Бейсенбі, 18 Қараша 2021 14:12

Көрікті жерлерді көпшілік біле бермейді

Ауданымызда демалушылар мен туристер көп келетін орынның бірі – Түрген шатқалы болса, екіншісі – Есік көлі. 1963 жылғы жойқын тасқыннан кейін мұнда селден қорғайтын бөгеттер салынып, Есік көлі демалыс аймағы емес, селден қорғайтын бөгет ретінде қалыптасты. Дегенмен, теңіз деңгейінен 1759 м биіктікте орналасқан табиғаттың көз сүйсіндірер бұл көрінісін тамашалауға келушілер саны жылдан-жылға артпаса, азайған емес.

Экотуризмді дамытуға сұранып тұрған бұл екі орын да Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан. Осыған байланысты аталған парктің Түрген филиалындағы рекреация және туризм маманы Нұрсәлім Сүлейменовпен туризм жайлы әңгімелескен едік.

– Еңбекшіқазақ ауданында туризмді дамытуға қандай мүмкіндіктер бар?

– Ауданымыздың территориясы үлкен, әрі көрікті жерлері көп. Мұндағы тау мен тас, құлап аққан сарқырама да, қазақтың кең пейіл көңілін көрсетер жайлауы, ну орманы, өзен-сулары мен ауа райының қолайлығы да туризмге сұранып тұр. Сондай-ақ Алматы сияқты үлкен мегаполиспе жақын орналасуымыз да – біздің үлкен артықшылығымыз. Келіп-кетушілер көп.

– Бұл артықшылықтарды дұрыс пайдалану үшін қандай жұмыс жасалып жатыр?

– Келесі жылға жасалған жоспарлармен бөлісер болсам, Түрген сайының 18-шақырымнан бастап, яғни Ақбұлақ кафесінің тұсынан Ойжайлау мен обсерваторияға дейін жол жасалып, жарықтандырылады. Бұған облыстық әкімдіктен қаржы бөлінді. Сонымен қатар Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Медеу филиалында визит-орталық пен бақылау алаңдарын ашқан кәсіпкер келесі жылы біздің филиал аумағында да екі бақылау алаңы мен осындай орталық және глэмпингті қолға алмақ. Визит-орталықта жалпы Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Түрген филиалы мен оның аумағындағы көрікті жерлер, флора мен фауна жайлы қызықты ақпарат, демалушыларға бағыт-бағдар беретін нұсқаулықтар және басқа да қажетті мағлұмат болады. Бұлар – келесі жылы жасалатын үлкен жобалар. Бұдан бөлек, парк аумағында қолға алынатын кішігірім жұмыстар да бар.

– Визит-орталық демекші, бұрынғы орталық – Алтын адам бейнесі назардан тыс қалғандай, көзге бірден түсе қоймайды.

– Иә, сол жерді де жаңаша түрлендіріп, демалушылардың назарына ілігетіндей жаңа реңк беру де жоспарымызда бар. Алайда дәл қазір қолымызда бұған байланысты еш жобаның жоқтығы тағы рас. Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне бюджеттен туризмді дамытуға ешқандай қаржы бөлінбейді. Парк аумағында туристер үшін жасалатын жұмыстың барлығын арнайы шотқа түскен ақша есебінен жүргіземіз. Сондықтан орасан мүмкіндіктің бізде де жоғын ескерген жөн.

– Көрікті табиғат та, табиғи ғана емес, тарихи ескерткіштер де бар. Бірақ олар туралы ақпараттың аздығы немесе тіпті мүлде жоқтығынан демалушылар қайда барарларын білмейді...

– Дұрыс айтасыз. Бізде 12 туристік маршрут бар. Бірақ демалушылар олардың тек алтауын ғана біледі де, қалғанынан хабарсыз. Осыған байланысты парк аумағындағы көрікті жерлермен халықты таныстыру мақсатында әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда жиі танымдық мәліметтер беріп жүрміз. Сонымен қатар парк аумағы мен кіреберіске ақпараттық тақтайшалар орнатып жатырмыз. Ол тақтайшаларда парк аумағындағы көрікті жерлер мен демалушыларға қажетті, әрі қызықты мәлімет берілген. Мысалы, Тянь-Шань шыршасы өсетін Шыңтүрген шыршалығы жайлы көп ешкім біле бермейді. Ал ол – сонау мұз басу дәуірінде пайда болып, осы күнге дейін сақталған табиғат ескерткіші. Осы сияқты мәліметтер жаңа айтқан визит-орталықта да кеңінен болады. Халықты ақпараттандыру мақсатында демалушылармен кездесіп, жергілікті жердің табиғаты жайлы, тағы қандай көрікті жерлерді көруге болатынын үнемі айтып жүреміз. Сондай-ақ орманшылық аумағында экскурсия өткізуге лицензиямыз да бар. Жиырма адамнан тұратын топтарды турситік маршруттармен алып жүретін мамандарымыз жергілікті жердің флора, фаунасы, тарихымен жан-жақты таныстырып, танымдық әрі әдемі-әсерлі экскурсия өткізеді.

– Бағасы қанша?

– Бір топқа 3000 теңге, мәліметтер сұранысқа қарай қазақ немесе орыс тілдерінде түсіндіріледі.

– Демалушылар қайта айналып келуі үшін қандай шаралар қолға алынған?

– Демалушылардың қызығушылығын ояту үшін туристік маршруттардың барын, бір келгенде біреуін, тағы келгенде келесісін көруге шақырамыз. Әрине, бұдан бөлек, демалуға келген соң бар жағдайдың жасалуына, инфраструктураның ойдағыдай болуына ден қоямыз. Қоқыс тастайтын жәшіктер, дәретхана, отыратын орындар қарапайым дүние болып көрінгенімен, табиғатта мұның бәрі маңызды. Дегенмен, қоқыс тастайын жәшіктерді парк аумағында топырлатып қоя беруге тағы болмайды. Демалушыларға қоқыстарын жинап, парктен алып шығуды үйрету керек. Осы салада еңбек еткеніме 17 жылдан асты. Осы уақыт ішінде көз жеткізгенім, қазіргі жастар өте ұқыпты, мәдениетті, жауапкершілігі жоғары. Қоқысты бұрынғыдай шашып кетпейді, көбі отырған орындарын жинап жүруге дағдыланған. Сондай саналы ұрпақтың өсіп келе жатқанына қуанамын. Өйткені «болашақ – жастардікі» дегенді бекер айтпаймыз. Осы бардың бәріне ие болатын – қазіргі жастар.

– «Бес саусақ бірдей емес» демекші, турист мәдениетінен хабарсыздар да табылып қалар?

– Өкінішке қарай, ондай да болып тұрады. Алайда біздің мамандар демалушылардың табиғатқа еш зиян келтірмеуін үнемі бақылап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүреді. Керек болса, айыппұл салып, әкімшілік жауапқа да тартады. Әрине, бірден айыппұл салмай, алдымен ескерту жасаймыз. Демалушыларға ыңғайлы болуы үшін парк аумағына – Түргенде де, Есік көлі маңында да қоқыс жәшіктерін қойдық. Көктем мен күзгі ауқытта қоқыс жинайтын жұмысшылар жұмысқа қабылданады. Жыл сайын 1500 куб.м қоқыс жиналады. Жиналған қоқыс аудандағы полигондарға төгілмейді. Алматыдағы қоқыс өңдейтін зауытпен келісімшарт жасасып, бірден сол қоқыс зауытына апарылады.

«Турист мәдениеті» дегенде бір айтарым, көпшілік табиғатқа келерде «Қандай туристік маршруттармен жүреміз, не көреміз?» деген сұрақтардан бұрын, «Барғанда не жейміз?» деген сауалмен шектелетіндей көрінеді. Демалушылардың көпшілігі жол бойындағы орындарға жайғасып, тамағын ішеді де, сол жерден тұрған бойда үйлеріне тарасады. Сонда табиғат қайда қалды? Табиғатқа келген соң неге сарқырамаға бармайды, неге өзен-көлді, тау-тасты көрмейді? Табиғат деген – жаяу жүріп, бой сергітіп, ми тынықтыратын орын ғой.

– Дұрыс айтасыз. Демалушылар осыны ескерсе дейміз. Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

 

Оқылды 2542 рет

Соңғы жаңалықтар

Маус 02, 2025

«SAQTAN» Жастарды сақтайық –…

Алматы облысында жастар арасында есірткіге тәуелділік, суицид, құмар ойындар сынды зиянды…
Мам 29, 2025

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫ…

Мен Абуханов Серік Егізбайұлы, 1985 жылы 28 маусымда Еңбекшіқазақ ауданы Қырбалтабай…
Мам 29, 2025

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫ …

Мен Шынғожа Айбарұлы Тикельдиев, 1991 жылы 28 тамызда Еңбекшіқазақ ауданы Қазатком…
Мам 29, 2025

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫ…

Мен Умербеков Талғат Алтынбекұлы, 1965 жылы Шелек ауылында дүниеге келдім. 2007 жылы…
Мам 29, 2025

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫ…

ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ САЙЛАУШЫЛАРЫ! Мен, Алдибеков Саят Болатбекұлы Алматы…
Мам 29, 2025

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫ…

Мен Сарғожанов Ринат Серікқанұлы, 1984 жылы 29 қазанда Есік қаласында туылдым. 2011 жылы…
Мам 29, 2025

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫ…

Мен Елубай Еламан Рауанұлы, 1996 жылы 7 қаңтарда Еңбекшіқазақ ауданы Тескенсу ауылында…
Мам 28, 2025

Жіті енжар паралич (полиомиелит)

Жіті енжар паралич – адамның жүйке жүйесін зақымдайтын және сал ауруына әкелетін…
Мам 28, 2025

2025 жылы Қазақстанда ауыл…

2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы…

Күнтiзбе

« Маусым 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет