Бейсенбі, 14 Қаңтар 2016 10:02

Бала тәрбиесі – талдан да нәзік

Балалар өмірге үлкендердің тәрбиесін алу үшін ғана емес, сондай-ақ БІЗДІ де тәрбиелеу үшін келеді. Мың мәрте қайта ойлансам да, мұны жоққа шығара алмадым. Кей-кезде күтпеген жерден төрт жасар қызым: «Анашым, сіз былай емес, былай істеу керек деп едіңіз ғой» дегенде, бүкіл айтқан сөз, әрекеттерім көз алдымнан қайта айналып өте шығады. Сөйтеді де сергелдеңге салып қояды. Енді мен, о баста айтқан сөзімді сол қалпында қалдыру үшін барымды салуға тырысып бағамын. Себебі, ол кезде бір нәрсені айтсам, кейін басқа нұсқа ұсынсам, балам екі ойлы болып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмай қалуы бек мүмкін. Бұл – бір. Екіншіден, екі сөйлеу деген жаман әдетке бой үйретіп алама деп қорқамын. Үшіншіден, ата-анасының сөзіне жөнді мән беруден қала ма деген үрей төбе шашымды тік тұрғызады.«Бала тәрбиесі – талдан да нәзік» екеніне еріксіз көзің жетеді...

 

Әсіресе, қырық үйден қарауыл қойып, қызғыштай қорыған қыз баланың орны, оның тәрбиесі қазақ халқы үшін аса жоғары болған.  «Қыздың қабағында құт бар» деп есептеген бабаларым қызына төрден орын сайлап, оны түрлі келеңсіздіктерден, реніштен сақтауға тырысып баққан. Сонысына қарай қыздары да инабатты, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін сыпайы, көргенді болған-ды. Солай бола беруі де тиіс еді. Дегенмен, заман заңдылықтарына өзгерістер еніп, адамның ой-өрісі кеңігенмен, рухы біршама төмендеп, бала тәрбиесі де осы аралықта бәсеңсіп қалғаны рас-ақ. Ең өкініштісі де сол. Босаңсудың салдары да сан соқтырарлық. Ата-аналар тәрбиемен айналысуды теледидарға тапсырып, өздері күнкөрістің «кемесімен» ақша табудың «айдынына» түсіп кетті. Бұрынғылардікіндей қырық үйден тыйым болмаған соң, қимыл-әрекет те еркіндік кеңістігіне бет алды. Қыздар бесіктен белдері шықпай жатып жүкті болып, кейіннен көкек ана атанса, ұлдарымыз қолымен істегенін мойнымен көтере алмайтын ез болды. (Көпке топырақ шашудан аулақпын!). Оған дәлел де жоқ емес. Бір жылдың ғана өзінде аудандық перзентханада кәмелеттік жасқа толмаған 37 өрімдей қыз бала дүниеге сәби әкелген. Бұл 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер. 18 жасты қоспай-ақ қойдық, тіпті. Сонда, 14 жаста ана атанса, демек ол, масқара, 13 жасында жүкті болған. Мектептегі 6-7 сынып оқушысы. Ал оның ата-анасы аспанға қарап, жұлдызды санап жүр ме сонда?! Мектептегі ұстаздар ше, бұрынғының қырық қарауылы. Аузынан ана сүті құрғамаған қыз тағдырын талқандап жатса, немқұрайлы қарап тұра береміз бе? Қаталдық жетіспейтін сыңайлы осы тұста. Қатігездік емес, қаталдық. Қатаң тәртіп, уақыт өлшемі, қатаң ереже. Жамандықтан тартынып, әр нәрсенің шегін білетін қызға кез-келген адам (арам пиғылды жігіт-сымақтар) сөйлеуге де бата қоймас. Ақылсыз болып сөзге іліккенше, ақылды қыз болып білімге жүгіруді ойлаған жөн болар, қыздар!

Осы жерде тағы бір қолға алатын жайт – баланың айналасындағы достарын қадағалау. Себебі, «қарағайға қарап тал өсер, құрбысына қарап бала өсер». Әрбір жанашыр ата-ана баласын қоршаған адамдардың жақсы болғанын қалары сөзсіз. Досына қарап өзін бағалаған бабаларым бұл тұста да жаңылмаған. Тура жолдан тайдыратын да, адалдыққа үйрететін де жаныңда жүрген жолдасың. Сондықтан, дос таңдай білу – алдымен адамның санасынан болса, баласының, әсіресе, қызының кіммен араласып жүргенін қадағалау – ата-ананың міндеті. Қыздың ұяты – шешеге. Сырласа білсең ғана жан сырын ашатын бала психология-сы өте күрделі мәселе. «Балаға байқап сөйлесең, ақылыңа көнер, байқамай шайқап сөйлесең, көрсетер бір «өнер» деп те бекер айтылмаса керек.

Керек болар деген ниетпен осы тұста ата-аналарға бала тәрбиелеудің 9 өсиетін паш етейік:

–       Балаңыз өзіңіздің көшірмеңіз болады деп күтпеңіз. Оған қоса, сіздің қалауыңыздағыдай болады демеңіз. Тәрбие бала үшін СІЗ болуға емес, өзіндік ЕРЕКШЕ болуына көмектесуі тиіс.

–       Барлық жасаған іс-әрекеттеріңіз үшін балаңыздан құн сұрамаңыз. Сіз оған өмір сыйладыңыз, ол сол үшін қалай алғысын жеткізе алады? Ол да өз кезегінде басқа адамға өмір сыйлайды, бұл – алғыстың қайтымсыз заңы.

–       Тәрбиелеу үдерісінде бар өшіңізді балаңыздан алмаңыз. Өйткені, не ексең, соны орасың.

–       Баланың проблемаларын түкке тұрмайды деп асқақтап қарамаңыз. Өмір ауыртпалығы әр адамға күшіне сай беріледі. Сондықтан да баланың жүгі сіздікімен бірдей. Мүмкін, сіздікінен ауырлау да шығар. Өйткені, баланың әлі дағдысы қалыптаспаған.

–       Тәрбие беруде баланы мұқатып, кемсітпеңіз.

–       Балаңыз бір нәрсені жасай алмаса, оны қорламаңыз. Бірақ, қолынан келіп тұрып жасамайтын болса, онда намысына тигізіп айтуға болады.

–       Бала үшін барлық жағдай жасау – тәрбие берудің ең маңызды заңдылығы. Осыны естен шығармаңыз!

–       Біреудің баласын жақсы көре біліңіз. Басқа біреудің баласына өз балаңызға жасамайтынды жасамаңыз.

–       Балаңыз дарынсыз, қырсық, ересек болса да, оны жақсы көріңіз. Балаңызбен қарым-қатынаста қуануды ұмытпаңыз, өйткені балаңыздың жанында болу – бұл сізбен өмір бойы бола бермейтін мереке уақыты. 

«Жақсы қыз – жағадағы құндыз, жақсы жігіт – аспандағы жұлдыз».Ата-анаң үшін «Менің қызым, ұлым» деп мақтанышпен айтып отырар баласы болғанға не жетсін, шіркін. Кешегі бойжеткен, бозбала болғанымызды еске ала отырып, айтарым, бәрі өз қолыңда. Дұрыс жолмен тура жүресің бе, жоқ әлде қисық жолмен бұралаңдап кетесің бе... Бастысы – ата-ана абыройын ойлап, санаңды – ақылмен, жүрегіңді – иманмен толтыруға тырыс, бүгінгі бойжеткен мен бозбала! Ал ата-аналар мен ұстаздар, ата-апалар, жалпы ұрпақ ертеңіне алаңдайтын жанашырлар тәрбие тізгінін тартыңқырап, бейтарап болудан арылса екен!

 Алмагүл НҰҒМАН. 

РЕДАКЦИЯДАН: Бала – болашағымыз. Оның тәрбиесі – аса жауапты жүк. Құрметті оқырман, ұстаздар, аналар, мүмкін бала тәрбиесінде Сіздің ұстанымыңыз өзгелерге үлгі болар. Бөлісе отырыңыз. Хат-хабар жіберіп, ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарамайтыныңызды білдіріңіз. Балаларымыз тәрбиелі, болашағымыз жарқын болсын!

Оқылды 3615 рет

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 30, 2024

ПАРИЖСКОЕ СОГЛАШЕНИЕ И ПАРНИКОВЫЕ…

Изменение климата является одной из самых серьёзных угроз современности, и углеродные…
Қырқ 30, 2024

️ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІМЕН…

Халықтық штаб мүшелері Б.Рахимов, Т.Ұзақов этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесулері…
Қырқ 30, 2024

Бүгін Халықтық штаб өкілдері…

Ондағы мақсат – 6 қазанда өтетін атом электр стансасын салу бойынша референдумға қатысып,…
Қырқ 30, 2024

Энергетиканы дамытудың бір жолы- АЭС…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп,…
Қырқ 30, 2024

Жас ақындар мен жазушылар арасында…

ЕРЕЖЕСІ1. Жалпы ережелер 1. «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы (бұдан әрі –…
Қырқ 30, 2024

АЭС салудың халықаралық тәжірибесі

Атом электр станцияларын (АЭС) салу және пайдалану – әлемдегі көптеген елдер үшін энергия…
Қырқ 30, 2024

Безопасность АЭС для Балхаша: мнение…

С ростом потребности в устойчивых источниках энергии Казахстан всерьез рассматривает…
Қырқ 30, 2024

Хайрушев: Если мы откажемся от АЭС,…

Вопрос строительства атомной электростанции в Казахстане поднимается с самого момента…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет