Тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау бағытында Есік археологиялық өлкетану музейінде маңызды іс-шара өтті. Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығының бастамасымен ІІІ-ІV ғасырларға жататын құнды археологиялық жәдігер Алматы облысы музейлер бірлестігі құрамындағы Есік археологиялық-өлкетану музейі қорына салтанатты түрде тапсырылды. «Өткеннен жеткен аманат» атты іс-шара тарихи мұраны ұлықтауға арналған тағылымды басқосу ретінде ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға музей қызметкерлері, мәдениет саласының өкілдері, археолог-ғалымдар мен зиялы қауым қатысты. Музей қорын толықтыратын әрбір жәдігер – өткен тарихымыздың үнсіз куәсі әрі болашақ ұрпаққа аманат етілетін рухани қазына.
Алматы облысы музейлер бірлестігінің директоры Талғат Құрманбекұлы музейдің тек жәдігер сақтайтын орын ғана емес, халық жадының қоймасы екенін атап өтті. Ол жаңадан қабылданған тарихи мұраның ғылыми айналымға енгізіліп, кеңінен зерттелетініне және келушілер назарына ұсынылатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығының директоры Талғат Алдақуатов сөз алып, аталған жәдігердің ғылыми зерттеу жұмыстары барысында анықталғанын жеткізді. Маманның айтуынша, бұйым ІІІ-ІV ғасырларға жатады және сол кезеңдегі өңір тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, қолөнері мен мәдениеті туралы тың деректер береді. Жәдігердің материалы мен жасалу техникасы да сол дәуірдің шеберлік деңгейін айқындайды.
Ғылыми ақпарат барысында қазба жұмыс-тарына жетекшілік еткен археолог ғалым Хамит Айтқұл жәдігердің тарихи және мәдени маңызына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бұл олжа – өңір аумағында ежелгі дәуірде өмір сүрген тайпалардың мәдени байланыстары мен дүниетанымын зерделеуге мүмкіндік беретін құнды дереккөз. Мұндай табыстар отандық археология ғылымының дамуына серпін береді. Археолог жәдігерлер табылған Ұйғыр ауданы Тоғызбұлақ өлкесіндегі жұмыс барысында орын алған қызықтарымен бөлісті.
Іс-шара аясында қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылып, жәдігер ресми түрде музей қорына өткізілді. Сондай-ақ орталық өкілдеріне алғыс хат табысталды. Ақын-жазушы Шаяхмет Құсайынұлы Сақ пен Ғұнның тарихына тоқталып, аталмыш жаңалыққа қуанышты екенін жеткізді. Музей басшысы Нарима Жолдасбайқызы музей қорын толықтыруға атсалысқан жандарға, қонақтарға алғысын білдірді.
Кеш барысында Базарбек Сәтен бастаған Қайназар мәдениет үйінің қызметкерлері, әуезді әндерді әуелетті. Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, тарихи сәтті бірге бөлісті.
«Өткеннен жеткен аманат» атты бұл тағылымды кездесу – тарихқа тағзым мен ұлттық мұраға деген жанашырлықтың айқын көрінісі. Құнды жәдігер алдағы уақытта ғылыми сараптамадан өтіп, музей экспозициясынан лайықты орын алады. Бұл – өткенді қадірлеу арқылы болашаққа нық қадам басудың жарқын үлгісі.
Ринат НАРХАНОВ.




