Қоғамда іскерлік пен мейірімділікті, табандылық пен жауапкершілікті қатар алып жүрген жандар жетерлік. Олар өз кәсібін табыс көзі ғана емес, елге қызмет етудің бір жолы деп түсінеді. Әсіресе денсаулық сақтау мен фармацевтика саласында ұзақ жыл еңбек ету – үлкен жүрек пен асқан ұқыптылықты талап етеді. Өйткені бұл салада әрбір шешімнің артында адам тағдыры, денсаулығы тұр. Осы саладағы табанды еңбегімен талай жетістікке жеткен Шолпан Бөлетайқызы Қасымбаева фармацевтика саласында көп жылдық тәжірибесі бар, өз ісіне адал, білікті маман әрі табысты кәсіпкер. Ол іскер әйел ретінде бизнесте өзіндік орнын қалыптастырып қана қоймай, аудандық мәслихаттың депутаты ретінде де ел сенімін ақтап келеді. Қарапайымдылық пен кәсібилікті ұштастыра білген кейіпкеріміздің еңбек жолы – талай жанға үлгі боларлық. Ерге бергісіз еңбегімен еліне қадірлі жанмен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Шолпан Бөлетайқызы, сұхбатымызды көптің көңілінде күпті болған сауалдан бастайық. Сіздіңше кәсіпкерлікке бет бұрған нәзік жандылар отбасы болып, ана атану міндетін жоғалтып алмай ма?
– Қазақта «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді», – деген тәмсіл бар. Бірақ қазіргі кезде екі емес бес кеменің басын ұстайтын заман. Қолдан келгенше бәріне үлгеру керек, барлығын реттеп, жөнге келтіруге болады. Мен үшін отбасы – ең басты байлық. Қай кезде де шаңырағымның шаттығын, отағасы мен балаларымның жағдайын бірінші кезекке қоямын. Әрине, кәсіпте де жаныңды сала еңбектенуге тиіссің.
– Сізді тұлға ретінде қалыптастырған негізгі кезеңдер мен еңбек жолыңыздағы маңызды тәжірибелер қандай болды? Бұл тәжірибелер бүгінгі қоғамдық қызметіңізге қалай әсер етті?
– Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар ақылың мен қайратың екі жақтап...» – деген. Бүгінгі заманға сәйкестендіріп айтар болсақ, бұл жерде ақын өзіңнің күш-қайратың, ерен еңбегің және ақылың мен білімің қиындықтың қыспағынан алып шығатын бірден-бір жол екенін нұсқап тұр. Дағдарыс, қиындыққа қарамастан алға қарай ұмтылудан қорықпаған жөн. Себебі, жетістікке жетудің жалғыз жолы – табанды еңбек. Мен үшін фармация – жай ғана мамандық емес, өмірлік миссия. Бұл жол кездейсоқ таңдалған жоқ. Бала кезімнен дәріханаға барған сайын провизордың адамға дер кезінде көмектесе алатын жауапкершілігі мені ерекше қызықтыратын. Сол қызығушылық мені саналы түрде осы салаға алып келді. Осылайша Алматы қаласындағы Республикалық медицна училищесін (Республикалық медицина колледжі) және Алматының мемлекеттік медициналық университетін (С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті) фармацевтика мамандығы бойынша бітірген едім.
Екіншісі, қарапайым жұмысшыдан кәсіпкерлікке дейінгі жол – менің қажырлы еңбегімнің жарқын көрінісі. Бастапқы айларда жұмыс ауыр, тәртіп қатал, жауапкершілік жоғары еді. Бірақ ештеңеден тайсалмадым. Әр істі ықыласпен атқардым, әріптестерімнен үйрендім, үнемі ізденіс үстінде жүрдім.
Еңбек жолымды 1984 жылы Қарағанды облыстық дәріхана басқармасының ұйымдастыру-фармацевтикалық бөлімінің инспектор-провизоры болып бастадым. Осы салада 1998 жылға дейін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы Орталық дәріхананың аға провизоры болып еңбек еттім.
Үшіншісі, осы саладағы жеке кәсібімді ашуға бет буған сәтім еді. Ол кезде бұл қадам көпшілікке елеусіз көрінгенімен, менің өмірім үшін үлкен бетбұрыс болатын. Қазіргі кезде дәріхана ашу өте тиімді болып саналады, себебі, дәрі-дәрмектер мен медициналық өнімдерге сұраныс артып келеді. Бірақ ол кезде мүлдем басқа жағдай болатын. Бастапқыда жұмыс реттілігі мен жаңа қиындықтарға үйрену үшін біраз уақыт қажет болды. Бірақ еңбекке деген сүйіспеншілік, өз ұжымым ішіндегі жылы қарым-қатынас, отбасынан көрген қолдау – менің басты тірегім болды. Сөйтіп, 1998 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жеке кәсіпкер ретінде аудан экономикасына өз үлесімді қосудамын. Сондай-ақ, 1998 жылдан бері «Қазақстан Республикасының фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің мүшесімін және 2019 жылдан бастап Алматы облысы бойынша филиалының директорымын.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтпақшы, «Бірінші маңызды мəселе, біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мəнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек жəне іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кəсібінің шебері болу жəне ерінбей еңбек ету».
Осы бір тұста айта кететінім, мен үшін отбасы мен қызмет – бір-біріне қарсы тұратын ұғымдар емес, керісінше, үйлесім мен өмірлік баланстың көрінісі. Ең бастысы – тепе-теңдік. Мен үшін отбасы – басты құндылық. Бірақ, әйелдің қоғамда да орны бар екенін ұмытпау керек.
Жеке азаматтық ұстаным ретінде ауданымыздың рухани, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық өміріне, мәдени-қайырымдылық іс шараларына белсенді қатысуды өмірлік мақсатыма айналдырдым. Осы жылдар ішінде жинақтаған кәсіби және өмірлік тәжірибем қоғамдық қызметте үлкен рөл атқаруда. Мәслихат депутаты ретінде қабылдайтын әрбір шешімде жауапкершілік, жүйелілік және адам тағдырына бейжай қарамау қағидаттарын ұстанамын. Өйткені нақты секторда жұмыс істеген адам халықтың шынайы мәселесін жақсы түсінеді.
– Жаңа жастайымнан осы салаға қызығушылық таныттым дедіңіз, енді міне сол сала өмірлік ұстанымыздың бір биігіне айналды. Осы тұста мамандық таңдауда неге назар аударған жөн?
– Қазір нағыз еңбек ететін заман келді. Еңбек адамының мәртебесін көтеру сан түрлі саланың жұмысына серпін беретіні анық. Нағыз еңбекте шыңдалып, қажыр-қайраты мен қабілетін, білімін ел игілігі жолында жұмсайтын мамандарға деген ел ықыласы қашан да ерекше. Бұл тұрғыда Президент жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс екенін баса атап өткен болатын.
Мамандық бір қарағанда жәй нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ ол бүкіл саналы ғұмырымыздың айнасы. Жүрек қалауыңмен таңдалған мамандық бойынша жұмыс істеу – өмір сүрудің материалдық қана емес, моральдық та көзі. Ол белгілі бір дайындық пен жауапкершілікті талап етсе де, өзің қалаған мамандық болған соң, оған аса үлкен шығармашылықпен бар ғұмырыңды арнайсың. Бас кезінде дұрыс таңдау жасалған болса, онда адам Кен Робинсон айтып жүрген «өз элементіне» ие бола алады.
Дамыған елдерде бала 7, 8-сыныптан кейін өзі таңдаған мамандығын терең меңгеруге кіріседі. Болашақ жұмысына қажетті сала бойынша пәндерді ғана оқиды. Мысалы, Германияда мектептер үш деңгейлі. Бастауыш сыныптардан кейін бала ата-анасымен бірге қандай мамандық иесі болатынын өзі таңдайды.
Айталық, пойыз және автокөлік жүргізушісі, электрик, аспаз, шаштараз, электрондық жабдықтарды, техниканы жөндейтін маман боламын десе, сол салаға қатысты білім алады. Ал жоғары білім алып, инженер, дәрігер, оқытушы болғысы келсе, соған бейімделген мектепте оқиды. Егер ғылыммен айналысуды қаласа, гимназияға барып, өзі қалаған саланы терең зерттеуге мүмкіндік алады. Сөйтіп мектеп бітірген кезде өз мамандығын біршама біліп шығады. Әрі қарай білімін жетілдіремін десе, оған да жол ашық.
Мамандық таңдау – тек оқу мен диплом алу ғана емес, бұл – өз өмір жолыңды дұрыс таңдау. Сондықтан болашаққа қадам басар кезде талапкердің де, ата-ананың да жеті рет өлшеп, бір рет кескені абзал.
– Бүгінде тұрғындардың сенімін арқалап, аудандық мәслихат депутаты қызметін атқарып жүрсіз. Оған қоса мәслихатта тұрақты комиссияның төрағасы екенсіз. Комиссияның жұмыс барысы қалай?
– Мәслихат қызметінің негiзгi нысаны әрине сессия мен оның тұрақты комиссияларының жұмысымен тікелей байланысты болып табылады, онда жергілікті өкілді органның қарауына жатқызылған мәселелер қаралады. Негізгі қабылданған шешімдер «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару өзін-өзі басқару туралы» Заңның 6-бабында көзделген мәслихаттың негізгі құзіретіне бағдарланғандығын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, сессиялардың қарауына енгізілетін мәселелерді алдын ала қарау, мәслихат шешімдерінің іске асыруына және бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін мәслихатта жаңадан 4 тұрақты комиссия құрылған. Осы орайда экономика, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы ретінде жоспарға сәйкес маңызды мәселелерді күн тәртібінде барынша жан-жақты қарап, хаттамалық қорытындылар мен қаулыларды регламентке сәйкес енгізуге баса назар аударудамын. Аймақтың тыныс-тіршілігіне қатысты маңызды мәселелер алдымен осы тұрақты комиссияларда қаралады, келелі кеңестер осында өтеді. Азаматтардың өтініштері мен мұқият зерттеуді талап ететін мәселелердің басым бөлігі дәл осы тұрақты комиссияларға келіп түседі. Жалпы атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, ол туралы тұрақты кездесулерде айтылып келеді.
– Депутат ретінде тұрғындар үшін шешілген қандай мәселелерді немесе іске асқан мақсат-міндеттерді өз жұмысыңыздың ең маңызды нәтижесі деп айтар едіңіз?
– Иә, жергілікті халық өзін толғандырған әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы көптеген сұрақтың жауабын негізінен өздері сайлаған, сенім білдірген мәслихат депутаттарынан алғысы келеді. Өйткені оларды билікпен байланыстырушы «алтын көпір» санайды. Сондықтан, туындап отырған, жылдар бойы қордаланған өзекті мәселелерді талдау және оларды шешу жолдарын ұсыну маңыздылығы қашан да өзекті. Бұл тұрғыдан, аудан аумағындағы қордаланып қалған өзекті мәселелерге мәслихат жанындағы тұрақты жұмыс тобының құрамында жос-парлы түрде кешенді талдау жасап, әрбір сала бойынша нақтыланған мәселер бойынша жергілікті атқарушы органға жеке өзім және әріптестеріммен бірге 20-ға жуық сауал жолдадым. Жалпы Есік қаласы мен елді мекендерінің әрбір тыныс-тіршілігі, тұрғындардың күнделікті өмірі бүгінгі атқарылған жұмыстардың сапасы мен нәтижесіне және жүйелігіне тіккелей байланысты. Сол сауалдардың бірқатары бүгінгі таңда кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
Бұдан бөлек «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» атты жобасы аясында Алматы облысында бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асуда. Соның ішінде білім беру саласындағы қордаланған мәселелерді шешу «AMANAT» партиясының күн тәртібінен түскен емес. Соның ішінде Есік қаласындағы Абылай хан атындағы орта мектептің күрделі жөндеу мәселесі ерекше назар аудартады. Бұл мәселені біз апта сайын назардан қалдырмай, барлық деңгейде көтеріп, депутаттық сауалдар мен сұраныстар жолдап отырдық. Үш жылға созылған жөндеу жұмыстары депутаттардың жүйелі бақылауы мен көтерген мәселелерінің нәтижесінде толық аяқталып, мектеп пайдалануға берілді.
Ауданымызда оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерін 4 пайыздан 3 пайызға төмендету туралы ұсынып, бірауыздан қолдау тапты. 2025 жылғы қарашада Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясының отырысында депутаттар оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерін 4 пайыздан 3 пайызға дейін төмендету туралы ұсынысты бірауыздан қолдады. Осы салықтың мөлшерлемесін төмендету мәселесін біз жаңа Салық Кодексі қабылданған сәттен бастап басқа депутаттармен бірлесіп қарастырдық.
Сондай-ақ, аудан орталығындағы аудандық кітапхананың бүгінгі жай-күйіне көңіл көншімейді. Осы мәселені бірнеше рет көтердік, тозығы жеткен ескі ғимаратта отырған кітапханашылардың мұң-мұқтажы алдағы жылдары оң шешімін табады. Яғни, бюджеттен қаражат бөлініп, аудандық кітапхана ғимараты күрделі жөндеуден өтеді.
Қала көшелерін жарықтандыру бойынша да тұрғындардан өтініш жиі түседі. Бұл мәселені шешуше де ықпал етіп, Пушкин, Жамбыл, Первомайская көшелерін жарықтандыруға қол жеткіздік.
– Депутаты өзі сайланған округте мәслихаттың жұмысы мен депутаттық қызметінің барысы туралы жылына кемінде бір рет хабарлап отыруы керек. Халықпен жиі кездесу жүргізіле ме? Сіз сайланған Есік қаласының тұрғындары қандай түйіткілді мәселелерді көтеріп отыр?
Депутаттардың жұмысындағы ең маңыздысы өздеріне жүктелген «депутаттық қызметтерін» жүзеге асыруы екендігі сөзсіз. Депутат ретінде «AMANAT» апртиясының аудандық филиалы және мәслихатпен бекітілген кестеге сәйкес кемінде тоқсанына 1 рет қоғамдық қабылдау өткіземін. Қабылдау уақыты мен орны алдын-ала әлеуметтік желілерде жарияланып отырады және қала әкімінің аппаратының ғимаратында орналастырылған.
Сонымен қатар, жоғарыда айтып кеткендей жергілікті қауымдастық жиындары, қала әкімінің есептік кездесулері, іс-шаралар мен өзге де ресми шаралардың барысында барынша мәслихат қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзімнің депутаттық қызметім жайлы тұрғындарға жеткізіп, ақпараттандыруға тырысамын. Жалпы кездесулер жиі өтеді.
Бұдан бөлек әлеуметтік желідегі парақшамда уақытылы әрі жедел жариялап бөлісіп отырамын. Сондай-ақ, өздеріңіз сияқты бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс іске асырылып, бағытты-бағдарлы жариялымдар жарық көруде.
Айта берсек, түйіні тарқамаған мәселе көп. Мысалы, қаламыздың архитектуралық келбетін жақсарту үшін бірегей қалыпқа келтіру, қала құрылысы құжаттамасының сапалы болуын қамтамасыз ету, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының құрылыстың бас жоспарына сәйкестендіру, қала мен тұрғын үйлердің алаңдарын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары, жарықтандыру, тозған электр желілерін ауыстыру, энергия үнемдейтін жаңа диодты шамдар орнату, қараусыз жатқан, апатты жағдайдағы немесе құрылысы аяқталмай тұрып қалған нысандар бойынша құзырлы органмен бірлесе отырып тиісті шаралар қабылдау, газбен қамту жұмыстарын жалғастырып, блокті-модулді қазандықтарды орналастыру, ішкі жолдардың сапасы мен жөндеу жұмыстары, бұқаралық спортпен айналысатын жастарға жағдай жасау, инфрақұрылымды жоспарлы дамыту. Осы көтерілген мәселелердің бәрін қағазға түсіріп депутаттық сауалдар жасаймыз. Олардың шешілу жолдарын іздейміз, қала әкімі, аудандық бөлім басшыларына, аудан әкіміне ұсыныстар айтылады, облысқа, тіпті республикалық деңгейде хаттар жолданды, айтылған мәселелердің шешілу жолдары осылай қарастырылады. Әрине, әп сәтте шаруаны шешіп тастаймыз демейміз, бірақ жұмыс жүргіземіз. Уақыт алады, алайда айтылған өтініш аяқсыз қалмайды.
– Атқарушы және өкілді органдардың өзара байланысы туралы ойыңыз қандай?
– «Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп» дейді ғой. Әр жұмыстың өзіндік қиыншылығы мен қызығы болатыны сөзсіз. Жалпы, жергілікті қоғамдастық, жергілікті өзін-өзі басқару қызметі, жергілікті өкілді орган (мәслихат) және жергілікті атқарушы билік төрттігінің үйлесім тауып жұмыс істеуі аса маңызды. Егер олардың арасында үйлесімді жұмыс болмаса, ашықтық, тұрғындардың ой-пікірімен санасу жолға қойылмайды, түйіткілдерді анықтау, оны оңтайлы шешу ісі тығырыққа тіреліп, өзекті мәселелер қордалана түседі. Аталған «төрттіктің» әрқайсының өзіндік маңызы зор.
– Қазіргі таңда қоғамда кеңінен талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасына көзқарасыңыз қандай? Бұл өзгерістер елдің демократиялық дамуына, халықтың билікке деген сеніміне қалай әсер етеді?
– Қазақстан Республикасының Конституциялық реформалар жөніндегі комиссиясы ұсынған жаңа Ата Заң жобасы – еліміздің саяси-құқықтық жүйесін терең жаңғыртуға бағытталған маңызды бастама деп санаймын. Бұл құжат азаматтар, сарапшылар, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар қатысқан ашық әрі кең қоғамдық талқылаудың нәтижесінде әзірленіп, халықтың шынайы сұранысы мен заманауи талаптарды толық ескерді. Жаңа Конституцияның негізгі мазмұны мен түпкі мақсаты – адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғарғы құндылығы ретінде бекіту, билік институттарының тиімділігін арттыру және Қазақстанды әділетті әрі жауапты мемлекет ретінде дамыту болып табылады. Ата Заңның жаңа редакциясында адам құқықтары бүкіл конституциялық жүйенің мағыналық өзегіне айналып, құқықтық кепілдіктерді айтарлықтай күшейту ұсынылады.
Құжатта Егемендік, Тәуелсіздік, аумақтық тұтастық сияқты іргелі құндылықтардың өзгермейтіндігі нақты бекітіліп, әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидаттарының конституциялық деңгейде танылуы қоғамның құқықтық мәдениетін нығайтуға қызмет етеді. Сонымен қатар, білім мен ғылымға, мәдениет пен инновацияға басымдық берілуі Қазақстанның болашағы адами капиталмен тығыз байланысты екенін айқын көрсетеді.
Жаңа Конституция жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі – бір палаталы, 145 депутаттан тұратын Парламент – Құрылтайды құру, пропорционалды сайлау жүйесін енгізу арқылы партиялардың рөлін күшейту. Бұл саяси бәсекелестікті арттырып, азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайтады. Қазақстанның Халық Кеңесін құру бастамасы да қоғам мен мемлекет арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз ететін тиімді алаң болмақ. Сондай-ақ, вице-президент институтын енгізу, адвокатура мен зияткерлік меншік құқығын конституциялық деңгейде бекіту, «Миранда ережесінің» енгізілуі және цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау – құқықтық мемлекеттің сапалық жаңа деңгейге көтерілуінің айқын дәлелі. Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы еліміздің тарихи сабақтастығын сақтай отырып, болашаққа сенімді қадам жасауға бағытталған. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтеді, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады және қоғамның тұрақты дамуына берік құқықтық негіз қалайды.
Біз қазір ел дамуының жауапты кезеңінде тұрмыз. Жаңа Конституция жобасы – мемлекетіміздің болашағына, әділетті қоғам қалыптастыруға және әр азаматтың құқығы мен мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам. Сондықтан 15 наурызда өтетін республикалық референдум – әрқайсымыздың ел тағдырына бейжай қарамайтынымызды көрсететін тарихи мүмкіндік.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Тілдескен С.НҰРАДИН.




