Шетелдіктерге жер сатуға тыйымның болмауы жөніндегі алаңдаушылық қоғамда жиі көтерілетін мәселелердің бірі. Алайда Конституцияда шетелдіктерге жер сатуға тікелей тыйымның болмауы жерге бақылау әлсірейді дегенді білдірмейді. Негізгі заңда жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екені нақты бекітілген. Бұл қағидат ұлттық байлықтың мемлекет бақылауында болуын және оны халық игілігі үшін пайдалануды қамтамасыз ететін маңызды конституциялық негіз болып табылады.
Жер қатынастарына қатысты нақты құқықтық механизмдер Конституция деңгейінде емес, салалық заңдар арқылы реттеледі. Мұндай тәжірибе көптеген мемлекеттердің құқықтық жүйесінде қалыптасқан. Себебі жерге қатысты қатынастар уақыт өте өзгеріп отыратын экономикалық және әлеуметтік факторларға байланысты икемді құқықтық реттеуді талап етеді. Сондықтан жерді пайдалану мен меншікке беру шарттарын заңдар арқылы нақтылау құқықтық жүйенің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жер мәселесіне қатысты мемлекеттік саясат ұлттық мүддені қорғау қағидатына негізделеді. Мемлекет жерді пайдалану, жалға беру немесе меншікке беру тәртібін белгілей отырып, елдің экономикалық қауіпсіздігін, экологиялық тепе-теңдігін және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын ескереді. Бұл тетіктер арқылы жер ресурстарын бақылау және қорғау қамтамасыз етіледі.
Жер қатынастарына қатысты шектеулер мен талаптар заңнамалық деңгейде нақты белгіленеді. Мұндай шектеулер ұлттық қауіпсіздікке, табиғи ресурстарды қорғауға және жерді тиімді пайдалануға бағытталған. Осы арқылы мемлекет жер ресурстарының стратегиялық маңызын ескере отырып, олардың пайдаланылуын бақылауда ұстайды.
Бұдан бөлек, жер – экономикалық қана емес, әлеуметтік және мәдени маңызы бар ұлттық құндылық. Сондықтан оны басқару мәселесінде қоғамның пікірін ескеру, ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын сақтау ерекше маңызды. Мемлекет бұл бағытта қоғамдық бақылау мен заңнамалық реттеуді үйлестіре отырып, ұлттық мүддені қорғауға бағытталған саясат жүргізеді.
Қорытындылай келе, Конституцияда шетелдіктерге жер сатуға тікелей тыйымның көрсетілмеуі жер ресурстарына бақылаудың әлсіреуін білдірмейді. Керісінше, бұл мәселені салалық заңнама арқылы нақты әрі тиімді реттеуге мүмкіндік береді. Осындай тәсіл арқылы мемлекет жердің халық игілігі үшін пайдаланылуын қамтамасыз етіп, ұлттық егемендікті сақтауға бағытталған құқықтық негізді қалыптастырады.
Болатканова Жамал Сәбетқызы,
Жастар ісі жөніндегі әдіскер - нұсқаушысы




