Ұлдардың өзін оқытуға қырын қараған қытымыр заманда қыздарды оқыту, оларға арнап мектеп-интернаттар ашуды іске асыруы шын мәнінде нағыз азаматтық ерліктің үлгісі еді. Ыбырай оқу-ағарту жұмыстарына өз заманының ең озық әдістемелерін қолдана отырып, білімнің балаларға ана тілінде берілуіне айрықша мән берді. «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулық, «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты дидактикалық оқу құралын жазды. Бұл кітаптарындағы оқушыны отансүйгіштікке, еңбекке, кісілікке тәрбиелейтін ғибратты шығармалары ешқашан да өзінің мән-мағынасын жоймақ емес. Шелек ауылындағы ағартушы аталарының атындағы мектеп ұжымы мәдениет үйінің төрінде «Шырағын жаққан білімнің» атты тарихи-танымдық әдеби кеш өткізді. Бұл мерекеге ауылдың барлық оқу орындарынан келген өкілдер, оқушылар, ата-аналар қуанышының құрметіне арнап ақ жаулықты ардагер ұстаздар шашу шашты.
Аса көрнекті ағартушы-педагог қана емес, жазушы, этнограф, фольклоршы Ы.Алтынсариннің өмірбаяны мен қоғамдық-саяси өмірдегі орасан еңбегі, мектептегі жетістік жайлы аталмыш оқу орнының директоры, ҚР білім беру ісінің үздігі Мүслима Ахметжанова баяндама жасады. Одан кейін оқушылар аталарының өмір жолдарынан өзі болып естелік сөздерін оқыды. Өнер сүйген оқушылар – республикалық «Асыл мұра» байқауының лауреаты, ІІ-орын иегері «Ғасырлар үні» домбырашылар ансамблінің /жетекшісі жоғарғы санатты ұстаз Г.Жылқыбаева/ орындауында «Қоңыр», «Ерке сылқым», ал қыздар квартеті Құрманғазының «Балбырауын» күйлерімен құлақ құрышын қандырды. «Талантты іздейміз – 2015» республикалық ән байқауының бас жүлдегері Қарақат Аршын «Домбыра туралы дастан» және осы байқаудың І-орын жүлдегері Нұрлан Дидармен «Қазақтай ел қайда?», «Өз елім» әндерін шырқады. Ал «Жас ұландар» ұлдар вокалдық тобы «Алатау», «Қыздарай» вокалдық тобы «Орда – туған мекенім» әнін әуелете орындады. Республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының жеңім-пазы Мәдина Оқас Ыбырай атасына арнау өлеңін оқыса, халықаралық «Ғұмырдария», республикалық «Асыл мұра» байқауларының І-ші, «Жетісу жұлдыздары» байқауының ІІІ-орын жүлдегері Әсел Рақым-жан Жәнібек Кәрменовтың «Толғауын» жүрекке жеткізе жырлады. 8 сынып оқушылары аталарының өлеңдерін кезекпен мәнерлеп оқып, елді риза етсе, тағы бір топ талаптылар «Таза бұлақ», «Мақта қыз бен мысық» әңгіме-ертегілерін сахналап, қошаметке ие болды. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндер «Шаттық» биін билеп, Ұстаз, оқушылар хормен «Бақытты ел – Қазақстан» әнін әуелете мерейлі той мерекесін аяқтады.
Шелек селолық округі әкімінің орынбасары Мәди Бектасов, ардагерлер алқасының төрағасы Әбілбек Айтақынов, аудандық білім бөлімінің бас маманы, ардагер ұстаздар қорытынды сөз сөйлеп, мектеп ұжымын мерекелерімен, жетістіктерімен құттықтап, жақсы лебіздерін білдірді.
Өнер-білім бар жұрттар,
Тастан сарай салғызды;
Айшылық алыс жерлерден,
Көзді ашып-жұмғанша
Жылдам хабар алғызды...
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай...
Біз де бекер жатпалық,
Осылармен таныспай,- деп жырлағандай қазақ халқының көзі ашық, еркін өмір сүруін аңсаған ел ұлы, ұрпақтың ағартушы ақсақал атасының арманы орындалды. Қараңғы қазақ еліне білім шырағын жаққан Ыбырай Алтынсариннің бұл тұрғыда еңбегі ерен. Лайым, бақытымыз баянды болғай!
Анарбек МӨКІШҰЛЫ.