Бейсенбі, 26 Қаңтар 2017 13:47

Әндегі мүгедек мәтіндер

Бұл жайында сөз қозғасақ, ең бірінші Абай еске түседі. Оның:

«Құр айқай бақырған,

Жүрекке ән бе екен?

Өнерсіз шатылған,

Кісіге сән бе екен?, – деген ұлағатты өсиеті ойға оралады. Мәнсіз-мағынасыз сөзі сын көтермейтін құр «бақыр» құлақ етіңді жейді, жүйкеңді қажытады. Қазіргі таңда кейбір әндерді тыңдап осындай ой мазалайды мені. Бәлкім бұл мәселе Сізде де бар шығар, құрметті оқырман. Сөзіміз сүйкімсіз болмасын, ендеше қазіргі эстрадамыздың жай-күйін саралап көрелік. Бірер жыл бұрын қазақ жастарының аузынан түспеген Сырым Исабаевтың «Мен сені сүйеді екем...» деген әні былай басталады:

«Уақыттың жылжымайтын,

Теңізі арада тұр...». Жылжымайтын теңізді көріп пе едіңіз? Мұндағы логикалық байланыс қайда? Яғни, ойлары шашыраңқы. Немесе:

«Мен сені сүйеді екем,

Атыңды жаттай алмай.

Мен сені сүйеді екем,

Жыласам тоқтай алмай» дейді қайырмасында. Не мән, не мағына? Атын жаттай алмайтындай не көрініпті, шын сүйсе жүректе жазылып тұрмай ма? Ал төртінші тармақтағы тоқтай алмай жылау арқылы сүйетінін дәлелдеу жігіт үшін қаншалықты нанымды. Өзіңіз ойлап көріңіз... Қысқасы, мәтіннің өн бойынан дені дұрыс, төрт аяғын тең басқан сөзді кезіктіре алмайсыз. Бұл әңгімеміздің «әліппесі» ғана. Ендеше, талдауды жалғастырайық...

 

Соңғы уақыттары «Жігіттер» квартеті де әннің мәтініне салақ қарайтындай көрінеді. «Аспанға» дейтін той әнінде:

«Көрген кезде сәлеміңді аяма,

Көрмесең де сәлеміңді аяма» деген жолдар бар. Осыдан не түсінесіз?! Әншейін өзегі жоқ өлі сөздер. Немесе:

«Сен ойлама,

Сен жылама,

Жүрегіңді қинама.

Бұл сәттер де өтіп кетер,

Сен көзді ашып-жұмғаныңша.

Тәтті күндер әлі алдыңда,

Бақыт табарсың әлі өмірден». Өлең мен әнді әуезді ететін алдымен ұйқас болу керек. Ал мынау қара сөз ғой.

Қазақ журналистикасында өзіндік орны бар Арман Дүйсеновтың:

«Айналайын жеңешем,

Аймалайын жеңешем...

Аяулы дидарың,

Ағама қимадым» – деген жолдарында қандай тәрбиелік мән бар. Орашолақ ой айтамын деп қазақ халқының бағзы болмысына дақ түсіргенін біле  ме екен өзі? Кейде отырып, өзі ән салатын, өзі сөзін жазып, өзі әнін шығаратын «талантты» жандарға «таң қаласың». Бұндай жандарға ән бір буынды тәрбиелейтін құрал болған соң тыңдарман үшін жұмыс істеген жөн болар дегім-ақ келеді. Бейбіт Қорғанның орындауындағы тағы да Арман Дүйсеновтың «Тыңдашы жаным» деген   туындысын тыңдап көрелік:

«Аязда тоңған құстай боп қалтырайын,

Елестеусіз бір таң атырмай жаным...». Санаңызға бірдеңе барды ма?! Ал мен түк те түсіне алмадым... Осындай мағынасыздық, ойсыздық эстрадамыздың бетіне лайжағып тұрғанын «классиктеріміз» түсіне ме екен.

Міне, бір дертке бір дерт қосылып жатыр. Тіпті, сахнадан сахна қоймай жүрген Қайрат Нұртастан да сансыз қате табуға болады. Қайбір жылы «хит» болған:

«Арман!

Адастырмай мені қоя тұр.

Жалған!

Құшағыңды маған жая тұр», – деген жолдарды өлең деп айтуға ауыз бармайды. Бір қайнауы ішінде жатқан шала-жансар шикі дүние. Әнге сөз жазатын ақындарды «фабрика» десек, сапалы өнім шығара алмағаны байқалады мұнда. Ал «Үнсіз жүрек» әнінде:

«Үнсіз жүрек, үнсіз кеуде,

Өтіп жатыр үнсіз түндер.

Тура қарап айтшы маған,

Бар ма бақыт бұл өмірде».

Мұнда да ұйқасқан бір буынды көріп тұрған жоқпыз. Осы ретте «Бір сөз бір сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіреді» деген Ғабит Мүсіреповтың ойы көңілімізге қылаң берерін несіне жасырайық. Әрине, бұл Қайраттың кемшілігі емес. Әйткенмен, әнге, оның мәтініне талғаммен қарау әншінің міндеті емей немене?

«Бақай» тобының әншісі Бек Шәріптің әні мен сөзіне жазылған «Аягөзді» саралап көрелік:

«Келемін, келемін жүрек езіп,

Қай жүректер қалайша нені сезіп,

Тоқтамақпын мәңгілік белді шешіп». Түсініп болмайтын әншейін далбасалау. Тіпті, кішкентай баланың былдырынан жаман. Сонда бұл не, салақтық па, әлде салғырттық па? Немесе қазақша ән айтатын өнерпаздарымыз ана тіліндегі сөздердің мағынасын түсінбей ме?

Кезінде шыққан «Аққайыңның басында...» деп басталатын түкке тұрғысыз әнді де тыңдадық. «Жаулап алды махаббат, әнім саған арналад...» дегенді де құлағымыз естіді. Бүгінде бір сөзбен ән шығарып басы дауға қалған Кенталдың бұл қылығын біріміз даттадық, енді біріміз жақтадық. Шындығында, тілін сыйлаған, тілін ұғынған адам мұндай орашолақтыққа жол бермейтін шығар. Құдай ақырын берсін әйтеуір, ақын мен сазгер көбейіп, сөзден қадір қашқан заман болды ғой.

«Ринго» тобы орындайтын «Ұмытыл-мас» әнінен де бір шырайлы сөз тіркесін кездестіре алмадық:

«Қолымда қос қолың,

Көзімде тек сенің қос көзің.

Бір қадам атта

Сұлулығыңды құшағыма жасырып,

Бар әлеммен тыныштыққа тебірен,

Жер бетінен алыстағым келеді». Ырғағы жоқ, не ұйқасы жоқ. Әйтеуір «әләуләйлімнің» әрекеті. Осындай шатпақты тақпақ қып айтып жүрген бұл азаматтардың тағы бір әні бар. Жастар езіле, егіле тыңдап жүрген «Ғашықпын»:

Ренжіп кеткеніңе талай күндердің жүзі болды,

Қайдасың жаным сен қайда жүрсің іздеймін сені.

Түсіндім мен бұл кінәмді ренжімеші сен маған,

Кешір мені жаным кешір де маған тез орал» – әнін де құлағыңыз шалған болар.

Есімі ел аузына алынып, жұрттың көз қуанышына айналған «Меломенде» де шашыраңқылық бар. Мысалы, «Абайла, сұлу қыз, абайла» әнінде:

«Балаған балдай қыз саған жыр төгермін.

Бақытсыз болмаймыз қосылсақ егер біз.

Жан білмес мекенін жасырын сарайға,

Бәрібір жетермін сен жүрген маңайға,

Абайла, сұлу қыз, абайла» – дейді.

«Балаған балдай қыз саған жыр төгермін»

дегенінде «балаған» орнын таба алмай мәңіреп тұр. «Төгермін» мен «егер біздің» ұйқасып тұрғаны да шамалы. Осы жігіттердің тағы бір «О махаббат» (Сөзі Д.Қалмырзаев деп көрсетілген) әні де көпшілікке таныс:

«О, махаббат, қосу алу,

Шығарып сап, тосып алу.

О махаббат күйіп жану,

Бір көргеннен сүйіп қалу».

«Әп бәрекелді!» Махаббатқа әжептәуір «анықтама» беріпті. Мәселен, «қосу, алу, шығарып сап, тосып алу» деген секілді. Басқаша нәзік те сырлы сезімге толы балама беруге болмас па еді...

Мұнан да сорақы өрескелдік «Азия» тобы орындайтын «Жүрегімді жауладың» әнінде шұбырып жүр. Әні – Нұрсұлтан Батырқұловтікі (осы топтың әншісі), сөзі – Данияр Қамбардікі. Шамасы, Данияр өлеңнің не екенінен хабары жоқ-ау. Се-бебі, сөз саптасы ақынға ұқсамайды.

«Қара көзің маған қарай күлімдеген,

Сүйем деген сөздерің елжіреген.

Еріндерің қып-қызыл күлімдеген,

Қара шашың самалға желбіреген.

Хат жазайын хат жазасың сен маған,

Гүл де теріп беремін мен саған.

Сағынамын, сарғаямын әрқашан,

Құмар отың еш тоймай бір саған.

Сүйем деген сөздерің елжіреген» – деп жанды «елжіретіп» кете береді. Мұндай Даниярдың «тапқырлығына» таңданбасқа шара жоқ. Ән мәтінінде төрт буынды ұйқаспен бастап, үш буынды ұйқаспен аяқтаған «ақынды» осы азаматтан көрдім. «Құмар отым еш тоймай бір саған» деген жолда да бір кілтипан бар-ау. Ол аз десеңіз «сен маған» мен «бір сағанды» ұйқастырғанына жол болсын.

Ал Асан Пердешовты мұндайда айтудың өзі әбестік. Оның «туындылары» жайлы сөз қозғау қиын...

Әсілінде, туған жер, Отан туралы әнге сөз жазу – меніңше асқан жауапкершілікті жүктейді. Ол әдеттегідей сүйем, күйем емес. Ал Бүркіт пен Аиша орындайтын сөзі А.Көпжасарова деп көрсеткен «Туған жер» деген әнде мынадай жолдар бар:

«Өшпес оттай ыстық сезім,

Сағыныштан сынып төзім,

Буланды көзім».

Өшпейтін от бола ма?! Ол аздай «Буланды көзім» дегені не сасқаны? Әсілі, көз жасаурайды, терезе буланады. Бұл заңдылық. Осы сөздің мәнін ұқпай жаза салған кемтар тіркестер.

Айқын Төлепбергеннің «Пах-пах-пах, қандай ғажап иіс» деген әні де сан мәрте сыналды. Ол да дұрыс қой. Себебі, халық күліп сынамайды, біліп сынайды. Мысалы:

«Пах-пах-пах, қандай ғажап иіс,

Шат-шат-шат қиялыма ілес.

Қандай ыстық жүрегімнен сүйіс,

Сызылған кірпігімнен күй үш».

Санаңа сіңбейтін, жаныңа жылы тимейтін робот сөздер. Не айтып тұрғанын бәлкім әншінің өзі де түсінбейтін шығар. Ән мәтінінің өн бойы осындай сөздерден құралған:

«Сәнің, тәнің талғамың өзіңде,

Және мендей жігіттің қарсы емессің етуіне» дейді. Жігіт не ете алмай жүр сонда? Бұл да жұмбақ күйінде қалсын...

 

Айналып келгенде мұның бәрі – асығыстықтан, ізденбеушіліктен, өзіндік ішкі «көркемдік кеңеске» салмай ықтиярсыздықтан туындайды. Орындаушылардың басым бөлігі әннің сазы да, сөзі де маңызды екенін мойындамайды. Бұл мәселені көтерудегі себебіміз, өнер иелерінің               тауын шағу емес, «мүгедек мәтіндерді» арамшөп десек, одан аршып, қазақ эстрадасын тазарту. Өйткені арамшөп – атамұра өнердің тынысын тарылтып барады. Ал мәнсіз мәтіндер жастарымызды ойсыздыққа жетелеуде. «Құлақтан кіріп, бойды алған» мұндай «арамшөп» сүйекке сіңіп, әдетке айнала ма деп қорқамыз. Жанымызға батары да осы мәселе.

Шыны керек, қазіргі таңда сыры терең, ұлттық бояуы қанық әндерді табу қиындап барады. Әйткенмен, сөз – қазақ үшін қашан да қастерлі, қасиетті. Сол сөзді дұрыс қолдану өмірін өнермен байланыстырған жандардың қай-қайсына болсын міндет. Осыны ұмытпаңыздар, өнер майталмандары!

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

 

Оқылды 3231 рет

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет