Нәзік жандылардың мейрамы бар әлемді ерекше сыр мен сезімге бөлейді. Себебі, аналар мен аруларға, әпкелер мен қарындастарға деген құрметіміз ешқашан ортаймақ емес. Соған сай жуырда Бөлек ауылдық мәдениет үйінің кіші залында Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ана – әлемнің жарығы» атты мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Іс-шараны Бөлек ауылдық округі әкімдігі мен Бөлек ауылдық мәдениет үйі бірлесіп ұйымдастырды.
Мерекелік кешке ауылдың ардақты аналары, аяулы арулары мен тұрғындары жиналып, зал ерекше мерекелік көңіл-күйге бөленді. Мәдениет үйінің табалдырығын аттаған сәттен бастап ер азаматтар аналар мен қыз-келіншектерге гүл шоқтарын ұсынып, мерекенің көркін арттырды. Бұл сәт кештің алғашқы әсерлі көріністерінің бірі болды.
Салтанатты шара барысында Бөлек ауылдық округінің әкімі Дулат Сәрсенбекұлы барша нәзік жандыларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, аналардың қоғамдағы, отбасы мен ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше рөлін атап өтті. Сонымен қатар ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, ауыл дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматшаларға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ көпбалалы ана Сариева Баян Жақсылыққызы «Күміс алқа» иегері атанып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Мерекелік концерт барысында мәдениет үйінің өнер ұжымы мен көркемөнерпаздары аналар мен аруларға арнап әсем әндер мен күмбірлеген күйлерді орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әрбір өнер нөмірі аналарға деген құрмет пен шынайы ризашылықтың белгісіндей әсерлі жетіп, залдағы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Есендос АСУБАЙ,
Бөлек ауылдық мәдениет үйінің директоры.




