Жұма, 05 Мамыр 2023 11:43

БЛОГЕРЛЕР ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАЖЕТ

Осыдан бірнеше күн бұрын «Ауыл» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Анас Бекқожаев Үкіметке жолдаған сұрау-хатында блогерлер тарататын ақпарат үшін жауапкершіліктерін күшейту қажеттігін еске салды.

«Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс. Мұның бәрі біздегі заңнамада блогер мәртебесі айқындалмағаннан болып отыр. Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар әрине, ойына келгенін істейді», – деді депутат.
Депутат баспасөз туралы заңға блогерлерге қатысты толықтырулар енгізуді ұсыныпты. Бірақ бұл ұсыныс қисынсыз екенін айтқым келеді. Блогосфера саласын журналистер мәртебесі енді ғана анықталып жатқан заң жобасына кіріктіру қажетсіз. Блогерлер туралы бөлек заң қажет.
Осыдан екі ай бұрын министр Дархан Қыдырәлі ініміздің өтінішімен «Масс-медиа туралы» Заңының жобасымен танысып шыққан жайымыз бар. Бұрын ауызша Баспасөз туралы заң деп айта беруші едік, бұл жоба «Масс-медиа туралы» деп аталыпты. 70 баптан тұратын жоба ұзақтау көрінген. Сөйтсек бұл жоба іс жүзінде Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңы мен «Телерадио хабарларын тарату туралы» Заңы сияқты екі құқықтық норманы бір атаумен біріктірген болып шықты. Енді оған блогинг сияқты күрделі саланы танауынан сүйретіп бұл жобаға қосудың қажеті жоқ деп есептеймін.
Ойымды дәлелдеу үшін бұл салаға қысқаша шолу жасап өткім келеді. Бұдан он жылдай бұрын блогинг жастардың әуесқойлық саласы сияқты көрінетін. Қазір блогинг кәсіби мамандық саласына айналды. Блогер дегеніміз – осы мамандықпен айналысып, интернет желілерінде тұрақты түрде онлайн-күнделік жүргізетін адам. Интернетте бүгінгі күнде 2 миллиардтан астам блогер бар.
Блогерлердің видеоблогер (Youtube), мәтіндік блогер (Facebook, Vkontakte), фотоблогер (Instagram, Pinterest, Tumblr), микроблогер (Twitter) сияқты бірнеше салалары қалыптасқан. Әрқайсысының ғаламторлық өз кеңістігі, әрқайсысының өз аудиториясы бар. Осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын АҚШ-қа қазақ журналистерінің алғашқы сапары кезінде әлемде, ең алдымен АҚШ-та азаматтық журнализм саласы пайда болып, қанат жая бастағаны туралы ақпараттарды естіп, қуанғанбыз. Яғни бұқаралық ақпарат құралдарында жай азаматтардың жеке пікірлеріне, ой-толғамдарына жиірек жол ашылатын сияқты көрінген. Бұны журналистиканың тынысын кеңейтетін құбылыс сияқты қабылдағанбыз. Жаңа мыңжылдық басталған тұста бәрін баса-көктеп өмірге блогинг енді. Азаматтық журнализм біртіндеп блогосфераға айналды.
Қызық болғанда блогерлердің өзі де мамандануы бойынша ішінен селебрити, сарапшы, лайфстайл, бизнесмен деп төртке жіктеледі. Селебрити-блогеріміз – актер, әнші, спортшы, саясаткерлердің пиар құралы болса, сарапшы блогерлер өз саласында көптеген пайдалы ақпараттар береді, жөн-жосық сілтейді, лайфстайл-блогерлер өзінің өмір сүру салтын бизнес-жобаға айналдырып, жеке өмірін жарнамаға кіріктіріп, жарнамалаумен пайда табады, бизнесмен-блогерлер аккаунт арқылы өз тауарларын, өз қызметін жарнамалайды. Бірақ бәріне ортақ талаптар мен жауапкершіліктер, қазықты қағидалар бар. Осы тұрғыдан алғанда блогерлерді журналистермен шатастыруға да, теңестіруге де болмайды!
Өзін де, өзінің жазылушыларын да құрметтейтін блогер өздерінің кәсіби этикасын ұстануы қажет. Мұнда ең алдымен өз аудиториясымен бөлісетін ақпараттарында адалдықты, шынайылықты ұстанады. Екіншіден, моральдық күрделі тақырыптарды талқылағанда асыра сілтеушіліктен сақтану керек, біреудің ар-намысына тиюіне жол берілмейді. Үшіншіден, өз қателіктерін мойындай білуге бейім және өз әрекеттерінің сыналуына дайын болуға тиіс. Төртіншіден, өз оқырмандарына залалы тиетін тауарлар мен қызметтерді жарнамаламайды. Бесіншіден, келісілген міндеттемелерін әр кез орындайды. Бірақ Қазақстанда блогерлердің бәрі мұны ұстанып отырған жоқ. Жауапты тұлғаларға, лауазым иелеріне «мен – блогермін» деп қоқан-лоқы жасайтындар да кездесіп жатады.
Елімізде интернеттің дамуына, контенттің ұлғаюына байланысты блогерлік сала да жедел ілгерілей бастағаны анық. Алайда онымен ілесе саланы регламенттейтін құқықтық нормалар кенжелеп қалды. Жауапкершіліктің кемдігін байқаған кейбір блогерлер қалайда пайда табу мақсатымен немесе шантаж үшін фейк ақпараттарды қысылмай кәдесіне жарата беретін болды. Сондықтан да Мәжіліс депутаты Анас Бекқожаевтың: «Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс» деп дабыл қағуы өте орынды.
Бұл орайда өз басым Қазақстан үшін бұл салада ең алдымен «Блогерлер этикасы» қабылдануы қажет деп есептеймін. Әлеуметтік желілер арқылы азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін біздің заңнамамызда шара қолдану әлі көзделмеген. Сондықтан бірқатар блогерлер мүлде жауапкершілік сезінбейтіні рас. Тіпті кейде хайп қуып, жалған ақпарат тарататыны да, жазықсыз жандарға жала жабатыны да, қоқан-лоқы жасайтыны да, жекелеген алаяқтық әрекеттерге, қаржы пирамидасы сияқты келеңсіз жайттарға жарнама жасайтыны да рас. Оған шектеу қойылу үшін әрине, блогер мәртебесі анықталатын «Блогерлер туралы» заң қажет. Блогер мәртебесі анықталып қана қоймай, ол елімізде мамандық ретінде белгіленілуі қажет. Жоғары оқу орындарында бұл мамандыққа үйрететін факультеттер де ашылса құба құп.

Марат ТОҚАШБАЕВ,
Қазақстан Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі, профессор, жазушы-публицист.

Оқылды 32139 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаң 09, 2026

Қазақстан Республикасының Президенті…

2026 жылғы 05 қаңтар – Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз жыл сайын мерзімді баспасөзге…
Қаң 09, 2026

Жоспар жүйелі, мақсат айқын

Жуырда аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Маңызды жиынды аудандық қоғамдық…
Қаң 09, 2026

Үздіктер Марапатталды

Жаңа жыл қарсаңында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен түрлі салада адал…
Қаң 09, 2026

«Әдекең қайда..?»

Болмашы кекшіл, Болсаңшы көпшіл, – деп Абай айтқан. Осы екі жолға менің бір…
Қаң 09, 2026

Құрмет төрінде

Әне-міне дегенше, жылжып жылан жылы да өтіп, шапқылап жылқы жылы жетті. Жылан жылы жаман…
Қаң 09, 2026

Қолдау барда даму бар

Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл…
Желт 29, 2025

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына…

Сыбайлас жемқорлық – қазіргі қоғамның дамуына кедергі келтіретін мәселелердің бірі. Ол…
Желт 26, 2025

Бірлік бар жерде

Елдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайту – мызғымас мемлекет тірегінің кепілі. Осы…
Желт 26, 2025

Тәуелсіз елдің ұландары ән шырқады

Тәуелсіздік күніне орай «Біз – тәуелсіз елдің ұланымыз!» атты патриоттық әндер байқауы…

Күнтiзбе

« Қаңтар 2026 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет