Аудан әкімі Талғат Байеділовтің тұрғындармен кездесуі жалғасуда. Есік өңірінде өткен кездесулерде Талғат Ескендірұлы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы баяндап, алдағы жос-парларымен бөлісті. Тұрғындар тарапынан өзекті мәселелер көтерілді.
Есік
Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің мәжіліс залында өткен кездесуде бірқатар мәселелер көтерілді. Соның бірі – Жамбыл атындағы жастар саябағының аумағында орналасқан «Шабалдинка» демалыс орнын абаттандыру. Рас, бұрындары балалар мен жасөспірімдердің жазда шомылатын сүйікті демалыс орнына айналған «Шабалдинка» маңы бүгінде қараусыз қалған. Осы мәселені көтерген қоғам қайраткері Шаяхмет Құсайынов көлді қайта қалпына келтіруін сұрады аудан әкімінен. Өз кезегінде Талғат Ескендірұлы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне аталған аймақтың жер көлемін анықтап, жоба әзірлеуді, ал экономика және қаржы бөлімінің басшысына жобаны қаржыландыруға қаражат қарастыруды тапсырды.
Жиын барысында қоғамдық монша салу бойынша да ұсыныстар айтылды.
Рахат
Қайназар ауылының мәдениет үйінде өткен жиынға округ тұрғындары қатысып, ауылдар мен саяжайлардағы қордаланған тақырыптарды талқылады. Аудан әкімінің есептік баяданамасынан кейін жұртшылық өздерінің ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Рахат ауылының тұрғыны Келгенбай Тұяқовтың айтуынша, Қайназар ауылында орналасқан «Құрылыс Көмек-ХХI» ЖШС және «Қайназар» ЖШС-нің заңсыз салынған кірпіш зауыттары бұзылып, жұмысын тоқтатқан. Алайда аудан әкімдігі тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылған жоқ. Жұмыс тобы зауыттардың орнын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу туралы ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар, Қайназардағы жедел жәрдем станциясы мәдениет үйінің бір бөлмесінде орналасқан. Медицина қызметкерлерінің ғимарат мәселесін шешіп беруді сұрады.
Бүгінде округке қарасты жайылым жерлердің басым көпшілігі жеке меншікке өтіп кеткен. Осыны айтқан тұрғындар тау етегіндегі жайылымдар мемлекет меншігіне қайтарылса деген ұсынысын жеткізді.
Қайназар ауылындағы су мәселесі де назардан тыс қалмады. Тіршілік нәрінен тапшылық көріп отырғанын жеткізген ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бақберген Ашимов Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебі күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұрғанын айтты.
Саяжайдағы ауызсудың тапшылығы, тозығы жеткен жолдар, жарамсыз күйдегі арық жүйелері, газдандыру жайы да айтылды.
Рахат ауылының тұрғыны Кеңес Оразалиев ауылда мал бордақылап, санитарлық нормаларды сақтамайтын тұрғындарға шағымданды. Айтуынша, Рахатта бірнеше отбасы үйінде мыңнан аса қой өсіреді. Малдарын жайылымға шығармай, көшедегі орталық ауызсу құбырына суарады. Көшелер лас, жағымсыз иіс қолқаны алады.
Кездесуде аудандық мәслихат депутаттары да кезек күттірмей шешілуі тиіс мәселелерге тоқталды. Айтуларынша, Б.Майлин атындағы орта мектептегі жылу жүйесінің тозығы жеткен, ауыстыру қажет. Өрікті ауылында 1981 жылы салынған дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізу қажет. Ал Азат ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның қабырғаларында жарықтар пайда болған.
Аталған ұсыныстар мен шағымдар бойынша аудан әкімі құзырлы мекемелерге тапсырма берді.
Бәйтерек
Алға орта мектебінің мәжіліс залында өткен кездесуде Қойшыбек ауылының тұрғыны Айгүл Есимова ауылға жаңа білім ордасын салу қажеттігін айтты. Қазіргі уақытта Қойшыбек орта мектебінде спорт залы, мәжіліс залы, асхана жоқ. Салдарынан бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтылмаған.
Айгерім Нұрданова саяжайлықтардың мәселесін көтерді. Айтуынша, Бәйтерекке қарасты төрт саяжайды елдімекенге қосу процесін тездету қажет. Саяжайларда елдімекен статусы болмағандықтан тұрғындар өз үйлеріне мемлекеттік акт жасай алмай жүр. Көгілдір отын тарту жұмыстарына да осы құжаттың жоқтығы кедергі келтіруде. Сонымен қатар, саяжайдан оқушыларды тасымалдайтын автобустардың да жағдайы мәз емес.
Жиын барысында тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру мен ауызсу жүйесін қайта жаңғырту туралы ұсыныс түсті тұрғындар тарапынан.
Жаңашар
Космос ауылының мәдениет үйінде өткен кездесуде Жаңашар мен Космос ауылдарындағы бірақатар өзекті тақырыптар қозғалды. Айталық, егістікке су жеткізетін каналдар тазаланбаған және суармалы судың тарифі шаруалардың наразылығын тудыруда. Жаңашар ауылының балаларына жаңа ойын алаңы қажет. Ал аталған ауылдың жаңақұрылыс аумағындағы балалар ойын алаңының жанында трансформаторлық қосымша станция қоршалмаған, бүлдіршіндердің өміріне қауіп тудыруда. Ойын алаңының да әбден тозығы жеткен. Трансформаторды қоршау бойынша Талғат Ескендірұлы тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөліміне акт толтырып, дереу «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-на жолдау туралы тапсырма берді. Сонымен қатар, ауылдағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді, ал дәрігерлік амбулатория апатты жағдайда. Қаңғыбас иттер мен тозығы жеткен арықтар жайын аудан әкіміне жеткізді жаңашарлықтар.
Космос ауылының жұртшылығы электр қуатының шамадан тыс кернеуіне шағым айтты. Сөздеріне сенсек, ауылда жарық жиі сөнеді және бағалы тұмыстық техникалар істен шығуда.
Аталған қос ауылға да қатымхана салу үшін мүмкіндік жасауды сұрады тұрғындар. Бұл жөнінде Талғат Байеді-лов округ әкіміне тиісті тапсырма берді.
Ават
Аудан әкімінің есептік баяндамасын тыңдаған аваттықтар да мүмкіндікті пайдаланып, проблемаларымен бөлісті. Аудандық мәслихат депутаты Аркен Сайдуллаев округ аумағында қордаланған мәселелерді шешу қажеттігін айтты. Бүгінде Талғар өзенініндегі судың деңгейі көтеріліп, баламалы жолды, іргелес орналасқан кәсіпорындар мен саяжайларды су басу қаупі туындауда. Осы орайда өзеннің арнасын тереңдетіп, жағасын нығайту қажет.
Аваттағы 190-ға жуық отбасы тұратын Достық, Садвакасов, Қосаев көшелеріндегі трансформатордың қуаты жеткіліксіз, жаңартуды қажет етеді. Жол бойындағы теректер де шіріп, құлаудың алдында тұр.
Округтегі 15 екі қабатты үйде 128 пәтер орналасқан. Аталған тұрғын үйлердің ауласын абаттандырып, ішкі жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Ават ауылдық округінде Жібек жолы көшесінде 0,64 га жерге өрт сөндіру бекетін салуға жергілікті әкімдіктен мемлекеттік акт дайындалған. Аталған жерге аудандық өрт сөндіру бекетінің филиалы салынса, бекет көршілес орналасқан Жаңашар, Саймасай, Рахат, Ташкенсаз ауылдық округтерін де қамтитын еді. Сондықтан мәслихат депутаты аудан әкімінен өрт сөндіру бекетін салуға немесе Есік қаласына салынатын өрт сөндіру бекетін Ават ауылына ауыстыруға ықпал етуін сұрады.
Аталған мәселелерді зерттеп, тиісті шараларды қабылдау аудан әкімінің орынбасары Ертай Нұрмахановқа жүктелді.
Саймасай
Саймасай ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте өткен кездесуде Зульфия Баймаганбетова Саймасай ауылында көгілдір отынға қосылмаған тұрғын үйлердің жайын жеткізді. Сондай-ақ, дұрыс орнатылмаған электр бағаналарына шағым айтты.
Суармалы су мәселесі де саймасайлықтардың жанына батқан. Бұл туралы зейнеткер Ускен Мыңбаев айтты кездесу барысында.
– ПК-931, 2 шақырымда Бөлек ауылдық округіне қарасты ҮАК-ы бойында орналасқан 17 саяжаймен өтетін су жүйесінен су ұрланады. Оған қоса, Саймасай ауылындағы ұзындығы 18 шақырымды құрайтын су жүйелерінің тозығы жетіп, судың 40 пайызы далаға кетіп жатыр. Сондай-ақ «Алматыоблсушар» мекемесі тарапынан ҮАК-нан судың тарауы дұрыс бақыланбайды және су төленген бағасына сәйкес толыққанды келмейді, – деп шағымданды зейнеткер. Суармалы су төңірегіндегі проблемаларды шешуді ауыл шаруашылығы бөліміне тапсырды.
Жиын барысында Саймасай ауылының маңынан тұрғын үйлер салу үшін инфрақұрылым жасау бойынша ұсыныс түсті. Сонымен қатар, Амангелді ауылындағы суармалы су тапшылығы, жолдарды жөндеу, қоғамдық көлік, ауызсу құбырын жаңарту, жаңа амбулатория салу, мәдениет үйін салу мәселелері көтерілді.
Ташкенсаз
Талғат Байеділовтің Еңбекшіқазақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылға қойған міндеттері мен жоспары туралы баяндамасынан соң, Баяндай ауылының тұрғыны Аблиаким Илиев ауылдастарының аманатын аудан басшысына жеткізді. Айтуынша, ауылдың ішкі жолдары жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Ауызсу құбыры істен шыққан, тұрғындар артезиан құдықтарынан су ішіп отыр. Мектептің тозығы жеткен. Фельдшерлік-акушерлік пункт күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.Ташкенсаз ауылдық округінде интернет желісі ұстамайды.
Аталған проблемалар бойынша құзырлы органдарға тиісті тапсырма берілді.
С.НҰРАДИН.