Жұма, 24 Мамыр 2019 10:09

Өз тілімізді өгейсітпейік

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта шенінде Парламент мәжілісінің кезекті сайлауы өткізіліп жатқан кезең болатын. Ол кезде бір мандатты сайлау округі бойынша сайланатын еді депутаттар. Қазіргідей партиялық тізім бойынша емес. Бір депутаттық мандатқа оннан артық үміткер тіркеліп, кандидаттарға құқықтары мен міндеттерін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатты. Сайлау комиссиясы отырған ғимаратқа жиналған депутаттыққа кандидаттар алдында сайлауком төрағасы сайлау туралы заң баптарын, кандидаттар құқықтары мен міндеттерін тәптіштеп түсіндіріп, сұрақтарына да то-лық жауап берді. Таза орыс тілінде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еді ғой – бұған дейінгі бойымызға әбден сіңіп кеткен орыстілділіктен арылмақ түгілі сол кеңестік заманның ортақ тілінде сөйлеу де, жазу да заңды секілді болып көрінетін. Ата заңымызда мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп айшықталып жазылып қойса да.

Сонымен, сайлауком тө-рағасы қазақ, орыс, тағы басқа ұлттардан құралған кандидат-тарға соңғы рет сұрақ-тарыңыз бар ма? деп сауал қойды да, жиынды жабуға бет қойып, қағаздарын қомақты папкасына сала бастады. Кездесуге ақпарат құралының өкілі ретінде шақырылған мен жиын бойы депутаттыққа кандидат атақты таэквандо шебері Мұстафа Өзтүріктен көз алмай бақылап отыр едім. Өйткені неміс, ағылшын, қытай, жапон тілдерін еркін меңгерген, ана тілі – қазақ тілі, түрік тілі – өзі туып-өскен Түркияның мемлекеттік тілі бас-аяғы алты тілді білсе де, орыс тілінен түсінігі жоқ екенінен ақпарат көздері арқы-лы хабардар едім де, сайлауком төрағасына сұрақты мен қойдым:

– Төраға мырза, осы жерде отырған кандидаттардың жартысы қазақ, қалғаны орыс және орыс тілділер. Бірақ ортамызда орыс тілін игермеген, шетелден тарихи отаны деп келген қандасымыз отыр. Тек сол кісі үшін ғана мемлекеттік тілде қайта түсіндіріп өтсеңіз, – деген өтінішімді сайлауком төрағасы жерге тастамай қазақшалап айтып берді.

Жиырма жылдан артық  мер-зім өткен бұл көрініс неге есіме түсіп отыр. Өйткені Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығын атауға таянғанда да жоғарыдағыдай келеңсіздеу көріністерден аяқ алып жүре алмаймыз. Алматы аэропортында борттың кешігуіне байланысты Көкшетау бағытындағы рейс төрт сағат кешігеді деп хабарлады радиодиктор. Орындыққа жайғасып демалуға беттеген маған шетелдік сақалды келбеті бар жолаушы қарсы жүріп тоқтатты да таза қазақ тілінде аты-жөнімді атап:

– Танымадың ба? Мен Арнольдпын ғой деп сайрай жөнелді. Сөйтсем, ол кездегі қазақ жеті жылдық мектебінде бір партада отырып, бірге өсіп, жетілген, соғыс жылдары Ресейдің Поволжьесінен көшірілген немістің ұлы Арнольд кластасс екен. Қоярда қоймай мейрамханаға алып барды: әйтеуір рейсің кешігіп жатыр. Германияға, тіпті, келмейсің – сонда қонақ қылар едім, – деп сөйлей отырып, ас мәзірі кітабын алды қолына.

– Әй, мынауыңның бәрі орысша ғой, – деп маған бір қарап даяшыны шақырды. Ол қазақтың қараторы сұлуы:

– Я вас слушаю, – деп ілтипат көрсетіп еді, Арнольд жұлып алғандай:

– Мені слушаю деме, тыңдап тұрмын де, қарындас, – деп еді, ол даяшы сасқалақтап, – Мен қазақша онша білмеймін,– деп мойындады. Орысшасы да қазақшасы да немісшесі де жетік Арнольд қазақ мектебінде оқып, қазақ ауылында өскен мені мүлде тығырыққа тықты:

– Еліңді тәуелсіздік алды деп мемлекеттік тілі қазақ тілі болды деп Еуропа газет, телевидениесінен оқып, естіп жатамыз, менюің сол орысшамен тұр, даяшың ол  да сол тілде шүлдірлеп тұр, қайда қарап отырсың?! – деп ұмыта қоймаған қазақи әзілін қосып қояды.

Мен бұл өз басымнан өткен екі оқиғаны өзімді көрсете қою үшін емес, неге біз заңды талабымызды қоя білмейміз, неге бір кезде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ қабылданған мем-лекеттік тілге қатысты заң талабын өзгеден орындалуын талап ете алмаймыз. Сөзім бұдан да гөрі дәлелді болу үшін өзіміздің Есік қаласындағы бірнеше кафеге бас сұғып, әрқайсысынан ас мәзірі(меню) неге қазақ тілінде жазылмаған деген сұрағымызға жауап алуға тырыстық. «Не предусмотрено», яғни, қарастырылмаған деген қысқа жауап алдық. Енді бір кафеден қазақша сұрағанымызға «националист» деген ат алып шықтық. Ұлтшыл деген жаман атақ емес, егер өз ұлтыңа қатысты заңды талап қойып отырсаң. Жаманы «нацист», «шовинст» деген ұғымдар екенін сол кафе қызметкерлеріне ұғындыра алсамшы.

Әркім өз орнында әдеппен заң аясындағы талаптарды қойып отырса, тамшы тасты теседі дегендей тіліміздің мемлекеттік мәртебесін орнына келтіре аламыз. Орыс тілін қазақ тілінен кем білмейтін Димаш әншіміз Америкада қатысқан конкурста өз ойларын, сұрақ-жауаптарын қазақша-ағылшынша аудармашы арқылы жеткізгенін көріп, қуанып та масаттанып қалдық. Өзінің өнерін сүйіп, соңынан қалмай әр концертіне қатысуға тырысып жүрген жанкүйер фанаттарына да қазақ әндерін айтқызып қойған Димаш министрліктің тұтас бір тіл департаментінің қызметін атқарып жүр деп шартты түрде болса да айта аламыз. Бұған жас та сымбатты, басы бойдақ Димашқа ғашық аргентиналық, ресейлік, қытайлық қыздарды қоспағанның өзінде деп әзіліміз бен шындықты да қоса аламыз.

Әлеуметтік желілерден қа-зақ тілін үйреніп алып, оқып алып пайдаға асыра алмадым деп ренішін білдірген орыс азаматының өзінің ютуб каналынан сөйлеген сөзін тыңдап, қайран қалдым. «Қайда барсам да, мен қазақша сөйлей бастасам, орысша жалғастырып әкетеді, – дейді әлгі жас орыс жігіті. Осындай пікірін біздің телеарналарда сұхбат берген Ресей шоубизнесінің көр-некті өкілі – МузТВ-нің басшысы, Орынбордағы бір ауылда туып өсіп Ресейдің музыка-саз рыногының төрінен ойып тұрып орын алған Арман Дәулетьяров қандасымыз да айтып жүр: «Қазақстанға келіп қазақ сөзін естиміз бе десем, ылғи орысшалардың ортасынан бір-ақ шығып жүрмін» деп қынжылады Арман.

Мемлекеттік тілдің беделін көтеріп, қолдану аясын кеңейту мәселесі  – күн тәртібіндегі маңызы зор мәселе. Кейде соны шешуге құзырлы қызметтердің құлқы жоқ па деп те қаласың. Олай дейтінім басқарып отырған газетке ауылдық округтердің көше аттарын, басқа да нысандар аттарын өзгерту, қайта атау секілді жергілікті басқару органдарының ресми құжаттарының жобасын кейіннен қабылданғаннан соң, құжаттардың өзін жариялау талабы бар. Сол құжаттарды қазақ тілімен қатар орыс тілінде де жариялауды өтінеді округтегілер. Ол не үшін деген сұраққа жоғарыдан келетін талап сондай дейді. Мен айтар едім ең бастысы сол «жоғарыдағы» мамандардың мемлекеттік тілге қауқары жетпей жатыр ма екен деген ойға қаласың. Бұлай мемлекеттік тілдің беделін төмендете берсек, кешіріңіздер, баяғы таз қалпымызға, яғни ресми тілді алға шығарып жіберер халге түсіп қалмасақ па екен деген қауіп қылтияды.

Міне сондықтан да жақын шетелдерден де, алыс Америка, Австралиядан да қазақ тілін сақтап келген қандастарымыз тарихи Отанына қонақ болып келсе де, түбегейлі көшіп келсе де, маңдайы тасқа тигендей орыс тілді ортаға түсе қалғанда қайран қалатыны түсінікті жағдай. Коммунистік жүйеден қашып құтылғандай болып, бас киімімізді аспанға лақтырып қуансақ та, сол коммунистік идеялардың іргесін қалаушы Карл Маркс: «Өмір сүріп жатқан елдің тілін аз уақытқа келген қонақ білмеуі мүмкін, нақұрыс білмеуі мүмкін, өз тілін тықпалап өткізу үшін басқыншы білмеуі мүмкін», – депті кезінде. Өзіміз тұрып жат-қан қазақ елінің тілін білмейтін қонақ пен есі ауысқан нақұрысты кінәлай алмаймыз. Қазақ жері-не басып кіргендей болған ата-бабаларын да басқыншы деп атамай переселенец-қоныс-аударушылар деп атап келген болсаң, олардың ұрпақтарын басқыншы деп атауға аузымыз да бармайды ғой. Ал өзіміздің қандастарымызды өз елінде тұрып жатса да, өз ана тілін, қазақ тілін білмейтін, білгісі келмейтін қандастарымызды жо-ғарыдағы үш топтың қайсысына жатқызамыз?!

 

Хайролла АХМЕТЖАНОВ

Оқылды 2362 рет

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет