Ақиық ақын, қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ауқымды әдеби-мәдени байқау өтті. Ұлт руханиятының темірқазығына айналған ақын шығармашылығын ұлықтау, жас буынның поэзияға деген сүйіспеншілігін арттыру және дарынды балалардың шығармашылық әлеуетін қолдау мақсатында өткен бұл шара жас өрендерге шығармашылық серпін сыйлады.
Байқауға аудандық мәдениет үйіне қарасты ауылдық мәдениет үйлерінің үйірме оқушылары мен талантты мектеп оқушылары қатысты. Қатысушылар ақын жырларын жүрекпен сезініп, сахна төрінде шынайы тебіреніспен орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сайыс жас ерекшеліктеріне қарай 7-11 жас және 12-16 жас топтары арасында «Мәнерлеп оқу» және «Эстрадалық вокал» номинациялары бойынша ұйымдастырылды. Бұл – қатысушылардың жас ерекшелігіне сай өнер көрсетуіне мүмкіндік беріп, әділ бағалануға жол ашты.
Әділ қазылар алқасы құрамында Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Бауыржан Шаяхмет, айтыскер ақын, белгілі қаламгер Даубай Әбдісай, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Нариза Адасбаева, әнші Сымбат Шахаева, Қаракемер мәдениет үйінің режисері, актер Жарқын Барақбай, аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің тілшісі Ринат Нарханов болып, төрелік етті. Олар әр қатысушының сахналық мәдениетіне, дауыс ырғағына, көркемдік деңгейіне, шығарманы жеткізу шеберлігіне айрықша мән берді. Қазылар алқасы байқаудың мазмұнды, тартысты әрі әділ өткенін атап өтіп, жас өнерпаздардың болашағына зор сенім білдірді. Даубай Әбдісай Мұқағали жырымен сусындап өскен баладан, кемелді тұлға, жақсы адам қалыптасатынын тілге тиек етті. Жарқын Барақбай: «Өлеңді мәнерлеп оқу дегеніміз – шамадан тыс айқайлау немесе эмоцияны әсіре сілтеу емес, өлеңді өз деңгейіңде түсініп, ақын жанын сезініп, байыппен оқыған жөн», – деді.
«Мәнерлеп оқу» номинациясы бойынша 7-11 жас аралығындағы қатысушылардан «Көрермен көзайымы» номинациясымен Мейірім Нұрдаулет марапатталды. Ал, III орынды Іңкәр Тұрсын иеленсе, II орын Балнұр Қамбарға бұйырды. I орынға Муслим Қайрат жайғасып, бас жүлдеге Ханшайым Жүнісжан лайық деп танылды. Бұл санаттағы кішкентай өнерпаздар ақын жырларын асқан шынайылықпен орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлай білді.
12–16 жас аралығындағы әдебиетке жаны құмар жастар ішінде Айдос Маратұлы «Көрермен көзайымына» айналды. III орынның жүлдесі Аяулым Есмұратқызына табысталды. ІI орын тұғырын Олжас Шәмейхан бағындырып, I орын Ақбота Бахарбайға берілді, ал бас жүлдені Даниял Бағдатұлы қанжығалады. Жасөспірімдер тобы ақын поэзиясының терең философиялық мазмұнын, ішкі драматизмін, лирикалық иірімдерін жоғары деңгейде жеткізе білді. Бас жүлдеге лайық болған Даниял Мұқағали Мақатаевтың 150 өлеңін жатқа білетінін айтып, қазыларға тексеруін сұрады. Даубай Әбдісай ақынның бірнеше өлеңін кез-келген жолынан бастап бергенде, Даниял мүдірмей жалғастыра білді.
«Эстрадалық вокал» номинациясы да өз алдына бөлек тартысқа, әуелеген әнге толды Бұл аталымда жас әншілер ақын сөзіне жазылған әндерді орындап, өздерінің вокалдық мүмкіндіктерін паш етті. 7-11 жас аралығында «Көрермен көзайымы» болып Сара Сәкен атанса, III орын Мадина Мақсатқызына берілді. II орынмен Айым Мажит марапатталып, I орын Парасат Дүйсенбекұлына бұйырды. Бас жүлденінің тұғырын Айнель Исабай бағындырды.
12-16 жас аралығындағы қатысушылар арасында «Көрермен көзайымы» номинациясымен «Қаракемер» вокалдық ансамблі марапатталды, III орын Мейірлан Жүніске, II орын Ақбөпе Сламжанға бұйырды. Жүлделі I орынды Жансая Жабаберген еншілеп, бас жүлдені Аярыс Шеризат бәйгіледі.
Жас өнерпаздар сахна мәдениеті мен кәсіби орындаушылық шеберліктің үйлесімін көрсете білді. Жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен, бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды.
Байқау соңы аудандық өнерпаздардың қатысуымен өткен қорытынды гала концертке ұласты. Сахна төрінде Мұқағали Мақатаев жырлары әсем әнге айналып, көркем сөзбен кестеленіп, көрермен жүрегіне жол тапты. «Қаракемер балалар театрының» ақиық Мұқағалидің жастармен тілдесетін сахналық қойылымы зор қошеметке бөленді. Рухани кеш поэзия мен өнердің тоғысқан тұсы ретінде есте қалды.
Ақынның «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген тағылымды ойы бүгінгі буын өнерпаздарының шығармашылығынан айқын аңғарылды. Мұқағали мұрасы – уақыт өткен сайын жаңғырып, жас ұрпақтың жүрегінен орын ала беретін мәңгілік қазына. Бұл байқау – сол қазынаны қастерлеудің, ұлттық рухты дәріптеудің және жас дарындарға жол ашудың жарқын үлгісі болды.
Өз тілшіміз.




