда. Сондай-ақ қоқыс тас-тайтын жәшіктер орнатылып, бағыт сілтеуші және көрнекті ақпараттық тақталар қойылуда.Жоғарыда айтып өткенімдей, Есік – тек Алтын адамның атамекені ғана емес, ежелігі Жібек жолы бойындағы маңызды бекеттердің бірі болған. Сондықтан қалаға кіреберістегі арка маңына ертедегі Жібек жолының сән-салтанатын бейнелейтін мүсіндер қойсақ деген ойымыз да бар. Бұл – әрине, келер күннің еншісіндегі шаруа. Қысқасы, Есік қаласының болашақта демалыс, туризм және экскурсияның халықаралық орталығына айналуы үшін және осының негізінде қала экономикасын өркендете отырып, халықтың әл-ауқатын көтеруге мүмкіндіктері мол. Біз қаламыздың әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін әлеуметтік жобаларды қолдауға, қолға алынып жатқан істер жайлы жұртшылық пікірімен санасуға дайынбыз.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Осы тұжырымдама негізінде жұртшылық үніне құлақ түріп, қоғамдағы қордаланған мәселерді шешеуге қандай қадам жасалып жатқаны жайлы айта кетсеңіз.
– Мемлекет басшысы бұл Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс екенін атап көрсеткен болатын. Бүгінде осы тұжырымдама негізінде өңір тұрғындарына қала әкімдігі тарапынан сапалы қызмет көрсетіліп келеді. Қазір қала әкімдігінің әлеуметтік желіде арнайы парақшалары бар. Кез келген қала тұрғыны аталған парақшаларға өздерін толғандыратын сауалдарын қойып, пікір қалдыра алады. Биыл Есік қаласының тұрғындары судан таршылық көріп жатқанын айтып, жиі шағымдануда. Біз оларға қолымыздан келгенше көмек көрсеттік. Қазір әлеуметтік желі билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналды. Біз қала тұрғындары тап болған қандайда бір мәселені оңды шешуге күш саламыз. Жақында қала әкімдігінде «Ашық әкімдік» жұмыс істей бастады. Онда жұртшылық өздеріне қажетті мемлекеттік қызметтерге жүгіне алады. Мұның бәрін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға жасалған қадам деп қарауға болады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тағы бір мәні – жұртшылықты мемлекеттің саяси және экономикалық стратегиялық бағытына қарай жұмылдыру деген сөз. Алайда бұл оңай емес. Әсіресе, пандемия жағдайында көптеген қиындықтарға тап болғанымыз шындық.
– Пандемия салдарынан туындаған дағдарыс енді еңсеріліп келеді. Адамзат баласы тосыннан тап болған індет кезінде тұрақты эконмикалық өсім мен қоғамдық тәртіпті сақтау қаншалықты қиын?
– Өткен жылы пандемия мен карантиндік шараларға байланысты қиындық болғанына қарамастан, қаламыздың экономикалық көрсеткіштері өсуін қамтамасыз етуге күш салдық. Оның нақты мысалдарын жоғарыда айтып өттім. Әрине, экономикалық өсім маңызды, алайда карантиндік шектеулерді де естен шығармаған жөн. Сондықтан да біз карантиндік режим талаптарын сақтаған кәсіпкерлік нысандарға мүмкіндік бердік. Бірақ олардың жұмыс тәртібін үзбей бақылап отырдық. Сол негізде шектеу режимін сақтауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. Арнайы мониторингтік топтар рейд жүргізіп, оның нәтижесінде карантиндік режим талаптарын бұзғаны үшін 23 нысанға барлығы 4 млн 813 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл тек карантиндік режим талаптарын сақатау аясындағы шаралар ғана. Десе де, біз шағын және орта бизнесті қолдауға күш салудамыз. Соның нәтижесінде жыл басынан бері қаламызда бірнеше кәсіпкерлік нысан бой көтерді. «Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?», – дейді ғұлама Абай. Ақын айтқандай көппен бірге қиындықты еңсеріп, елді мекеніміздің жаңа бейнесін жасауға талпынамыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Тілдескен Ерзат АСЫЛ