Сәрсенбі, 17 Қараша 2021 10:06

Біздің колледж үздіктер қатарында

 

Ауданымызда ғана емес, облыс көлемінде үздіктер қатарында тұрған орта кәсіптік білім беру мекемелерінің бірі де бірегейі – «Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі». Талай маманның болашаққа нық қадам басуына себепші болған оқу орнының құрылғанына биыл 55 жыл толды. Осыған орай колледж  директоры Алмас Жылқыбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Тарихты танымай, болашақ та бұлыңғыр. Әсіресе, оқу орнының 55 жылдығы сынды үлкен мерекеде бүгінгі жетістіктердің іргетасы қаланған – кешегі күнге көз жүгіртсек...

– Әрине, тарихымызды танып, жүріп өткен жолымызды ой елегінен өткізгенде ғана қолда бардың қадірі артады. Әрі болашаққа бағыт-бағдар жасау үшін де кеше мен бүгінді салыстыра қарау, тәжірибеге сүйену маңызды. Сондықтан колледж тарихы мен әр жылдардағы атаулы оқиғаларды әркез жадымызда ұстап, студенттерге де үнемі таныстырып отырамыз. Біздің оқу орнымыздың тарихы сонау 1966 жылдан басталады. Сол жылы Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 4 наурыздағы № 151 Қаулысымен құрылған. Қаулыға еліміздің біртуар перзенттері – көрнекті партия жəне мемлекет қайраткері Д.А.Қонаев жəне Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы М.Бейсебаевтар қол қойған. Оқу орнын В.Д.Помогалов, В.С.Сагалов, Ж.Н.Букаев, Н.С.Бектасова, Қ.М.Темірғалиев, Т.Е.Естенов, Г.С.Жошыбаева сынды білікті азаматтар басқарып, талай жетістікке жеткізді. Мысалы, Жұмақан Букаев басшылық жасаған кезде училище орта кəсіптік білім беретін оқу орындарының арасында Бүкілодақтық жарыстарға қатысып, 1984 жылы КСРО ОК мен БОКОК-тың ауыспалы Қызыл туын жеңіп алған. Осылайша оқу орнын Одақ көлемі түгел таныған. 1993 жылы педагогикалық училище педагогикалық колледж болып қайта құрылды. Ал 2009 жылы «Есік педагогикалық колледжі» мемлекеттік қазыналық кəсіпорнының атауы «Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі» болып өзгерді. Осы істің басы-қасында болған ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Тоққожа Естеновтің колледждің жаңа мамандықтар дайындауына, оқу орны ғимаратының күрделі жөндеуден өтуі, материалдық-техникалық базасының нығаюы, колледж мұражайының, «Сақ» дизайн студиясының ашылуына сіңірген еңбегі мол. Сондай-ақ ҚР Білім жəне ғылым министрлігінің 20.08.2014 жылғы №346 бұйрығына сəйкес «Өзін-өзі тану» рухани – адамгершілік білім беру пилоттық жобасы негізінде жұмыс істейтін ұйымдарының тізіміне Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің енуіне іскер басшы, ҚР білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы – Гүлнар Жошыбаева үлкен үлес қосты.

– Кезінде КСРО-ның ауыспалы Қызыл туын жеңіп алған оқу орнының бүгінде қандай жетістіктері бар?

– Жалпы колледж, жекелей ұстаздар мен шәкірттер білім-ғылым, өнер мен спорт сынды салаларда өзгелерден оза шауып, үздіктер қатарында екенін көптеген байқаулар мен жарыстарда дәлелдеп келеді. Мысалы, мен 2018 жылдың 18 сәуірінде «Есік гуманитарлық-экономикалық колледж» МКҚК директоры болып тағайындалдым. Дәл сол кезде оқу орны халықаралық аккредитацияға дайындық жасап жатыр екен. Жаздай дайындалып, сол сыннан сүрінбей өттік. Институционалдық және мамандандырылған аккредитациядан жоғары бағамен өту – біз үшін үлкен жетістіктің бірі. Былтыр Алматы облысында өткен World Skills чемпионатына қатысып, бастауыш білім беру және мектепке дейінгі тәрбие сынды екі мамандық бойынша бірінші орынды жеңіп, республикаға жолдама алдық. Күні кеше ғана Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде өтіп жатқан сол республикалық чемпионатқа барып келдік. Оның нәтижесі желтоқсан айында шығады. Тағы да айтар жаңалығымыз – жыл сайын облыс бойынша «Үздік кәсіптік білім беру ұйымы» байқауы өтеді. Осы байқауға биыл қатысып, үздік деп танылдық, І дәрежелі дипломға ие болдық. Бұған дейін 2011 және 2016 жылдары да осы биіктен көрінген колледж жетістіктерін сағаттап айтуға болады. Тіпті былтыр онлайн оқу барысында да түрлі байқауларға қатысып, үздіктер қатарында болдық. Қазір облыста барлығы 76 колледж болса, біздің колледж соның үздік бестігіне кіреді.

– Даму – үздіксіз процесс. Колледждің жаңа деңгейге шығуы, студенттердің жағдайын жақсарту үшін алға қойған қандай мақсат-жоспарларыңыз бар?

– Жоспар демекші, жоспар бойынша биыл газбен жылыту жүйесіне қосылуымыз керек еді. Бірақ пандемияға байланысты бұл жұмыс сәл кешігіп жатыр. Осы іске күш салып, оқу ғимараты ғана емес, жатақхананы да газбен жылыту жүйесіне қосамыз. Сондай-ақ мен осында келген жылы-ақ жаңа бесқабатты жатақханаға сұраныс бергенбіз. Оның ғимаратына жер де бөлініп қойды. Бұдан бөлек ескі жатақхананы күрделі жөндеуден өткізу де жоспарда бар. Ол жұмыстар ғимаратқа жөндеу жүргізу заңдылығына сәйкес 2022 жылы басталуы керек.

– Жаңа жатақхана қанша орынға жоспарланып отыр?

– 200 орынға. Пандемияның алдында Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде жаңа типтегі жатақхана ашылды. Мен оны арнайы барып көріп келдім. Егер тура сондай ғимарат салып берсе, студенттерге өте жақсы жағдай жасалар еді.

– Қазір қанша студент жатақханамен қамтылған? Жалпы, оқу орнындағы студент саны қанша?

– 400 студент жатақханамен қамтылған. Жатақханадағы орындарды үлестіргенде алдымен 1-2-курс студенттерін қамтуға көңіл бөлеміз, сондай-ақ балалардың әлеуметтік жағдайына баса назар аударамыз. Ал жалпы, білім алып жатқан шәкірттер саны – бүгінде 1182.

– Студенттердің негізгі екі мәселесінің бірі – жатақхана болса, екіншісі – оқу ақысы, грант жайлы айтсаңыз...

– Мемлекеттік оқу орны болғандықтан біздің колледжге мемлекеттік грант бөлінеді. «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданғалы бері мұғалім мамандығына сұраныс өте жоғары. Биыл абитуриент те көп болды. Соған орай осы оқу жылына қосымша орындар қосылып, бізге 325 грант бөлінді. Бұдан бөлек шетел тілінің мұғалімі, дене тәрбиесінің мұғалімі, бастауыш білім беру мұғалімі сынды мамандықтарға сұраныстың көптігінен ақылы топтар ашылды. Қазіргі таңда колледжде 6 мамандық, 9 біліктілік, оның ішінде 6 педагогикалық мамандық бойынша мамандар дайындаймыз. 55 жылдық тарихы бар үлкен оқу орны болғандықтан оқытушылар құрамы да соған сай, жанжақты білімді, білікті мамандар. Бүгінде 123 педагог бар.

– Оқу орнының материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған ба?

– Болашақ мамандардың сапалы білім алуы үшін оқу орнында бар жағдай қарастырылған. Колледждің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай, оқу кабинеттері жаңа технологиялық, ақпараттық құралдармен жабдықталған. Колледжде 48 оқу кабинеті, 4 зертхана, əр мамандықтың қажетіне сай бөлінген 300 компьютер, интернет класс, 30 интерактивті тақтамен жабдықталған оқу жəне мультимедиа кабинеттері, интернетке қосылуға мүмкіндік беретін wi-fi нүктелері бар. Оқу ғимаратының кіреберісі мен мəжіліс залында замануи LED экрандар орнатылған. Аталған құрылғылар – тəрбие мен оқытуды ұйымдастырудың тиімділігін арттыруда көп көмек. Сонымен қатар колледж асханасы мен спорт кешенінде де студенттер мен оқытушыларға бар жағдай жасалған.

 

Сұхбаттасқан

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Оқылды 2267 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 25, 2024

Ел бірлігі – ел теңдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының…
Сәу 25, 2024

Савелий КАРАСАВИДИ, председатель…

На ХХХІІІ сессии Ассамблеи народа Казахстана Президент РК Касым-Жомарт Токаев отметил,…
Сәу 25, 2024

Мызғымас бірлік – алынбас қамал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы…
Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет