Жұма, 18 Маусым 2021 09:45

Пациенттің тілін таба білу – ауруының жарты емі

Дәрігерге медициналық білімнен бөлек адам жанын ұға алатын, науқаспен екеуара байланысты жібектің жібіндей майда да нәзік етіп өре де, өрбіте де білетін біліктілік, адами қасиет керек. Сонда науқастың дәрігерге деген сенімі артып, ауруынан да тез айығады. Бұл – Еңбекшіқазақ аудандық көпсалалы ауруханасының терапевт дәрігері, 20 жылдық тәжірибесі бар білікті маман Гуляра Кулдашқызы Тәжімұратовамен сұхбаттасқаннан кейін ойға түйгенім.

– Медицина – адам өмірімен тікелей қатысты сала. Тиісінше, мұнда жауапкершілік те жоғары. Дәрігерлікті таңдауыңызға не себеп?

– Мен Өзбекстанның Хорезм облысында туып-өстім. Орта мектепті өзбек тілінде тәмамдадым. Бала күнімнен тіл-әдебиет, журналистикаға жақын болдым. Өлең жазатынмын, өзбек әдебиетінен түрлі олимпиадаларға қатысып, тек алдыңғы орындарды алатынмын. Жергілікті газеттерге жазған мақалаларым үнемі жарияланып тұрды. Содан айналамдағылардың барлығы, мектептегі мұғалімдерім де «Болашақта сенен мықты мұғалім шығады» деп, сол саланы таңдайтыныма сенімді еді. Өзім де не журналист, не өзбек тілі мен әдебиетінің маманы боламын деп ойладым. Бірақ есейе келе үлкендердің сөзінен де естіп, газет пен түрлі кітаптардан да Қазақстан жайлы жиі оқитын болдым. Осылайша балалықпен білінбей жүрген бір мәселенің басы көрінді. Ол – «Мен қазақ болсам, Қазақ елінде тұруым керек» деген ой. Осы ой менің болашаққа жасаған жоспарларымды 180 градусқа өзгертіп жіберді. «Мен мұнда өзбек тілінің мықты маманы болғаныммен, ертеңгі күні тарихи отаным – Қазақстанға барғанда немен айналысамын?» деп ойладым. Содан бүкіл әлемге тілі ортақ – медицина мамандығын таңдадым. Әрине, бұл таңдауды жасағанда да мұндағы мол жауапкершілікті сезіне отырып, әрі халыққа әлдеқайда пайдалырақ болатынымды ескеріп, шешім қабылдадым. Сондағы жасаған батыл қадамым үшін әлі күнге қуанамын. Өйткені дәрігер мамандығы – елге қызмет етуіге жәрдем беретін мамандық.

– Дәрігер мамандығын өзбек елінде меңгердіңіз бе?

– Иә, 2001 жылы Ташкент медициналық институтын үздік аяқтадым. 2001-2003 жылдары гематология ісі бойынша ординатураны бітірдім. Ал Қазақстанға 2006 жылы 18 наурызда қоныс аудардым. 2020 жылы эндокринология мамандарын дайындау курсын аяқтадым.

– Алғаш қабылдаған пациенттеріңіз есіңізде ме?

– Арада 20 жыл уақыт өтсе де, алғашқы пациент әлі есімде, гипертония ауруымен ауыратын. Ол – Өзбекстанда, 2001 жылдардағы жағдай. Бір қызығы, елге келгенде де бірінші жұмыс күнімде қан қысымы 180-ге көтеріліп жатқан науқастың үйіне жедел жәрдеммен жіберді. Жасы 80-ге таяп қалған үлкен ақсақал екен. Ол кісінің қысымын түсіріп, емін жасап, жанында 1 жарым сағаттай болыппын. Бір кезде жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі үйге кіріп: «Жаяу кетіп қалған жоқ па?» деп ойладым, не болып кетті?», – дейді. Дәрігерден үміт күтіп, шипа іздеп отырған жанды қалай тастап кетесің? Ауруымнан айықтырар деп отырғанда қолына дәрілердің аты жазылған бір жапырақ қағазды ұстатып кете бару – дәрігерлікке жатпайтын іс.

– Дәрігер болу үшін медициналық білімнен бөлек не керек?

– Бір  жылы анамды Өзбекстанда көз дәрігеріне апардым. Әлгі дәрігер: «Гүлнар апа, халіңіз қалай? Денсаулығыңыз жақсы ма? Қалай жол жүріп келдіңіз?» дегендей сұрақтар қойып, анамды бұрыннан танитын кісідей кеңінен көсіліп әңгімелесіп отыр. Анам дәрігерден шыққанда-ақ көзінің ауыратынын тіпті ұмытып кетті. Демек, науқастың тілін таба білу – оның ауруының жарты емі. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегенді қазақ бекер айтпаған ғой. Дәрігер екеуара байланысты орната отырып, пациентінің тілін таба білді, оған оң эмоция сыйлап, көңілін көтеріп жіберді. Пациент сол сәтте «Көзім ауырады, ертең көрмей қаламын» деген жаман ойдан арылып шықты. Меніңше, нағыз дәрігер болу үшін осындай керемет қасиет керек. Сырттай бақылап отырған мен бұдан үлкен сабақ алдым. Шыны керек, қазіргі цифрландыру процессімен бірге адамдар – біз де техника сияқтанып барамыз. Алдымызда адамның отырғанын, оның сезімдері барын кейде ескере бермейміз. Қандай шағымы бар, қай жері ауыратынын ғана сұраймыз. Ал келген пациенттің атын атап, хал-жағдайын сұрап, «көңіл бөлсек», анам сияқты қуанып шығар еді ғой. Өкінішке қарай, көп жағдайда науқастар дәрігерді дұшпан көреді. Айғай-шу көтеруге дайын тұрады. Бұл – адамға назардың жетіспеушілігі деп ойлаймын. Осы жерде халық дәрігерлерді де түсінсе екен деймін. Күніне 20-30 адам қабылдаймыз. Олардың әрқайсысына «әкем-ау, көкем-ау» деп отыруға энергиямыз да жетпейді, шыны керек.

– Сөзіңіздің жаны бар, темір емес, сіздер де ет пен сүйектен жаралдыңыздар ғой. Мүмкін, бұл мәселені шешу үшін дәрігерге артылған жүктемені азайту керек шығар? Пациентті емдеп-жазу үшін алдымен дәрігердің өзінің жаны да, тәні де сау болуы маңызды деп ойлаймын.

– Әрине, дұрыс айтасыз. Өзі ауру адам елді емдеп қарық қылмасы анық. Жан ауруы демекші, емханадағы психолог мамандар дәрігерлерге тренингтер өткізіп, науқастармен жұмыс істеуде ескеру керек ережелермен, қандай да бір ақыл-кеңестерімен бөлісіп отырса деген ойым бар. Мұның өзі дәрігерлерге көп көмек болар еді. Бүгінде көпшілік сары уайымға салынып, ауруды өздері қолдан жасап алады. Осы орайда халық психосоматикамен танысса екен деймін.

– Қазіргі уақытта жалпы халықтың денсаулығына дәрігер ретінде қандай баға бересіз?

– Жылдан жылға аурулардың жасарып келе жатқаны – бүгінде үлкен мәселе. Бұл халықтың өз денсаулығына дұрыс қарамайтынын, саламатты өмір салтын ұстанбайтынын көрсетеді. Қазір жас-кәріміз – бәріміз де бос уақытымызды телефонға телмірумен өткіземіз. Жұмыста да компьютерден бас алмаймыз. Бұл – көз ауруы, бас ауруынан бастап жұлын, омыртқа, сүйек ауруларына да себеп. Қимыл-қозғалыстың жоқтығынан қан айналымы да нашарлайды. Өз кезегінде ол да көп аурудың бастауы болады. Бұған қоса ауаның ластануы, тағамдарымыз бен тұтынатын тауарларымыздың сапасыздығы тағы бар. Сондықтан саламатты өмір салтына баса назар аударып, ден қою керек. Күнделікті дене жаттығуларын жасап, ас мәзірін де қадағалаған жөн. Соңғы кезде артық салмақтан зардап шегіп жатқандар көп. Негізі, адам денсаулығына оның ішіп-жегенінен бастап өмір салты, әдет-дағдылары – бәрі де тікелей әсер етеді. Бастысы, осыны ескеру керек.

– Былтырдан бері бүкіл әлемді дүрліктіріп қойған коронавирустан қорғану үшін халыққа айтар ақыл-кеңесіңіз қандай?

– Айтарым, біріншіден, дұрыс тамақтанып, спортпен айналысып, дәрумендер ішіп, иммунитетті жақсарту керек. Екіншіден, босқа үрейленбей, коронавирусқа қарсы вакцинаны салдыру керек. Сондай-ақ «медицина» мен «тазалықтың» егіз ұғым екенін естен шығармай, жеке бас гигиенасына мән беру қажет. Пандемия кезінде маска тағып, әлеуметтік қашықтықты ұстау маңызды. Әрі қаңқу сөзге ермей, уайымға салынбай, саламатты өмір салтына көбірек көңіл бөлген жөн. Сонда ауру да, күйзеліс те сізді айналып өтеді.

Сұхбаттасқан

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Оқылды 1982 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаз 31, 2024

Тәуелсіздікке талпынған Тезек төре

ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗДЫ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАННАН КЕЙІН ҒАНА ТҮГЕНДЕП, АРХИВТЕРДІ АҚТАРЫП, ТЫҢ…
Қаз 31, 2024

Ауылына қарап, азаматын таны

Адам баласы өмірге келгенде алғаш болып мейірімділікті сезері хақ. Жөргекте жатқан…
Қаз 31, 2024

Құқық бұзушылыққа кім кінәлі?

Қоғамымызда жасөспірімдер мен балалар арасында құқықұзушылық пен тәртіп бұзушылық жиі…
Қаз 31, 2024

«Желаяқтар» марафоны

Республика күні қарсаңында Қырбалтабай ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен…
Қаз 31, 2024

Ел боламын десең, бесігіңді түзе

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет…
Қаз 31, 2024

Мектептегі мерейлі мереке

Республика күні қарсаңында Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте «Қазақстан – туған елім, ұлы…
Қаз 31, 2024

Девушка с корзиной «ожила»

Пожалуй, единственное сохранившееся творение рук скульптора советских времен – девушка с…
Қаз 31, 2024

Он жил для людей, и они его помнят

Марупа Якуповича Касимова, уроженца с. Ташкенсаз, с большим сердечным теплом вспоминают…
Қаз 31, 2024

Абырой – адал қызметте

2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен – әлеуметтік қорғау жүйесі…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет