Жұма, 13 Қаңтар 2017 14:26

Өндірістік, әлеуметтік нысандардағы кездесулер

Жыл басынан бері жұртшылықтың жай-күйімен танысып, Алматы облысында іссапарда жүрген Парламент Сенатының депутаттары Аңсар Мұсаханов пен Нұрлан Қылышбаев осы аптада ауданымызға келіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, әкімнің бірінші орынбасары Нұржан Құдайбергенов сенаторлармен бірге жүріп, алдымен аудандық ішкі істер басқармасына бас сұқты, жергілікті полиция қызметінің құрамымен кездесті.

 

Өткен жылдың басында құрылған аудандық жергілікті полиция қызметінде бүгінде 187 адам жұмыс жасауда. Оның 100-ге жуығы тұрғындармен біте-қайнасқан учаскелік полиция инспекторы. Осындай мәліметтерді тізіп берген аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Айдос Жүнісовтің қызметіне сенаторлар сәттілік тіледі.

– Ішкі істер басқармасы мен жергілікті полицияның ғимараты бөлек әрі бір аулада орналасқан. Бұл – барлық жағынан тиімді. Атаулары басқа болғанымен, атқаратын жұмысы бір – еліміздің тыныштығын қамтамасыз етіп, қауіпсіздікті қадағалау  – дейді Аңсар Мұсаханов. Сондай-ақ, басқарма басшысы Бағдат Әшімов құрылысы аяқталуға жақын спортзал мен тир орналасқан бөлмелерді көрсетті.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында сенаторлар аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әділбай Талқамбаевпен жүздесіп, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, сонымен қатар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары белгіленген стратегиялық бағдарламаларды іске асыруға арналған жүзден астам заңдардың қабылданғанын атап өтті. Оған қоса, Аңсар Тұрсынханұлы мен Нұрлан Наурызұлы «Жайылымдар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының ережелері туралы хабардар етті. Ол заңдардағы орман, су қорын пайдалану, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жерлерден шөп шабу және онда мал жаюға қатысты ережелерді одан әрі жетілдіру көзделіп отырғанын түсіндірді. Кездесу барысында атқарып жатқан жұмысына тоқталып өткен Әділбай Талқамбаев институттық реформаларға қолдау білдіріп,  оларды іске асыруға белсенді қатысуға әзір екендіктерін айтты. Қазақылық дәстүрден аттамаған қоғамдық кеңес төрағасы сенат депутаттары мен аудан басшыларына ақ батасын берді.

Жергілікті полиция қызметі мен қоғамдық кеңестің жұмысымен танысқан сенат депутаттары Есік қаласының жоғарғы жағындағы «Энергия әлемі» ЖШС-нің су-электр станциясына барды. 20 адам қызмет ететін электр станциясының 2 нысаны 2008, 2014 жылдары іске қосылған. Ал ГЭС-1-дің бүгінде құрылысы басталып та кеткен. Есік көліне көтерілетін тұста орналасқан «Гидросервис» ЖШС-нің жанынан ашылған «Алтын Есік» форель шаруашылығы заманауи технологиямен форель балықтарын өсіруде. Серіктестік директоры Арман Баймұхановтың айтуынша, елімізде мұндай шаруашылықтар жоқ. Себебі, мұнда шабақтарды арнайы бөшкелерде ұстайды. Шаруашылыққа тартылған жалпы инвестиция көлемі 905 млн теңге. Ашылғанына ұзақ уақыт болмаса да, қазірдің өзінде шетелдік компаниялардан қомақты тапсырыс-тар түсуде. Алдағы уақытта өнімдерді Қазақстанның барлық аумақтарына және шетелге экспорттау жоспарлануда.

– Мұндай теңдессіз технологиямен балық өсіру, шын мәнінде бізді қуантады. Көптеген шаруашылықтар балықты бассейндерде өсірсе, сіздердікі мүлдем ерекше. Еліміздің экономикасына өз үлестеріңізді қосып қана қоймай, қаншама жұмыс орнын аштыңыздар – деген сенаторлар еңбектеріне табыс тіледі. Сондай-ақ, қонақтар аталған серіктестіктің түйеқұс ұстайтын фермасына да ат басын бұрды. Жоба құны 320 млн теңге болатын фермада 40 түйеқұс бар. Шаруашылықта 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Ферма басшысының сөзіне сүйенсек, елімізде сирек кездесетін құстарды көру үшін елімізден, сондай-ақ, алыс-жақын шетелден қонақтар жиі келеді. Түйеқұстарды тамашалап қана қоймай, әсем табиғатымызға тамсанып, демалып кетеді.

 

Ауданымыздағы ірі агроөнеркәсіп кешендердің бірі – «Космос» ауылында орналасқан «АӨК Адал» акционерлік қоғамы. Сенаторлар «Адалдың» мегафермасына барып, сүт өндіру барысымен танысты. 1999 жылы құрылған  акционерлік қоғам сүтті бағыттағы ірі қара ұстап, сүт өнімдерін өндірумен айналысады. Компания құрамында мал азығын дайындайтын егістік алқаптар, мал ұстайтын қоралар, сондай-ақ, өнім өңдейтін зауыт бар. Қуатты зауыт тәулігіне 200 тонна сүт өнімдерін дайындайды. Алматы қаласында тоңазтқышпен жабдықталған жеке базасы орналасқан.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын келгенде компания өздерінің болашақтағы жоспарларымен бөліскен болатын. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде сол кездегі көрсеткен макеттер бүгінде іс жүзінде жүзеге асқан. Жұмысшылар саны да артып, өндірістеріңіз ұлғайып келеді. Бұның барлығы Елбасы саясаты мен мемлекеттік бағдарламалардың арқасында – деген Аңсар Тұрсынханұлы инновациялық технологиямен жабдықталған агрокешеннің қазіргі уақытта атқарып жатқан ауқымды жұмысына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, аудандағы заман талабына сай жаңа технологиямен жұмыс жасап жатқан өндіріс ошақтарын көрген сенаторлар оң бағаларын берді.

 

***

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясатын жүзеге асыруда, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына тікелей бақылау жасап, халықтың мұң-мұқтажымен бөлісетін Парламент Мәжілісінің депутаттары елдің өтініш-тілектерін ескермей қалған емес. Халықпен кездесу өткізіп, мәселелерінің оң шешімін табуға септігін тигізуде. Осы игі істер жақында ауданымызда көрініс тапты. Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов мекенімізге ат басын бұрып, жергілікті шаруалармен кездесті. Әлеуметтік нысандарға бас сұғып, құрылыстармен танысты. 

Балтабай ауылдық округіне қарасты «Будан» жауапкершілігі шектеулі серіктес-тігінде өткен кездесуге «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғожаев, аудан әкімінің орынбасары Дәулет Нұрғисанов, мәслихат депутаттары, округ әкімдері мен шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты. Сөз алған мәжіліс депутаты Әбдіманап Елікбайұлы түрлі салалардың соңғы жылдардағы даму қарқынына тоқталып, мемлекеттік бағдарлама бойынша іске асып жатқан жобаларды атап өтті. Әсіресе, білім беру саласына баса назар аударған ол үш ауысымды оқу орындарын азайту үшін мемлекет барлық жағдай жасап жатқандығын айтты. Сөзіне сүйенсек, демографияның қарқынды өсуінен Алматы облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысында үш ауысымды мектептер саны азаймай тұр. Түрлі салаларды шолып өткен Әбдіманап Бектұрғанов «Будан» ЖШС-нің бүгінгі таңдағы атқарып жатқан жұмысына көңілі толатындығын жеткізді.

– Елбасы облыс басшысын тағайындау сәтінде осы өңірде қант қызылшасы мен жүгері шаруашылығын дамытуды тапсырған болатын. Тапсырма орындалып, облысымызда қант қызылшасының өндірісі артып келеді. Жүгері де сол сияқты. Десек те, Алматы облысы бұдан да мол нәтижеге қол жеткізуге қауқарлы. Сондықтан, жүгері өндірісін дамыту       бойынша облыста немесе ауданда өңірлік бағдарлама жасалуы қажет – деп, мол өнімге қол жеткізудің жолын көрсетті.

Жиын барысында ауданымыздағы барша шаруалардың мәселесі көтерілді. Аграрлы ауданымыз үшін шаруалар мәселесі ешқашан елеусіз қалған емес. Оларға жағдай жасап, мемлекеттік бағдарламалар арқылы көмек беруге аудан әкімдігі атсалысуда. Алайда, өткен жылдың тамыз айынан бастап ауданымыздағы егіншілікпен айналысатын шаруалар үшін суармалы су мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Оның себебі, ауданымыздағы егістіктерді бастан-аяқ сумен қамтамасыз етіп отырған Үлкен Алматы каналының (БАК) су бағасын шарықтатуы. Шаруалардың сөзіне сүйенсек, канал басшы-лығы өткен жылдың тамыз айының басынан су бағасын 320 пайызға қымбаттатқан. Бұл шағын шаруа қожалықтарына сезілмеуі мүмкін, бірақ, егіншілікпен жұртшылықты жұмыспен қамтып, күнін көріп отырған шаруалардың қалтасын қағуда. Су бағасын қымбаттатқанымен шаруалар өнімнің бағасын көтере алмайды.

– Су бағасының көтерілуіне қарсы емеспіз, бірақ сол бағаға лайық су алуы қажет. Кейбіріміздің егістігіміз каналдан 30-40 шақырым қашықта орналасқан. Бізге жеткенше каналдан бөлінген судың 40-50 пайызы жерге сіңіп кетеді. Арықтарды жөндеп берсе, қарсылығымыз жоқ – дейді шаруалар. Ал әкімдік өкілдерінің айтуын-ша, аудандағы барлық арық жүйелері иесіз деп танылып, сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылды. Алдағы уақытта түгелдей жөндеуден өтуі тиіс. Жиынға қатысып отырған ҮАК-ның өкілі де аталған сұрақтарды жауапсыз қалдырмады.

– Арықтар біздің меншігімізде емес. Біз суды каналдан бұрып береміз. Ал егістікке дейін жетуін қамтамасыз ету – шаруалардың мойнында. Сондай-ақ, өткен ғасырдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған канал бүгінде жөндеуді қажет етуде. Оған қоса, осындағы қызметшілердің де жалақысын төлеу керек. Сондықтан, бағаны көтердік. Бұл шешімді монополияға қарсы агенттікпен келісе отырып қабылдадық. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді – деді Үлкен Алматы каналының өкілі. Алайда, облыстық мәслихаттың депутаты Жангелді Осанның сөзінше шаруалармен ешкім ақылдаспаған. Кездесу барысында еңбек ардагері, ҮАК-ның бұрынғы басшысы Елеусіз Сұлтанғазиев те өз пікірін ортаға салды:

– Ауданымыздың 30 мың гектар жүгері мен 20 мың гектар соя егуге қауқары жетеді. Ол үшін арық жүйесін қалыпқа келтіруіміз керек. Ал су мәселесіне келсек, каналдың тозығы жеткендігі ақиқат. 2003 жылдан бері судың бағасы көтерілген емес. Каналды жөндеп, күтіп ұстау үшін де қыруар қаражат кетеді – дейді. Сонымен қатар, Үлкен Алматы каналының басталар тұсы Бартоғай су қоймасына су таудан келіп, сол жерде тұнады. Ал бүгінде тұнған лайдың көлемі көтеріліп келеді. Соны тазалау үшін де қаражат керек, екен.

Әкімдік тарапынан облыс әкімдігіне хат жолданған. Жақында арнайы комиссия құрылып, мән-жайды анықтауға кіріседі. Сондай-ақ, жиылған шаруалар бірауыздан аудандық ауылшаруашылық бөліміне суармалы су мәселесімен айналысатын бір маман бөлу мәселесін көтерді. Екі тараптың да пікіріне құлақ асқан Әбдіманап Елікбайұлы мәселенің оң шешімін табуға қол ұшын беретіндігін жеткізді.

Есік қаласында орналасқан аудан-дық емханаға жасаған сапарында Әбдіманап Бектұрғанов денсаулық сақтау мекемесіндегі науқастардың халін сұрап, көрсетіліп жатқан қызметтің сапасымен танысты. Дәрігердің қабылдауында кезек күтіп тұрған жұртшылықпен тілдесті. Мекеменің бас дәрігері Болат Балақойшиев емхананы көрсетіп, тегін дәрілер кімдерге берілетіндігін айтты. Емхананың жұмыс барысын бақылаған мәжілісмен саяжай маңында құрылысы жүріп жатқан мектепке табан тіреді. Осы жылдың қыркүйек айына дейін құрылысы аяқталуы тиіс ғимараттың бүгінде қабырғалары қаланған. Жұмыс қарқынды жүзеге асуда.

Сардарбек НҰРАДИН.

 

Оқылды 4080 рет

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет