Бейсенбі, 17 Қыркүйек 2015 11:27

КЕР ЗАМАННЫҢ КЕРI-АЙ!

(немесе балаларға зорлық көрсету не масқаралық?)

Өмірде көп көргеннен көрмегенің,

Көрмегенді көрерсің өлмегенің. Расында адам айтса нанғысыз жағдайлардың куәсі боп жүргеніміз шындық. Ұрып-соғу, ұрлық, адам өлтіру құлақ үйренген қылмыстар ғой (әрине олай болғанын қаламасақ та. Автор). Ал өз баласын буындырды, көпқабатты үйлерден лақтырды немесе кішкентай қызды зорлап кетіпті деген не масқаралық? Сөзім дәмсіз болмасын, дәлелмен айтайын, Алматыда қос қызын терезеден лақтырып, артынша өзі де өлмекке оқталған 33 жастағы ананың қылығын қайтып ақтап аламыз.

Жадыра есімді жауыз ана бесінші қабаттан 1 жастан асқан Әдиясын, екінші 8 жастағы Айшаны зорлықпен лақтырған. Айша сол мезетте көз жұмды. Ал кішкентай періште бүгінде өмір мен өлімнің ортасында ілініп тұр. Жаны қалғанның өзінде мүгедектік арбаға таңылары анық қой. Жадыра болса есін жинады. Қылмыстық ісін ақтап аларлық тұщымды жауап та қайтара алмады. Ең сорақысы сол, қылмыскер ананың доцент деген атағы бар. Ал жолдасы Алматыдағы «Бәйкен» мешітінде наиб имам. Осыдан бірер жыл бұрын қазығұрттық келіншек өзінің 4 жастағы баласын бұтына жіберіп қойғаны үшін өлтіріп тастағаны да жадымыздан қалай жойылсын? Өзіміз сүрініп тұрып құлағанға күлмей-ақ қояйық. 2-3 жыл бұрын ғана Есікте болған оқиға жанымызға жара, сүйегімізге дақ салғаны ақиқат. Ықшам аудандардың бірінде өз баласын пышақтап өлтірген қанішер ана қылығы естігеннің жағасын ұстатты. Сонымен қанымызда жоқ мұндай қылмыстарға қалай бардық? Меніңше бір ғана себеп, бет түзер құбыламыз батыс болса, бұдан да сорақысын көретін сыңайлымыз. 

 Жақында жасөспірімдердің құқығын қорғау комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда дәл осы мәселе кеңінен қозғалды. Бұл турасында аудандық білім бөлімінің жетекші маманы Нұргүл  Шатырбаева:

– Бұл мәселе тек біздің ауданда емес, ел болып көтеріліп жатыр. Оған дәлел, жақында Астанада Білім және ғылым министрлігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясында да осы мәселе күн тәртібінде қаралды. Сондықтан осындай қанымызда жоқ қылмыспен күресті барынша күшейтуіміз қажет.

Мен айтар едім, бала тәрбиесіне, оның бос уақытының тиімді өтуіне мектеппен қоса ата-ана да тікелей жауапты. Оған бір мысал айтайын, бірер апта бұрын ғана Бәйдібек би ауылында кішкентай ұл баланы педофилдер зорлаған. Сонда баланың ата-анасы күні бойы баласын іздемеген. Ал ол оқиға түстен кейін орын алған. Яғни, бала сабағынан шығып үйіне кеткен. Сол секілді Абай атындағы (Есік өңірі) орта мектептің алдында 14 жасар қыз ұрланды жақында. Осындай жаға ұстатарлық жағдайлар көбейіп барады. Сондықтан ата-ана да баласының сабақтан кейінгі уақытын қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Сондай-ақ, мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынас бұдан да әрі тығыз болу керек, – дейді. Иә, елдің есін алар осындай ауыр жағдайлар жылдар тізбегімен жиілеп келетінін несіне жасырамыз. Алайда, бұған діннің көзқарасы қалай?

 

Оған жауапты ауданның бас имамы Сапархан Төреқұлов берді:

– Алла тағала «Ниса» сүресінің 29-30-аяттарында: «Бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны отқа саламыз» – деп ескертті. Ғұламалар бұл аятты тәпсірлей келе, өзіне-өзі қол жұмсағандарға берілетін үкім, осы аятта айтылған бір-бірін өлтіргендерге берілетін үкіммен бірдей болатындығын, яғни, тозақ отында болатындығын айтады.

Енді ойланып көріңіз, не үшін өмір сүреміз? Ақжан әл-Машани «Өз әлемін түзеп дана болу үшін де адамның өмірге құштарлығын, айнала қоршаған ортаға ғибратты назар аударатын негізгі амал – өзіңді-өзің тану» деген. Ендеше, істің басы сол таным аясын арттыру. Алла берген ең қадірлі сый өмірімізді мәнді өткізе білейік. Бүгінгі бүлдіршіндеріміз – келешегіміз. Осыны ұмытпайық!

Бұл бір ғана ауданда орын алып отырған бүйірге батқан мәселелер. Ал елімізде ше? Статистикалық мәлімет бойынша жылына кем дегенде 500-ден астам бала зорлық-зомбылық құрбаны болады екен. Бұл бейбіт күнде ата-анасынан, басқа да ортадан жапа шегетіндер саны. Мәселен, бірер апта бұрын ғана Түркістанда 4 жасар қызды зорлап кетті. Ойға сыймайтын осындай мәселелер қолға сыйып жатқаны жаныңды ауыртады.

Сол сияқты Шығыс Қазақстан облысының Зырьянов қаласында 41 жастағы жауыз өзінің 6 сыныпта оқитын өгей қызын 3 жыл бойы зорлап келгені белгілі болды. Айуан қызына болған оқиғаны біреуге жеткізер болса, өлтіретінін айтып қорқытыпты.

Ал жетімдер үйіндегі жағдай тым ауыр. Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының халықаралық кеңесшісі, доктор Робин Хаарр «Қазақстан интернаттарындағы балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайда баға беру» тақырыбындағы баяндамасында: «Жетім балалар үйіндегі балалардың 26 пайызы, балаларға арналған ұйымдардағы балалардың 35 пайызы, ал мінез-құлқында ауытқушылықтары бар балаларға арналған мекемелердегі балалардың 41 пайызы өздеріне қарайтын қызметкерлердің балаларға қатысты жәбір көрсететіндерін айтты» деген.

Сонда заң қайда? Көзсіз нәпсісіне ырық берген айуандарды, бүгінгі тілмен айтқанда педофилдерді тезге сала алмай отырғанымыз ба? қоғам қайраткерлері мұндай қылмыскерлердің жыл санап санының артуына заңның осалдығын кінәлайды.

Айталық, Американың кейбір штаттарында балаға зорлық-зомбылық көрсеткендерге «химиялық піштіру» жазасы беріледі. Оңтүстік Кореяда оларды ату жазасына кеседі. Халықаралық  құқықтық  ұйымдар осындай жаза қолданылғалы  Еуропа елдерінде қылмыс 50 пайызға дейін қысқарғанын айтады. Ал бізде тек темір торға тоғыту жазасы қолданыста. Бала ғұмырды бел ортасынан үзіп, хайуандыққа  барғандарды түрмеге  қамау аздық етеді. Жер басып  жүрген  жауыздардың  жазасы – өлім.

Тіпті, психологтар педофилді түрме «түзейді» дегенге сенбейді. Себебі олар ондай айуандыққа саналы түрде барады.

Жүсіпбек Аймауытов өзінің 1918 жылғы «Абай» журналына жариялаған «Тәрбие» атты мақаласында: «Ұлтымыздың қанындағы ізеттілік дөрекілікке, қайырымдылық қатігездікке, жомарттық тоғышарлыққа, адалдық арамдыққа, парасаттылық парасыздыққа ауыспасын деген үлкен үміт бар», – деп жазған екен. Жоғарыдағы жан түршігерлік жағдайларды жазып отырып, өзегіңді өрт шалады.

Немістің ұлы ақыны В.Гете серуенге шығарда қалтасына түрлі гүлдердің тұқымын салып шығып, шалғындардан, орманнан өткенде, тауға шыққанда гүл тұқымдарын сеуіп жүруді жаны сүйеді екен. Оның жүрген жерлеріне мезгілі келгенде керемет гүлдер өсіп шығатын. Гете сепкен гүл ме әлде табиғи жолмен өздері көктеді ме оны білу міндетті емес. Дегенмен, сұлулық әлемі, әсемдік әлемі байыды. Сол сияқты дүниеде зорлық-зомбылық болмаса адам өмірі, адамзат дүниесі сұлу да әсем болар еді, шіркін.

Мөңке жырлаған кер заманның кері енді келгендей. «Аттың жүйрігі кетіп шабаны қалар, адамның жақсысы кетіп жаманы қалар, ақылы жоқ санасыздың заманы болар» деген болжамды сөзі құдды бүгінгінің бейнесін айқын айшықтаған. Көмекей әулие аталып кеткен кешегі Бұқардың да болашақты бағамдауы еріксіз таңданыс тудырып, таңдай қақтырады. «Келешек қасқырдай жауыз, түлкіниеттілер қаптаған заман болады» деп болжаған екен.

Айтқанындай-ақ, адамның адамға жаны ашымаған, итше ырылдасып, достыққа емес қастыққа ұмтылатын дәуірдің дәл ортасында тұрмыз. Ересегін қойып, баласына шапқан кер заманның кері қылықтарын қайда қоярсың? «Бала – бауыр етіміз» дейміз. Адамтектес хайуандардың тырнағына жазықсыз ілігіп, тағдыры тәлкекке түскен сол бейкүнә балаларға біз шын араша түсіп жүрміз бе осы? Ойланайық, ағайын!

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

 

Оқылды 5567 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « КЕР ЗАМАННЫҢ КЕРI-АЙ! Жаңа дерт »

Соңғы жаңалықтар

Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет