Жұма, 21 Қыркүйек 2018 11:46

Қорықтарды аялайық, адамзат!

Ежелгі аңыздардың айтуынша адамзатты осы әлемнің қожасы ретінде жаратыпты-мыс. Жаратушы иеміз әлем қожасын басқа жануарлардай күштілік пен қуаттылық, ұшқырлық пен жылдамдық, сезгіштік пен жетілгіштік секілді қасиеттерден кенде қалдырса да, ақыл мен сана, білім мен ғылым, ой мен қиял секілді нығыметтерді бойына дарытыпты. Осылайша әлемнің гүлденуі не құрып жоғалуының кілтін де адамның еншісіне қалдырыпты. Бірақ бойын қатігездік пен тойымсыздық, дүниеқоңыздық пен қомағайлық билеген кей пенделер қолда бар мүмкіндігін асыра пайдаланып, тұмса табиғаттың көркін қашырып, оған қарсы аяусыз түрде нұқсан келтіруде. Осының әсерінен жайқалған жасыл ормандар оталып, қаптаған аң-құстар қырылып, табиғи ландшафтар өзгеріске түсуде. Тіптен кейбір аң-құстар мен өсімдіктерді тек суреттерден ғана көретін жағдайға жеттік. Бұған себеп Тәңірі бұл әлемге қожа ретінде жаратқан адам баласының соған сай жауапкершілігін ұмыт қалдыруында. Жауапкершіліктен арылып, тек билікке ұмтылған пенделік құмарлықтың ақыры табиғатқа қарсы келуге әкеліп соқтырды. Табиғат анаға құрметпен қарап, үндестікте өмір сүруді емес,  өктемдікпен әмір жүргізуге тырысқан адамдардың әрекеті кейде шектен шығып та кетті. Тек нақты ғылымдарға сүйене отырып, материалистік идеямен қаруланғандар енді құдайдың орнына таласуға дейін барды. Бірақ бұл өктемдікке Табиғат ана да ара-тұра үн қатып, оларды сабасына түсіріп, тәубесіне келтірді. Бүгінгі бүкіләлемдік мәселеге айналып, талай ғалымның басын қатырып, санасын сансыратқан «ғаламдық жылынуда» табиғаттың бізге жіберген белгісі болуы да мүмкін ғой.

Деседе табиғатты ұстаз тұтып, оған шәкірт ретінде мәміле жасайтын жаны ізгі адамдар да арамызда өмір сүріп келеді. Сондай ізгі жандардың арқасында басты орынға экономика емес, экология ие болды. Олар қоршаған ортаға деген адам баласының озбырлығына тұсау салып, қатігездікті қайы-рымдылыққа, қомағайлықты қанағаттылыққа алмастыруға дәріптеді. Ғасырлар қойнауынан аман жеткен көркі көз тартар табиғи ландшафтарды аман сақтап, келер ұрпаққа қаз-қалпында жеткізудің жолын іздеді. Осындай игілікті жұмыстардың арқасында табиғи қорықтар құрылып, ұлттық саябақтар ұйымдастырылды. Қазақ даласының да өзіне тән табиғи қалпын сақтау үшін көптеген қорықтарқұрылып, ондағы аңдар мен құстар, өсімдіктер мен басқа да тіршілік иелерін қатаң түрде қорғауға алды. Мұндағы мақсат салғырттық пен өктемдіктің кесірінен жойылып кетудің (жолбарыс, тарпаң) қаупін болдырмау, ал жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрғандардың (барыс, арқар) санын көбейту. Яғни, Қызыл кітапты одан сайын қалыңдатып,парағын көбейтпеу.

Қорықтар – бұл табиғат объектілерін корғаудың ең жоғары формасы, биосфера эталоны. Мұндағы орман-тоғай, жайқалған жайылым мен шабындық, аң-құс, айдын шалқар көлдер, ағыны қатты өзендер мүмкіндігіне қарай сол ежелгі әсем қалпында сақталынуы тиіс.Бүгінде Қазақстанның аумағында Ақсу-Жабағылы, Алакөл, Алматы, Батыс Алтай, Қорғалжын, Марқакөл, Үстірт, Наурызым, Барсакелмес, Қаратау секілді он қорық бар. Қорықтың басты ерекшелігі – онда ешқандай шаруашылық жұмыстары жүргі-зілмейді. Дегенмен, ондағы қызметтер негізгі үш бағытта іске асады. Бірінші, қорғау қызметі. Бұл қызметті мемлекеттік инспекторлардан құрылған арнайы топ жүргізеді. Олардың міндеті – қорық аумағына сұғын қадап, пайда табу мақсатымен қорғауға алынған аумақта аң аулап, өсімдіктерді бүлдіретін қаскөйлерден сақтану. Сол себепті де қорық аумағына көлденең көк атты аяқ басып, өз дегенімен жүре алмайды. Екінші бағыт – ғылыми зерттеу жұмыстары. Бұл қызметті арнайы ғылыми қызметкерлер атқарады. Олар – қорықта кездесетін табиғи кешендердің биологиялық ерекшеліктерін, онда болатын табиғи құбылыстардың өзгеруін әрі оның ортаға тигізер әсерін зерттейді. Сонымен қатар, маңызды ғылыми зерттеулер жүргізіп, ғылымның дамуына үлес қосады. Үшінші бағыт – экологиялық ағарту жұмыстары. Бұл қызметті арнайы экскурсоводтар жүргізеді. Олардың міндеті – табиғатты қорғауды насихаттау және мұражаймен таныстыру. Осы мақсатпен экологиялық экскурссия ұйымдастырып, өзгелердің табиғаттың тылсым сырларын тануына жол ашады.

Аталған қорықтардың ішіндегі біздің сөз еткелі отырғанымыз – Алматы мемлекеттік табиғи қорығы. Бұл қорықтың бір бөлігі ауданымыздың аумағында жатыр.

Алматы қорығы Іле Ала-тауының төрінен орын теуіп, ең көрікті деген жерлерді қамтып жатыр.Бұл қорық алғаш Кіші Алматы өзені аймағында 1931 жылы 6 мамырда құрылып, жер аумағы 13000 гектарды қамтыған. 1935 жылы ақпан айында мемлекеттік деген дәреже берілген. Ал қырқыншы жылдардың басында аталмыш қорық одақтық маңызы бар қорықтар қатарына енеді.Сол кезде ол бүкіл Іле Алатауын, сонау Сөгеті жазығынан Қаскелең өзені аңғарына дейінгі аралықты алып жатты.Тіптен, оның құрамына Іле өзенінің жағалауы да кірген еді.Алайда соғыстан кейінгі жылдары әр түрлі себептерге байланысты қорық көлемі бірнеше рет өзгеріп, тіпті кейіннен жабылып та қалды.Содан Алматы корығы 1960 жылдың 11 қарашасында Іле Алатауының орталық бөлі-гіндегі таулы аймақта қайта құрылып, 1964 жылы оған Талғар және Түрген орман шаруашылығы жерлері берілді. 1966 жылы қорыққа 17850 гектар болатын Кербұлақ ауданындағы Қалқанды шөлі аймағы қосылып, кейіннен 1983 жылы аталған аумақ Қапшағай аңшылық қорық шаруашылығына беріледі.

Қазіргі уақытта қорық Іле Алатауының орталық бөлігінде теңіз деңгейінен 1200-5017 метрге дейінгі биіктікте жалпы алқабы 71700 гектар аумақты алып жатыр. Бұл негізгі бөліктің батыс шекарасы Талғар өзенінің сол жақ арнасымен өтсе, солтүстігі осы өзеннің оң жақ арнасымен және Есік көлі қазаншұңқырымен шектеледі. Ал шығысында Есік өзенін бойлай Шелек өзенінің бастауына, Қырғызстан шекарасына барып тіреледі. Ең биік шыңы – Талғар шыңы. Қорық шекарасымен 2 километр қорғаныш аймағы өтеді. Қорық территориясында өзендер мен басқа да сулар нәр алатын 160-тан астам мұздықтар бар.

Қорықтың жануарлар әлемі өте бай және алуан түрлі. Бұл жерде сүтқоректілердің 39, құстардың 200, бауырымен жорғалаушылардың 6, қосмекен-ділердің 1 түрі кездеседі. Төрт мыңдай жәндіктердің екі жүздей омыртқасыздары бар. Олардың 22 түрі Қызыл кітапқа енген. Олар барыс, ілбіс, сілеусін, қоңыр аю, бүркіт, сақалтай, құмай, бидайық, тас сусары секілділер. «Соңғы кезде тауешкілердің саны артып, айтарлықтай көбейгенімен, олардың көп бөлігі басқа жаққа ауып кетті. Тауешкілер барыс, сілеусін секілді жыртқыш аңдардың негізгі азығы болып табылатындықтан, олардың азайып не көбеюі аталған жыртқыштарға да әсер етеді. Сондықтан барыстардың өсімі тауешкілердің де өсіміне тәуелді. Сонымен қатар қоңыр аюлардың өсімі де көңіл көншітерліктей», – дейді қорықтың аға инспекторы Қ.Мұстафаев.

Қорық аумағында өсімдіктер-дің де көп түрі ұшырасады. Оның дәрілік, улы түрлері де бар. Сирек кездесетін өсімдіктердің де түрлері мол. Олардың қатарында 1078 жоғарғы сатыдағы өсімдіктер, 80 мүк, 200 саңырауқұлақ, 100 қына түрлері кездеседі. Бұлардың ішінде 29 түрі Қызыл кітапқа енген. Олар кәдімгі өрік, Сиверс алмасы, долана секілді өсімдіктер.

Қорықта биіктік белдеулерге байланысты да өсімдіктер дүниесі өзгеріске ұшырап, өзіне тән ерекшелікке ие болады. Биіктікке қарай өсімдіктер де бес белдеуге бөлінеді. Теңіз деңгейінен 1200-1400 метр биіктікте шалғынды алқап басталады. Бұл белдеу дәнді және алуан түрлі өсімдікті дала деген атауға ие. Алқапта ағаш тұқымдас өсімдіктер басым. Олар: кәдімгі өрік, Сиверс алмасы, Нездвецкий алмасы, долана т.б. Жануарлардан елік, қабан, қасқыр, аю, тас сусары, борсық, түлкі, қарға, сауысқан, тоқылдақ, кептер, көкшымшық, көкқұс, суышылқара кездеседі.

Жапырақты орманды алқап аталатын теңіз деңгейінен 1400-1600 метр биіктікте орналасқан белдеуде бөрі қарақат, жабайы алма, таңқурай, итмұрын, Шренк шыршасы ұшырасса, жануарлардан  сілеусін, елік, т.б. бар.

Теңіз деңгейінен 1600-2600 метрге көтерілсеңіз қылқанды орман белдеуіне тап боласыз. Мұнда Шренк шыршасы мен аршалы алқап басым.

Ал субальпілік шалғынды алқап теңіз деңгейінен 2600-2900 метр биіктікте орналасқан. Онда аршалы тоғай, итмұрын өседі. Аршаементұмсығы, қырғауыл, суыр, тауешкі, барыс, ілбіс, сақалтай, құмай бұл алқаптың негізгі байлығы.

Соңғы альпілік мұздық белдеу барлығының жоғарғы жағында жатыр. Теңіз деңгейінен 2900-3200 метр биіктікте шөптектес өсімдіктер өссе, ал 3800-4800 метр биіктіктен құздар мен мұздықтар белдеуі өтеді. Онда мәңгілік қарлар мен мұздар бар. Бұл мұздықтардан бұлақтар мен өзендер бастау алады.

Ерекше сұлу көркі көзіңді арбап, табиғи байлығына аңса-рың ауатын Алматы қорығы табиғаттың тазалығы мен қа-лыбын сақтаған киелі орын. Аумағындағы жануарлар мен өсімдіктер дүниесі де басқа қорықтардан өзгешеленіп тұра-ды. Осы көркемдік пен өзгешелікті сақтауда қорық қызметкерлерінің де еңбегі ерен. Деседе, ғалымдар мен экологтардың айтуынша жер көлемі жөнінен 9 орынды алып жатқан ұлан-байтақ қазақ жерінде 10 қорық пен бірнеше ұлттық саябақтардың ғана болуы аздық етеді. Сондықтан жеріміздің табиғи қалыбын сақтап, әсемдігін паш ету үшін әлі бірнеше қорық ұйымдастырылуы лазым. Болашақта қорықтардың саны көбейіп, аумағы артуы әбден мүмкін.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.

 

Оқылды 2002 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Есик украсит новый сквер Қорықтарды аялайық, адамзат! »

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет